Р. Нұрғалидың драматургияны зерттеу әдістері



Дата30.03.2023
өлшемі24,03 Kb.
#77432
Байланысты:
thesis7690


Р. М. Әбдіқұлова
ф.ғ.к., доцент


Р. Нұрғалидың драматургияны зерттеу әдістері

Әдебиеттану ғылымында осы уақытқа дейін жалпы «әдебиет» деген ұғымға нақты терминдік анықтамалар да, әралуан сападағы әдеби айқындама-тұжырымдар да берілгені ақиқат. Алайда, «әдебиет», «ұлттық әдебиет» ұғымдарына жалпылама айқындама беру бір басқа да, нақты бір ұлттық әдебиеттің тұтастай жаратылысы мен бітім-болмысын, ішкі-сыртқы байланыстары мен даму-дағдару заңдылықтарын, бет-бағытын айқындап, болашағын болжау арқылы оған заманауи ұғым дарыту, оның қандай сапалық қасиеттерге қол жеткізген әдебиет екенін тұжырымдау оңай емес.


Тәуелсіздік тұсындағы ұлттық әдебиетімізге тұғырлы айқындама беруге әлемдік әдебиеттанудың жаңа аспектілері деңгейінде кең көлемде зерттеулер жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Дегенмен, қазақ әдебиеттануында әр кезеңнің бағыт-бағдарына сай тың зерттеулер жазылғанын жоққа шығаруға болмайды. Қазақ әдебиетінің бағзыдан бүгінге дейінгі қалыптасуының ұланғайыр тарихын, даму үдерісіндегі сандық-сапалық өзгерістерді оның күретамырын басқан тамыршысындай білімпаз білгір, «әдебиеттің Күреңбайы» атанған сарабдал сыншы ,«алашұлы» атын иемденген белгілі қоғам қайраткері, академик Рымғали Нұрғалиев «Драма өнері» атты зерттеу еңбегінің кіріспесінде: «Халықтың шындық, әділет, ақиқат ұранын алтын арқау еткен қазақ әдебиеті – қалың қауым арманының шапағатты нұрынан жаратылған, ең үздік дәстүрлерді ілгері жалғастырған, адам баласы қан-қазынасына толымды қор қосқан жаңа сапалы құбылыс» /1,5/, - деп, бір ауыз сөздің бойына жинақтайды. Бұл «қазақ әдебиеті» деген жалпы да кең ұғымды жинақтаған тұғырлы тұжырым болып табылады. Тұжырымға қазақ әдебиетінің барша мінез-бітімі, мақсат-мүддесі сыйып тұр десе болады. Ғалым оған әдебиеттанудың жаңа көкжиегінен көз тіге отырып, нақтылайды, терең мағыналы, әдебиеттануда афоризмге айналар қуатты ғылыми тұжырым жасайды, оны «Драма өнерінде» жанкешті еңбегі мен текті талантын, кіршіксіз ар-ожданын сүйеніш ете отырып, ненің болса да тұңғиығын танып, таныта алатын, өрімі өзгеше, толғауы тоқсан қызыл тілмен, өзіне ғана хас сыршыл ғылыми стильмен еңбектің өн бойында сусыныңды қандыра тарқатады. Енді осыған келейік.
«Драма өнері» авторы поэтиканың ең күрделі де күрмеулі мәселесі жанрлық жүйені зерттеуге, соның негізінде қазақ әдебиеті мен қазақ сахна өнерінің көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін, драмалық шығармалардың типологиялық сипаттарын ашуға ден қояды. Ең алдымен, еңбек авторы қазақ әдебиеті мен өнері туралы жүйелі ғылым салаларының қалыптасуына тарихи еңбек сіңірген А. Байтұрсынов бастаған ұлы шоғырды ауызға алады. Жанр,стиль және әдеби әдіс проблемаларын саралауға арналған фольклор мен әдебиет саласындағы еңбектерді, бұған дейінгі драматургия туралы арнаулы еңбектерді қағыс қалдырмайды, кешегі-бүгінгі қазақ театр сыншыларының тұжырымдарын бағалайды, жанр проблемасына қатысты белгілі орыс ғалымдарының концепцияларын, талаптарын ескереді, жанр тарихының Аристотельден- Белинскийге дейінгі көне бастауларына үңіліп, жанрлық жүйені пайымдауда эстетикада әртүрлі мектептер болғанын көрсетеді.
Зерттеу еңбекте академик Р. Нұрғали қазақ драматургия жанрының өзіндік даму ерекшелігін айрықша ескерте отырып, оның аз уақыт ішінде жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің сырын: «Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұланғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық тарихи-мәдени қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін – драматургия мен театрды өмірге әкелді»/1,7/,- деп сабақтайды. Әрине, зерттеуде жаңа сападағы драматургия жанрларының ерекшеліктері эстетикалық категориялармен «сабақтас түрде, типологиялық салыстырулар арқылы ашылады, қазақ драматургиясында тақырыптық арналардың қалыптасу кезеңдері қаһарман мәселесімен, типтендіру әдістерімен, авторлық позиция принциптерімен, көркемдік құралдардың баюымен, халықтық дәстүрлердің ықпалымен диалектикалық байланыста тексеріледі»/1,7/. Демек, зерттеу еңбекте автор алға қойған осындай күрделі мақсат-міндеттердің үддесінен шыққанына көз жеткіземіз.
Зерттеуші кейбір батыс оқымыстыларының жанр туралы тұжырымдарымен келісе бермейді. Озық ғылымда жанрға берілген анықтамаларды өзінше қорытып түсіндіреді. Мәселен, жанр тудырушы элементтер, жанр құбылысы жөнінде айта келіп: «Кең мағынасында алғанда, типологиялық тұтастық сипаты бар эстетикалық категория – жанр өз структурасында көркемдік дамудың бұрынғы байлығын сақтай отырып, әрбір жаңа шығармада соны сипатта көрінеді.»/1,8/,-дейді.
Драматургия жанрларының трагедия, комедия, драма болып бөлінетіні белгілі. Аталған еңбекте ғалым олардың әрқайсысын жанрлық түрлерге жіктеп зерттейді. Трагедияның жанрлық түрлері: эпикалық трагедия, адамгершілік-тұрмыстық трагедия, тарихи трагедия; Комедия: сатиралық комедия және лирикалық комедия; Драма: қаһармандық драма, саяси-әлеуметтік драма, ғұмырнамалық драма, қазіргі драма. Бұлар біз сөз етіп отырған «Драма өнері» зерттеуінің мазмұнын құрайды. Дегенмен, біздің мақсатымыз бұлардың баршасын шолу емес, белгілі ғалым Р. Нұрғалидың драматургия жанрларының жүйесін зерттеудегі тың әдістерін пайымдау болып табылады.
Зерттеуші Р. Нұрғали М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» эпикалық трагедиясының халық аңызына құрылуын Гетенің «Фауст» трагедиясы сюжетінің халық әдебиетінен, ал Шекспир пьесаларының сюжеті басқа авторлар шығармаларынан алынуымен қатар қояды. Бұл жайды зерттеуші жай ғана салыстырудан аулақ. Шекспир шығармаларын зерттеушілердің еңбегіне үңіліп: «Зерттеушілер трагедия («Отеллоны» айтып отыр. – Р.Ә.) сюжеті жазушы Джиральди Чинтионың новелласы сюжетін қайталайтынын көрсетіп отыр. Тіпті ұсақ деталь ұқсастықтары да бар екен. Бірақ байыпты үңілген адам екі шығарманың арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін көреді.»/1,23/,- деп, әрі қарай өзі қырағылықпен таныған өзгешелікті екшейді. Бұдан Р. Нұрғали зерттеуінің компаративистік бағыты да танылады.
«Еңлік-Кебек» пьесасының жанрлық ерекшеліктерін анықтау үшін зерттеуші оған негіз болған аттас аңыздың екі әңгіме, екі поэма түріндегі нұсқаларындағы ауытқулар мен ұқсастықтарды, тұрақты детальдарды анықтап алуға да көп күш сарқады. Сонымен қоса, «Еңлік-Кебектің» 1917, 1922, 1943, 1956, 1956 жылдардағы жазба нұсқаларын салыстырып, текстологиялық талдаулар жүргізеді. Пьесаның әр кезеңдеріндегі сахналық қойылымдары мен оған айтылған сындарды ой елегінен өткізіп, сахна шеберлігі жайында соны пікірлер өрбітеді. Ұлы М. Әуезовтің сол кезеңдегі «Еңлік-Кебекке» қатысты шығармашылық тағдырын ашына сөз етеді.
Әрине, трагедия жанрының ерекшеліктері трагедиялық қаһарман мен трагедиялық тартыстан тыс бола алмайды. Абыз, Есен, Еңлік, Кебек сияқты қаһармандар характері қақтығыста ашылады. Зерттеуші: «Тартысты үсті-үстіне ширықтыру, психологиялық кризиске жаңа түрткі беру, сөйтіп қаһармандар келбетін кескіндеу реалистік драматургияға етене нәрсе»/1,28/,-деп түйіп, әлем драматургиясындағы характерлердің реалистік тәсілмен сомдалатынына көз жеткізеді.
Трагедиядағы тартыстың басы – Есен-Еңлік-Кебек линиясындағы конфликт қана емес, соны сылтау еткен екі ру арасындағы ежелден келе жатқан алауыздық –ру тартысы. Бұның салдарын зерттеуші: «Бір орталыққа бағынбаған, әрқайсысы өзінің ұсақ мүддесін қызғыштай қорыған рулар арасындағы жұлқыс – феодалдық қоғамның негізгі қайшылығынан туатын үлке трагедиялардың бірі»/1,31/-деп көрсетеді. Шынында, эпикалық трагедиядағы тартыстың шиеленіскен тұсы – екі ру билерінің бет-бетпе бет келіп шарпысуы. Билер сахнасының көркемдік қуаты ересен зор, «деміңізді ішіңізге тартқан жітілікпен қадағалайсыз»/1,32/. Зерттеуші М. Әуезовтің Кеңгірбай, Еспембет, Көбей, Қараменде би характерлерін берудегі жасандылықтан ада шеберліктерін, пьесадағы Есен, Еңлік, Кебек, Абыз бейнелеріндегі жан-жақтылықты да терең талдайды. Тартысқа түскен билердің ішкі-сыртқы әрекеттерін, олардың шешендігін, билер сахнасының полифониялық сипатын саралайды. Ызғарлы, суық Кеңгірбай, содырлы Еспембет, майысқақ Көбей, сұңғыла Қараменде характерлері сахналық өнердің сан қилы шеберліктерімен тұтастықта ашылатынына көз жеткізеді: «Характердің толық ашылып, тұтас көрініс беруіне ситуация, драмалық жағдай әсер етсе, екінші жағынан ол ситуацияның жаңаруына, басқаша қалыпқа түсуіне өз тарапынан ықпал жасайтын күш – характер.Әсіресе, драматургия жанрына хас бұл заңдылық «Еңлік –Кебек» трагедиясында айрықша көрінеді»/1,37/,-дейді зерттеу авторы. Сахналық әрекетке толы билер тартысының ширығып шегіне жеткен тұсын ол: «Өз күшігін өзі жеген қасқыр іспеттес билердің ырғасып-ырғасып ақыры тапқан жолдары – Еңлік пен Кебекті өлтіру. Сол сұмдық өлімді өз қолымен орындаушы – Еспембет»/1,37/,-деп көрсетеді. Кебектің Еспенбетті атпауын зерттеуші жендет Еспенбеттердің жеңілмейтіндігімен түсіндіріп: «Эстетикалық, идеялық жүк арқаламаған өлім шығарманаң көркемдік қуатын әлсіретеді»/1,37/,- дейді. Ал, соңғы актідегі Кебек қолынан қаза тапқан Есен өлімі де, зерттеушінің түсіндіруінше, оның барлық ұтылыстарының, жер соғып қалуларының заңды қорытындысы, күйреуі /1,37.
Қазақ драматургиясының жанрлық белгілерінің қатарына оның халықтық дәстүрлермен байланысын жатқызуға болады. Мәселен, пьесадағы «Абыз – халық арманын, қасиетті идеяны арқалаушы жан»/1, 42/. Абыз Кебекке ағынан жарылып халықтық дәстүрде бата береді. Зерттеуші Р. Нұрғали Абыз монологтарындағы «халық», «ел» деген лейтмотивтерді Шекспир, Островский, Тренев драмаларындағы жеке сөз лейтмотивтерінің көркемдік қызметімен салыстыра қарайды. Сондай-ақ, Әуезов пьесасындағы Жапал бейнесін фольклордағы типтік кейіпкерлермен сәйкестікте қарастырады.
Көрнекті әдебиеттанушы, дарынды тұлға Р. Нұрғали ғылыми еңбектерінің қай-қайсысынан көп қырлы талантын көруге болады. Соның бірі – білімір шешендігі. Ауызша есіліп сөйлейтін білімпаздың, жазғанда да арғымақша көсілетініне ешкім шүбә келтіре алмас дейміз. Соның дәлеліндей, біз сөз етіп отырған «Еңлік-Кебек» трагедиясы жайлы зерттеуінде Еңлік – Есен арасындағы күрделі психологиялық сәтті: «Қыз жүрегі тулап тұр. Қызылға шүйліккен құзғындай Есен тұр әлгі. Тұра ұмтылса, оның қолынан қорғансыз қызды кім алар. Арашалар дос қайда. Паналайтын тұс қайсы. Үйден шыға алмай шөгіп қалған қарт әке ме. Бойы дір еткендей. Жабы болып жерге қарап өске жоқ Еңлік. Келер сөздің кезегін жібермейді ешкімге, тайқи соқты деп Есеннің өзі де айта алмас. Алдағы күннің не дайындап тұрғанын көріп алар»/1,26/,- деген талдауында теңеу, инверсия, риторикалық сауал, буын үндестігі, драма тіліне тән ырғақ та бар ма дерсің, бірақ соның бәрі оқырманды өзіне баурап қана қоймай, ситуацияның түпкі мәнін ашуға ғана қызмет етеді. Сондықтан сыншы ғалымның сыршыл стилі әдеби талдауларына көрік қосары анық.
Біз көрнекті әдебиет зерттеушісі Р. Нұрғалидың жанрлық жүйеге қатысты теориялық тұжырымдарын, зерттеудегі ғылыми ұстанымдары мен жаңа бағыттарын «Еңлік-Кебек» эпикалық трагедиясы бойынша жазылған еңбегі негізінде тұжырымдадық.
Пайдаланылған әдебиет:
Рымғали Нұрғали. Драма өнері. Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет