Жеке тұлға — бұл белгілі бір іс-əрекет түрімен айналысатын, алдына қойған нақты мақсаты бар, өзіндік ой-пікірі, психологиялық ерекшеліктері бар қоғамның бір мүшесі. Тұлғаның күнделікті өміріне талдау жасау олардың неге талпынатынын, ол оған неге керек екенін, сонымен қатар оның бағыттылығын айқындауға көмектеседі: қажеттіліктері, қызығушылықтары, бейімділігі, сенімі, дүниетанымы, ұмтылысы. Біз бұл арада адамдағы бұрынғы «Мен» жəне жаңа «Мен» арасындағы күресті айтып отырмыз. Өйткені, біздің ойымызша əр адам өзіндегі ерекшеліктерді сезеді. Əр жас кезеңінде өзінің есейгенін, балалық кез кетіп, оның орнына жаңа қасиеттер пайда болғанын əркім-ақ пайымдайды.
Бұл еңбектің құндылығы, автордың тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал жасайтын барлық факторларға жіті мəн беруінде деп ойлаймыз. Сондай маңызды факторлардың біріне ол педагогикалық процестегі (отбасындағы, білім беру ұйымдарындағы) үлкендер мен балалардың Мен- тұжырымдамасының тығыз байланыста болуын жатқызады, сондықтан осы процестің қатысушылары ең əуелі өзінің Мен-тұжырымдамасын жəне оның ерекшеліктерін түсінуі керек дейді. Əсіресе, отбасындағы өзара қатынастар түріне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, келесі бір маңызды фактор ретінде педагогтың іс-əрекеті мəселесіне де маңызды орын береді. Ол да бекер емес деп ойлаймыз, себебі педагогикалық іс-əрекет — педагогтың тұлғаны тəрбиелеуші жəне оған білім беруші əрекеттерін көрсетеді. Педагогтың əрбір əрекеті тұлғаның өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі жетілдіруіне негіз бола отырып, оның интеллектісін, жеке басын жəне іс-əрекетін дамытуға бағытталады.
Педагогикалық іс-əрекеттің адам іс-əрекетінің басқа түрлері тəрізді өзіне тəн ерекшеліктері бар. Ол ең əуелі, əрине оның мақсатқа бағыттылығы болмақ. Осы жағынан алсақ, автордың бұл мəселеге баса назар аударуы қарастырып отырған сұрақтың маңыздылығын нақтылай түседі. Ғалым мұғалімнің кəсіби даярлығына ерекше мəн береді, оның алдағы болатын түрлі жағдаяттарға даяр болуы керек деп баса көрсетеді.
Сонымен, қандай болмасын тұлғаның қалыптасуында «Мен» жүйесінің орны ерекше. Практика көрсетіп отырғандай, əр адам күнделікті нақты бір ортада өзін-өзі тəрбиелеу арқылы «Мен» жүйесін дамытып, жетілдіріп отырады. Тұлғаның өзі туралы ойлары, əрине сенімді болады, өзі туралы қатынастары орнығады. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей тұлғаның өзі туралы пікірі, оның өз іс-əрекетін реттеудің маңызды тірегі болады. Əр адамда Мен-бейнесін қалыптастырудың нақты амалдары əр алуан болады. Адам өзін сипаттайды. Бұл орайдағы өзіндік сипаттау — бұл өзіне мінездеме беру əдісі, əр тұлғаның қайталанбас ерекше қасиеттерін көрсетуі. Бірақ адам өзін толық сипаттай ала ма? деген сұрақ туындайды. Сондықтан адамның өзі жайлы білімі ерікті, қарама- қайшылықты болуы мүмкін емес. Бұл Мен-концепциясының екінші құрамдас бөлігін көрсетеді, яғни «айнадағы мен» (басқалар мені қалай қабылдайды),
Оқыту жəне тəрбиелеу теориясында адам тұлға ретінде өз-өзін бағалайтын болмыс. Өзін-өзі бағалау — адамның өзіне сындарлы көзқараспен қарап, өз мүмкіндігін өмір талабына сəйкес бағдарлай білуі, өз мақсатын нақтылау, ойын түйіндеу қабілеттілігі. Өзін бағалау адамның өзіне деген сенімін арттырып, рухани үйлесімділігін дамытады. Өзін-өзі бағалау адамның айналасындағылармен қарым-қатынасын, өзіне сын көзбен қарауын жəне талап қоя білуін, жетістікке жəне сəтсіздікке қалай қарайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, өзін-өзі бағалау адамның іс-əрекетінің тиімділігіне жəне оның тұлға ретінде дамуына əсер етеді. Өзін бағалау ең алдымен, адамға басқалардың беретін бағасына қарай қалыптасады. Адам өзін айналасындағылар қалай бағалайтынына қарай өзін-өзі бағалауға бейім келеді. Өзін-өзі бағалау тұлғаның өзіне ғана тəн жеке құндылығы. Яғни өзіндік бағалау дегеніміз адамның өзін-өзі құрметтеу сезімінің дамуы, жеке құндылығын сезу жəне «Мен» сферасына қатыстының бəріне деген жағымды көзқарасы. Тұлға қалыптасуындағы өзіндік бағалаудың бірнеше себептерін көрсетуге болады: өзге адамдардың бағасы; өзгелермен өзін салыстыру; өзін жəне идеал «Менін» салыстыру; өз əрекетінің нəтижесін өлшеу. Өзін-өзі бағалау өз əрекетін бағалауда маңызды рөл атқарады, онсыз өмірде өзін анықтау мүмкін емес. Нақты бағалау адамға рухани қанағат пен адамгершілік қасиеттеріне қолдау көрсетеді.
Байқасаңыз адамның өмірлік жоспарының жүзеге асуы үшін оларда өзіндік бағалаудың сапалы болуы аса маңызды тəрізді жəне тұлғаның «Мен» жүйесінің қалыптасуы, əркімнің өзін осы ортаның бір белсенді мүшесі ретінде сезініп, өзінің орнын, мақсат, міндеттерін жете түсініп, өз бойында бұл үшін тиісті қасиеттерді қалыптастырып, қандай жағымсыз қасиеттерден арылғысы келетінін нақты анықтап, күнделікті іс-əрекетін ұйымдастыра білсе, жоғары жетістіктерге ие бола алатындай.
Өзін-өзі бағалау — өзіндік сана сезімдердің бірлігі, тұлғаның қасиеттеріне, сапасына деген қатынасы. Өзіндік бағалауға икемділік, орнықтылық, адекваттылық (жағымды, теріс) сияқты сипаттамалар тəн болады. Өмірлік тəжірибелерде қалыптасқан «Мен» бейнесі əлемді, басқа адамдарды қабылдауға, оларды бағалауға əсер етіп, соның негізінде адам өзінің мінез-құлқын өзіндік бағалайды .Индивидтің өзін-өзі бағалауы өзінің орнын, маңыздылығын көрсетуге талпынысынан көрінеді.
Тұжырым Оқыту жəне тəрбиелеу теориясында «Мен»-тұжырымдамасының құрылымына жəне оның компоненттеріне жасалған теориялық-əдіснамалық талдаулар, оны тереңірек білуге мүмкіндік жасайды. Ағылшын ғалымы Р.Бернстің «Развитие Я-концепции и воспитание» еңбегіне жасалған теориялық-əдіснамалық талдау оның мəнін, маңызын жəне индивидтің өміріндегі рөлін түсінуде əртүрлі пікірлердің, көзқарастардың болатынын көрсетті.
Сонымен, өзінің не үшін жүргенін нақты білу, болашақтағы өз бейнесінің маңызын түсіну, атқаратын ісіне қызығушылықтың болуы, үнемі талпыну, жағымды мотивациясының болуы — «Мен»-тұжырымдамасының тиімді жəне нəтижелі қалыптасуы мен дамуының басты шарты болады деп топшылаймыз.