Гартман(Hartmann) Эдуард (23. 2. 1842, Берлин – 5. 6. 1906, Грослихтерфельде), неміс философы. Г. философиясының негіздері – Шопенгауэр волюнтаризмі мен Шеллингтің «тепе теңдік философиясы». Г. өзінің негізгі шығармасы – «көмескі саналық философиясында» (1869, орыс. ауд. 1902) жаратылыстанулық-ғылыми материализмге мистикалық идеализмді, әлеуметтік прогресс идеясына тарихқа деген пессимистік көзқарасты қарсы қойды. Г. панпсихизм позициясын ұстанды, өсімдіктерде және тіпті, атомдарда түйсік бар деп санады. Барлық тіршіліктің негізі көмескі саналы рухани бастау деп пайымдады. Ғарыш, Г. бойынша, иррационалды процестің жемісі, ондағы сана өмірдің негізі және дамудың қозғаушы күші болып табылатын көмескі саналы әлемдік ырықтың құралы ғана. Иррационалдылықты танудың негізінде Г., пессимизм тұрғысындағы этиканы қалыптастырды («Адамгершілік сана феноменологиясы» – «Phenomenologie des sittlichen Bewusstseins», 1879). Ол адамзаттың ақыл ойын біртіндеп жаулап алған үш иллюзиядан: осы дүниелік бақыт иллюзиясынан, о дүниелік бақыт иллюзиясынан және тарихи даму барысында қол жететін бақыт иллюзиясынан құтылуға шақырды. Соның нәтижесінде Г. нигилистік дінді уағыздады («Адамзаттың діни санасы» – «Das religiose Bewusstsein der Menschheit», 1882): Ғарыштың парасатсыздығы мен мақсатқа сәйкессіздігін сезіну арқылы эволюция оның жойылуына алып келеді.
Гассенди(Gassendi) Пьер(22. 1. 1592, Шантерсье, – 24. 10. 1655, Париж), франц. философы. Экс-ан-Прованса коллежінің философия профессоры, 1623 жылы иезуиттер философиялық көзқарастары үшін колледжден шеттетті. 1626 жылдан Диндегі собордың канонигі, кейін шырақшысы болды. Г. сондай-ақ астроном. және матем. зерттеулермен айналысты. 1645 ж. Г. Парижге қоныс аударады және Корольдік колледжде математика профессоры болып қызмет атқарады. Парижде Ф. Бэконмен, Т. Гоббспен, Г. Гроциймен, Т. Кампанелламен кездесті. Г. алғашқы философиялық еңбегі – «Аристотеликтерге қарсы парадоксальды жаттығулар» (1624 ж. жасырын атпен жарық көрді, орыс тіл. 1968 ауд.) – схоластикалық псевдоаристотелизмге қарсы памфлет. Г. философияны ғылыми негізде жасақтауды міндет етті және оны жаратылыстанумен сәйкестікке келтірілген Эпикурдың атомистік материализмінен аңғарды. Г. негізгі философиялық еңбектері – «Философия жиынтығы» (орысша ауд. 1966 ж.) «Эпикур философиясының жиынтығы» (орысша ауд. 1966 ж.) – тек 1658 ж. өзі қайтыс болғаннан кейін жарық көрді. «Философия жиынтығы» «Логика», «Физика» және «Этика» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. «Логика» «Логикада» Г. гносеологиялық ілімінің негізі болып табылатын материалистік сенсуализм принципін ұстанады. «Физикада» өздігінен қозғалатын көптүрлі атомдардан тұратын дүниенің материалдық бірлігін қолдайды. «Этикада» эпикуреизмді басшылыққа алып, бақытты ең жоғарғы игілік ретінде қарастырады, игіліктің белгісі болып табылатын «парасаттылыққа» негізделген бақыт пен азаматтық ізгіліктердің ажырамастығын дәріптейді. Г. философиясына екі ұшты ақиқат ілімінің өзіндік формасы тән болды. Г. сәйкес ақиқат екі түрлі нұр бастаулары – дәлелдеу мен аян арқылы аңғарылады, олардың алғашқысы табиғи құбылыстарды айқындайтын тәжірибе мен ақылға, екіншісі тылсым құбылыстарды білдіретін құдайылық беделге негізделген.
ГВАРДИНИ Романо (1886 – 1968) – неміс католик философы және теолог. Адамның болмыстық негіздерін діни тұрғыдан түсіндірген. Ол батыстық мәдениеттану тұрғысынан мәдени-тарихи бірлестіктерге жіктеме берумен айналысқан. Ол тарихи-мәдени типтерді қалыптасқан христиандық дәстүрде антикаға, ортағасырларға және жаңа заманға бөледі. «Жаңа заманның ақыры» еңбегінде адамның тарихи заман мен өз болмысын сезінуі арқылы көрініс табатын әлем бейнелеріне суреттеме береді (қараңыз: әлем суреттері). Г. аталған еңбегінде батыстық мәдениеттің мемлекет пен құқыққа, білімге, еркіндік пен тұлға белсенділігіне, руханилық пен діни сенімге қатысты құндылықтарына жан-жақты сипаттама беруге ұмтылады. Г. бойынша, егер Құдай өз орнын жоғалтатын болса, онда адам да бағдарынан айырылып қалады. Христиандық сенім, дейді ол, адамдық болмыстың қолайлы ахуалының кепілі болып табылады. Г. «мәдениет» ұғымының пайда болуын Жаңа заман ғылымының қалыптасуымен байланыстырады. Ғылымның дамуы нәтижесінде адам қуаттылығын арттыратын техника пайда болады. Бірақ техникаландырылған мәдениет адамның рухани болмысынан, сенімінен алшақтап кетеді. Г. шығарм. батыстық мәдени типті зерделеуде құнды негіз болып табылады.