Реферат есеп б., дереккөз, қосымша


Этникалық бірегейленуді талдаудың саяси-аксиологиялық тәсілдері мен ерекшеліктері



бет7/8
Дата28.11.2023
өлшемі0,79 Mb.
#131152
түріРеферат
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Этникалық бірегейлену

2 Этникалық бірегейленуді талдаудың саяси-аксиологиялық тәсілдері мен ерекшеліктері

Берілген бөлімде этникалық бірегейлену тұжырымдамасы және оның күрделі табиғаты қарастырылады. Этникалық бірегейленуге ортақ мұра, өзін-өзі тану, әлеуметтік құрылым, ағымдылық, күрделілік, өзара қиылысу, маңыздылық және ықпалдылық секілді түрлі факторлар әсер етеді. Бөлім саяси және аксиологиялық тәсілдерді айқындау арқылы этникалық бірегейленуге байланысты мақсат пен міндеттерді түсінуге бағытталған. Саяси тәсілдер билік серпіні, ұлтшылдық және азшылық топтардың құқықтарына назар аударады, ал аксиологиялық тәсілдер этникалық бірегейленумен байланысты құндылықтарға, бірегейлікті қалыптастыруға және этикалық түсініктерге баса назар аударады.


Этникалық бірегейлену жеке адамдар, топтардың белгілі бір этникалық, мәдени топқа жататындығын анықтау және білдіру процесі болып табылады. Бұл ортақ мұра, дәстүр, әдет-ғұрып, тіл және ортақ тарихи бастауды тану және оған жатуды білдіреді. Этникалық бірегейлену шығу тегі, отбасы тәрбиесі, мәдени тәжірибе, географиялық орны және әлеуметтік ықпалдар секілді түрлі факторлар әсер ететін күрделі ұғым. Бұл өзін-өзі тану мен сыртқы жіктеулер әсер етуі ықтимал субъективті және жеке тәжірибе. Этникалық бірегейленуді түсінудің бірнеше түйінді тұжырымдамалары осы бөлімнің гипотезасын құрайды:

  1. ортақ мұра [Yevtukh V. Ukrainian ethnos as a complex socio-cultural phenomenon: Formation, dynamics, prospects // Interdisciplinary Studies of Complex Systems. - 2018. – No. 13. - P. 41-56.]: этникалық бірегейлену көбінесе тарих, шығу тегі және мәдени дәстүрлер туралы ортақ түсінікті қамтиды. Этникалық бірегейлену белгілі бір этникалық топқа тән тіл, дін, тағамдар, киім үлгілері, музыка және өнер түрлері секілді элементтерді қамтуы мүмкін;

  2. өзін-өзі тану [Kinket B., Verkuyten M. Levels of ethnic self-identification and social context // Social Psychology Quarterly. – 1997. – No. 60 (4). - Р. 338-354.]: этникалық бірегейлену жеке және субъективті процесс. Азаматтардың өзін-өзі қабылдауы, тәжірибесі және белгілі бір мәдени ортамен байланысына негізделген бір, бірнеше этникалық топтармен бірегейленуді таңдауы мүмкін. Өзін-өзі тану азаматтарға дербес этникалық бірегейлігін өз түсінігіне сәйкес жұрттың қабылдауына мүмкіндік береді;

  3. әлеуметтік құрылым [Quiros L. Raising the voice: Teaching through a multicultural lens // Journal of Teaching in Social Work. – 2012. – No. 32 (5). - Р. 518-531.]: этникалық бірегейленуге әлеуметтік және мәдени нормалар да әсер етеді. Сыртқы қабылдау, әлеуметтік үміттер және өзге ұлт өкілдерінің келбеті, мәдени әдет-ғұрыптары, аймақтық байланысы негізінде әлеуметтік құрылымды жіктеуге болады. Қоғам мүшелерінің көзқарастары, соқыр сенімі мен стереотиптері азаматтардың этникалық бірегейленуіне әсер етуі ықтимал;

  4. ағымдылық және күрделілік [Atatoa Carr P., Langridge F., Neumann D., Paine S-J., Liang R., Taufa S., Fa’alili Fidow J., Fenaughty J., Kingi T.K. ‘Seeing’ our tamariki in longitudinal studies: exploring the complexity of ethnic identification trajectories within Growing Up in New Zealand // Journal of the Royal Society of New Zealand. – 2022. – No. 52 (3). - Р. 237-253.]: этникалық бірегейлену тұрақты құбылыс емес. Этникалық бірегейлену уақыт өте келе дамып, өзгеруі мүмкін. Өйткені азаматтар түрлі мәдени орта және қауымдастықтармен өзара әрекеттеседі. Кейбір адамдар өздерінің мәдени мұраларын дәйектеген уақытта қуатты этникалық бірегейлену сезімін дамыта алады;

  5. өзара қиылысу [Cole E. Intersectionality and research in psychology // American Psychologist. - 2009. – No. 64. – Р. 170–180.]: этникалық бірегейлену нәсіл, ұлт, жыныс, дін, әлеуметтік-экономикалық мәртебе секілді бірегейліктің басқа аспектілерімен қиылысуы мүмкін. Осы қиылысатын сәйкестіктер жеке тәжірибе, көзқарастар және оларды қоғамның қабылдауын қалыптастыра алады;

  6. маңыздылығы мен ықпалы [Meusburger P., Freytag T., Suarsana L. Ethnic and cultural dimensions of knowledge and education: An introduction // Knowledge and Space. – 2016. - No. 8. - Р. 1-22.]: этникалық бірегейлену адамның тиесілік сезімі, мәдени бірегейлігі және әлеуметтік байланыстарын қалыптастыруда маңызды рөл атқара алады. Әлеуметтік қатынастар, мәдени тәжірибе, саяси қатысу және ресурстарға қол жеткізуге әсер етуі мүмкін. Этникалық бірегейлену түрлі мәдениеттерді дәріптеу арқылы қоғамның алуандылығына ықпал ете алады.

Этникалық бірегейлену жеке адамның көзқарасына сәйкес қалыптасатынын мойындау керек және азаматтар өздерінің жеке басына қатысты ерекше тәжірибе мен көзқарастар иеленетіндігін ескеруіміз қажет. Жеке тұлғаның өзін-өзі тануын құрметтеу және ілгерілету игілікті қоғам құру үшін маңызды.
Этникалық бірегейленуді талдау кезінде саяси және аксиологиялық тұрғыдан қарастыруға болатын түрлі тәсілдер мен ерекшеліктер бар. Осы тәсілдердің негізгі ерекшеліктері:
Саяси тәсілдер:

  1. билік серпіні [Esen B., Gumuscu S. Building a competitive authoritarian regime: State–business relations in the AKP’s Turkey // Journal of Balkan and Near Eastern Studies. – 2018. – No. 20 (4). - Р. 349-372.]: саяси тәсілдер этникалық бірегейленудің қоғамдағы билік серпініне әсерін зерттейді. Ресурстар, мүмкіндіктер және құқықтары шектелген азшылық топтарға басым этникалық топтар жүргізетін бақылауларды дәйектейді. Сонымен қатар, этникалық бірегейленуге саяси институттар, саясат пен идеологиялардың әсерін зерттеуді қамтиды;

  2. ұлтшылдық және этноұлтшылдық [Haymes T. What is nationalism really? Understanding the limitations of rigid theories in dealing with the problems of nationalism and ethnonationalism // Nations and Nationalism. – 1997. - No. 3 (4). - Р. 541-557.]: саяси тәсілдер этникалық бірегейлену мен ұлтшылдықтың арақатынасын зерттейді. Тәсіл этникалық бірегейлікті ұлтшылдық мақсаттарға, оның ішінде этникалық белгілерге негізделген ұлттық мемлекеттерді құру бағыттарының жұмылдырылуы мен саясиландыруын талдайды. Этноұлтшылдық саяси идеологиялар, аймақтық даулар, сепаратистік қозғалыстар мен шиеленістерге әсер етуі мүмкін;

  3. азшылық топтардың құқықтары және мәдениеттер алуандығы [Khorshid S. Egypt: How the revolution has impacted the debate over minority rights and multiculturalism. In M. Ennaji (Ed.), Multiculturalism and democracy in North Africa: Aftermath of the Arab Spring (pp. 223-245). - London: Routledge, 2014. – 326 р.]: саяси тәсілдер азшылықтардың құқықтарын қорғаудың және мультимәдениеттілікті ынталандырудың маңыздылығын атап көрсетеді. Тәсіл түрлі этникалық бірегейлікті құрметтейтін және қабылдайтын қоғам құруды қолдайды. Бұл мақсатта тілдік құқықтар, мәдениетті сақтау, жағымды әрекет, өкілдік және мәдениетаралық диалогқа қатысты саясат пен тәжірибелерді талдауды қамтиды.

Аксиологиялық тәсілдер:

  1. құндылықтар мен нанымдар [Inglehart R.F., Basañez M., Moreno A. Human values and beliefs: A cross-cultural sourcebook: Political, religious, sexual, and economic norms in 43 societies: Findings from the 1990-1993 world values survey. - Ann Arbor: University of Michigan Press, 2010. – 534 р.]: аксиологиялық тәсілдер этникалық бірегейленумен байланысты құндылықтар, нанымдар және нормаларға бағытталған. Тәсіл мәдени, діни және моральдық құндылықтардың этникалық бірегейлікті қалыптастыруға және мәдени әдет-ғұрыптарды көрсетуге қалай әсер ететінін зерттейді. Бұл құндылықтарды түсіну жеке адамдар мен қауымдастық үшін этникалық бірегейленудің мәнін талдауға көмектеседі;

  2. бірегейлікті қалыптастыру және өзін-өзі таныту [Varelas M. Identity construction and science education research: Learning, teaching, and being in multiple contexts. – Rotterdam: Sense Publishers, 2012. – 196 р.]: аксиологиялық тәсілдер этникалық бірегейленуді өзін-өзі көрсету және сәйкестендіру құралы ретінде қарастырады. Тәсіл азаматтардың өз этникалық тобына тиістілік, мақтаныш және байланыстылық сезімінің дамуын зерттейді. Бұл ұжымдық бірегейлікті қалыптастыруға ықпал ететін мәдени рәміздер, ырымдар мен ортақ тәжірибелерді зерттеуді қамтиды;

  3. этикалық түсініктер [Kopciuch L. The ethical notions and relativism in culture. In the context of German material ethics of values // Studies in Logic, Grammar and Rhetoric. – 2012. – No. 28 (41). - Р. 83-94.]: аксиологиялық тәсілдер этникалық бірегейленуге қатысты этикалық сұрақтарды тудырады. Тәсіл кемсітушілік, жалған сенім, стереотиптер және этникалық ерекшеліктерге негізделген маргиналдану мүмкіндігі мәселелерін талдайды. Бұл тәсілдер түрлі этникалық топтар арасындағы төзімділік, сыйластық және өзара түсіністікті ынталандырады.

Осы бөлім аясында біз саяси ғылымдар бойынша әдебиеттерге шолу жасау негізінде этникалық бірегейленуді талдаудың көріністерін анықтау үшін библиометриялық әдіс арқылы сапалық талдауды таңдадық. Аталмыш тәсіл репрезентативті кілт сөздердің кездесу жиілігін және олардың арасындағы байланыстарды талдау арқылы қарастырылып отырған мәселенің өзектілігін ашты. Бұл талдау әдісі зерттеу нысанының мазмұны туралы нақты түсінік береді. Зерттеу жұмысы үш кезеңді қамтыды: мәліметтерді жинау, библиометриялық визуалдау және библиометриялық талдау.
Деректерді іздеу Web of Science Core Collection базасын пайдалану арқылы жүзеге асырылды (12.07.2023). Басты түйін сөз ретінде «ethnic identification» ұғымы алынды. Базадан анықталғандай, 1975-2023 жылдары жарияланған мақалалар саны 877 ғылыми мақаланы құрады. Бұл зерттеу тақырыбына қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетеді. Деректер анықталғаннан кейін сапалық талдауға тән мәселелер библиометриялық талдау арқылы өңделді. Осы кезеңде Web of Science Core Collection базасындағы ғылымдар саласы бойынша мақалалар өңделді (Сурет 1).
Сурет 1 - Ғылымдар саласы бойынша мақалалар саны



Дереккөз: Web of Science Core Collection, 2023 жылдың 12 шілдесіндегі көрсеткіш

Сурет 1 көрсетіп тұрғандай, әлеуметтік психология (барлық мақалалар санының 16,876% құрайды), әлеуметтану (16,192%) және этникалық зерттеулер (10,832%) бойынша ғылыми мақалалар саны көп. Сонымен қатар, суретте көрсетілмеген ғылым салаларындағы жарияланым санына мән бердік: даму психологиясы (35 мақала; барлық мақалалар санының 3.991% құрайды); психиатрия (34; 3,877%); тарих (32; 3,649%); аймақтану (27; 3,079%); білім беру саласындағы зерттеулер (24; 2,737%); антропология (23; 2,623%); алкогольді немесе есірткіні теріс пайдалану (22; 2,509%); клиникалық психология (20; 2,281%); тіл білімі (19; 2,166%); дін (19; 2,166%); әлеуметтік жұмыс (18; 2,052%); экономика (17; 1,938%); психология (17; 1,938%); халықаралық қатынастар (16; 1,824%) және отбасын зерттеу (15; 1,710%).


Нәтижесінде саяси ғылымдар бойынша жарияланған мақалаларды жүйеледік (58 мақала; барлық мақалалар санының 6.613% құрайды). Талданатын мақалалар санын қысқарту мақсатында базаның өзегін құрайтын (core collection) төрт негізгі дерекқорға назар аудардық. Библиометриялық талдаудың іріктеу барысында Social Sciences Citation Index дерекқорында индекстелген мақалаларға басымдық бердік және сүзгіден өткізілген 51 мақаланы таңдадық. Әрине, осы мақала шеңберінде барлық материалдарды талдау мүмкін еместігін түсініп, 2019-2023 жылдары жарияланған зерттеулерге мән беруді жөн санадық. Соңғы 5 жылда мәселе бойынша 18 мақала жарияланған: (2019 ж. – 4 (1 мақала журнал сайтына ерте қойылған және 2021 жылғы нөмірге жарияланған); 2020 ж. – 3 (1 мақала журнал сайтына ерте қойылған және 2021 жылғы нөмірге жарияланған); 2021 ж. – 6 (5 мақала журнал сайтына ерте қойылған және 2022 жылғы нөмірге жарияланған; 1 мақалада кілт сөз сәйкес келгенімен, зерттеу мәселесіне қатысы жоқ); 2022 ж. – 3; 2023 ж. – 2 (Сурет 2). Бірнеше мақалалар «Early Access» форматында екенін ескерткіміз келеді.

Сурет 2 - Этникалық бірегейленуге қатысты саяси ғылымдар бойынша жарияланған және сілтеме жасалған мақалалар саны (2019-2023)



Дереккөз: Web of Science Core Collection, 2023 жылдың 12 шілдесіндегі көрсеткіш

Жоғарыда атап өткеніміздей, «ethnic identification» түйін сөзі бойынша мақаланың атауы, аңдатпасы, кілт сөздері, толық мазмұнына сәйкес Web of Science Core Collection базасынан 877 мақала анықталды (Сурет 3).


Сурет 3 - Этникалық бірегейлену бойынша жарияланған және сілтеме жасалған мақалалар саны (1975-2023)



Дереккөз: Web of Science Core Collection, 2023 жылдың 12 шілдесіндегі көрсеткіш

Сурет 3 зерттеу нысанына қызығушылық артқанын көрсетеді. 1975 жылы «этникалық бірегейлену» тақырыбы бойынша небәрі 3 ғылыми мақала жазылды. Ең жоғары өсім 2021 жылы байқалады – 64 мақала. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 49 мақалаға төмендеп кеткен. Дегенмен, жарияланған мақалаларға сілтеме көп берілетіндігі байқалады. Мәселен, осы уақытқа дейін жалпы 21 046 сілтеме жасалса, оның ішінде 20 307 мақалада өзіне сілтеме (without self-citations) жасалмаған.


Саяси ғылымдарда «этникалық бірегейлену» тақырыбы бойынша ең алғашқы мақалалар 1995 жылы жариялана бастады (1995 жылы жалпы 10 мақала жарияланды және оның ішінде 2 мақала саяси ғылымдарға қатысты). J.S. Legge [Legge J.S. Explaining Jewish liberalism in the United States: An exploration of socioeconomic, religious, and communal living variables // Social Science Quarterly. – 1995. - No. 76 (1). - P. 124-141.] зерттеуінде еврей либерализмінің әлеуметтік-экономикалық, діни және қауымдық өмір гипотезасы сынды үш бәсекелес түсіндірмесіне назар аударылады. Ғалым сызықтық құрылымдық қатынастар (linear structural relations) талдауы арқылы саяси-аксиологиялық тәсілдерді қалыптастырады. Зерттеуде анықталып отырғандай, діни және қауымдастық өмірінің айнымалылары либерализмді түсіндіруде әлеуметтік-экономикалық айнымалыларға қарағанда ықпалды фактор болып табылады. Зерттеушінің пайымдауынша, қауымдық өмірдің беймәлім айнымалысы ретінде өлшенетін еврей халқының этникалық бірегейленуі либерализмге теріс әсер еткенімен, оның діни тәжірибемен байланысы оң ықпал жасайды. Демек, әрбір қауымдастық өзін-өзі тану, өзгешелік пен этникалық мақтаныш сезімін сақтауда қоғам алдындағы міндеттемелерді ынталандыратын дінмен байланысты болуы ықтимал. Осы этникалық бірегейленуді түсіну либерализмді ұғынуға тырысу үшін өте маңызды деуге негіз береді.
1995 жылы жарияланған екінші мақалада R. Grafstein [Grafstein R. Group identity, rationality and electoral mobilization // Journal of Theoretical Politics. – 1995. - No. 7 (2). - P.181-200.] топтық айырмашылықтар көбінесе саяси жұмылдырудың күшеюімен байланысты екендігін баяндайды. Зерттеушінің пікірінше, топтық бірегейленудің ерекшелігі оның икемділігі және оппортунистігімен байланысты. Сондықтан икемділік пен оппортунистік мінез-құлықтың өзара тәуелділік тұрғысында топтық бірегейленуді модельдеуге болады. Осы бірегейленуде қоғам мүшелерінің жеке шешімдері топтың басқа мүшелерінің мінез-құлқы туралы ұтымды сәйкестендіргіштерді көрсете алады.
Жоғарыда аталғандай, Social Sciences Citation Index дерекқорында саяси ғылымдар бойынша 1995-2023 жылдары индекстелген 51 мақала ішінде ең көбі 2021 жылы жарияланған (6 мақала). Бұл мақалаларды келесі бөлімде толық талдайтын боламыз. Назар аударарлық жәйт, 1996 (өзге ғылымдар бойынша жарияланған мақалалар саны – 13), 1998 (5), 1999 (11), 2001 (15), 2003 (15), 2011 (35) жылдарда этникалық бірегейлік бойынша мақалалар жарияланбаған.
2019-2023 жылдары жарияланған мақалалар сипаттамасы. G. Nair және N. Sambanis [Nair G., Sambanis N. Violence exposure and ethnic identification: Evidence from Kashmir // International Organization. – 2019. - No. 73 (2). - P. 329-363.] зерттеуінде Кашмирден алынған дәлелдер негізінде шеттетілетін азшылықтардың мемлекет, этникалық топ және көрші елдермен бірегейленуге әкелетін жағдайлары қарастырылады. Ғалымдар сепаратизм мен ирредентизмді зерттеуде зорлық-зомбылық, психологиялық қашықтық пен ұлттық мәртебенің бірегейленуді қалай анықтайтынын талдайды. Авторлар тұжырымдарынан қуатты ұлттық бірегейлік ирредентизмге қарсы тепе-теңдік екенін байқаймыз. Дегенмен, мемлекет тарапынан жасалатын зорлық-зомбылыққа толы қуғын-сүргін азшылық өкілдерін көрші елдермен бірегейленуге итермелеуі мүмкін. Сондықтан зорлық-зомбылық ұлттан алыстауды арттырады және ұлттық бірегейленуді төмендетеді деген пікірмен толық келісеміз.
1980 жылдан бастап АҚШ Конгресіндегі қызметке үміткер әйелдердің саны күрт өсті. Әйел кандидаттар туралы бұрынғы зерттеулерде олардың неліктен үміткерлер ретінде қатысатындығы қарастырылған болатын. Бірақ, әйелдердің нәсілі мен этникалық бірегейленуіне байланысты кездесетін түрлі қиындықтары мен басымдықтары осы уақытқа дейін талданбаған [Silva A., Skulley C. Always running: Candidate emergence among women of color over time // Political Research Quarterly. – 2019. - No. 72 (2). - P.342-359.]. Жыныстық және бірегейленуге негізделген кемсітушілік түрлі жолдармен көрінетіндігін және елге байланысты түрлі болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Әрине, біздің елімізде әйел-кандидаттардың ұлттық, нәсілдік және этникалық бірегейленуіне негізделген мәселелер жоқ. Саяси өкілдік үшін кемсітілмейтін ортаның болуы теңдікті ілгерілету және шешім қабылдау процестерінде түрлі көзқарастардың ұсынылуын қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Біздің елімізде әйел-кандидаттарға қатысты мәселе туындамаса да, кемсітушіліктің басқа түрлері, гендерлік және бірегейленуге қатысты проблемалар жоқ деп айта алмаймыз. Жынысы, нәсілі, этникалық және басқа да тиесілігіне қарамастан барлық адамдар үшін тең мүмкіндіктер мен құқықтарды алға жылжытуды және қорғауды жалғастыру маңызды. Бұл нәтижеге құрмет пен теңдік мәдениетін қалыптастыру арқылы қол жеткізуге болады. Кемсітушілікпен белсенді түрде күресу арқылы қоғам мүшелеріне әділетті саяси орта құра аламыз.
Қытайлық көмек және жергілікті этникалық бірегейлену мәселесі талданған зерттеуде соңғы эмпирикалық дәлелдердің Қытайды дамытуға бағытталған қаржыландыру элита мүддесі мен қамқорлық шығындарына бейімділігін көрсетті [Isaksson A.S. Chinese aid and local ethnic identification // International Organization. – 2020. - No. 74 (4). - P. 833-852.]. Осы берілетін қаржыландыру белгілі бір жалғыз жергілікті этно-аймақтық бірлестікке берілсе, этникалық наразылықтарды күшейтіп, этникалық жұмылдыруға ықпал етуі мүмкін. Бұл мәселені шешудің екі тетігін ұсынуға болады: көмек болып табылатын ресурстар ағыны үшін бәсекелестік этникалық бірегейленуді барлық бағытта жұмылдыруы мүмкін; этникалық бейімділікке байланысты көмекті қабылдау әлеуметтік аз қамтылған топтарда этникалық бірегейлікті көбірек көрсетуі мүмкін. Сондықтан халыққа қандай да бір көмек жасалса оның өзгелерге ықпалын қарастырудың маңыздылығы байқалады.
N. Sambanis, S. Skaperdas және W. Wohlforth [Sambanis N., Skaperdas S., Wohlforth W. External intervention, identity, and civil war // Comparative Political Studies. – 2020. - No. 53 (14). - P. 2155-2182.] сыртқы саяси килігудің этникалық ауытқулармен әрекеттестігі, бүлік пен азаматтық соғысты тудыру себептерін зерттейді. Ғалымдар мәселе үлгісін Украина мысалдарымен көрсетеді. Біздің ойымызша, этникалық ауытқулар демографиялық сипаттамалар мен топаралық айырмашылықтар нәтижесінде құндылықтар бойынша іштей туындаған мәселе болып табылады. Бұл әрекеттестікке халықаралық саясат қағидалары да ықпал жасауы мүмкін. Өзге елдердің басқа елдерге себепсіз саяси килігуі этникалық бірегейлену арқылы азаматтық соғыс тудыруы ықтимал. Әсіресе, түрлі топтардың өкілі болып табылатын жергілікті белгілі тұлғаларды шетелдік демеушілердің өз мақсаттарына табанды түрде жетуге ынталандыруынан сақтану қажет. Бұл этникалық бірегейлікте көрінетін ауытқуларды тудырады.
Америкалық ғалымдар E. Lieberman және A. Miller [Lieberman E., Miller A. Do online newspapers promote or undermine nation-building in divided societies? Evidence from Africa // Nations and Nationalism. - 2021. - No. 27 (1). - P. 238-259.] онлайн-газеттер бөлінген қоғамдағы ұлттық құрылысқа келтіретін көмегі мен нұқсанын талдайды. Зерттеушілер аталмыш мәселені Африканың ең үлкен елі Нигерияның этникалық деңгейінде көрсетеді. Жалпы ұлттық құрылысты зерттеуде іргелі үлес газеттердің ұлттық өзін-өзі тануды дамытудағы рөлін айтуымызға болады. Желідегі жаңалықтар сайттарында оқырман пікірлеріне арналған форумдар болғандықтан, осы медиа контентке қолжетімділік азаматтардың көңіл-күйін бағалауға мүмкіндік береді. Авторлар 35 000-нан астам жаңалықтар мақаласы мен 300 000 пікірді талдағаннан кейін желі қолданушылары түрлі оқиғаларға жауап ретінде ұлттық жақтырмауға бағытталған пікірлер көп жазылатындығы анықтаған. Демек, тақырыптарда белгілі бір этникалық категорияларды пайдалану кем дегенде бір оқырманның этникалық бірегейленуіне байланысты пікір білдіру ықтималдығын ұлғайтады. Сондықтан этникалық бірегейлену бойынша араздықты күшейтетін газеттер ұлттық құрылыс ісіне кедергі келтіруі мүмкін.
Постсоциалистік ауысу және шиеленістен кейінгі әлем құрылысы жобалары аясында жастардың саяси субъективтілігінің қалыптасуын қарастыруға болады [Kadich D, Young people, hip-hop, and the making of a “Grammar for unpolitics” in Sarajevo, Bosnia and Herzegovina // Geopolitics. – 2021. - No. 26 (5). – P. 1307-1330.]. Бұл мақалада Сараеводағы (Босния және Герцеговина) жастар субмәдениетіне сүйене отырып, болашақтағы ұлтшылдық көзқарастар, бөліну геосаясаты және этникалық бірегейлену ұғымының хип-хоп жұртшылығында геосаяси міндеттемелер арқылы жүзеге асыру жолдары зерттеледі. Расында да күнделікті геосаяси шынайылық жастар өмірін ғылыми тұрғыдан түсінуге пайдасын тигізеді. Бұл ретте жастардың үстем саяси институттардан бас тартып, саясатты дұрыс түсінбеуін ғылыми негіздеу қажет екендігін айтқымыз келеді. Жастардың күнделікті әрекеттеріндегі бейсаяси құндылық көріністері қоғамның өзара әрекеттестігіне ықпал етіп, саяси қатысудың жағымсыз жағын түбегейлі өзгертеді.
Этнографиялық зерттеулерге сүйенген M. Pratsinakis [Pratsinakis M. Ethnic return migration, exclusion and the role of ethnic options: ‘Soviet Greek’ migrants in their ethnic homeland and the Pontic identity // Nations and Nationalism. – 2021. - No. 27 (2). - P. 497-512.] бұрынғы Кеңес Одағынан келген гректердің этникалық отанына қоныс аударғаннан кейін өз бірегейлігін өзгертудің себептері мен процестерін зерттейді. Зерттеуге қатысқан респонденттер жергілікті гректердің оларға ұлттық бірегейлікке қатысты мәселелерді бекітетінін айтқан. Бұл қоныс аударғандардың грек ұлтына жататынын ескерту үшін жасалатын секілді. Дегенмен, этникалық оралу барысында кез келген мигрант өзіне қолжетімді этникалық нұсқаларды таңдайды және қалаған сәйкестігін растайды деп ойлаймыз. Өйткені этникалық бірегейлену күштеп жүзеге асырылатын процесс емес.
Этникалық айырмашылықтарды тереңдету мен азайтудың Кениядағы қалалық миграцияға ықпалын талдау көші-қонның этникалық саясатқа әсерін дәйектей алады [Kramon E., Hamory J., Baird S., Miguel E. Deepening or diminishing ethnic divides? The impact of urban migration in Kenya // American Journal of Political Science. – 2022. - No. 66 (2). - P. 365-384.]. Жаңғырту теориялары алғашында қалалық көші-қон этникалық бірегейленуді азайтып, топтар арасындағы сенімді арттырады деген болжам жасады. Жаңғырту теорияларының келесі идеяларында қалалық көші-қон этникалық бірегейленуді күшейтіп, сенімді азайтатындығы дәлелденді. Осы бәсекелес болжамдарды негізге алған ғалымдар 8000-нан астам кениялықтардан үш толқынды панельдік сауалнама жүргізіп, қалалық көші-қонның әсері туралы жаңа деректер ұсынды. Нәтижесінде қалалық көші-қон этникалық бірегейленуді төмендететіндігі дәлелденіп, көші-қоннан кейін адам үшін ұлттың маңыздылығы болмайды. Демек, бұл процесс этникалық топтар арасындағы сенім және адамдарға деген сенімді азайтады.
E. Gadjanova [Gadjanova E. Competitive elections, status anxieties, and the relative strength of ethnic versus national identification in Africa // Political Behavior. – 2022. - No. 44 (4). – Р. 1731–1757.] зерттеуінде Африкадағы бәсекелес сайлау алдында этникалық бірегейленудің өсуі ұлттық ынтымақтастықпен байланыстылығы зерделенеді. Аталмыш мәселе бәсекелестік туындатқан сайлаудың этникалық байланысының теріс көріністері болып табылатын этникалық фаворитизм мен басқа топтардан әлеуметтік алшақтықты күшейтуін анықтауда маңызды деп ойлаймыз. Өйткені этникалық бірегейленудің өсуі демократиялық елдердегі көптеген мәселелерді туындатады. Ұлттық сұрақ туындаған сайлауда этникалық топ мәртебесіне қатысты мәселелер мен кемсітушілік туындайтыны анық. Біздің ойымызша, саяси бәсекелестік күшейген сайын ұлттық бірегейлік этникалық бірегейленумен салыстырғанда өзінің маңыздылығын жоғалтады. Бұл этникалық кемсітушілікті қабылдау мен мәртебелік алаңдаушылықтың жоғарылауы, ұлттық сайлауға этносаралық және жалпыға ортақ сенім деңгейінің төмендеуімен қатар жүреді деп ойлаймыз.
Бұрынғы зерттеулерде көрсетілгендей, латынамерикалықтар арасындағы құжатсыз иммигранттармен әлеуметтік байланыстардың көптеген шектеулері саяси белсенділікті арттыруы ықтимал [Roman M., Walker H., Barreto M. How social ties with undocumented immigrants motivate latinx political participation // Political Research Quarterly. - 2022. - No. 75 (3). - P. 661-675.]. Бұл осы шектеулерге қарамастан, саяси қатысудың белсенділігі себептерін анықтауда қызығушылық тудырады. Біздің ойымызша, қуатты этникалық бірегейлену саяси наразылықтарға қатысу ықтималдығын жоғарылатады, ал этникалық бірегейленудің әлсіздігі қатысудан бас тартады. Демек, әлеуметтік байланыстар саяси белсенділікке қарсылық кедергісін жояды және саяси қатысу шектеулерін еңсеру үшін бірегейлену ресурстарын пайдалануға болады деуге негіз бар.
Ғалымдар қақтығыстар мен сепаратизмді зерттеуде этникалық бірегейлікті белгілеу үшін тілді жиі пайдаланады [Marquardt K.L. Language, ethnicity, and separatism: Survey results from two Post-Soviet regions // British Journal of Political Science. – 2022. - No. 52 (4). - P. 1831-1851.]. Тіл мен этникалық тиесіліктің бұл қатынасы зерттеушілерді жаңылыстыруы мүмкін. Тіл этникалық айырмашылықтарды жеңе алады. Бұл тілдің өзіндік бірегейлігі мен әлеуметтік жинақылығымен тығыз байланысты. Осылайша, тіл этникалық тегіне қарамастан саяси басымдықтарға әсер ете алады. Біздің ойымызша, өзі тұрып жатқан елдің тілін жетік білетін азаматтар сепаратистік әрекеттерді қолдамайды. Ал мемлекеттік тілді білмейтіндерден қауіп өте жоғары деп болжаймыз. Өйткені олардың сепаратистік көзқарастары саяси тұрақтылыққа ықпалы өте зор. Сондықтан тілдің этникалық тиістілік мәселесіне қарағанда, саяси артықшылықтар үшін маңызды болуы ықтимал.
Әлеуметтік-экономикалық мәртебе мен этноцентристік дүниетаным арасындағы байланыс этникалық бірегейлену құндылықтары бойынша көзқарастар, қалаулар, өмір-салты мен мінез-құлқына әсер етеді [Trost T., Marinsek D. Social class and ethnocentric worldviews // Communist and Post-Communist Studies. – 2022. - No. 55 (2). - P. 39-61.]. Жалпы Кеңестер еліндегі социализмнің күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси трансформациясы этникалық бірегейленуді білімі, кәсіптік мәртебесі, қала мен ауылда мекен етуі және өңірге байланысты іріктеленетінін көрсетті. Бұл қазіргі таңдағы азаматтық және этникалық бірегейленуге әсер етіп отыр. Әлеуметтік-экономикалық мәртебе мен ұлтшылдық көзқарастар арасындағы ара-қатынас табиғаты әлі де толық зерттелмегенін айтқымыз келеді. Дегенмен, ұлтшылдық көңіл-күйдің тұрақтылығына азаматтың білім деңгейінің рөлі жоғары деп болжаймыз.
J. Ishiyama [Ishiyama J. Does ethnic federalism lead to greater ethnic identity? The case of Ethiopia // Publius: The Journal of Federalism. – 2022. - No. 53 (1). - P. 82-105.] мақаласында этникалық федерализм мен этникалық бірегейліктің дамуы арасындағы байланыс Эфиопия мысалында зерттеледі. Әдебиеттердің басым бөлігінде мұндай этностандыру қақтығыстарға және федеративтік мемлекеттердің ыдырауына әкелуі мүмкін деп болжанады. Осы тұжырымға сүйенген автор этникалық федерализм жағдайында саяси әлеуметтенген азаматтар ұлттық бірегейлікке емес, этникалық бірегейленуге басымдық береді. Бұл тұста ғалымның ұрпақтар ықпалы этникалық федерализмді саяси келісім ретінде сақтаумен байланысты еместігі туралы көзқарасы назарымызды қажет етеді. Осы тұжырымға сәйкес этникалық федерализмдегі айырмашылықтар этникалық бірегейленудің қарқындылығынан гөрі топтық тиістілікпен көбірек байланысты деп ойлаймыз.
Ұлттық бірегейлік жаһандық саясаттағы ең қуатты күштердің бірі болғанымен, оның қалыптасу және өзгеру процестері туралы мәлімет аз. M. Canavan және O. Turkoglu [Canavan M., Turkoglu O. Effect of group status and conflict on national identity: Evidence from the Brexit referendum in Northern Ireland // Journal of Peace Research. – 2022. - Early Access. – URL: https://doi.org/10.1177/002234332211118.] мақаласында ұлттық бірегейлік топтық мәртебе ауытқуына ұшырайды, шиеленістер тәжірибе мен әлеуметтену арқылы шектелетіндігі айтылады. Әлеуметтік бірегейлік шеңберінде қақтығыстарды әлеуметтендіру зорлық-зомбылықтың топаралық шиеленістері кезінде азаматтар көзқарастарын қалыптастырады. Топаралық қақтығысты бастан өткерген азаматтардың ұлттық мәртебесі ауытқитыны анық және олар саяси қатысуға ұзақ мерзімді қашықтық ұстайды. Бұл мәселе қақтығыстардан кейінгі қоғамдағы ұлттық бірегейлікті түсінуімізге әсер етеді.
Зорлық-зомбылық этникалық бірегейлену мен наразылықты ынталандыратын маңызды фактор болып табылады [Villamil F. Civilian victimization and ethnic attitudes in Africa // European Political Science Review. – 2023. - Early Access. - URL: https://doi.org/10.1017/S1755773923000097.]. Әсіресе, зорлық-зомбылық мемлекеттік күштердің белгілі бір этникалық топқа жататын қауымдастыққа жасалса, этникалық бірегейлену мен наразылықты күшейтеді. R. Harding және A. Nwokolo [Harding R., Nwokolo A. Terrorism, trust, and identity: Evidence from a natural experiment in Nigeria // American Journal of Political Science. – 2023. - Early Access. - URL: https://doi.org/10.1111/ajps.12769.] Нигерия мысалында терроризмнің саяси сенімге, ұлттық және этникалық бірегейленуге әсерін зерттейді. Ғалымдар әлсіз мемлекеттік институттар мен жиі болатын лаңкестік әрекеттерге қарамастан тұрғындардың саяси сенімі төмендемегенін баяндайды. Авторлар лаңкестік шабуылдар респонденттердің ұлттық бірегейлігінің маңыздылығын айтарлықтай төмендеткенін, оның орнына этникалық бірегейленуді күшейткенін байқайды.
Алынған нәтижелер зорлық-зомбылықты мемлекеттік күштер жасаған жағдайда этникалық бірегейленуді күшейтіп, азаматтарды ұлттық бірегейліктен алшақтатуы мүмкін екені анықталады. Этноцентристік дүниетанымды қалыптастыруда әлеуметтік-экономикалық мәртебе маңызды рөл атқарады, ал тіл этникалық тегіне қарамастан саяси артықшылықтарға әсер ете алады. Қалалық көші-қонның этникалық бірегейленуге әсері әр түрлі, кейбір зерттеулер миграциядан кейін этникалық бірегейліктің төмендеуін болжайды. Саяси бәсекелестік пен сыртқы саяси килігу этникалық бірегейленуге ықпал жасап, этникалық шиеленісті ушықтыруы мүмкін.
Этникалық бірегейленуді талдаудың саяси-аксиологиялық тәсілдері мен ерекшеліктерін анықтау барысында ғалымдардың басым бөлігі Африка елдеріне назар аударатындығы айқын көрініп тұр. Африка елдеріне назар аудару зерттеу бағытына байланысты жан-жақты болуы мүмкін болса да, этникалық бірегейлену дүние жүзінде түрлі контексттерде зерттелетінін және талданатынын мойындау маңызды. Африка елдері құрлықтың бай этникалық алуандылығы, күрделі тарихи мұрасы және жүріп жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістеріне байланысты зерттеушілерді ерекше қызықтырып отыр деп ойлаймыз. Құрлық түрлі мәдени дәстүрлері, тілдері мен сәйкестіктері бар көптеген этникалық топтарды қамтиды. Африкадағы этникалық бірегейленуді түсіну отаршылдық, отаршылдықтан кейінгі ұлттық құрылыс, этникалық қақтығыстар, азшылықтардың құқықтары, мәдени сақталуы және көпмәдениетті қоғамдағы бірегейліктің күрделілігіне қатысты мәселелерді айқындай алады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет