Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ЭЗОТЕРИЗМ (ағылш. esoterіc – жұмбақ, белгілі адамдарға ғана анық жасырын сыр) – ұстаздан таңдаулы шәкіртке ауызба ауыз таралатын ілім. Мыс., Пифагордың ілімі солай таралған. Бұл ұғым экзотеризмге, яғни, қоғамдық дәрежесі бар ілімге қарсы. Әрбір терең ілімде, эзотерикалық, тек таңдаулыға, және экзотерикалық, жалпыға арналған нұсқалары. Ежелгі гректерде филос. ілімдерден бұрын діни мистериялар, яғни, жасырын діни жиындар болған. Мысалы, Элевсиндік мистериялар кезінде болған жағдайларды қатысушылар жарияламауға ант берген. Э-нің шығу себебі таным түрлерінің күрделілігіне байланысты. Ешбір мән бейнелі түрде ақырына дейін көрінбейді. Мәннің танымға жатпайтын кейбір қырлары арнайы символдар арқылы ғана белгіленеді, болмыстың құпия қырлары осы символдарды пайымдау арқасында ғана сезініледі. Э. көп нәрсеге шектеу қояды – белгілі діннің сырын паш етуге, жат кісілерді жасырын ілімнің ауызша, немесе, жазбаша символикасын үйретуге.Э. ең төмен сатысы үнсіздікте қабылдантын сыр, ортаңғы сатысы, айтуға тиісті емес сыр, жоғарғы сатысы, тұжырымдауға көнбейтін ең терең сырлар. Сонымен қатар Э. таза діни сипатқа тәуелді емес. Э. болмыстың ең ақырғы мәнісін интуиция, ұят, және мистикалық жан саяхаты арқылы тануға байланысты.
ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ (лат. eksіstentіa – өмір сүру) – адам өмірінің мәні, оның тұлғалық болмысы жайлы батыс философиясындағы иррационалистік бағыт. Адамның өзіндік Менін тануы өмір мен өлімнің мәні, еркіндіктің мағынасы, адамгершілік, рахымдылық, сұлулық, әділеттілік пен ақиқат, адамның дүниеге келудегі мақсаты, қоғамдағы орны сияқты көптеген филос. мәселелердің шешімін табуға итермелейді. Э. бағыты өкілдерінің көзқарасы бойынша: өзіндік Менін түйсіну және өзгемен санасу адамды саналы әрекетке жетелейді. Өзгенің бостандығына қол сұққан жағдайда бостандықтың қадірін білетін адамның ар-ожданы бас көтеруге тиісті. Қоғам егер осындай еркін тұлғалардан құралса, онда үйлесімді, шығармашылық байланыстағы, бірін-бірі түсінетін, әрқайсысы өз құқығын білуімен қатар, өз міндеті мен жауапкершілігін толық сезінетін толыққанды қауымға айналады деп білді. Э. филос. бағыт ретінде ХХ ғ-да қалыптасты. Ол адамгершілік құндылықтар күнделікті тұтынушылық қажеттіліктердің тасасында қалған, техногенді, индустриалды, қатыгез қоғамға қарсылық ретінде туындады. Ғаламдық дағдарыстар мен соғыстар және төніп келе жатқан эколог. апат адамгершілік құндылықтардың құлдырауына, адамның өз қолымен жасалған бірақ, өзіне жат дүниесінде адамның өмірінің мәні мен болмысы жайлы сұрақтар неғұрлым шиеленісе түседі. Адамгершілік құндылықтарға бет бұру бұл бағыттың басты ерекшелігі. Э-ның негізгі өкілдері: М.Хайдеггер, К.Ясперс, Н.А. Бердияев, Ж.П. Сартр, Г.Марсель, А.Камю, сондай-ақ олардың идеялық қолдаушылары: Аугустин, Ф.Шеллинг, С.Кьеркогор, А.Шопенгауэр, Ф.М. Достаевский, Ф.Ницше. Э. еур. әдебиеттің, театрдың, басқа да өнер салаларының дамуына ықпал етті. Қорқынышқа байланысты көптеген шығармалар туындап, оны жеңу, адамгершілік құндылықтарды адам тіршілігінің баянсыздығы тұрғысынан қарастыру басты тақырыпқа айналды.
ЭКСТРЕМИЗМ (лат. extremus – ұшқарылық) – саяси және идеялогиялық ұшқары көзқарас пен әрекетке бейімділік. Э. – әралуан әлеум.-саяси бағыттағы радикалды партияларға, топтарға, қозғалыстарға (анархия, фашизм, коммунизм, шовинизм, діни фундаментализм, т.б.) тән ерекшелік. Э. саяси өмірдегі көрінісі қалыптасқан қоғамдық құрылымдар мен институттарды тұрақсыздандыру мен бұзуға бағытталған зорлық-зомбылық әрекеттерімен белгілі. Экстремистік әрекеттердің барлығы дерлік халық арасында тынышсыздық туындатуды, арандатуды: террористік акциялар ұйымдастыру, көпшілікті басбұзарлық, тәртіпсіздік қозғалыстарға тартуды көздейді. Э-ді туындататын факторлардың қатарында: әлеум. құрылымдардың күйреуі, бұқара көпшіліктің кедейленуі, экон. және әлеум. күйзеліс, мемл. билік пен оның ин-ттарының әлсіреуі, орындаушылық тәртіптің төмендеуі, бұрынғы құндылықтық жүйенің ыдырауы, т.б. жатады. Э. өз идеялогиясында демогогтық ұрандарды қолданып, дұшпанның бейнесін жасап, өшпенділікті өршітуге тырысады және адамдарға қиындықтарды тезірек шешу, тәртіп, әлеум. қамсыздандыру жайлы уәделер береді. Ол үшін еркін ойды басып-жаншып, өздерінің құндылықтық, саяси, идеолог. жүйелерін тезірек орнату керек деп сендіруге тырысады. Экстремистік топ мүшелерінің сана сезімі, қоршаған ортаны қабылдауы, құндылықтық жүйесі, әлемнің санадағы бейнесі өзгерісті күйге түседі. Ұйым мүшелері өздерін қоғамға жат сезініп, ескі қоғамдық құрылымды күрт өзгертіп, ол үшін көтеріліс, төңкеріс, террор сияқты әдістерді қолдануға тырысады. Э. идеология мен практикада жаңа мінсіз қоғам құру туралы идеясымен жастарды, қоғамның неғұрлым белсенді мүшелерін экстремистік әрекеттерге тартуға тырысуымен қауіпті.
ЭЛЕЙ МЕКТЕБІ – б.з.б. VI–V ғ-ларда Ежелгі Грекияда болған философиялық мектеп. Оңт. Италиядағы грек колониясы – Элей қ-ның атымен аталған. Өйткені мұнда Э. м-нің ірі өкілдері тұрды. Ілім негізін қалаған Колофондық Ксенофан, ал басты өкілдері элейлік Парменид пен Зенон және Мелисс Самосский болды. Э. м. тұңғыш рет ойлауды (санадағы болмысты) сезімдік қабылдауға (сезімдік қабылдау болмысына) қарсы қойды. Ол адам түйсігінің және сезімдік болмысының тұрақсыз, аумалы-төкпелілігін ескере отырып, танымдағы басты рөлді ойлау процесіне береді. Э. м. философия тарихында тұңғыш рет болмыстың біртұтастығы жайлы ұғымды ұсынып, оны филос. ойдың негізіне айналдырды. Э. м. біртұтас болмысты шындықтың әрбір ұсақ элементінде болатын үздіксіздікті өзгермейтін, бөлінбейтін нәрсе деп түсінді. Кейіннен бір тұтас өзгермейтін болмыс ұғымы Платон мен неоплатонизм философиясының қайнар көзіне айналды.