Біркелкілену Басқалармен бірге жүрсек те өзіміздің олардан айырмашылығымызға мән береміз, бұл біздің тағы бір қасиетіміз – біркелкілену себебінен туады. Яғни, күнделік өмірде біз "адамдармен біркелкі" болуға тырысып, орташалықты күйттейміз. Біздің өз-өзімізді табысты сезінуіміз Оларға (They) байланысты. Солар табыстысың десе табысты боламыз. Олар жеңді десе шын жеңгендей боламыз, жеңілді десе жеңіліс табамыз. Біз дербес, өзгеше идеяда болуды емес, орташа пікірде болуды қалаймыз. Жаңа идеялар туса оны жаншып, қателігін бетіне басып тастауға тырысамыз. Біз ылғида Оларға қарап бой түзеп, Оларға сәйкесіп, өзіміздің оқшау өзгешелігімізді үгітіп, біркелкілесуге тырысамыз. Осындай біркелкілесуді күйттеген өмір сүру тәсілін Хайдеггер майдалану (leveling down) деп атаған. Хайдеггердің ойынша, біз Олардың жетегінде бар болғанымызда өз өзгешелігіміз есімізге түсіп, соны біркелкілестіру мен майдалауға кірісеміз, міне бұл ересектерде жаппай кездесетін әлеуметтену. Бұл бойынша, адам ендігі жерде өзі болмайды, әлеуметке (public) айналады. Әлеуметтілік біздің адам және ол жасап отырған дүниеге деген көзқарасымызды тізгіндейді, біздің пікіріміз бен таңдау жасауымызды белгілейді. Бұл біздің дүние-өмірге қарата терең түсінікте болғанымыздың емес, қайта ой-пікіріміздің таязданып, тоғышарланып кеткеніміздің дерегі. Хайдеггердің күнделік тұрмысты зерттеуі Осыболмысқа (Dasein) талдау жасау болғанымен, бірақ ол күнделік өмірдің болмыстық үлгісін танытумен шектелмейді. Біз күнделік өмір түріндегі өмір сүру үлгісінде өз болмысымыз бен ғаламдық шындықты айқын, ашық тани алмаймыз. Былайша айтқанда, бұл түрдегі болмыс үлгісі болмысты, ғұмырды қате түсіндіреді. Әрине, сондай сұрақ тууы мүмкін: Не үшін Олардың (әлеуметтескен тобырдың) идеясы сандыраққа толы, нәрсе туралы пікірі жалаң болып келеді? Мұнда қандай сыр бар? Өйткені, біз Олар жағынан тізгінделген кезде олардың пікіріне өз болмысымызды айырбастаймыз да, өз болмысымызға өзіміз жауап бермейміз, ақиқат, әділет секілді ұғымдар да күңгірт тартады. Олар біздің түпнұсқа болмысымызды жойып, өмір мен дүниеге әділ көзбен анық тігілуге мұрса бермейді, өзімізді өзімізге ұмыттырады, тіпті өзіміздің бар, не жоқ екенімізге де мән бермейтін сондай бір шекке жетіп барамыз. Демек, Олар Олар жағынан тізгінделген біз секілді осындай іші жоқ қаңқа мүшелерден құралады.