Осы болмыс (Dasein) “Осыболмыс” (немісше "dasein", ағылшынша "being—here") Хайдеггер бойынша адамды және адамның өмір сүру, бар болу үлгісін көрсететін арнайы философиялық категория есептеледі. Неміс тілінде "Dasein" делінетін, Хайдеггер өзі құрастырып жасаған бұл ұғымның тіке мағынасы "осында бар болушы", "мұнда өмір сүруші" есептеледі. Хайдеггер бұл сөзді тіке адамға қаратып қолданған. Оның адам болмысын осы ұғым арқылы айқындауы адам болмысының дүниедегі басқа болмыстардан айқын өзгешелігі себебінен болды. "Осыболмыс – болмыстың өзі үшін болатын болмыс". Хайдеггер тағы былай дейді: "Осыболмыстың мәні оның ғұмырында. Субстанция бойында көрнекіленген түрлі қасиеттер субстанцияның қалыптасуын іске асырған қасиеттер емес. Бұл субстанция қарамаққа әу бастан орындалып қойылғандай көрінгенімен, бұл қасиеттер түрлі жағдайда болмыстың түрлі мүмкіндіктерін іске асыра береді. Сондықтан, біз Осыболмысты оның не нәрсе екенін айқындау үшін емес, қайта оның бар екендікті білдіруі үшін қолданамыз."
Түпнұсқа (authentic) және Таусылу (VerfallenҚһ) Хайдеггер бойынша, әркімде өзіне ғана тән, іске асырылуды күткен астыртын әлеует бар және әркім өз ажалымен жекеде бетпе-бет келеді. Әркім Хайдеггер бойынша Осыболмыс (dasein, ағылшынша be there) ретінде осынау жалғыздық халде кескін мәміле ұстанып, өзінің бірден-бірлігін, жеке даралығын батыл қабылдаса, онда бұл адам Түпнұсқа (authentic) тіршілік күйіне өтеді және тіршілік күйінің "өзі болу" кезіндегі мәнін түйсінеді. Түпнұсқалық (authenticity)әр адамның жеке өмірінің болашағы мен өткеніне бірдей ұласып жатыр және ол Менді жалғасымды етіп отыр. Ол осы байланыстар желісінде ажалды жылы қабылдауды да талап етеді. Хайдеггердің айтуынша, адам өз ажалына бетпе-бет ұшырасқанда өзіне ғана тән нағыз Мені ашыққа ақтарылып шығады. Өз Меніне ғана тән күйде "Мен" басым орында тұрады, бірақ бұл таза "Мен" күйі дәстүрлі философиядағы "субъект" ұғымымен бірдей емес. Егер әлдекімді Үрей езіп жіберсе, онда ол ешкім емес біреу ретінде жұртқа жұтылады және "Оларға", "Тобырға" (They,das Man) сүйеніп өзін қорғауға тырысады. Сөйтіп ол "Түпнұсқасыз" (inauthentic) тіршілік күйіне енеді. Түпнұсқасыздықта (inauthenticity)"Олар", "Тобыр" алға шығады да, адам өзінің болмыстық бар болу мәнділігін тонатады. Бұл күй, немесе жағдай Хайдеггер бойынша Осыболмыстың азғындап "таусылуы" (fallingness,Verfallen) болып, ондай жағдайда Осыболмыс өзінен адасып, өзін күнделік өмірдің күйкі тірлігіне тұншықтырады, өзін жалған дүниемен бірге азғындатады.