Редакция ал қ



Pdf көрінісі
бет2/14
Дата19.02.2017
өлшемі6 Mb.
#4512
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Қымбатты достар!

ХХІ  ғасырда  адамзаттың  ядролық  қарудан  азат 

әлемге  қарай  лайықты  жол  табуға  күш-қуатының 

жететініне сенімім мол. 

Семей  ядролық  полигоны  жабылуының  25  жыл-

дық  мерейтойын  салтанатты  жағдайда  атап  өте 

отырып,  біз  әлемді  ядролық  өзін  өзі  жойып  жіберу 

қатерінің  ешқайда  жоғалып  кетпегенін  тағы  да 

сезінуге шақырамыз.

Әлемдік  қоғамдастықтың  байыпты  ұжымдық  іс-

қимыл  энергиясына  ұлғайтылған  ерік-жігері  мен 

ой-санасының  біздің  планетамыздың  ядролық  апат 

шыңырауына қарай қадам басуына жол бермейтініне 

сенемін. 

Бүгінде  оны  ең  бір  күйреткіш  қарудан  азат  ете 

отырып, әлемді неғұрлым қауіпсіз етуге әлі де мүм-

кіндік бар. 

Бүгін осы мінберден айтылатын үндеулер мен ұсы-

ныс тардың  саясаткерлер  мен  ғалымдардың,  бүкіл  ізгі 

ниетті адамдардың құлақтарына жетеріне сенімім мол. 

* * *

Ең алдымен, Қазақстан мен оның халқының атына 



айтылған  жылы  сөздері  үшін  бүкіл  конференцияға 

қатысушыларға  шынайы  ризашылығымды  білдіргім 

келеді.  Ядросыз  әлемге  қол  жеткізуге  бағытталған 

сындарлы  идеялар  мен  ұсыныстар  үшін  алғыс 

айтамын. 

Олар  конференцияның  қорытынды  құжаттарын 

дайындауда  ескеріліп,  халықаралық  ұйымдарға  жі

-

бері леді. 



Біздің  конференцияның  дәл  бүгін  –  29  тамызда 

өтуінің де символдық мәні бар. Бес жыл бұрын, 2011 

жылы  Халықаралық  ядросыз  әлем  үшін  форум да 

Ядросыз әлем үшін Астана декларациясы қабыл дан-

ды. 

Бүгінде  ең  бір  белгілі  қайраткерлер  шоғырының 



қатысуы  біздің  форум  проблемасының  мейлінше 

көкейтесті әрі маңызды екенін көрсетеді. 

Адамзаттың озық бөлігінің ядролық қаруға тыйым 

салып, жоюға деген ұжымдық ерік-жігерінің көрінісі 

де осы болып табылады. 

Қазірде  бірыңғай  үндеулермен  ғана  шектелмей, 

планетамызды  ядросыз  болашаққа  қарай  нақты 

істермен алға бастырудың маңызы айрықша зор. 

Ол  жер  тұрғындарының  болашақ  ұрпағының 

бақыты  мен  өркендеуі  үшін,  бүкіл  елдер  мен 

халықтардың мүддесі үшін қажет. 

Ядролық  қару  туралы  ортақ  конвенцияның  тал-

анып, қабылдануы бұл бағыттағы нақты қадамдардың 

бірі  болып  табылады.  Сіздер  қолдау  көрсетеді  деп 

үміттенемін.

Ол ядролық қаруды орнатуға тыйым салып, оның 

ішінде  оған  ие  елдер  үшін  де  оны  жоюдың  нақты 

мерзімдерін белгілеуі тиіс. 

Сонымен  бірге  біз  ядролық  қаруға  заңнан  тыс-

қарылық мәртебесін беретін өзге де заңдық тұрғыда 

міндеттейтін  құжаттардың  қабылдануын  жоққа  шы-

ғар маймыз. 

Жаһандық  ядролық  қарусыздануға  қосқан  біздің 

еліміздің үлесіне және менің жеке өзімнің қарапайым 

үлесіме берілген жоғары бағалар үшін тағы да риза-

шылық сезімін білдіргім келеді. 

Сондай-ақ  Қазақстан  Президентінің  Жаһандық 

бейбітшілік  және  қауіпсіздік  сыйлығын  тағайындау 

туралы бастама үшін алғысымды білдіремін. Бүтіндей 

алғанда,  мен  бұл  бастаманы  қолдаймын.  Сірә,  оны 

«Ядролық  қарусыздану  сыйлығы»  деп  атау  дұрыс 

болатын сияқты, оның атауын әлі де ойлану қажет. 

Біз ойласып, осындай сыйлық тағайындау жөнінде 

шешім қабылдайтын боламыз. 

Қарашада  Қазақстан  астанасында  менің  баста-

маммен Астана бейбітшілік саммиті шақырылатынын 

хабарлағым келеді. 

Оған  мемлекеттердің,  үкіметтердің  басшылары, 

белгілі  саясат  және  қоғам  қайраткерлері,  көптеген 

елдердің ғалымдары мен бизнесмендері қатысады. 

Жаңағыдай сыйлықты тағайындап, оны алғашқы 

лауреатқа тапсыру туралы дәл осы саммитте әңгіме 

қозғауға болар еді. 

Конференцияға  қатысушылардың  бәріне  тағы  да 

алғыс айтамын.

Сіздерге өз қызметтеріңізде зор табыс тілеймін.

Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рақмет!

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ


№ 3 ( 2 0 1 6 )

№ 3 ( 2 0 1 6 )

10

11

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 100 ЖЫЛ



АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 100 ЖЫЛ

АЛАШ 


ЗИЯЛЫЛАРЫ 

ЖӘНЕ ҰЛТ ТІЛІ

Ұ

лттың бойындағы сан ғасырлар 



жинақ талған рух пен мұраттың ұлы 

бұлқынысы болған Алаш қозғалысы 

ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек 

еткені бүгінде көбімізге белгілі. Құдайға тәуба, 

Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, 

Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға 

қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» 

сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде 

қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. 

Күнделікті теледидардан, радиодан, газеттерден 

«Алаш» сөзінің айрықша мән беріліп 

айтылғанына, жазылғанына куә болудамыз. 

Яғни, Алланың қалауымен қазақ баласының 

жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы 

мен сезіміне «Алаш» ұғымы уақыт өткен 

сайын бойлай түсуде. «Партия ұраны десек, 



бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды 

іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси 

партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре 

болмастан ауызға түсіп отыр», – делініпті 

«Алаш» партиясы құрылған Бірінші жалпықазақ 

сиезі жөнінде жазылған «Қазақ» газетіндегі 

сүйінші мақалада /1, 414/. Сонау XX ғасырдың 

басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер 

қалаған осы қасиетті сөз тәуелсіздігіне жеткен 

қазақ баласына да соншалықты қымбат, аяулы 

ұғымға айналуда. Бұл – санамыздың жаңғыруы, 

тарихи тамырларымызды қастерлеуіміз, елдіктің 

белгісі, өсер жұрттың өнегесі.

Алаш зиялыларының саяси және рухани 

күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет – 

ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді 

айқындау десек, осындай ұлан-ғайыр сауапты 

істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі 

тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысы да 

тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, 

ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін 

жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты 

аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі 

мәселесі ерекше орынға ие болды. 

Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған 

зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері

тіл жолындағы алуан күресі – бүгінгі өзі де 

азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына 

тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш 

зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің 

алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы 

тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-

жақты түсінгендігін аңғартады. Соған орай 

Алаштың тілдік мұрасын сантарапты құбылыс 

деп бағалай келе, оны бірнеше аспектіде 

сипаттаудың бірқатар мүмкіндігін аңғартпақпыз.

Біріншіден, Алаш азаматтары қазақ 

ғылымының төлбасы әрі арналы саласы 

ретінде ең алғаш болып тілтану ғылымының 

іргетасын қалады. Оның себебіне үңілсек, 

Алаш қайраткерлерінің барлық ұлттық 

ерекшеліктердің ішінен халықтың болмысын, 

өткені мен бүгінін танытарлық тіл сияқты ең 

көрнекті құбылысты таңдауы аса қисынды еді. 

Қандай ғылым болса да, әлбетте, белгілі бір 

қолданбалы, жүзелік сипаттан өрістейді. Осы 

тұрғыдан келгенде, Ахаңның тіл саласындағы 

еңбектері, кейінірек жазылған Халел 

Досмұхамедұлының, Телжан Шонанұлының, 

Елдес Омарұлының еңбектері алдымен 

оқытуға, білім беруге арналған дүниелер 

болатын. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының 

«Оқу құралы», «Тіл – құралы», Телжан 

Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-

әдістемелік мақалалары осыны аңғартады. 

Әсіресе тіліміздің жазу үлгісінің, емлесінің 

қалыптасуындағы Алаш зиялыларының 

орны алабөтен. Алаш оқымыстыларының 

қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 

жылы Орынбор қаласында өткен қазақ 

білімпаздарының тұңғыш сиезі де байқатты. 

Осы алқалы, тарихи жағынан маңызды 

ғылыми жиындағы А.Байтұрсынұлының, 

Е.Омарұлының, Н.Төреқұлұлының 

баяндамалары, Т.Шонанұлының, М.Дулатовтың, 

Х.Досмұхамедұлының, М.Тұрғанбайұлының, 

М.Саматұлының сөйлеген сөздері, ой-пікірлері 

тілтану ғылымының күрделі мәселелерін 

шешуде алаштықтардың қаншалықты үлкен 

еңбек сіңіргендігін, қаншалықты эрудициясы 

мен инстуициясы бай тұлғалар екендіктерін 

айғақтады. Осы сиезде, негізінен, әліпби, жазу 

ережелері тақырыптары баса көтерілгенімен, 

олар тілдің сан алуан мәселелері төңірегінде 

сөз қозғауға өрісті ой тудырды. Осындай 

білімпаздар сиезі, біздің пайымдауымызша

бүгін де қажет сияқты. Себебі емледе болсын, 

терминологияда болсын, ономастика саласында 

болсын, тілші ғалымдармен бірге басқа ғылым 

салаларының өкілдерімен бірге ақылдасып, 

ортақ уәжге келерлік мәселелер баршылық. 

Алаш оқымыстылары қалыптастырған қазақ 

тіл білімі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының 

ғылыми-тілдік мектебін қалыптастырды. 

Бұл мектеп ілгеріде есімдері аталған 

тілтанушыларды өсірді, бұдан кейінгі кезеңде 

Ахаңның көзін көрген өнегесін алған қаншама 

ғалымдар қалыптасса, совет заманындағы 

қазақ тіл білімі де Ахаңның ізімен жүрді, оның 

атын атай алмаса да, еңбектерін пайдаланды. 

Енді тәуелсіздік алған заманда тағы да Ахаң 

өзінің ұстаздық мінберіне барша тұлғасымен 

көтерілді.


№ 3 ( 2 0 1 6 )

№ 3 ( 2 0 1 6 )

12

13

Екіншіден, Алаш қаламгерлері XIX ғасырдың 



ортасында алғашқы белгілері байқалған ұлттық 

жазба әдебиетімізді жанрлық жағынан да, стильдік 

тұрғыдан да қалыптастырды, анағұрлым байытты. 

Бастапқыда Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа 

Сұлтанқожаұлы, Әбубәкір Кердері және тағы да 

басқа исламдық ағартушылық ағымның өкілдерінің 

шығармашылығында, сәл кейінірек тұтастай түрде 

Ыбырай Алтынсарин, Абай Құннабайұлының өнер-

намасында қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің 

көркемдік, стильдік, жалпы тілдік белгілерін 

іргелендірді. А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатов, 

С.Торыайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы 

жазба реалистік дәстүр, М.Жұмабаев, Б.Күлеев 

поэзиясындағы романтикалық жазба дәстүр мәде-

ниетті жазба әдебиетінің қалыптасқандығын бай-

қатса, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем про-

засы классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері 

болды. Әңгіме, повесть, роман, поэма, баллада, 

драма сияқты жанрлардың түгенделуі де ұлттық 

жазба әдебиетіміздің қалыптасу кезеңінен даму 

биігіне қарышты қадам жасағандығын әйгіледі. 

Қазіргі кезде ғалымдар тарапынан «Алаш 

әдебиеті», «Алаш ұранды әдебиет» делініп жүрген 

әдебиет идеялық жағынан да, тақырыптық жағынан 

да, тілдік-стильдік жағынан да, жанрлық жағынан 

да, бейнелілік жағынан да ауызша дамыған сөз 

өнеріміздің жазба әдебиетке тән деңгейге көтерілуіне 

өлшеусіз үлес қосты. Бұл – тіліміздің бойындағы 

мүмкіндіктерді барынша көрсетуге, көркем әдебиет 

стилінің дамуына жағдай жасады. Алаш әдебиеті 

арқылы ұлттық сөз өнеріміз жаңа деңгейге жетіп, 

тіліміздің байлығы мен оралымдылығының, 

мағыналылығының, әлеуетінің мүмкіндіктері 

мол екендігін паш етті. Сайып келгенде, 

Алаш қозғалысының өзі сол қаламгерлердің 

шығармашылық жолын айқындады. М.Жұмабаев,  

Ж. Аймауытов, М.Әуезов сынды ұлы қаламгерлердің 

қалыптасуына шешуші ықпал етті. Бұған қоса 

Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы мақалаларынан 

басталып, «Әдебиет танытқышқа», «Әдебиет 

тарихына» ұласқан әдебиеттану ғылымының 

қалыптасуы да Алаш қаламгерлерінің жазба 

әдебиетімізді дамытқанын, ғылыми-эстетикалық 

тілдің де негізін қалағандығын дәлелдеді. Қалам 

ұстаған Алаш азаматтарының әдеби тілімізге жасаған 

осы тарихи еңбегі қазақ тілінің кейінгі өрістеу 

жолдарын айқындаған өнегелі, өміршең дәстүр 

болды. 


Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық 

кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкін-

діктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз 

қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау, 

бейнелілік тудыру, тілдің стильдік мүмкіндіктерін 

ашу, құбылысты суреттеу – олардың ұлттық 

ойлаудың биігіне жеткендігін, сондай-ақ Шығыс 

пен Батыстың рухани игіліктерін ізденгіштікпен 

зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен 

қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен 

жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы советшіл 

әдебиеттен көрініс тауып жатты. Алаш әдебиетінің 

рухы Мұхтар Әуезов сияқты данышпан жазушының 

қаламына қанат бітірді, осы рух Бауыржан 

Момышұлын, Ілияс Есенберлинді, Мұхтар Мағауинді 

тағы да қаншама қазақтың ұлыларын ұлтты сүю мен 

ұлтқа қызмет етудің жоралы дәстүріне баулыды.

Үшіншіден, Алаш зиялылары XX ғасырдың 

басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере 

отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси 

ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін 

байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, 

қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, 

қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне 

ерекше мән берді. Бұл алаштықтар тарапынан 

тілдің саяси, әлеуметтік маңызын, ұлттың тұтасуы 

мен өркендеуіндегі орнын сезініп, оған тұңғыш рет 

берілген толымды баға болатын. Бұл да тәлімі тарихи 

деуге татитын Алаштың орасан өнегесі болатын. 

Ресей отаршылдығының саяси, әскери қысымын 

ғана емес, рухани өктемдігін сезген, көрген Алаш 

зиялылары тілді ұлтты сақтап қаларлық қуатты 

құрал деп қарады, бағалады, соған риясыз қызмет 

етті. Хандық мемлекет тұсында тіл билік пен 

шешендіктің, көсемдіктің, өне бойы отаршылдықта 

өткен XIX ғасырда қарсылық пен сынның құралы 

болса, Алаш қозғалысы тұсында тілге ең алғаш рет 

ұлтты тұтастырушылық ірі қызмет жүктелді. Яғни, 

«қазақ тілі қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде 

сақталуы керек, сақтала тұрып, ұлттың ұлттығын 

да сақтауы тиісті» деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы 



«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың 

ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. 

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп 

болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», – деп ұлттық 

рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екендігін 

алғаш аңғартты. Ахаңның осы сөзіне орайлас 

пікірлерді Алаш зиялыларының көпшілігі білдірді. 

Айталық, Ғұмар Қараштың: «Тіл сақтауға мүмкін 

болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша 

сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз», 

Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – 



ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына 

жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар 

шығару құқығымыз жоқ болатын», Халел 

Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, 



бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін 

білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз 

тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор 

қате. Бұл – оқығандардың һәм оқушылардың есінен 

шықпауы керек, Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың 

ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу» дегендері 

– біздің заманымызға үндес, өзекті пікірлер. Егер 

біздің тіліміз егемен елдің, дербес мемлекеттің 

мемлекеттік тілі екендігін, осы мәртебелі тіліміздің 

өзінің тұғырына толық қонбай жатқанын ескерсек, 

Алаш зиялылары өсиетінің бағасы да, маңызы да 

еселеп артатындығына ден қоямыз. Бұл бағыттағы 

өрісті ойлардың сілемі қалын оқырман қауымға әлі 

де мәлім бола қоймаған Ғ.Қараштың «Ұлт һәм туған 

ел», М.Тұрғынбаевтың «Қазақ тілін іске асыру» 

мақалаларынан айрықша аңғарылады. 

Ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін 

рухани-мәдени тарихымызда алғаш білдіргендер 

алаштықтар болды. Олар ана тілін ұлт болмысының 

басты бөлшегі ретінде қарастырып, әсіресе жас 

ұрпақтың тәрбиесінде оның алатын орнына ерекше 

назар аударды. Сондықтан ана тілінде сөйлеу, 

тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екендігін Алаш 

зиялылары сол кезеңнің өзінде-ақ жақсы ұғынғаны 

олардың еңбектерінен бедерлене байқалып жүрді. 

Бұл орайда тағы да бір мәселені айта кеткеніміз 

жөн. Қазіргі кезде ана тіліміз – қазақ тілі туралы 

әдеби шығармалар өрісті тақырыптардың біріне 

айналып отырса, олардың алғашқы үлгілерін 

дүниеге келтірген де Алаш қаламгерлері болатын. 

А.Байтұрсынұлының «Туған тілім», М.Жұмабаевтың 

«Қазақ тілі», С.Торыайғыровтың «Туған тіліме» 

өлеңдері – жалпы қазақ әдебиетіндегі тіл 

тақырыбында жазылған тұнғыш көркем туындылар 

еді. Алаш қайраткерлерінің тіл турасындағы осы 

көкейтесті ойлары, рухани күресі азаттық алған 

бүгінгі қазаққа да жолбасшылық етуде.



Төртіншіден, Алаш қозғалысы тұсында шын 

мәніндегі ұлттық мазмұндағы қазақ баспасөзі 

қалыптасты. Бұл құбылыс тиісінше әдеби тіліміздің 

көсемсөз жанрын дүниеге әкелді. Әлихан Бөкейхан, 

Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып 

Дулатов, Сұлтанмахмұт Торыайғыров және тағы да 

басқа Алаш қаламгерлерінің XX ғасырдың алғашқы 

жылдарындағы публицистикалық еңбектерін 

тізбелемегеннің өзінде, «Қазақ» газеті сияқты ұлттың 

ұлы басылымының өзі публицистикалық стильдің, 

жалпы әдеби тілдің қалыптасуына өлшеусіз мол үлес 

қосты. «Қазақ» газетінің бетінде жарияланған алуан 

материалдар сол кезеңнің тынысын, қозғалыстың 

барысын ғана куәландырып қоймай, сонымен 

бірге әдеби тіліміздің де өсу, тармақтану қарқынын 

аңғартты. Бұл газет ұлт көсемсөзінің ғана емес, 

тіліміздің маржан қорының қойнауында өнген 

әдебиетіміздің де, сонысымен тіліміздің де айшықты 

көркемдігін, бай бейнелілігін ашты. Сондықтан да 

М.Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты 



аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің 

мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген 

мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 

жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, 

емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге 

жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ 

уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз 

деп, талап қыла бастаған уақытына келеді», – деген 

еді /2,350/. 

Ұлттың мүддесін үндеген «Қазақ» газетінің өзі 

де, аңғарар болсақ, әдеби тілдік жағынан жылдан 

жылға өскені байқалады. Әсіресе газет бетіндегі 

әдеби тіл тармақтарының саралана көрінуі, қазақ 

тілінің бай мүмкіндіктерінің тараулана байқалуы 

газеттің 1917 жылғы сандарынан айрықша көрініс 

береді. М.Дулатовтың «Тарихи жыл» мақаласы, 

Ә.Бөкейханның «Қазақ сиезі», «Алаштың талапты 

азаматына», редакцияның «Алаш партиясы» және 

тағы да басқа публицистикалық туындыларда ұлт 

баспасөзі деңгейінің артқандығы, публицистикалық 

стильдің ширағандығы кеңінен сезіледі. Алаштың 

рухани көсемі Ахаңның еңбегімен, жігерімен 

дүниеге келген «Қазақ» газетімен бірге Түркістан 

көсемі Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» және 

Алаштың астанасы – Семей қаласында Райымжан 

Мәрсекев, Халел Ғаббасовтар шығарушылары болған 

«Сарыарқа» газеті публицистикалық тіліміздің 

айрықша дамуына іргелі үлестерін қосты. Сөйтіп, 

«қазақтың публицистикалық тілі мен стилі Алаш 

қозғалысы тұсында аяқтанды» деп айта аламыз. 

Бесіншіден, Алаш оқымыстыларының 

ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектері, әр 

салаларға арналған оқулықтары арқылы тіліміздің 

ғылыми және ғылыми-көпшілік стильдерін 

қалыптастырды. Айталық, Ә.Бөкейханның 

тарих, фольклортану, әлеуметтану саласындағы 

ғылыми шығармалары, А.Байтұрсынұлының 

1912 жылдан бастап 1928-1929 жылдарға дейін 

жазылып жарияланған оқулықтары, оқу құралдары, 

ғылыми мақалалары, Х.Досмұхамедұлының 

медицина, биология, тілтану саласындағы 

ғылыми еңбектері, М.Тынышбаевтың тарихи 

зерттеулері, М.Дулатовтың тілтану, әдебиеттану, 

математика саласындағы ғылыми шығармашылығы, 

Ж.Аймауытовтың психология, әдебиеттану 

саласындағы ғылыми ізденістері, М.Жұмабаевтың 

педагогика, әдебиеттану саласындағы еңбектері, 

Т.Шонанұлының тілтану, әдістемеге арналған оқу 

құралдары мен зерттеулері, сондай-ақ Ә.Ермековтің, 

М.Тұрғанбаевтың, Е.Омарұлының, С.Сәдуақасовтың, 

С.Аспандияровтың, Қ.Кемеңгерұлының, 

М.Бұралқиевтің ғылыми еңбектері ғылым 

тілінің, қазақтың ғылыми терминологиясының 

қалыптасуында айрықша белес болды. 

Қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен, ішкі 

заңдылықтарын ғылыми дәйектеумен бірге Алаш 

зиялылары тіліміздің тазалығы, мәдениеті үшін 

де күресті. Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз 

тіліндегі сингармонизм заңы», М.Дулатовтың 

«Қазақ тілінің мұңы», Н.Төреқұлұлының «Ауропа 



АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 100 ЖЫЛ

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 100 ЖЫЛ

№ 3 ( 2 0 1 6 )

№ 3 ( 2 0 1 6 )

14

15

сөздері» т.б. еңбектерде тіліміздің орфоэпиялық, 



орфографиялық нормаларының сақталуы, басқа 

тілдердің әсері, тіл табиғатының бұзылмауы, 

сөзжасам т.с.с. мәселелер айтылып, қазақ тілінің 

табиғи болмысын сақтау, тіл тазалығы, сөз мәдениеті 

тақырыбында бүгінде өзектілігін жоймаған 

ойлар өрістетілді. Алаш оқымыстылары бастаған 

осы ғылыми дәстүр совет тұсында қанша теріс 

бағаланғанымен, қазақтың ғылыми алқабына 

себілген дән болып көктеп шықты, өз жемісін берді, 

бүгінгі бізге де қуатты құнар болуда. 

Әсіресе Алаш асылдары қалыптастырған 

ғылыми терминология әлденеше ғылым саласында 

орнықты. Олардың термин жасаудағы қағидаттары, 

қазақ тілінің бай мүмкіндіктерін қолдану әдістері 

мен дағдылары қазіргі қазақ терминологиясының 

мектебі іспетті. Алаш санаткерлері қалыптастырған 

осы терминологиялық қор, біздің ойымызша, 

ғылыми тұрғыдан қорытылу қажет, соған орай 

оның қағидаттары мен тұжырымдары осы саладағы 

барлық маманға жеткізілуі тиісті. Сонда біз қазіргі 

термин саласындағы көптеген, жиі айтылып қалып 

жүрген ала-құлалықтардан арылмақпыз. 

Алаш ғалымдарының сан салалы ғылыми 

тәжірибелеріне жалпы таза ғылыми деңгейде 

лайықты баға беретін де уақыт келді деп ойлаймыз. 

Әрине, ғылыми мұраны зерттеу, зерделеу жұмыстары 

сонау 1980 жылдардың соңында, 90-жылдардың 

басынан бері қолға алынуда. Сандаған мақалалар 

жазылды, ғылыми деңгейі әртүрлі диссертациялар 

қорғалды, енді оларды қорыту, соның негізінде 

жаңа ғылыми бағыттарды айқындау, маңызды мен 

мардымсыздың жігін ажырату сәті туған сияқты. Бұл 

мәселенің өзектілігі – ғылым саласында дәстүрлі 

реттен бас тартып, жаңа жүйені қалыптастырудың 

қазіргі кезеңімен сабақтас. 

Алтыншыдан, Алаш қаламгерлерінің аударма 

саласындағы алуан еңбектерінің нәтижесінде қазақ 

аудармасының негізі қаланды. Бұл арада Ә.Бөкейхан, 

А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, 

Қ.Кемең герұлы және тағы басқалар жасаған көркем 

аудар малар, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Аймауытов, 

Т.Шонанұлы және тағы басқа қаламгерлер жасаған 

ғылыми аудармалар, сондай-ақ әлеуметтану, сая сат-

тану, философия салаларында орындалған аудар-

малар, әлбетте, саны жағынан да, түрі жағынан да өзіне 

дейінгі кезеңдерге қарағанда әжептеуір өсу болатын. 

Жетіншіден, Алаш қайраткерлері жалпылай 

келгенде, Алаш қозғалысының барысында, негізінен 

алғанда, облыстық қазақ комитеттерінің, «Алаш» 

партиясының құрылуы тұсында, бірінші, екінші 

жалпықазақ сиездері кезінде, Алашорда үкіметінің 

қызмет етуі кезеңінде тіліміздегі ресми-іскери 

стильді қалыптастыра бастады. Алаш автономиясы 

құрылып, Алашорда үкіметі оның облыстардағы, 

уездердегі комитеттерінің жұмыс атқару шағында 

аталған стильдің сандаған үлгілері пайда болғаны 

белгілі. Бұл – қазақ тілінің мемлекеттің тілі болуы-

ның алғашқы үлгісі еді. Қазақ тілінің мемлекеттік 

деңгейде болуына большевиктік биліктің бастапқы 

жылдарында да Ахаң бастаған Алаш қайраткерлері 

зор ықпал еткені тарихтан белгілі.

Міне, біз негізгі жеті себебін жіктеген қазақ 

тілінің Алаш қозғалысы тұсындағы өрістеу 

бағыттары өз кезеңінің ғана емес, бұдан соңғы 

жылдарда да дәстүр жайған, өнегелі өріс 

болған құбылыс, жанды үдеріс болатын. Алаш 

зиялыларының қазақ тіліне жасаған зор, тіпті ұлы 

еңбектері – қай жағынан алсаңыз да, тарихи миссия. 

Оның серпіні бүгінгі күнделікті еңбектеріміздің 

екпініне ұласуы қажет һәм міндетті деп ойлаймыз. 

Бізге Алаш зиялыларының тілдік мұрасы осыны 

үндейді. Ол ұлан-ғайыр мұрамен танысу, білу – 

біздің ойымызша, бастапқы қадам ғана. Алаштың 

аяулы азаматтарының еңбегіне лайықты баға беріп 

қана қоймай, оны жүзеге асырудың жолдарын да 

ойластырып, әрекет жасағанымыз абзал. Көрнекті 

алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің сөзімен айтсақ: 

«

Халықтың өткен өмірі жалпықоғамдық мәні бар 



тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде 

ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. 

Онсыз өткен тарих – қысыр әңгіме ғана. Егер біз 

Алаш қозғалысын ұлт тарихында ерекше орны бар 

құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда 

біз оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік. 

Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып, 

жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни, ұлттық 

дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін 

атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы – 

сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш 

– халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын 

тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім 

берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес 

тұтас жер, яғни, территория ретінде сезінуі. Алаш 

– ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар 

ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау қарекеті» 

/3,29/. Бұл – Алаш мұрасы мен мұратын танудың 

терең толғамы. Алаштың құндылығы хақындағы осы 

толғам Алаш қайраткерлерінің тілдік мұрасына да 

әбден қатысты деуге болады. 

Біз бабаларымыздың күресімен өсетін бойымызға 

сіңіруде олардың бүгінгі күнімізбен тікелей сабақ тас 

құндылық екендігін әрқашан сезінуіміз қажет. Осы 

тамырластық дегдар сезім бүгінгі қазақтың азаттығына, 

ел болуына, ел болу үшін басқа да мемлекеттік 

атрибуттармен, істермен бірге ұлт тілінің мерейін 

асыратын, отаршылдық қалдықтармен күресетін 

баянды шаруаларға жұмылдыру шарт һәм міндетті. 

Бағзы бабалардан да, абыз Абайдың да, Алаш 

зиялыларының да аманаты осында. 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет