ҚР орталық мемлекеттік музей қорындағы ағаштан жасалған бұйымдар мазмұНЫ


Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Музей қорындағы ағаштан жасалған тұрмыстық заттар



бет7/14
Дата27.02.2022
өлшемі287,5 Kb.
#26539
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14
1.2 Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Музей қорындағы ағаштан жасалған тұрмыстық заттар.
Қазақ халқының өмір жолы көшпелілік, жартылый көшпелілік және отырықшылық жағдайда өткені бәрімізге белгілі. Осыған орай олардың күнделікті тұрмыста пайдаланған ағаштан жасалған тұрмыстық заттары да көші-қонға немесе отырықшылыққа бейімделіп жасалады.

Ағаштан жасалған үй жиһаздарының құрамына төсек ағаш, жастық ағаш, жүкаяқ, кебеже, сандық, әбдіре, жағлан, қант шаққыш, тоқпақ, саба, аяқ піспек, астау, табақ, тегене, шара аяқ, тостаған, ожау, қасық, күбі, ағаш шелек, келі, келсап және басқа да көптеген бұйымдар кірді [1.18].

Қазақстанда өте кең тараған ағаш бұйымдардың бірі- төсек ағаш (төс ағаш). Қазақтарда төсағаштың жасалу жолына, сыртқы кескініне қарай бірнеше түрі бар. Төсағаштың бірінші түрі жасалу тәсіліне, бет жағына жүргізілетін ою-өрнек, әшекейлеріне қарай әркелкі келеді. Мұның ең көне түріне зер салсақ, оның үш бөлек ағаштан, екі басы мен ортасын қосатын жалпақ тақтайдан, ал артқы беті екі бас пен арасын қосатын екі ұзын шабақтан тұрады. Екі беттің арасын 6-7 шабақпен қосады. Көлденең шабақтар үстіне ұзыннан бірнеше бос тақтай салады. Ал, көлденең шабақтар санын молайтқан жағдайда ұзыннан төселетін тақтайлардың керегі болмайды. Бірақ бірнеше қабат киіз төсеумен ғана шектеледі. Мұндай төсағаштың екі басы қисық біткен төрт ағаш кесіндісінен тұрады. Олардың төмінгі жағынан төрт аяқ шығарылады. Жоғарғы бастары көлденең шабақтармен қосылып, төсектің шалқақтау келген екі басына айналады. Төсек бастарының иіні 135-145 градус шамасындағы доғал бұрыштанып, төрт қырлана немесе жұмырлана шабылады. Тұтас шабылған төсек бастары тым шалқақ болса, аяқтары ішке қарай кіріңкі, ал аяқтары тік болған жағдайда жоғарғы сүйеніштері де тіктеу келеді. Бір-біріне қарама-қарсы орналасатын екі бастың арасын төсектің беті біріктіреді. Төсағаштың бет жағына кейде ою-өрнек ойылса, енді біреулері түгелдей сүйектеліп, күміс әшекейлермен безендіріледі [2.46].

Қазақстанның батыс аудандарында төсағаштың беті түгелдей бедерлі оюлармен көркемделген өте әдемі түрі кездеседі. Мұндай төсағаштардың бет жағы: түзу ағаштан мүсінделе шабылып, сыртына сәл шалқая орналасатын екі басы мен олардың арасын жалғастыратын ұзын, жалпақ тақтайдан тұрады. Ал, екі бас пен бет тақтайдың қиысатын жоғарғы бұрыштарына мүсіндей жонылған миық ағаштар сәндік үшін шегеленеді. Олардың екі басындағы тақтай бетіне ойылатын бедерлі оюлар бірдей болып келеді. Ендігі екі милыққа ойылатын оюлар бірдей болып келеді. Енді мына милыққа ойылатын оюлар сияқты, орта ағаш бетінің оюлары да өз алдына дербес композиция құрайды. Әдетте, төсектің бет тақтайының ортасына үлкен дөңгелек гүл ойылады. Ойылған оюлар мативі негізінен өсімдік тектес болып келеді де, стильденген қошқар мүйіз, сыңар мүйіз және әр түрлі геометриялық фигуралармен толықтырылады. Оюлы өрнектер қызыл, қара бояумен боялған. Музей қорында сақталатын төсек ағаш түрлеріне тоқталайық.

-ХІХ ғасырдың аяғы-ХХғасырдың басы. Шығыс Қазақстан облысы. Ағаш, сүйек, металл, оймыш, сүйектелген.

КП 1662.


Беті оюланған сүйектермен өрнектелген және ажурлы металл пластинкалар қондырылған. Геометриялық элементтері бар зооморфтық, өсімдік оюлары аралас салынған.

-ХХ ғасырдың басы. Ақтөбе облысы. Ағаш, оймыш, бедер.

КП 11281.

Ағаш төсектің алдыңғы беті жалпақ-рельефті етіп ойылған және түрлі-түсті бояулармен боялған. Оюлар композициясы өсімдік типтес [30].

Қазақстанның батыс өңірінде қазақ ұсталары жастық ағаштар да жасаған. Құс жастықтың астынан төсейтін жастық ағаштарды, көбінесе, оң жақта отырған қыздарына арнап жасататын-ды. Сондықтан, олардың сыртын түгелдей, сүйенішінің ішкі жағын да оюлап, сырлап көркемдейді. Музей қорында ондай жастық ағаштардың бірнеше түрі сақталуда.

-ХХ ғасырдың ортасы. Маңғышлақ облысы. Ағаш, оймыш, әрленген.91х36х50.

КП 22632 [30].

Тік қабырғалы бұрыш тәрізді, түбіне қарай еңкейіп тұратын, екі жақтауында жастыққа арналған көлбеу келген ағашы бар, арқа тіреп отыруға арналған жастық ағаш. Алдыңғы бетіне толығымен зооморфтық, өсімдік оюлары оймышталған. Қызыл, сары, жасыл бояулармен боялған.

-1897 ж., Орал облысы. Ағаш, оймыш, әрленген. Ұз-102см; 44х38см.

КП 3210.

Тік қабырғалы бұрыш тәрізді, түбіне қарай еңкейіп тұратын, екі жақтауы үшбұрыш болып келген, жастық қойып, арқа тіреп отыруға арналған жиһаз. Алдыңғы бетіне толығымен зооморфтық элементтері бар өсімдік оюлары оймышталған. Арқалағының ортасында қатар орналасқан жіңішке жақтаулары бар. Түсі ашық-қоңыр [30].

Қазақстанның барлық облыстарында көп жасалған қажетті үй жиһаздарының бірі- жүкаяқ. Қысы-жазы бірдей, киіз үйде болсын, жер үйде болсын іргеде үйіліп жататын жүк атаулының бәрі аласа жүкаяқтарға жиналады. Жүкаяқ ылғи ағаштан жасалады. Оның ұзындығы, негізінен, 90-130 сантиметр, биктігі 25-30 сантиметр, ені 45-50 сантиметр шамасында болады. Жүкаяқтың жасалу тәсіліне қарай бірнеше түрі болған. Жүкаяқтың да тек бет жағы ғана көркемделеді. Бірде оның бетіне әр түрлі сүйек әшекейлер ойыстырылып, күміс бүркеншікті шегелермен шегеленеді, ою да ойылады немесе түрлі-түсті бояулармен де өрнектелетін түрлері де болған.

Жүкаяқ Қазақстанның барлық облыстарында жасалған. Ағаш ұсталары оны жасауда қыруар еңбек сіңірген. Әрқайсысы өз әлінше көркемдеп жасауға ұмтылған (6.61). Әр шебер оны өрнектеп, әдемілеу мақсатымен өзінің таусылмас қиялына да ерік беріп, өз ісіне көптеген ерекшеліктер бере, жүкаяқтың сан алуан үлгілерін қалдырды. Қазіргі күнде оның басым көпшілігі, әрине, сақталмаған, сақталған үлгілерінің өзіне түгелдей тоқталу да мүмкін емес. Сондықтан, осы арада сөз болған жүкаяқ үлгілерінің өзі қазақ шеберлерінің өнер деңгейін анықтауда жеткілікті мағұлмат бергендей.

-Жүк аяқ. 1957ж., Арал маңы. Ұз-105,5см, 54х47,5см.

КП 115.

Тікбұрышты формалы, бетіне оюланған ажурлы металл пластинкалар қондырылған. Қызыл, сары, қара түспен боялған.

Киім-кешек, әр түрлі уақ-түйек бұйымдар сақтау үшін үлкенді-кішілі қол сандық, әбдіре және жағлан пайдаланылған. Үлкен әбдіре-сандықтардың ұзындығы 90-100, биіктігі мен ені 45-50 сантиметр шамасында жұқа қарағай тақтайлардан жасалады. Олардың сырты түгелдей қызыл, жасыл немесе қара бояулармен боялатын да бет жағы жез, күміс, түсті тастармен безендіріледі.

Осы жағландардың жасалу тәсілі, көлемі, материалы мен көркемдеу тәсіліне қарағанда, бәріне тән ортақ ұқсастықтар көп. Сондықтан да, оларды белгілі бір шебердің қолынан шыққан нағыз өнер туындысы деуге әбден болады. Бұл жағландардың сүйегі қарағай тақтай екен, тек қолдан жасалған шегелер арқылы құрастырылған. Сырты түгелдей қалың қоңыр түсті былғарымен қапталып, бет жағына стильденген қошқар мүйіз, қос мүйіз оюлары бедерленген. Оған қосымша үш жерден ортасында қызыл тастары бар үлкен-үлкен үш дөңгелек күміс гүл шоқтары бейнеленген. Жиектері мен бұрыштары әр түрлі күміс әшекейлермен безендірілген. Жағланды құлыптауға арналған темір ілгектің бет жағы күмістеліп, төрт жерден қызыл тас орнатылған.

Жағлан жасайтын қазақ шеберлері, XVIII-XIX ғасырларда Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірлерінде көп болған. Жағланға қажетті сапалы былғары мен күміс табу оңай болмаған, оларды тек сән қуған ауқатты адамдар ұзатылатын қыздарына арнап, өз материалдарынан жасатқан [5.73].

Қазақстанның барлық аудандарында ежелден бері көп жасалған бұйымның бірі- қол сандық. Қол сандықты бой жеткен қыздарға арнап жасататын, ол ұзатылғанда жасау құрамына енеді. Олай болса, қол сандықтар бой жеткен қыздар мен жаңа түскен жас келіншектердің еншісіндегі өте сәнді бұйымдардың бірі. Оның көлемі де шағын (ұзындығы 45-50 сантиметр, ені 25-30 сантиметр, биктігі 15-20 сантиметр шамасында) болатындықтан қыз-келіншектердің ине-жіп, айна-тарақ, әтір, сабын сияқты уақ-түйек бұйымдарын сақтауға арналады.

Көпшілік қауымның жасататын қол сандықтары тек ағаштан ғана мұқият өңделіп, бір түсті бояумен сырланып жасалады. Сән қуған кісілер қол сандық бетіне нұсқалы, бедерлі оюлар ойғызып, түрлі түсті бояулармен сан қилы ою-өрнектер салғызады. Бұған қоса неше түрлі шұға, асыл тастар, сүйек пен күміс әшекейлерін кеңінен пайдаланатын болған. Орталық Мемлекеттік музей қорында мұндай бұйымдардың көптеген түрі сақталған. Солардың бірнешеуіне сипаттама беріп өтейік.
-Шайсандық. ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басы. Көкшетау облысы. Ағаш, сүйек, оймыш. 47х20х33см

КП 3269.


Тікбұрышты, қақпағы қайыспен артқы жақтауына бекітілген, қапталдары бар сандықша. Алдыңғы бөлігі, жақтаулары және үстіңгі беті толығымен оймышталған сүйекпен өрнектелген.

-Сандық. ХХ ғасырдың ортасы. Қызылорда облысы. Ағаш, бояу. 70х36х24см7 Шебері Қобландин М.

КП 123.

Ағаштан оймыштап бояп жасаған сандық. Негізгі реңі қою-көкшіл. Екі жақтауы мен қақпағы өсімдік және геометриялық оюлармен өрнектелген. Алдыңғы бетінде көз, жүрек бейнелері, сондай-ақ, қошқар мүйізі, жапырақ оюлары салынған.

-Жағлан. ХІХ ғасырдың аяғы. Жетісу. Ағаш, тері, ақ металл, өрнек бедерлеу, штампылау. 75х30 см.

КП 3271.


Терімен қапталған ағаш сандық. Алдыңғы бетіне геометриялық белгілері бар зооморфтық оюлармен және фигуралы металл пластинкалармен, құймалармен өрнектелген.

Қазақ ежелден азық-түлік сақтауға кебежені пайдаланған. Ол Қазақстанның барлық аймақтарында кеңінен тараған. Бір қызығы, кебеженің жалпы кескіні мен жасалу тәсілі барлық жерлерде бірдей деуге болады. Бірақ, олардың бет жағын көркемдеу тәсілі әр түрлі, бір сыпыра кебежелерден жергілікті ерекшеліктер анық байқалады. Кебеже- кімге болсын өте қажет бұйым. Сондықтан, ағаш ұсталары оны, көбінесе, ешкімнің тапсыруынсыз-ақ көптеп жасап, шетінен алушыға сата береді екен. Мұндай кебежелерді онша көркемдемейді. Өйткені, ою-өрнекпен безендіріліп, көркемделген кебежелер қымбат болады, оны сатып алуға көпшілік халықтың да мүмкіндігі де бола бермеген. Ал, сән қуған ауқатты адамдар ел ішіндегі ең айтулы ұсталарға арнайы тапсырыс, тіпті, ақысында алдын-ала беріп, кейде шеберді өз үйіне шақырып, кебежені оюлатып, сүйектетіп, күмістетіп те жасататын болған.

Орта есеппен кебеженің ұзындығы 70-90, биктігі 40-50, ені 40-45 сантиметр шамасында жасалады. Кебеженің төрт қабырғасы, түбі мен қақпағы төрт қырлы төрт қазық арқылы біріктіріледі. Мұның тек бет жағын ғана әсемдейді, ал артқы беті мен екі жанын кейде қызыл, жасыл бояулармен бояп қойғаны болмаса, басқадай әдіспен көркемделмейді. Кебеженің бет жағына келетін екі қазық беттері, оның басы мен аяқ жағында мүсінделе көркемделеді. Қазақстанның орталық, солтүстік шығыс аудандары мен Сырдарияның төменгі ағысын мекендейтін қазақ жұртшылығында сүйектелген кебежелер жиі кездеседі. Бұлардың өзі көркемдеу әдісіне қарай өзара ерекшеленеді. Сырдария бойында кездескен сүйектелген кебежелердің беттері түгелдей әр түрлі геометриялық фигуралар формасында жонылып, өрнектелген сүйек әшекейлермен жабылған [8.28].

Сүйектелген кебеженің тағы бір түрінің бетінің үстіңгі және астыңғы жиегінде, екі басына 12 тік бұрышты сүйек әшекейлері зергерлікпен қиюластырылған. Бұлардың астына қызыл шұға төселген. Кебеже бетінің ең ортасына үш жерден төрт-төрттен біріктірілген сыңар мүйіз тәрізденіп жонылған сүйек әшекейлер орнатылған. Әрбір сүйек әшекейдің беттеріне ортасында ноқаты бар шағын шеңберлер сызылған.

Сүйектелген кебеженің тағы бір түрінің айнала жиегінен нәзік ойылған әшекейлер тұтас жүргізілген. Кебеже бетінің ортасына стильденген қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, өсімдік тектес, ұшқан құс бейнесіне ұқсас оюларды сүйектен ойып, кебеже бетіне күміс шегелермен шегеленілген. Мұқият өңделіп, бірнеше өсімдік майы жағылған қайыңның табиғи түрі мен ақ сары сүйек түстері өте жақсы үйлесім тауып тұруының өзі оны жасаған шебер талғамының жоғары болғандығын танытады.

Кебеже бетін оюлап, сырлап көркемдеуде Қазақстанның батыс аудандарындағы халық шеберлерінің өнері өз алдына бір төбе. Бұл кебежелердің ою-өрнек мотиві, негізінен өсімдік тектес болғанымен, геометриялық және стильденген зооморфтық өрнек элементтерімен де толықтырылады. Әдетте, ою-өрнектер көк, ақ, қызыл, жасыл бояулармен боялады. Ал, түрі көбінесе, қоңыр, ашық қоңыр түсті бояулармен боялып, ою-өрнек жүйесі айқын көрінетіндей болып жасалады. Кейбір кебежелердің ағаш ісі мұқият өңделіп, оның беттері сырланбай, тек мінсіз ойылған ою-өрнек күйінде қалдырылады. Осы кебежелердің қай-қайсысының болсын ою-өрнектерін орындауда симметрия заңдылығы мен композиция тұтастығы берік сақталған.

Кебеженің бетіне түгелдей ою оюлап, бірақ боялмайтын түрі де Қазақстанда жиі кездеседі. Бұлардың бәрінің сырты түгелдей мұқият өңделіп, бет жағына симметрия заңдылығын сақтай отырып, өсімдік тектес, геометриялық және символдық бедерлі оюлар ойылған. Бірінің бет жағына түгелдей әр түрлі бедерлі геометриялық фигуралар ойылса, екіншісінің беті түгелдей тек үшбұрыштап оймышталған.

Кебеже беттеріне сырмақ, текемет оюларын ойып жасайтын шеберлерде болған. Мұндай кебежелердің ою-өрнегі ,негізінен, стильденген қошқар мүйіз, қос мүйіз болып келеді, кейде өсімдік тектес өрнектерде ұшырасады.

-ХХ ғасырдың басы. Ағаш сүйек оймыш. 76х41 см.

КП 23129.

Сирағы бұрыштарындағы ағаштардыңжалғасы болып келеді. Алдыңғы бетіне жалпақ өрнектер оймышталап салынып, сүйектелген. Көк, жасыл, қоңыр түстер, геометриялық өрнек басым. Алдыңғы бетінің жоғарғы және төменгі жағына бір-бірін қайталайтын үшбұрышты тіс оюлары батыра салынған.

-ХХ ғасырдың басы. Ағаш, сүйек, оймыш. 79х415х51см.

КП 23840.

Кебеже тұрмыстық тұтыныс заттарын сақтауға арналған жәшік.Тікбұрышты, үшбұрышты және жүрек, айна, тамшы тәрізді екі жерден “Базкен” деген жазуы бар қызыл шыны қондырылған. Ағашы қызыл-қоңыр түске әрленген, сүйегі сары, металы қара түсті.

Ыдыс-аяқ сақтау үшін ағаштан жасалатын бұйымның бірі- асадал (шкаф) Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Асадалдың дәстүрлі бірнеше түрі болған. Оның ең көнесі қазіргі томбочка тәрізденіп, енінен биктігі артық болып жасалса, екінші түрінің ені мен биктігі шамалас келеді. Үшінші түрінің биктігі кебежедей ғана болады. Ал, ені биктігінен 1,5-2 есеге жуық артық, ұзынша болып жасалады. Енді төртінші түрі қазіргі буфет тәрізденіп жасалатын асадалдар [11.32].

Томбочка тәрізді биктеу асадалды оның ең көне түрі деуіміздің себебі бар. Біріншіден, олардың көлемі көш-қонға қолайлы келеді, онша үлкен болмайды (100-100х60-70 см), екіншіден, оны көркемдеу тәсілінде нұсқалы ою, күмістеу, сүйектеу дәстүрі жиі кездеседі.

Сыртқы кескіні төрт бұрышты асадалдың көлемі 100х100 сантиметр. Екі ашпалы есігі, жоғарғы жағында екі суырмасы бар.

Мұндай асадалдардың нұсқалы оюлар ойылып, сүйекпен көркемделген үлгілерін Жамбыл облысынан, ал бетіне өсімдік тектес өрнектер салынып, боялған үлгілерін Қазақстанның батыс аудандарынан кездестіруге болады.

Музейде 1850 жылы, Семей облысында жасалған асадал экспозицияланады. Асадал ағаш, сүйек, металлдан оймышталып жасалған. Көлемі 118х58 см. Әзмағамбет шебердің қолынан шыққан.

КП 5946.


Тікбұрышы жоғары көтерілген, ыдыс-аяқ сақтауға арналған шкаф. Екі жаққа ашылатын есіктен, сөрелерден тұрады. Алдыңғы беті ақ фигуралы қақпақты шегелермен бекітілген, оймышталған сүйектермен өрнектелген [30].

Тұтас қайың кесіндісінен ағаш қақпақпен жабылатын шағын шынықап, аяқ қаптар да жасалды. Ертеректе бұлар көшіп-қону кезінде ыдыс-аяқтың сынбауын қамтамасыз ететін болған. Шынықап, аяқ қаптардың ою-өрнек жүргізілген түрлері де жиы ұшырасады. Музей қорында кездесетін кесе қаптарды сипаттап өтейік.

-ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басы. Қызылорда облысы. Ағаш, боялған, оймыш.

КП 26184.

Кесеге арналған құты.Түбі мен қақпағы жоқ. Цилиндр тәрізді. Алдыңғы беті үш қатар оюлармен оймышталған. Негізгі өрнектер:арқар, қой мүйіздері,соңғысы “құс тұмсық” тәрізді оюмен аяқталған.

-ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Батыс Қазақстан.Ағаш, металл, өрнек бедерлеу.

КП 9394/1.

Шыбықтан өрілген, қақпағы бар. Жарты шар бітімді кесе тасуға арналған құты. Негізгі қаңқасы ретінде айнала иіре қиыстырылған ағаш бекітілген. Сырты үшбұрышты оюлар салынған металл құймалармен әшекейленген.


Әр түрлі ағаштардан күнделікті үй шаруасына арналған шүмекті және шүмексіз шелектер жасалады. Егер мұндай шелектердің түбі бөлек салынса, енді бірде ағаш кесіндісінің өзінен түп қалдырады. Көбінесе шелектің түп жағы мен аузына темірден құрсау салынады. Әсіресе, шелек түбі бөлек тақтайдан орнатылса, темір құрсау міндетті түрде қажет.

Киіз үй сүйегінің құрамына тікелей енбегенмен, міндетті түрде шебер жасайтын қажетті бөлшектің бірі-адалбақан. Адалбақанды үйшілер ағаштан жасаса, ұсталар темірден жасайды. Кейде ағаштан жасалған адалбақанды күмістелген тері ілгектермен, тағы басқа әшекейлермен де безендіреді. Оның металдан жасалатын қосымша бөлшектерін, көбінесе, үйшілердің өздері-ақ, кейде ұста-зергерлерде істейді. Адалбақанның ағаштан жасалған негізгі бөлігінің ішкі беттеріне ою-өрнек жүргізіліп көркемделеді. Кей жерлерде адалбақанды қызғылт түсті жеміс ағашынан немесе қызыл қайыңнан жасайтын үйшілер оның ұзына бойын мүсіндеп шауып, алдымен ою-өрнектерін ойып алады. Содан кейін ағаш бетін мұқият өңдеп, бірнеше қайтара өсімдік майын сіңдіре жағады, сөйтіп ағаштың өзіндік табиғи реңін енгізіп қана қояды. Мұның өзі өте ұнамды болады. Ауқатты адамдар жұмырланып шабылған адалбақанның сыртын түгелдей былғарымен қаптатып, ілгектерін күмістеп, темірден салғызады [4.87].

Адалбақанның ұзындығы киіз үйдің іргесіне тігінен қойғанда, уықтың иінінен келетіндей биіктікте болуы керек. Тігінен сүйеп қоятын адалбақан бір жағына аунап кетпес үшін, оның бас жағы екі айыр болып жасалады, бір уықтың иініне ашасымен тірей сүйеледі. Әдетте адалбақанның түп жағы көркемделмейді, өйткені оның түбін жерге көміп қояды.

Адалбақан, негізінен, киім, ертеректе қару-жарақ ілу үшін қолданылды. Адалбақанның ұзындығы 227 сантиметр, түп жағының ені 10 сантиметр де, бас жағының диаметрі 5 сантиметр. Адалбақанның сыртқы кескініне қарағанда, ол екі бөлімнен тұрады. Төменгі бөлімінің ұзыны-91 сантиметр, ені-10 сантиметр, қалыңдығы-5,5 сантиметр. Түзу бұрыштанып жасалған, ең түбінен диаметрі 12 сантиметрдей домалақ шар шығарылған. Бұл шарда еш өрнек жоқ, тек қоңыр бояумен түгел боялған. Өзінің көк бояумен сырланған жоғарғы бөлігі мен қысқа жұмыр мойын арқылы жалғасқан. Жұмыр мойынның үстінгі жақ беті тегістеліп жасалған, 91 сантимнтрлік түзу бұрышты төрт бұрыш. Оның бетіне үш жерден күмістелген үш дөңес темір көз орнатылған, айналасы дөңгеленіп, көк бояумен боялған, ондай көздкрдің ара-арасына күмістелген екі сопақша әшекейлер орналастырылады. Дөңгелек және сопақ әшекейлердің шеттері иректеледі. Бұл күмістелген әшекейлердің арасындағы бос орындарға бедерді ою-өрнектер ойылған жиегі түгелдей түрлі түсті бояулармен өрнектелген. Адалбақанның осы біз сөз еткен төменгі бөлігінің екі иығынан күміс шабылған темір ілгектер шегеленеді.

Адалбақанның жұмырланған, төмен не жоғары қарай жіңішкере беретін бөлігінің ұзындығы 136 сантиметр. Мұның төменгі бөлігі буынтақталып, жоғарыдан төмен қарай жасыл, қызыл, сары бояулармен жолақтана боялған. Бунақтың жоғарғы жағынан күмістелген төрт темір сақина кигізіледі. Сақина араларына үш-үштен құстың басы секілді күмістелген темір ілгектер бекітіледі. Ең жоғарғы-төртінші сақинаның үстінгі жағы жіңішкеленіп барып күмістелген темір ашаланып бітеді. Адалбақанның жұмырланған жоғарғы бөлігі де қызыл, сары түсті бояулармен тігінен жолақтана боялған. Ал, ең жоғарғы басы көгілдір аспан түсті реңде болады.

Қазақ ұсталары тұтас ағаш кесіндісінен ішін үңгіп келі жасайды. Келі-келсап жасау үшін көбінесе, жарыла қоймайтын қайың ағашын қолданады. Келі-кесап Қазақстанның барлық аудандарында біркелкі болып жасалғанын аңғаруға болады [1.20].



Ағаштан қаныт шағуға арналған шағын тоқпақтар мен саба піспегі көбірек жасалатын-ды. Қол тоқпақ тұтас, ал саба піспегінің жоғарғы жағы нақыштала оюланады. Күмістелген не сүйектелгендері де, түрлі түсті бояулармен өрнектелгені де бар. Өкінішке орай, бұл күндері аталмыш бұйымдар өте сирек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет