Реферат қазақ хандығы Тапсыр ған: Қызылқұл Диана Құралбай қ ызы


XV ғ II жартысындағы Қазақ мемлекеті



бет4/7
Дата08.12.2023
өлшемі45,26 Kb.
#135327
түріРеферат
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Қазақ хандығы

XV ғ II жартысындағы Қазақ мемлекеті.


1.1 Қасым хан. «Тарихи Рашиди» атты еңбекте Қасым ханның қай жылы дүниеге келгендігін анықтайтын мәлімет бар. Онда автор 1513 жылы шағатайлық Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан Ордасына келгені жөнінде жаза келіп, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын», – деп баяндайды. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68 шамасында десек, онда ол 1445-46 жылдарда дүниеге келген болады. Қасым ханның өміріне байланысты деректер 1470 жылдарға дейін ешбір еңбекте кездеспейді. Қазақ хандығы құрылғаннан 1470 жылдар басына дейін мемлекеттегі ірі саяси тұлғалар Керей мен Жәнібек хандар болды. Ал Бұрындық, Қасым және т.б. сұлтандар хандардың жанында жүріп, сол кездегі оқиғаларға араласқанымен, жазба деректерде негізгі хандар аталып отырған. Алғаш рет жазба деректе Бұрындық хан 1469-70 жылғы оқиғаға байланысты кездеседі. Өйткені бұл кезде оның әкесі Керей қайтыс болған еді. Сол сияқты Қасым да алғаш рет жазба дерек мәліметтерінде Жәнібек қайтыс болғаннан кейін, яғни 1470 жылдар басынан бастап айтыла бастайды. XV ғ 70 жылдарынан бастап Қазақ хандығының тарихында жаңа кезең басталады. Саяси тарих тұрғысынан қарасақ, бұл кезең – Қазақ хандығының күшеюімен, нығаюымен, этникалық тарих тұрғысынан – қазақ халқының этникалық, ұлттық территориясының біріктірілуінің басталуымен сипатталады. Мұндағы ең басты оқиғаға – Казақ хандығының Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар мен далаларды қайтару үшін Мәуреннахр билеушісімен жүргізген күресі жатты. Бұл күрес 1470 жылдан 1598 жылға созылды. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған күрестің бірнеше кезеңі бар. Алғашқы кезең — 1470-1520 жылдар аралығында өтті. Бұл кезеңде Қасым хан өзін ірі қолбасшы мен мемлекет басшысы ретінде көрсетіп, замандастарының жазбаларында ұлы тұлға түрінде көрініс табады. 1470 жылдар басында Жәнібек ханнан кейін хандыққа Бұрындық келеді. Бұрындық хан тұсында бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы болады. XVI ғ «Шайбанинама» еңбегінің авторы Камал ад-дин Бинай Қасым туралы: «Бұрындық хан әскері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі», – деп жазды. Сыр бойы үшін күрестің басталуына Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның 1471-72 жылдары осы аймаққа келіп тұрақтануы түрткі болды. Қазақ хандығы бұған наразылық білдіріп, қыс мезгіліне қарамастан Сығанақ пен Сауран төңірегіндегі шайбанилықтарға соққы береді. Қасым хан басшылық еткен қазақ әскерлері осы қалалар маңында шайбанилықтарды талқандап, қашуға мәжбүр етеді. Бұл шайқаста Қасым ханның бауырлары: Махмут, Жиренше, Қамбар сұлтандар бастаған жасақтар ерлігімен көзге түседі. Мұхаммед Шайбани хан болса өзінің атақты сұлтаны мен баһадүрінен айырылады. 1471/72 жылғы ұрыс Қазақ хандығы үшін өте нәтижелі аяқталды. Сыр өңірінен қарсылас жау қуылды және аймақтың солтүстік және солтүстік-батысындағы Созақ, Сауран және Сығанақ аймақтары Қазақ хандығының құрамына өтеді. Кезіндегі Ақсақ Темірге арқа сүйеген Ақ Ордаға қарсы күрескен Тоқтамыс хан секілді Мұхаммед Шайбани хан да Мәуреннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарынан әскери жәрдем алып, Қазақ хандығына XV ғ соңында бірнеше рет күрес жүргізеді. Шайбани ханның екінші peт Сыр өңіріне келуі 1480 жылдарда болды. Бұл жолы да Қазақ хандығы оған тойтарыс береді және Сыр өңірінің қалған бөліктеріне ықпалын күшейте түседі. Күрестің үшінші кезеңі XV ғ 93-96 жылдары өтті. Бұл Қазақ хандығы үшін ауыр кезең болды. Күреске Мәуреннахр билеушілерімен қатар Моғолстан ханы Сұлтан Махмұт хан да араласып, Мұхаммед Шайбани ханға әскери көмек береді. Екіншіден, Қазақ хандығының Сыр өңірін толығымен қайтарудың соңғы кезеңінде билеуші топтар арасында қайшылық туып, 2 топ пайда болады. Бірін – Бұрындық, екіншісін – Қасым және Жәнібек ханның өзге ұлдары құрайды. Қайшылық – Жәнібек хан ұлдарының Сыр өңірінде жаңа ұлыстарды иеленуіне, соның салдары – олардың күшейе бастауына байланысты туындады. Болашақта өз билігіне қауіп төнетінін сезген Бұрындық енді Жәнібек хан ұлдарын әлсірету мақсатымен кешегі жауы Мухаммед Шайбани ханмен жақындаса бастайды және де шайбанилық сұлтанның Сыр өңірінде бекінуіне, бірнеше қаланы иеленуіне рұхсат етіледі. Бұрындықтың бұл әрекеті – Қасым хан тобынын Сыр бойын толық иеленуіне мүмкіндік бергізбеуге және қажет болса, кешегі жаумен Жәнібек хан ұлдарына қарсы одақтасуға жасаған бағыты болды. Қасым сұлтан қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шығады. Өз кезегінде ол Бұрындық пен Шайбани хан одағына қарсы моғол ханымен одақ құрып, қарсы шаралар әзірлейді. Сөйтіп, 1496 жылы Сыр өңірі үшін күрестің алғашқы дәуірі аяқталып, Қазақ хандығы Қасым және оның жақтаушылары арқасында Сыр өңірінің солтүстік бөлігін иемденеді. Егер ХV ғ 70-80 жылдары Қасым үнемі Бұрындық ханның жанында жүріп, оған бағынып, бұйрықтарын орындап жүрсе, сол ғасырдың 90 жылдарынан бастап, одан алшақтай бастайды. Қалыптасқан саяси жағдай және оның одан әрі дамуы Бұрындық пен Қасым арасын күннен-күнге салқындата түседі. XV ғ соңғы жылдарында Қасымның әскери қолбасшылық қасиетімен қатар, мемлекет қайраткері, шебер дипломатиялық қырлары айқындала түседі. XVI ғ басындағы ханның аса бір рөлі – қазақ жеріне басқыншы болып келген Мұхаммед Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңуден керінді. 1496 жылы Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Сыр өңірінің бір шетіне табан тіреген Шайбани хан, Мәуреннахрдағы саяси бытыраңқылықты ұтымды пайдалана отырып, 1500 жылы Самарқан тағына отырады және 1500-1504 жылдары Орта Азияның бірталай аймақтарын бағындырып, қуатты мемлекет құрады. Бірақ солтүстікте Қазақ хандығының болуы оған үнемі қауіп төндіреді. Сондықтан да Шайбани хан XVI ғ басында Қазақ хандығын өзіне бағындыруды басты мәселе етіп қояды. Шайбанилық сұлтанның бірі, кейіннен хан болған Убайдуллах XVI ғ басындағы қазақтармен соғыс туралы мәселеде «біздің бүкіл мұсылман әлемін жаулаудағы алғашқа қадамымыз қазақтарды бағындырудан басталады»,- деп жариялайды, бұл 1509 жылы айтылған сөз. Орта Азия билеушісі XVI ғ басында алдымен қазақтарды экономикалық тәуелділікте ұстау үшін 1505 жылы жарлық шығарады. Жарлықтарда қазақтармен толық сауда-айырбасты тоқтату жөнінде айтылады және Орта Азияда жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық береді. Бірақ бұл шара оған оң нәтиже әкелмей, керісінше Қазақ хандығы тарапынан қарсы әрекеттер туғызады. Шайбани хан өз әрекетін оң көрсету үшін мәуреннахрлық дін басыларына қазақтарды «дінсіздер» деп жариялатқызып, күреске Орта Азияның бүкіл мұсылмандарын жұмылдырады. Сөйтіп, ол 1505-1509 жылдар аралығында Қазақ хандығына қарсы 3 рет жорық ұйымдастырды. Бұл 3 жорық Шайбани хан үшін біршама табысты аяқталды. Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстары талқандалып, мыңдаған мал мен жан олжаға түсіріледі. Талқандалған ұлыстардың бәрі Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде Бұрындық хан жау шабуылын біле тұра, Жәнібек хан ұлдарына ешқандай көмек бермейді. Керісінше, өз басын аман сақтап, ұлысымен шегініп кетеді. Ханның бұл әрекеті бүкіл қазақ қоғамында оның беделін төмендетеді. Сол кезден бастап барлық күштер Қасым ханның төңірегінде топтаса бастайды. Осы тұста сыртқы жауға тойтарыс бере алатын және бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға – Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға – Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған күрестерде жинақталған тәжірибе мен атақ-абырой, қолбасшылық пен ұлыс билеушілік дәреже, хан әулетінің өкілі болуы – Қасым ханды қиын-қыстау жағдайда қазақ елінің ең ірі мемлекет қайраткеріне айналдырады. Шайбани ханның келесі жорықтарынан хабардар болған Қасым хан оған алдын-ала әзірленеді. 1510 жылғы Шайбани ханның соңғы жорығында Қасым хан өз Ордасын ішкері қарай, Ұлытау маңына қондырады және Ордада аз күш қалдырып, негізгі күшін кейін шегіндіреді. Оңай жеңіске масаттанған жау қаннен – қаперсіз бірнеше күн бойы Ордада тойлайды. Осы тұста Қасым хан батырларын қарсы шабуылға шығарады.Қазақтардан мұндай қарсы әрекетті күтпеген жау әскері ешқандай қарсылық көрсете алмай, бас-сауғалап қашуға мәжбүр болады. Қазақтар жауын Ұлытаудан Сыр өңіріне дейін қуып, Сығанақ түбінде тас-талқан етеді. Шайбани хан әскерінің қалдықтары қорыққанынан арттарына қарауға мұршасы келмей, Самарқанға дейін ешбір жеңілістің дәмін татпаған Шайбани хан әскері Қасым хан әскерінен 1510 жылдың қысы мен көктемінде осылай жеңіледі. Қасым ханнан жеңілгеннен соң Шайбани хан өшін айналасындағы сұлтандардан алып олардың иеліктерінің бәрін өзгертеді.Өз кезегінде сұлтандар бұған наразы болып, іштей қарсылық білдіреді, бірақ бірден сыртқа шығара алмайды. Сол жылы оның Бадахшанның таулы тайпаларына жасаған жорығы сәтсіз аяқталады. Күзде Мерв қаласында Иран шахы Исмайыл шах әскерінің қоршауында қалғанда қарамағындағы бірде-бір сұлтаннан көмек келмейді. Сөйтіп 1510 жылы күз айында ол қоршауда қаза табады, ал бірнеше жыл бойы орта Азияда саяси бытыраңқылық жайлайды. Қасым ханның Шайбани ханды жеңуі оның рөлін одан әрі өсіреді, сонымен бірге ол билеген Қазақ хандығының халықаралық жағдайы арта түседі. Жалпы алғанда, Шайбани хан жорықтарына қарсы күресі, оны талқандауы- Қасым ханның қазақ халқы алдында сіңірген тағы да бір еңбегінің бірі. Қазақ жұрты алдында беделінің жоғалғандығын көрген Бұрындық 1511 жылы Мауреннахрға кетеді. Ешбір деректе жазылмаса да, осы жылдан бастап Қасым ханның ресми хандық дәуірі басталады.1510-1513 жж Шайбани хан өлгеннен кейін, орта Азияда саяси бытыраңқылық белең алып, Сыр өңірінде оның ықпалы әлсірейді. Сондай-ақ Жетісу мен Шығыс Түркістанда бір жарым ғасырдан астам өмір сүрген Моғолстан мемлекеті ыдырайды. Осындай Қазақ хандығы үшін қалыптасқан қолайлы сәттерді шебер пайдалана білген Қасымхан Жетісуда толығымен сыр өңірінде, Қазақ хандығының билігін орнатады. Мұнда бір ескеретін жай-бұл аталған аймақтар ешбір ұрыссыз қазақ халқының этникалық территориясына енеді. Себебі мұндағы тайпалар қазақ халқының этникалық компоненттерінің бірі болатын. Салыстырмалы түрде айтсақ, дәл осы жылдары орыс халқынын этникалық территориясының қалыптасу үрдісі, сонымен қатар, саяси үрдісі бір орталыққа бағындырылған мемлекеттің құрылып жатқан кезі болатын. Бірақ та бұл прогрессивті процестер кейбір княздықтардың қатты қарсылығына тап болып, қырғын соғыстар арқылы жүрді. Ал XVI ғ басындағы Қасым ханның билігі тұсында қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы үрдісінің Жетісу, Сыр өңірлерінде бейбіт өтуі бірнеше мән-жайды ашады. Біріншіден, этникалық процестің біртұтас этнотерриторияда жүруі этникалық компоненттердің этнопсихологиялық жағынан жақындасуын тездетеді. Екіншіден, мұндай күрделі үрдістің қырғын- соғыссыз етуіне өз заманының ұлы қайраткері — Қасым хан тұрды.Қасым хан қазақ халқының территориясын қалыптастырумен қатар, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де күш салады. Оған дәлел 1513 жылғы оның Ташкентке жорық жасауы болды. Осы жылдары Ташкенттің Қазақ хандығына өтуі бірнеше мәселені шешкен болар еді. Біріншіден, Ташкентті алу арқылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен елді мекендердің бейбіт өмірін сақтау, хандықтың оңтүстік шекарасын қауіпсіздендіру және бір саяси кеңістіктегі Дешті Қыпшақ пен оңтүстігінде Сайрамға дейін Сыр өңірінің этникалық тұтастығын қамтамасыз ету, дамыту болды. Екіншіден, дәл осындай мақсаттар Жетісуға да қатысты болды. Мәуреннахр тарапынан Жетісуға және Сыр өңіріне апаратын қысқа және төте жол Ташкент арқылы өтті. Сондықтан да қаланың қазақтарға өтуінің әскери-стратегиялық маңызы болды. Үшіншіден, Қасым хан алдында саяси міндет 1513 жылдың басынан қайта күшейе бастаған шайбанилық сұлтандардың күшін, Ташкент аймағындағы ықпалын әлсірету болды. Бірақ та Қасым ханның Ташкентке жасаған 1513 жылғы жорығы сәтсіз аяқталады. Кейін шегінген қазақ әскері Ташкенттің солтүстігіндегі қала – Сайрамға келіп тоқтайды. Уақытша болса да бұл қала әскери-стратегиялық маңызға ие болды.1513 жылдан кейін қайта бірігіп, күшейген Мәуреннахрдағы шайбанилық сұлтандар Қазақ хандығының Сыр өңіріндегі ықпалын жою мақсатымен 1516/17 жылдың қысында жорық ұйымдастырады. Шайбанилық тарихшылар жорықтың ұйымдастырылуы туралы қанша марапаттаса, жорықтың немен аяқталғандығы туралы сонша аузын ашпайды. Яғни, біздің ойымызша тағы да бір ірі жеңілісті жазуға олардың дәтібармаған. Бұл жолы да қазақ ханы Қасым хан жаудан айласын асырып, шайбанилықтарға күйрете соққы береді. 1516/17 жылғы оқиғадан соң Қасым хан қайтыс болғанға дейін Сыр өңірі мен Жетісу аймағындағы саяси талас-тартыс аяқталып, бейбіт өмір қалыптасады. Қазақ хандығының оңтүстік пен оңтүстік-шығыс бағыттардағы сыртқы саясатын сәтті аяқтаған Қасым хан 1517 жылдан бастап күш- жігерін батысқа Жайық, Еділ бағытына жұмсайды.XVI ғ басында екі өзен аралығындағы Ноғай Ордасы ауыр-саяси дағдарыста болатын. Мырзалар ру- тайпа көсемдері билік үшін өзара күресте мемлекетті толығымен ыдыратып, бір-біріне бағынбайтын, дербес иеліктерге бөлініп кеткен еді. Ноғай мырзаларының өзара күресінен әбден шаршаған ру-тайпалар өздерінің этникалық ортасы, этникалық кеңістіктегі құрамдас бөлігі қазақ этносына қосыла бастайды. Этникалық бірігу саяси тұрғыдан қолдауға ие болды. Қазақ ханы Қасым хан мұнда да көрегендік танытып, қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы үрдісін соғыссыз, бейбіт түрде жүзеге асырады. Тарихшы Амантай Исиннің зерттеулерінде кейбір ноғай мырзаларының 1519 жылы Еділдің оң жағалауына ығыстырылғандығы жөнінде айтылады. Ал сол жағалауда Қазақ хандығының билігі жүре бастайды да, ол енді Астрахан хандығымен шектеседі. Өз кезінде бұл жағдай Қазақ хандығына Алтын Орда ыдырағаннан кейін, оның батыс бөлігіндегі саяси қарым-қатынастарға белсене араласуға мүмкіндік береді және Қазан, Астрахан, Қырым, сондай-ақ Москва княздықтарымен осы тұста Қасым хан кезінде дипломатиялық қатынастар орнатылады. Алтын Орданың мұрагері болуға ұмтылған Қазан, Қырым және Астрахан хандықтары бір-бірімен күресте өздеріне мықты одақтас іздестіреді. Москва княздығы бұл кезде әлі де болса қуатты емес еді. Сондықтан да күшті одақтас Қасым хан деп танылады. Орыс деректерінде 1520 жылы Қырым хандығында қазақтардан елші келгендігі айтылады. Жазба деректер бұл жөнінде мардымды ештеңе айтпаса да, осы жылдардағы үздіксіз болған байланыстар халық ауыз әдебиетінде жақсы сақталған. Дәл осы кезде Москва княздығы Қазақ хандығымен байланыс орнатуға ұмтылады. Бұл байланыс арқылы Москва қазақтар туралы, Қазақ хандығы және Қасым хан туралы көп мәлімет алуға тырысты. Өйткені, енді-енді Алтын Орда езгісінен құтылған Москва княздарының Алтын Орда территориясында жаңа қуатты мемлекеттің пайда болуынан қатты сескенді. Мұрагерлікке таласқан 3 хандықтың өзара күресі Москваға өте тиімді болатын. Бірақ та 1519 жылдан бастап Қазақ хандығының бұл іске араласуы Москваға өте қауіп туғызды. Сондықтан, Москва байланыс орнату арқылы қазақтар туралы көп білмек болды. Москваның Қасым ханға жеке көңіл аударуы, біріншіден Қазақ хандығының қуаттылығына байланысты болса, екіншіден оның мемлекет қайраткері ретіндегі рөліне байланысты туындаған. 1525 жылы Москва княздығы туралы кітап жазған итальяндық әдебиетші Иовий Московияның шығысындағы көршілерді жалпы атаумен «татарлар» деп, «Олардың территориясы Қытайға дейін созылып жатыр», – деп түсіндіреді. Ал 1516 және 1526 жылдары Москвада екі рет болған австриялық елші Сигизмунд Герберштейн «Волга бойындағы бұл патшалық (Қазан хандығы) оңтүстікте және шығыста далалық аймақпен шектеседі. Шығыста олар шайбанилар және қазақтар деп аталатын татарлармен араласып тұрады», – деп баяндайды. Бұл тұңғыш рет қазақ деген халықтың еуропа халықтарына таныстырылуы, белгілі болуы еді. Мұнда Қасым ханның рөлі айрықша орын алады. Қасым ханның тарихи рөлі жоғарыда айтылған ойлармен шектелмейді. Қасым ханның билігі тұсында бұрыннан қолданылып келе жатқан «Дешті Қыпшақ», «көшпелі өзбектер», «өзбек-қазақ» деген әртүрлі мәні бар атаулардың орнына бір ортақ этноним – «қазақ» және этносаяси термин – «Қазақстан» қолданыла бастайды.XVI ғ I ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. «Қасым ханның қасқа жолы» – осының куәсі. «Қасқа жол» деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:
1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;
2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;
3. Хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты;
4. Халықтың саны Қасым хан тұсында бірнеше есе өсті;
5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді. Міне осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі.
Ендігі айтар бірер сөз – Қасым ханның қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде. Шығыс жазба деректеріндегі мәліметтер әртүрлі жылдарды айтады. Дулати мен Хайдар Рази 1518/19 жыл десе, Гафари және басқалар 1523/24 жылды көрсетеді. Қазіргі кездегі оқулықтар мен кейбір зерттеу еңбектерінде ұлы тұлғаның қайтыс болған жылын 1518-23 жылдар аралығындағы кез-келген жылды көрсетуде. Қайтыс болған жылды анықтауда орыс деректерін зерттеген тарихшы А.Исиннің материалдары жәрдемдеседі. 1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астраханмен шектеседі. 1520-21 жылдың қыс айларында Астраханда Занко Зудов деген рязаньдық 3-4 ай тұтқында болады. Қазақ хандығында болып жатқан оқиғалардың бірталайын ол тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның Москваның ұлы князі ІІІ Василийге жіберген хабарламасында «Осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды», – деп жазады. 1521 жылы маусым айында Түркияға бара жатқан бояр ұлы Василий Михайлович Третьяк-Губинге ІІІ Василий «Қазақ Ордасы туралы анықтау, қазіргі кездегі қазақтардың патшасы кім және олар қай жерде көшіп-қонып жүр», – деп, соны анықтауға тапсырма береді. Бұдан көріп отырғанымыздай, Қасым хан 1518 жылы не 1523 жылы емес, 1521 жылдың қысында қайтыс болған. Қадырғали Жалайыри Қасым хан Сарайшықта жерленген деп жазады. Ол түсінікті де, өйткені Қасым ханның соңғы 3-4 жыл өмірі Еділ-Жайық бойында өтеді. Қайтыс болғанда Қасым хан 75-76 жастар шамасында болады.
1.2 XVI ғ 20 - 30 жылдарындағы қазақтың 5 ханы. XV-XVI ғ Қазақ хандығының саяси тарихын шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. Ол кезеңдерге: 1458-1470 жылдар – хандықтың құрылуы, 1470 жыл мен 1521 жыл аралығы – хандықтың күшеюі мен нығаюы, 1521-1538 жылдар – хандықтың «уақытша әлсіреуі», 1540-1598 жылдар – хандықтың қайта көтерілуі немесе этникалық территорияның қалыптасуының аяқталу дәуірлері жатады. Әрбір кезеңнің басты белгілерін хандықтың сол тұстардағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының қандай болғандығы, жекелеген хандардың жүргізген саясаты, сондай-ақ билік басындағы хандардың жеке тұлғалық қасиеттері арқылы анықтауға болады. Керей мен Жәнібек, Бұрындық пен Қасым, Хақназар, Шығай, Тәуекел хандардың билік құрған кезіндегі Қазақ хандығының жағдайы осыған дәлел. Бізде әлі күнге дейін тарихнамамызда XV-XVI ғ Қазақ хандарының жеке тарихи тұлғасы толық түрде арнайы зерттелмеген. Кейбір хандардың есімдері хандықтың әр дәуірдегі тарихына қатысты мәселелерде аталып, тарихи тұлға ретіндегі зерттелінуі тарихшылар назарынан тыс қалып келеді. Тіпті кейбір хандардың тарихтағы орны зерттелінбек түгіл, есімдерінің өзі кейбір еңбектерде аталынбайды да. Олар: Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Қожа Ахмет, Тоғым хандар болатын. Аталған бұл бес хан – 1521-1538 жылдары, яғни жоғарыда айтылғандай, Қазақ хандығының «уақытша әлсіреу» кезеңінде билік етті. «Уақытша әлсіреу» кезеңінде билік құрған хандарға қатысты зерттеу жұмыстарының болмауы тікелей жазба деректердің тапшылығына байланысты болып отыр. Ал жазба деректердің сирек болуының бір себебіне XVI ғ 20-30-шы Қазақ хандығының көрші елдермен саяси қарым-қатынасында белсенді жылдары Қазақ хандығының көрші рөл атқара алмауы жатса керек. Өйткені сыртқы саясатта жетекші рөлге ие болмау – тікелей хандықтың ішкі саяси жағдайымен байланысты. Бұған Қасым, Хақназар, Тәуке, Абылай және басқа да хандар тұсындағы қазақ жағдайының қандай дәрежеде болғандығы дәлел. 1521-1538 жылдардағы Қазақ хандығының «уақытша әлсіреуі» – елдегі тұрақсыздықтың тікелей нәтижесі.
Мамаш хан (кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады) – Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте аз. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди», Махмуд ибн Уәлидың «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», Хайдар Разидың «Тарих» атты шығармаларында ол туралы өте қысқа мәліметтер кездеседі. Оларда Мамаштың Қасым ханнын ұлы екендігі және оның Қасым ханнан соң билікке келгендігі, сондай-ақ қандай жағдайда өлгендігі туралы айтылады. <<Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Ол шамамен 1450-60 жылдары дүниеге келген. 1513 жылы моғол ханы, шағатайлық Сайд хан Қасым ханның Ордасына келгенде, оны қарсы алуға Қасым хан өзі бармай, 30-40 сұлтанды жібереді. Олардың ішінде бірнеше сұлтан 50-60 жаста болатын. Солардың бірі – Мамаш хан еді>>, – деп хабарлайды Мұхаммед Хайдар Дулати. 1513 жыл Мамаш ханның алғаш рет жазба дерек мәліметінде көрінуі еді. «Тарихи Рашиди» авторының жазуына сүйенсек, Қасым хан өлгеннен кейін, билік үшін қазақ сұлтандары арасында алауыздықтар басталады да, таққа Қасым ханның ұлы Мамаш хан келеді. Бұл – 1521 жылдың іші болатын. 1511 жылы Қасым ханның билікке келуімен Қазақ хандығында Жәнібек хан ұрпақтарының билігі түпкілікті орнықса, 1521 жылдан кейін, яғни Қасым хан қайтыс болғаннан кейін, тақ үшін Жәнібек ханның немерелері арасында күрес өрбігенін көреміз. Мамаш ханның билікке келуімен күрес басылмайды, қайта өрши түскен сияқты. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында күрес жүрсе де оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы жатты. 1458 жылы Керей хандыққа отырса, одан кейін оның ұлы Бұрындық таққа отырмады. Таққа немере туысы Жәнібек хан келді. Жәнібек ханнан соң оның ұлы Қасым емес, таққа Бұрындық отырады. Одан сон Қасым хан, ал Қасым ханнан соң таққа оның бір немере інісі, не туған інісі келуі тиіс болатын. Жоғарыда атап өткендей, 1521 жылы хандық билікке Қасым ханның туған ұлы Мамаш келеді. Осылайша, мұрагерлік дәстүр алғаш рет бұзылады. Мұрагерлік дәстүрінің бұзылуы сұлтандар арасындағы алауыздықтарды туғызады. Мамаш ханның билігі қанша уақытқа созылды, басты оқиғалары қандай, хандықтың ішкі және сыртқы саяси өмірінде қандай өзгерістер болды деген сұрауларға ешбір жазба дерек жауап бермейді. Тек қана Мамаш ханның қалай қайтыс болғаны туралы қысқаша мәлімет береді.Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Сол жылдары Қазақ хандығының ең қауіпті қарсыласы Мәуреннахрдағы шайбанилар әулеті еді. Егер Мамаш хан сырттан болған шапқыншылық барысында қайтыс болғанда, онда бұл оқиға міндетті түрде XVI ғ шайбанилық деректердің бірінде айтылған болар еді. Сондықтан, Мамаш хан билік үшін күрестің құрбаны деп есептеледі. «Тарихи Рашидиде» Мамаш ханды бір шайқаста тұншығып өлді делінсе, Махмуд ибн Уәли: «ол бір ұрыста тапталып өлтірілді», – деп жазады . Ал Хайдар Разидың мәліметі сәл нақтырақ айтылады:«...бір шайқаста ол қару-жарағының ауырлығынан және көп тапталудан түншығып өлді», – делінеді онда. Мамаш хан 1522 жылы қаза табады. Осылайша, Қасым ханнан соң билікке келген Мамаш хан Қазақ хандығының одан әрі нығаюына үлес қоса алмай, оның «уақытша әлсіреуінің» басында тұрды. Жазба деректерде Мамаш ханның ұрпақтары туралы ешбір мәліметтер айтылмайды. Қасым ханның ұлдары ішінде XVI ғ 40-70 жылдары Хақназар хан ғана билікке келеді.
Тақыр (Тахир) хан – 1522-1532 жылдары Қазақ хандығын билеген алтыншы хан. Ол – Жәнібек ханның төртінші ұлы Әдік сұлтанның ұлдарының бірі. Әдік сұлтан 1470-1503/04 жылдары қазақ қоғамында үлкен саяси беделге ие болған тұлға. Қазақ хандығының Сыр бойы үшін жүргізген күресінде, сондай-ақ 1490 жылдары қазақ-моғол қатынасында үлкен рөл атқарған. Әдік сұлтан моғол ханы Жүністің (1469-1487) төртінші қызы Сұлтан Нигар-ханымға үйленген. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Әдік сұлтанды Шағым мырзамен (Ноғай мырзасы Мұса бидін үлкен ұлы) болған Жылайды төбе деген жердегі ұрыста бір ұлымен қаза тапты. Қабірі Үргеніштегі Бақырған атаның жанында деп жазады. «Тарихи Рашиди» авторы: «...Әдік сұлтан қайтыс болғаннан кейін, Қасым хан өте күшті беделге ие болды – Сұлтан Нигар-ханымды Қасым хан өзіне әйел етті» – деп мәлімдейді. Дерек мәліметіне жүгінсек, 1522 жылы Мамаш хан өлгеннен кейін Қазақ хандығында билік үшін сұлтандар арасында күрес күшейеді. «Қазақтар деп аталатын Дешті Қыпшақтың сұлтандары бір-бірімен ұзақ соғысты. Ақырында билікке Тақыр хан келді», – деп жазады Хайдар ибн Әли Хусайын Рази. Тақыр ханның билік еткен 10 жылдық кезеңі ішінде Қазақ хандығындағы алауыздықтар тоқтатылмады, кейбір сұлтандардың оған мойынсұнбай, хан билігіне құлақ аспай өз ұлысының адамдарымен одан бөліну жағдайы күшейеді. Тақыр ханның сыртқы саясаттағы жүргізген істері көбінесе нәтижесіз аяқталып отырды. Ал көрші елдердің шапқыншылықтарына тойтарыстар берілмеді. 1522-23 жылы Ташкент билеушісі Сүйініш-Қожа хан Дешті Қыпшаққа жорыққа шығып, жеңіске жетеді. 1525-26 жылдың қысының басында Сүйініш-Қожа ханның ұлы, Ташкент билеушісі келді – Мұхаммед ханнан Түркістан қаласының маңында Тақыр хан тағы да жеңіліс табады. Сондай-ақ Тақыр хан түсында қазақ-ноғай қатынасы да шиеленісіп кетеді. Бұрынғы бейбіт қатынастар бұзылып, маңғыт мырзаларының тықсыруымен Тақыр ханға тәуелді 200 мың адам Дешті Қыпшақтан Моғолстанға көшіп кетеді. XVI ғ 20 жылдары ішінде Қазақ хандығы өзімен көрші 3 мемлекетпен қарым-қатынастарда тек жеңілістерге ұшырап отырады. Бұл ішкі саяси бытыраңқылықтың тікелей көрінісі. Тарихшы Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша, Тақыр хан тұсында Қазақ хандығы үшін ең маңызды болған оқиғаға 1526 жылы бүкіл Жетісуда қазақ билеушілерінің билігінің орнауы жатады. Қасым ханның тұсында-ақ Жетісу Қазақ хандығының құрамына енген еді. 1514 жылы моғол хандары Қашқарға кетіп, өз биліктерін орнықтырғаннан кейін, Жетісуға қайта көз сала бастаған еді. Бірнеше рет Саид ханның ұлы Рашид сұлтан Жетісуға бекінуге талпыныс жасады. 1526 жылы Рашидтің Қашқарияға кетуімен Жетісудағы моғол хандарының билігі жойылады. Қалмақ тайпаларымен алғаш рет соғысқан қазақ хандарының бірі – осы Тақыр хан болды. Қазақ-қалмақ қатынастарының қаншалықты сипатта болғандығын жазба деректер айтпайды. Тақыр ханның замандасы, Зайн ад-дин Васифи өзінің естелік кітабында бір таудың етегінде, қазақ ханы Тақыр хан қалмақ әскерлеріне тойтарыс беру үшін Жатан қамалын салдырды деп жазады. 1537-38 жылы шағатайлық және шайбанилық билеушілердің бірігіп қазақтарға қарсы жасаған жорығында қазақтар бұл қамалды пайдаланады. 1529 жылы Саид хан Андижанға жорыққа аттанғанда үлкен ұлы Рашидті Яркендте қалдырып, Тақыр ханның іс-әрекеттерін қадағалап отыруды тапсырады. Бұл жылдар Тақыр ханның биліктегі соңғы жылдары еді, Қазақ халқының басым бөлігінің қолдауына ие бола алмай, ол барлық қадамдарға барады. Сол себепті де оның сыртқы саясатынан жүйесіздік көрініп отырады. Хандықтың ішкі саяси өмірінде де Тақыр хан сұлтандар мен билердің қолдауына не бола алмады. «Тарихи Рашиди» авторының жазуы бойынша, олар Тақыр ханнан бірнеше рет бөлініп кеткен. Оның себебін автор ханның өте қаталдығынан болды және 400 мың адамның бәрі оны тастап кетіп, жалғыз қалдырды деп жазады. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Тақыр ханның билігі әлсіреген сайын оның қатаңдығы мен аяусыздығы өсе түсті. Оның Әбілқасым деген інісі болды. Ханның қатаңдығы содан шығып отыр деген оймен қарамағындағылар Әбілқасымды өлтіріп, өздері жан-жаққа тарап кетті», – деп баяндайды. Өмірінің соңғы кездерін Тақыр хан қырғыз тайпалары арасында өткізеді. Ақырында сонда жүріп, қайтыс болады. Мұхаммед Хайдар Дулати бойынша, Тақыр ханның бір ұлы болған. Ол да әкесімен бірге қырғыздар ішінде болған, басқа ұрпақтары туралы деректер жоқ. Осылайша, Тақыр хан тұсында Қазақ хандығындағы «уақытша әлсіреу» одан әрі тереңдеп, саяси бытыраңқылық қалыптасады. Тақыр ханнан сон, жазба деректер бойынша Қазақ хандығында бір мезгілде, 1533-1538 жылдары бірнеше хан билік етеді. Қазақстанның батыс бөлігінде ноғайлармен күресте Қожа Ахмет (кей деректерде – Ахмет хан), Жетісуда, моғолдармен күресте – Бұйдаш хан, Мәуреннахрдағы шайбаниліктермен күресте – Тоғым хандар есімдері кездеседі. Аталған хандардың тарихи тұлғасын ашып көрсетуге, Қазақ хандығы тарихындағы алатын орнын анықтауға жазба дерек мәліметтері толық мүмкіндіктер бермейді.
Бұйдаш хан – Жәнібек ханның немересі, Әдік султанның ұлы Тақыр ханның інісі. Тақыр ханнан соң таққа 1532 жылы отырады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегінде Бұйдаш хан 5-6 жылдай билік құрып, 1534 жылдан кейін қайтыс болған. Ал басқа деректерде, атап айтсақ «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Жылнамалар жинағы» еңбектеріндегі деректерде Бұйдаш хан 20 жылдан аса хан болған. Т.И.Султанов Шығыс деректерінің мәліметтеріне сүйеніп, Бұйдаш ханды 1559 жылы қаза тапқан деп есептейді. XVI ға 30-40 жылдарындағы Қазақ хандығының ішкі саяси өмірі көптеген деректе әртүрлі және қарама-қайшы мәліметтер арқылы беріледі. Оның басты бір себебі сол жылдары қазақта бірнеше ханның болуынан. Бұйдаш ханнын өміріндегі анықталған бір оқиғаға оның 1556 жылы Шығыс Түркістандағы моғол билеушісі Рашид ханның (1533-1560) ұлы Абд ал-Латиф сұлтанның қазақтар мен қырғыздарға жасаған жорығына тойтарыс беруі жатады. Бесінші рет қырғыздарды талан-таражға салып, мол олжамен кейін қайтқан Абд ал-Латифтың соңынан Бұйдаш хан біріккен қазақ-қырғыз әскерімен қуады. Шайқас нәтижесінде моғол сұлтаны қаза тауып, бұл хабар әкесі Рашидке жеткізіледі. Рашид ханның мол әскері жетіп үлгерді де, Бұйдаш хан шегінуге мәжбүр болады. Қылма-Қажыр деген жерде ұрыс болып, Бұйдаш хан жеңіліске ұшырайды. Келесі бір дерек мәліметінде оның 1559 жылы Мәуреннахрға жорығы жөнінде баяндалады. Бұл жорыққа 20 астам қазақ сұлтандары қатынасады. Сайрам маңында шайбанилік билеушілер әскерімен болған ұрыста қазақ әскерлері шаңды дауылдың бетке қарсы соғуына байланысты жеңіліс табады. Осы ұрыста Бұйдаш хан қаза тапты делінеді. Бұл мәліметте Қадырғали Жалайыри дерегі былай толықтыра түседі: «Бұйдаш хан Барақұлы Дервиш ханмен соғыста өлді. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда шаһид болды». Бұл арада Барақ деп отырғанымыз – Ташкент аймағының билеушісі болған Сүйініш-Қожа ханның екі ұлының кішісі. Ол 1533-1556 жылдары Ташкентте билеуші болған. Дервиш сұлтан – Барақтың 8 ұлының үлкені, 1556 жылдан Ташкент билеушісі. Бұйдаш ханның Дервиш ханмен соғысы Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге иелік ету үшін болған. XV ғ 70 жылдарынан бері басталған күрес 1598 жылға дейін созылады. Бұйдаш хан мен Дервиш хан арасындағы шайқас – сол күрестің бір көрінісі ғана. Деректерде Бұйдаш ханның ұрпақтары жөнінде ештеңе айтылмайды.
Ахмет ханның шығу тегі жөнінде нақты мәліметтер ешбір деректе айтылмайды. Қадырғали Жалайырдың еңбегіндегі «Ораз - Мұхаммед-хан дастаны» атты тарауда негізінен Жәнібек ханның ұлдары мен немерелері туралы айтылып, Ахмет хан да сонда кездесетіндіктен, оны Жәнібектің тоғыз ұлының бірінен тараған өкіл деп санауға болады. Деректе: «Ахмад-хан. Узбекияда Ахмад хан деп атайды. Ол тағы біраз уақыт хан болды. Шидақ-бекпен болған ұрыста шаһид болды. Орақ мырза шаһид қылды», – деп баяндалады. Шамамен, XVI ғ 20 жылдардың екінші жартысы мен 30 жылдардын бірінші жартысында Ахмет хан Қазақ хандығының батысында билік еткен. 1524 жылы Тақыр хан ноғайлардың тықсыруымен және Сұлтан Нигар-ханымның кеңесімен Моғолстанға қарай бет алғанда, хан билігіне мойынсұнбай, оның қарауындағы көптеген адамдар одан бөлініп кеткен. Солардың бірі Ахмет хан. Жазба деректердің мәліметтері Ахмет ханды ноғайлармен күресте болғандығын көрсетеді. 1534 жылы Ноғай Ордасында болған орыс емшісі Даниил Губиннің Иван Грозныйға жазған хабарламасында, «қазақтар күшті, олар ноғайларға қарсы соғысқа дайындалуда, ал Мұсаның ұлдары Шах-Мамай мен Жүсіп мырзалар Қазақ Ордасынан қорқып, Жем бойында тұр», – делінген. Сол жылы қазақ-ноғай арасында соғыс болып, қазақтар жеңіледі. Өйткені, 1535 жылы Мұсаның екінші ұлы Сейдақ бектің Грозныйға жазған хатында қазақ ханы Қожа-Махмудтың (Қожа-Ахмет) 15 ұлымен бірге өзінде тұтқында отырғандығын жазады. Сондай-ақ Ахмет ханды Мұсаның немересі Орақ батырдың өлтіргендігін Қадырғали Жалайыр айтып өтеді.
Тоғым хан – Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның ұлы. Қадырғали Жалайыри Тоғым ханның ұлдарын тоғыз сары деп атайтын деп жазады. Аталған қазақ тарихшысынан басқа ешбір ортағасырлық автордың еңбектерінде Тоғым хан туралы айтылмайды. «Мәлік ұлы Башибек сұлтанмен, тоғыз сары ұлдарымен Жағат уәляты маңында шаһид болды. Отыз жеті сұлтан мәлім-мәшһүр еді», – деп баяндайды Қадырғали Қасым ұлы. Өкінішке орай, аталған деректе Тоғым ханның 3-7 сұлтанмен бірге қаза болған ұрысының датасы, кіммен ұрысы, жеңімпаздық есімі айтылмайды. Сондай-ақ, Тоғым ханның кіммен шайқасқандығы және оның қашан болғандығы жөнінде де әр түрлі пікірлер бар. Шайқасты 1537 жылы қазақ-моғол қатынасында, Тоғым хан мен Рашид хан арасында болған деп болжайды. 1997 жылы шыққан 5 томдық Қазақстан тарихының ІІ томында бұл жөнінде: «... Бұл шайқас, қазақтар жеңіліс тапқан Тоғым ханның ұрыстарының бірі, бірақ ол 1537 жылғы қазақ-моғол қатынасына қатысы жоқ», – деп түсіндіріледі. Біздің ойымызша, Тоғым хан қаза тапқан Жағат уәляты – Әмударияның төменгі ағысы бойындағы осы аттас қамал және қамал теңірегіндегі өңірлер болуы мүмкін. Мұнда XVI ғ басында шайбанилық әулеттің бір тармағының өкілдері билік басына келеді. XVІІ ғ Әбілғазы хан осы әулеттің көрнекті өкілдерінің бірі. Жалпы, Хорезм билеушілері мен Дешті Қыпшақ билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастардың басты себебіне – Сырдың төменгі ағысы бойына иелік ету жатқаны белгілі. Мысал ретінде, ХІІІ ғ басындағы Мұхаммед Хорезмшах пен Қыпшақ хандары арасындағы қарым-қатынасты, XV ғ 30 жылдары Әбілқайыр ханның Хорезмге жорығын айтуға болады. XVI ғ 20-30 жылдары да бұл қатынас үзілмеген. Сондай бір күрестің бірінде Тоғым хан Хорезм жақтағы Жағат уәлятында 37 қазақ сұлтанымен бірге қаза тапқан. Қазақ хандығы үшін XVI ғ 20-30 жылдары «уақытша әлсіреу» кезеңі болып саналады. Бұл кезеңнің тағы бір белгісіне – саяси бытыранқылық жатса керек. Өйткені осы тұста Қазақ хандығында бірнеше хан бір мезгілде, бірнеше аймақта билік етеді. Оңтүстік-Шығыс бөлікте – алдымен Тақыр, одан кейін Бұйдаш хандар билікте болып, негізінен моғолдармен, қалмақтармен қарым-қатынаста болса, батыс бөлікте – Ахмет хан ноғай тайпаларымен күрес жүргізеді. Ал оңтүстік бөлікте Тоғым хан билеуші боп, негізінен Мәуреннахрдағы және Хорезмдегі шайбанилер әулеттерімен қатынастар жасайды. «Уақытша әлсіреу» кезеңіндегі саяси бытыраңқылықта бір мезгілде Қазақстанның үш өңірінде үш билеуші билік етеді. Бұл XVІІ ғ 3 жүздің пайда болуына алғышарттар әзірлеген деп білеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет