Негізгі бөлім
Тұлға — бұл саналы тіршілік иесі, өзінің өмір жолын өзі таңдайды, оның қоғамдағы рөлі қоғамдық қатынастардың ықпалында болып, соған сəйкес көрініп отырады. Демек, əр тұлғаның тұлғалық қалыптасуы оның оқыту жəне тəрбиеленуіне, өзін қоршаған адамдармен қарым- қатынасының мазмұнына, өмірде белсенділік танытуына байланысты болып келеді. Сонымен қатар, тұлға психологиясына ол мүше болған əлеуметтік топтың психологиясы да əсер етеді. Əлбетте, бұл арада адамдар арасындағы қарым-қатынас сөз болады. Қарым-қатынаста адамдар арасында өзара ықпалдасу болады, соның нəтижесінде басқаларға деген көзқарас орнығады. Яғни, адам қарым- қатынаста неғұрлым белсенді болса, соғұрлым рухани бай болады. Дегенмен, адамға басқалардың ықпалы əртүрлі болуы мүмкін, бұл оның даралық ерекшеліктеріне, тəрбиеге де байланысты көрінеді.
Қазіргі уақытта оқыту жəне тəрбиелеу теориясында жеке адамды зерттеп білудің əртүрлі бағыттары тараған: мəселен: биогенетикалық бағыт — жеке адамның дамуының негізіне организмнің жетілуінің биологиялық процестерін жатқызады; биогенетикалық бағыттың 2-ші нұсқасын немістің «конституциялық психологиясының» өкілдері ұсынды. Э.Кречмер — ол адамдардың дене типінің арасында бір байланыс болу керек деді. Бұл əсіресе З.Фрейд еңбектерінен орын алды. Оның айналасына адамның барлық қылықтары санасыз биологиялық əуестенумен байланысты ең əуелі сексуалдық əуестену. Биогенетикалыққа қарама-қарсы социогенетикалық теория болады. Ол жеке адамның ерекшеліктерін қоғамдағы жағдаймен, əлеуметтену қоршаған адамдармен өзара қатынастары арқылы түсіндіруге талпынды. Яғни, əлеуметтену теориясы бойынша адамның биологиялық тіршілік иесі болып туа отырып, жеке адам болып тек өмірдің əлеуметтік жағдайларынан қалыптасады. Осыған орай, оқыту жəне тəрбиелеу мəселесі ерекше орын алатын сөзсіз. Осындағы тағы бір бағыт «Үйрену теориясы» (Э.Торндайк, Б.Скиннер т.б.). Бұл бойынша жеке адамның өмірі, оның қатынастары — үйрену нəтижелері, білім, дағдыларының меңгерілуі. Психогенетикалық бағыт — ол биологиялық та ортаның рөлін жоққа шығармайды, бірақ олар алдыңғы орынға психологиялық процестер дамуын жатқызады. Оның өзі үш бағытта: Психодинамикалық (Э.Эриксон) — ол жеке адамның қылықтары: эмоциясы, əуестенуі жəне басқа да психиканың компоненттерімен түсіндірілді. Когнитивтік (Ж.Пиаже т.б.) — интеллектінің танымдық жақтарының дамуына мəн береді. Персоналдық (Э.Шпрангер, К.Бюлер, А.Маслоу). Орталық назарда жеке адамның дамуы тұтастай алынады. Ал кеңес одағы психологиясы — тек биологиялық жетілу нəтижесі емес, ол қоршаған ортамен белсенді өзара əрекет етуші субъект, сол арқылы ол өздерінің жеке қасиеттерін қалыптастырады (Л.С. Выготский, П.П. Блонский, С.Л. Рубинштейн т.б.)
Осыларға сүйенсек, тұлға — қоғамда белгілі бір жағдайға ие жəне белгілі бір қоғамдық рөл атқаратын саналы индивид. Қоғамдық рөлі дегенде оның атқаратын əлеуметтік қызметін айтсақ болады. Бірақ тұлғаның қоғамдық рөлін оның психологиясын білмей тұрып түсіну мүмкін емес, сондықтан біз ең əуелі тұлғаның психологиялық құрылымына тоқталамыз.
Оқыту жəне тəрбиелеу əдіснамалық мəселесінде тұлғаның психологиялық құрылымының негізгі компоненттерін отандық психолог-ғалым Қ.Жарықбаев өз еңбектерінде келесідей бөліп сипаттайды: оның бірінші компоненті тұлғаның бағыттылығын, жалпы болмысқа қатынасын сипаттайды. Бағыттылық əр алуан қасиеттерден, өзара байланысты қажеттіліктер мен мүдделерден, күнделікті туындайтын пиғыл-əрекеттер жүйесінен тұрады. Жеке адамның бойындағы қалыптасқан бағыттылық онымен байланысты қабылдаулар мен эмоциялар реакциялардың таңдалып алынуына əкеліп соғады. Міне, сондықтан да адам болмыстың қажеттілігіне, мүддесіне жəне бағдарына байланысты өзі көргісі келетін жайттарды ғана аңғарады.
Тұлғаның психологиялық құрылымының екінші компонентін оның мүмкіншіліктері құрайды, сонымен қатар оның іс-əрекеттерінің табысты болуын қамтамасыз ететін қабілеттілік жүйесін қамтиды. Ал үшінші компонентін мінез сипаттайды. Мінез — адамның жеке ерекшеліктерінің бірі, дегенмен ол адамды толық сипаттай алмайды, бірақ бірқатар ерекшеліктерінің күрделі жүйесін құрайды. Енді осы компоненттердің ішінде басымдылыққа ие болып тұрғаны ол «Мен» жүйесі, ол өзін-өзі реттеу қызметін атқарады, яғни іс-əрекеттерінің сипаты (белсенді немесе əлсіз болуы), өзін- өзі бақылауы жəне т.б. Сондай-ақ, оның құрамында психикалық процестер мен күйде болуы керек дейді, олар болмаса онда психикалық құрылым толық болмайды деп көрсетеді. Бұл тұжырыммен келісуге болады деп ойлаймыз. Себебі, барлық сипатталған психологиялық құрылым компоненттері тұлғаның толыққанды болмысын сипаттайды.
Достарыңызбен бөлісу: |