Вольтер (Франсуа Мари Аруэ, 21.11.1694, Париж, – 30.05.1778, сонда) – француз философы, жазушы және публицист. XVIII ғ. француз ағартушыларының бірі. В. өзінің «Философиялық хаттарында» ағылшын философы Дж.Локктың сенсуализмін ұстанды, француз материализміне, әсіресе, Гольбахқа қарсы шықты. Өзінің басты философиялық мақалаларын «Энциклопедияда» басты. В. табиғи құқық мектебінің өкілі ретінде әр индивидтің бостандығы жеке меншігі, қауіпсіздігі, теңдігі идеяларын мойындады. Шығармаларының көпшілігі діни соқыр-сенімге, қанаушылыққа, клерикалды изуверлікке, деспотизмге қарсы бағытталған. Өзінің публицистік памфлеттерінде («Діни төзімдік туралы трактат», 1763), көркем шығармаларында (мысалы, «Гебры» трагедиясы) діни төзімділік идеясын уағыздады. Шіркеуге, дінге қарсы шыға отырып, ол атеизмнің жауы болды, оған арнайы памфлетті («Homélie sur I’athéisme») арнады. XVIII ғ. ағылшын буржуазыиялық еркін ойлаушылары сияқты деизмді ұстанды, әлемді жаратушы құдайдың бар екендігін мойындағанмен, оның әлемдегі заңдылықтарға араласпайтындығын «космологиялық» («Атеизмге қарсы»), «телеологиялық» («Le philosophe ignorant») және «моральдық» («Энциклопедиядағы» «Құдай» мақаласы) дәлелдермен тұжырымдады. Абсолютизмге қарсы шыға отырып, ол өмірінің ақырына дейін монархист болып қалды, яғни қоғамның «білімді бөлігі», интеллигенция, «философтарға» сүйенетін, ағартушылық монархизм идеясын ұстанды. Білімді монарх – оның саяси идеалы («Генриада» поэмасы, «Минос заңдары» трагедиясы). 28 классикалық трагедия жазды, бастылары: «Эдип» (1718), «Брут» (1730), «Заира» (1732), «Цезарь» (1735), «Магомет» (1741), «Меропа» (1743), «Семирамида» (1748), «Құтқарылған Рим» (1752), «Қытайлық жетім» (1755), «Танкред» (1760). Философиялық романдары: «Видение Бабука», «Задиг немесе тағдыр», «Микромегас», «Кандид», «Вавилондық ханша туралы ертегі», «Scarmentado» және т.б. Әдебиет: Вольтер. Статьи и материалы. М – Л ., 1948; Соколов В.В. Вольтер. М., 1956; Кузнецов В.Н. Вольтер и философия французского просвещения 18 в. М., 1965.
ГАДАМЕР Ганс Георг (1900 ж. т.) – неміс философы, филолог, өнертанушы, герменевтиканың негізін салушылардың бірі. Негізгі еңбегі –»Ақиқат және метод. Герменевтика философиясының негізгі белгілері» (1960). Хайдеггердің ізімен Г. түсіндіруді логикалық құрал түрінде емес, адамдық болмыс тәсілі ретінде қабылдайды. Герменевтика Шляейрмахердегідей мәнді ашу да, Дильтейдегідей таным әдісі де емес. Г. дүниені түсіндіруде «ақылға дейінгі» (дәстүр мен бедел тәрізді) құрылымдардың маңыздылығын атап өтеді. Мәтінді түсіну үшін, дейді ол,біз оның жеке бөліктерінің мағынасын білуге ұмтыламыз, бірақ, бұл үшін тұтастықты алдын ала білуіміз қажет. Г. түсінудің диалогтық табиғатын атап өтеді. Түсіну – сұрақ-жауаптық құрылымға негізделген: мәтінді түсіну үшін, онда қойылған сұрақтарды біліп, бөтен сұрақтар қоймау қажет. Сұрақты тек өзімізге қоя білсек қана түсіне аламыз. Г. тіл мәселелеріне үлкен көңіл бөліп, Хайдеггер тәрізді, оны болмысты тану дәнекері ретінде алады. Медиум ретіндегі тілдің әмбебаптылығы герменевтиканың әмбебаптылығын дәлелдейді. Герменевтиканы тәжірбие түрінде алған Г. практик түсіндірмеші ретінде философия тарихынан (Платон, Аристотель,Гегель,Гуссерль, Хайдеггер) және әдебиет тарихынан (Гете, Рильке, Гельдерлин,Паул Целан) көптеген мысалдар келтіреді. Әдебиет: Гадамер Х. Актуальность прекрасного. М., 1991; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004, 139-141 бб.
Галилей Галилео (15.2.1564 – 8.1.1642) – итальяндық физик, астроном, математик, қазіргі эксперименттік-теориялық жаратылыстанудың негізін қалаушылардың бірі, өз заманының әйгілі ойшылы. Оның зерттеулері (инерция заңын, қатынастылық (относительділік) принципін, денелердің еркін құлауының, көлбеу беттермен қозғалысы заңдылықтарын және т.б. ашуы) алғашқы ғылыми теория болып табылатын механиканы құруда зор рөл атқарды. Телескоп жасап, аспан денелерінің қозғалысын зерделеу арқылы, көптеген астрономиялық жаңалықтар ашумен бірге (мысалы, Юпитердің серіктерін, Күн бетіндегі дақтарды, Айдағы тауларды және т.б.), ол аспан мен жердегі құбылыстардың бірлігін, Коперниктің гелиоцентристік жүйесінің заңдылығын дәлелдеуге, сөйтіп ортағасырлық схоластикалық дүниетанымнан арылуға зор үлес қосты. Атомистік ілімді қолдап, табиғаттың заңдары математика тілінде жазылған, оларды тануда эксперимент қоюмен қатар абстракциялық ойлаудың күші қажет екенін көрсетіп, ғылыми танымда шіркеу авторитеті мен схоластикалық спекуляцияға қарсы шығып, дүниенің кеңістік пен уақытта шексіздігін мойындап, жалпы материалистік дүниетанымдық көзқарасты ұстағаны үшін Г. инквизициялық қудалауға ұщырағаны белгілі.
ГАНДИШІЛДІК – Үндістанның рухани «атасы» Мохандас Карамчанд («Махатма») Гандидің ілімін ұстанушылардың дүниетанымдық, саяси-мәдени жүйесі. Үнді-будда мәдениетінің қойнауында Махатма Гандидің (1869 – 1948) реформаторлық қозғалысы туындады. Ол бұл қозғалыс барысындағы өзінің табиғатта әрекет ететін «махаббаттың» заңына ұдайы сүйеніп отырды. Г. бұл жайында былай деп жазды: «Махаббат заңы біздің санамыздан тыс өмір сүреді. Табиғат заңдылықтарына сүйенген ғалым қандай ғажайып жаңалықтар ашса, махаббат заңын өз өмірінде үлкен сүйіспеншілікпен қолдана білген адам да бұл өмірде айтарлықтай табыстарға жетері сөзсіз, ал кейде ғалымдардың жеткен межесінен асып түсуі мүмкін». Г. сатьяграха («сат» – шындық, ал «аграха» – табандылық деген мағыналарды береді) қозғалысының дем беруші, басшысы болды. Ол өзінің ізбасарларының көмегіне сүйене отырып, халықты талай ғасырларға созылған қалың ұйқысынан оятты. Үндістанда саяси-этикалық қайта құруларды жүзеге асырудың қажеттігін діни – этикалық тұрғыдан негіздеп, дәлелдеп берді. Ганди үшін бұл қозғалысты ұйымдастырудағы басты мәселе – халықты өздерінің әділетті ісі үшін табанды күрес жүргізуге баулып, үйрету болды. Ол ондаған жылдар бойы тәуелсіз Үнді мемлекетін құру мақсатында дхарманы, ақиқатты және күш көрсетпеуді уағыздады. Г. күш қолданбау, әділеттілік, қайырымдылық, жан тазалығы, ізгілік сияқты қасиеттер – ағылшын отаршыларын елімізден қуып шығып, қанаушылық пен отаршылдық бұғауынан босануға толық мүмкіндік береді деген сөздерді жиі қайталайтын. Бірақ үнді қоғамын қайта құру мақсатындағы өзінің жасампаздық қызметінде Г. өзі де мүлдем күтпеген қиындықтар мен адам жанын түршіктіретін талай сұмдық оқиғаларға тап болды. Мәселе ағылшын империализмінің арсыз саясатында ғана емес еді, мәселе үнді халқының өзінде болатын. Өйткені, бұл кезеңде индустар мен мұсылмандар арасында қанды шайқастар басталып кеткен болатын. Бұл қатыгез қақтығыстардың барысында адам қаны көп төгілді, ұлттың бірлігі мен мемлекеттің мүддесі діни-қауымдық фанатизмнің құрбандығына шалынды. Біртұтас Үндістан мемлекеті екіге қақ жарылып, бір-бірінен бөлек екі мемлекет пайда болды (Үндістан және Пәкстан).