Ою-өрнек - тұрмыста бір бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыш, өрнек. Заттың бетін өрнектеу үшін ісмерлер әртүрлі тәсілді қолданады. Олар: оймыштау, бедерлеу, шеку, қашау, тісеу, құрау тәрізді әрекеттер арқылы жүзеге асады. Әр өрнек белгілі бір бөлшектен ( элемент) құралады. Ғалымдар ою-өрнектердің 200-дей түрін анықтады. Біз халық арасында көп тараған мүйіз тектес ою өрнектерді сөз етпекпіз. Ою-өрнектердің бұл тобын қазақ халқының ою-өрнектерінің төркіні десекте болады. Өйткені, барлық жаңа буындар осының негізінде жасалып, тек атаулары өзгеріп отырған. Мысалы: қошқар мүйіз, арқар мүйіз, бұғы мүйіз, қырық мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, төрт құлақ, түйе табан, сыңар өкше, қос алқа, құс қанаты, қаз табан, т.б. ою-өрнектердің негізгі арқауы. Осы элементтерден ою-өрнек композициясы жасалады. Қазақ оюларының мазмұны мал өсірумен аңшылықты, жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін аңғартады және бәріндеде мүйіз оюы үнемі араласып отырады. Әрбір оюшы ою-өрнек жасап, оған ат беріп , оны тұрмыста қолданған. Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, ең көп түрі және әр түрлі мәндер жасауда жиі қолданылатын мүйіз тектес оюлар. Ғалымдардың анықтауынша, ол ежелгі өрнек, сондықтан онда көбінесе мал шаруашылығы мен көшпелі өмір салты бейнеленген. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсақ зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады. Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, толықтырады да құлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. Мұндай мүйіз тектес ою-өрнектер тізбегін Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы үйінің ішкі тіреулерінің төбесімен жалғасқан жерінен көруге болады. Мүйіз тектес ою-өрнектерді бұрын-сонды зерттеуші ғалымдардың барлығы бұл өрнектердің негізі қойдың, арқардың , ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін бейнелеуден шыққан деп түйеді. Шеберлер жаңа ою-өрнектерін тұрмыс-тіршілігіне, өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап отырған. Мысалы, халқымыздың көне бұйымдарындағы ою-өрнектер сәнділігімен қатар сол бұйымдардың жеңіл, әрі берік болу жағын қарастырған. Оның үстіне әрбір жануар мен заттың өз бойында қасиеттеріне қарай тақырыптық мағынасы композициясы, симметриясымен асимметриясы, колоритімен ритмі, сондай-ақ оған арналған философиялық мәні де байқалады. Композиция дегеніміз латынның ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру деген сөзі. Мысалы ою-өрнек кесеге салынатын болса, ол үлкен де, кіші де болмай, асқан дәлдікпен жарасым табу керек. Жалпы қазақ халқының оюлары Орта өрнектерімен салыстырғанда композиция қарапайымдылығымен, бояу түсінің ұстамдылығымен, формаларымен ерекшеленеді. Ою-өрнек арқылы халық шеберлері өз ойларын, көңіл күйін жеткізіп отырған. Жаңа ғана атап өткен элементтер ою-өрнектің көркем тілін құрайды. Оның көркем тілі бейнелеу өнеріндегідей бояу түсіне, олардың үндестігіне, сызықтар ырғағына, жарық қатынасына байланысты. Сол секілді ою-өрнектер басты элементтерінің бірі-бояу түсінің де орналасу реті бар. Бояу түстері ырғақты үндестігімен әуенді үйлесіміне байланысты бейнелеу өнеріне жақындайды деп айтуымызға болады. Әр бояу түстерінің үйлесімді шешімдерінен көшпелілердің өмір туралы түсінігі әлеуметтік және ұлттық ерекшеліктері, олардың қуаныштары мен күйініштері көрінеді. Халық шеберлері ырғақты сызықтар үйлесімді бояу түсі айқын формалары арқылы ешқандай перспектива мен жарық қатынастарынсыз-ақ көз қуантарлықтай тамаша өнер шығармаларын тудырған. Осыған орай ою-өрнектердің көркем шешімі оны поэзияға жақындатады дейміз. Ою-өрнектердің бояу түсі шын дүниенің көшірмесі емес,оның шартты ұғымын ғана білдіреді. Қай жағдайда да ою-өрнектегі тұтастық сақталып отырған. Композициядағы тепе-теңдікті, тұтастықпен жинақылықты қайта өрлеу дәуіріндегі классикалық шығармалармен салыстыруға болады.
Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан түрлі қолөнер бұйымдар әсемдігі, өрнегі тұрмысқа мән берумен адамдарға рухани ләззат әкелген. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі - түсті ою - өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым - қатынасын, көңіл - күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады. Қолөнерін шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларын арқау еткен. Өнер туындыларының бет бедеріне ширатыла түскен ғажайып өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шерткендей.
Қазақ қолөнерінің түрі, сапасы, өрнегі, бояуының өмірге келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы”өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата - анамыз өз бойындағы бар асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келген.
Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, көрші халықтардың өнер шығармашылықтарымен толысып, дамып, әсемдігімен, көркемдігімен көз тартып, эстетикалық талғамда өркендей бермек. Ал, енді он саусағынан өнер тамған апаларымызға тоқталайын, себебі осы кісілердің арқасында ұлттық қол өнеріміз ұрпақтап - ұрпаққа жетіп отыр.
Исатай ауданы Зинеден ауылындағы апамыз 64 жастағы Сәуле Қабдешова
Қолына түскен кез - келген заттан қолданысқа қажетті дүние жасап шығаруға құмар. Ол қамшы да өреді, ою - өрнек салынған құрақ көрпе мен көпшіктерді де жасайды. Киіз басып, алаша да тоқиды екен. Соңғы кездері жастардан үйренген өнерді де меңгеріп алды. Қағаздардан мүсін жасап, аққулар бейнесін дүниеге келтіреді. Сәуле апа он баланы дүниеге келтірген батыр ана. Өнерінің жалғасын көру үшін келіндері мен немерелеріне білген - түйген нәрсесін үйретіп келеді. Өзі былтырғы құрылған әжелер ансамблінің мүшесі. Батыр ана үстіндегі ақ көйлекті де өзі тігіп алған. Немере - жиендеріне де көйлек, шұлық, қолғапты өз қолынан тігіп немесе тоқып алуға тырысады. Ол қолөнеріне бейімділігі ана сүтімен дарыған деп біледі. Анам шебер адам болған. Ерте қайтты. Ол жастайынан ер адамдарға аң терісінен құлақшын, әйел адамдарға костюм, бешпетті керемет етіп жасаған кісі. Ер кісілер оған көптеп тапсырыс беріп, тіпті кезекке тұрған, - дейді.
Исатай ауданының тағы бірқолөнерші апамыз Гүлзабира Қарақұлова
Тек қана матамен жұмыс істейді. Ол семинарға кимешек, төсек көрпе, көпшік тыстарын және кішкентай қыз балалардың бас киімдерін тігіп әкелген. Өзі 2003 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келіпті. Гүлзабираның негізгі мамандығы есепші. Бірақ, есепшілікті қойып, бес жылдан бері тігін өнері арқылы күн көріп отырған жайы бар.
Қорытынды
Халықтың дәстүрлі өнері сол халықтың ғасырлар бойы бастан кешкен өмір салтының, таным түсінігінің жарқын айғағы. Мемлекетіміз мектептің алдына жаңа бір міндет қойып отыр – өмірге қадам басқан жастар жаңа заман талабына сай, өз тағдырын өзі шешуге қабілетті, нарықтық жағдайда алдындағы мақсатын анықтай алатын экономикалық білім алуы тиіс. Уақыт озған сайын қоғам дамуы жеделдей түсетіні айқын. Қазір еліміз өрлеу үстінде. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еліміздің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу бағдарламасы ең басты басымдық. Қай қоғамда болмасын бүгініміз бен кешегімізді қастерлеу өмірдегі тіршіліктің, қоғамның парызы. Ал қоғамның дамытушысы – адам.
Бүгінгі болашақ ұрпақ ертеңгі қоғамның иесі, сол қоғамның иелері халқымыздың тұрмыс қажеттілігінен туындаған ұлттық өнер мұраларын сақтап, сұрыптап, қазіргі уақытта сәнді етіп, ұлттық мәдениетімізді қолданбалы сәндік қолөнермен өркендету. Тәуелсіз мемлекетімізде ертеңгі ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне, іскерлігі мен кәсіби шеберлігіне байланысты фабрикалар шығаратын бұйымдарға қарағанда халық шеберлері жасаған бұйымдар жоғары бағалануда. Қазіргі кезде жаңа өмір өзінің жаңа талаптарын қойып отыр. Оның міндеті өнердің бұрынғы келбетін бүгінгі күнге табиғи етіп жаңарту. Бүгініміз бен келешегімізді нәрлі қайнарына айналдыру әрқайсымыздың борышымыз.