Байланысты: Түркістан тұрғындарының тілінің ерекшеліктері
Сөйлеу тілінің ерекшеліктері Қайсыбір тіл болмасын жергілікті жерлерде өзгеше айтылып, басқа өңір қазақтарының сөйлеу тілінен ерекшеленіп келуі сол жерді мекендеген тұрғындардың басқа тілде сөйлейтін халықтармен қарым-қатынас жасауынан туатыны баршамызға аян. Қазақ тілі үшін бұл жат құбылыс емес. Қазақ тілінің диалектілерін оңтүстік, солтүстік-орталық, батыс, шығыс деп топтастырғанда, сонда кездесетін белгілі бір басты дыбыстық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктердің туындауы басқа тілдермен қарым-қатынасынан пайда болған тіл айырмашылықтары болып саналады. Қазақстанның оңтүстік облыстарында қазақтармен бірге өзбек, ұйғыр, тәжік халықтары да мекен етеді. Ал Оңтүстік Қазақстанды алатын болсақ, олар ерте кезден бастап өзбек халқымен қарым-қатынас жасауда. Олар Өзбекстанмен шегаралас Мақтарал, Сарыағаш, Жетісай т.б. аудандар мен қатар Шымкент, Сайрам, Түркістан төңірегінде де жиі қоныстанған.
Түркістан тұрғындары сөйленісінде ұшырайтын жергілікті ерекшеліктердің пайда болу себебін сөз еткенде, оларды осы өңірді мекендеп келе жатқан өзбектер тілімен байланыстыра қарастыруды керек етеді. Олай дейтініміз, Түркістан төңірегіндегі көп елді мекендерінде өзбек халқы орныққан. Аудан бойынша халқының жартысына жуығы өзбектер. Олар Түркістан қаласы мен Шорнақ, Ташанақ, Қарнақ, Шаға, Оранғай, Құшата, Бабайқорған ауылдарында мекен етеді. Бұл жерлерде өзбек және өзбек-қазақ мектептері бар. Ертеден қазақ пен өзбек халықтарының араласып, қарым қатынас жасауы, тіпті, құдандалы болып, қыз беріп, қыз алысуы Түркістан тұрғындарының тіліне де әсер етпей қойған жоқ. Кейде бір отбасында өзбек, қазақ сөздері қатар қолданылатын жағдайлар да жиі кездеседі. Аралас отырған халықтардың бір-біріне ететін ықпалы екі жақты болатындықтан, енді сондағы тұрғындардың тіліне өзбек тілінің әсері мол екенін дәлелдейтін сөздер де өте көп. Әсіресе, мұндай сөздер тұрмыс-салт лексикасында басымырақ болып келеді [1, 66-75 б.].
Түркістан тұрғындарының тіліндегі сөздердің біразы дыбысталу жағынан өзбек тілімен бірдей болса, кейбіреуі жалғанатын қосымшалары жағынан да ұқсас болып келеді. Ал кейбір сөздер мағыналық жағынан өзбек тілімен бірдей болып айтылады да, қазақ тілінің басқа сөйленістерімен салыстырғанда ерекшеленіп тұрады. Өзбек тілінің қазақ тіліне әсері, әсіресе, лексика саласында молырақ байқалады. Дәл осы тұста Жүсіпова Бибихадшаның филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның «Түркістан тұрғындары тілінің ерекшеліктері» атты авторефератын қарастырып өткен жөн, онда жергілікті халық тіліне тән тіл ерекшеліктерін бірнеше топтарға жіктейді [2, 10-15 б.].
1) Үй-жай, қора-қопсы, бай-шарбаққа байланысты сөздер, мысалы айуан – үй алдындағы көлеңке үшін істелген бір жағы немесе жан-жағы ашық бөлме; балақана – үйдің екінші қабатындағы бөлме; ұстын – тіреу, арқалық; сөре – адам отыруға лайықтап жасаған кереует тәрізді кең орын; сыбау – сылау; сыбақшы – сылақшы және тағы да басқа [3, 16 б.].
2) Көрпе-төсек, киім-кешекке байланысты сөздер, мысалы белбаг – белбеу; бейқасам – сарала түсті жібек; күлшін – етік пен мәсінің өкшесі; жеңсік – жеңге киетін киім; жыға – түрлі-түсті тастармен әшекейленген еркектер киетін бас киім; кемер – белдік; көрпеше – астыға төсейтін кішкене көрпе; нымша/немше – камзол, жеңсіз киім; байтаба – шұлғау; пашахана/ пешехана – масахана; сарпай – сыйға берген киім; шалша – алаша; дасымал – қол сүртетін орамал және тағы да басқа.
3) Ыдыс-аяқ атауларына байланысты сөздер, мысалы керсен – үлкен ағаш табақ; кесе – шай ішетін ыдыс; көзе – балшықтан жасалған үлкен ыдыс; леген – палау тағы да басқа тамақ салатын жайпақ табақ; абдесте – қолға cy құятын құман; бақыр – шелек; пиала – шай ішетін кесе; сәтіл – шай кеседен үлкендеу түрі, кұм, cy сақталатын балшықтан жасаған үлкен ыдыс; құмша – кішірек келген құм ыдыс; шыны – фордор ыдыс; шәугім – cy қайнататын темір ыдыс; шәулі – шыбықтан немесе сым темірден өріп жасаған сүзгі; шайдоз – cy қайнататын темір ыдыс; шәйнек – аққұман және тағы да басқа.
4) Тағам атауларына байланысты сөздер, мысалы әсел – бал; ашытпа – ашытқан сұйық тамақ; зуала – қамырдың кеспелік немесе күлшеге лайық бөлігі; ботқа – қою тамақ; пәтір – ашытпай қамырдан пісірген нан; қаттама – қабаттап пісірген нанның түрі; тұшпара – пельмен; қамыр – шикі нан; ауқат – тамақ, ac; палау – ет пен күріштен жасаған қою тамақ; самса – арасына ет салып, үшбұрыштап жасаған тағам; ұстаған – тураған еттен бұрын берілетін сүйек және тағы да басқа.
5) Құрал-сайман тағы басқа зат атауларына байланысты сөздер, мысалы белкүрек – күрек; белорақ – шалғы; бігіз – біз; шетен – талдан тоқыған құрал; байтесе – түрегеп тұрып ағаш шабатын, жүзі көлденең орнатылған кетпен тәрізді құрал сүйек және тағы да басқа.
6) Арба-шана, ер-тұрман атауларына байланысты сөздер, мысалы амаш – ағаш соқа; зембіл, какандоз – күл алғыш қалақ; қалбыр – темір елек және тағы да басқа.
7) Туыстық атауларға байланысты сөздер, мысалы ақа – аға; апа, әпке – өзінен үлкен қыз; шақалақ – жаңа туған бала; ая – шеше; ана, апа – өзінің туған шешесі; әнне – ана және тағы да басқа [4, 18 б.].
8) Әдет-ғұрып, ойын, ем-домға байланысты сөздер, мысалы сеп – көрсету үшін іліп қойған қыз жасауы және тағы да басқа.
9) Табиғат құбылыстарына байланысты сөздер, мысалы жанбур – жаңбыр; сел – жел және тағы да басқа.
10) Өсімдік атауларына байланысты сөздер, мысалы нулы – жусан; көк – шөп және тағы да басқа.
11) Аң, құс, құрт-құмырсқа атауларына байланысты сөздер, мысалы мық – шеге; мейман – қонақ; пұл – ақша; шақа – ұсақ ақша, тиын; ақыр – малға шөп салатын жер және тағы да басқа.
12) Мал шаруашылығына байланысты сөздер, мысалы мәйек – тауық астына қалдырған жұмыртқа және тағы да басқа.
13) Кәсіби сөздер, мысалы тәбел – тәбіл, журнал; зан – заң; дәри – дәрі-дәрмек және тағы да басқа.
14) Дәнді-дақылдарға байланысты сөздер, мысалы кебек – ұнды елегеннен қалған ipici, атала – ұннан, талқаннан жасалған көже және тағы да басқа [5, 160 б.].
15) Дерексіз ұғымды білдіретін сөздер, мысалы acap – көмек, жәрдем; әския – әзіл; ауаз – әуез, үн; еге – ие; кәп – сөз; нама – есім, ат; рәт – рахат; азан – ертең, ерте және тағы да басқа.
16) Сындық және сапалық қасиетті білдіретін сөздер, мысалы арасат –көп; ауан – аңқау; әскияшыл – әзілқой; бақуат – әлді, күшті; бейәбір – ұятсыз; беймарал – жайбарақат, еркін; дәйіс – ұятсыз, арсыз, оңбаған; дүр – мықты; жүдә – aca, тым; құш – көңілді; құшуақ – көңілді; найсап – оңбаған; пәс – аласа; шырын – тәтті және тағы да басқа.
17) Іс әрекетті, қимылды білдіретін сөздер, мысалы әбжіл – жылдам, шапшаң; бийләмәк – билеу және тағы да басқа. Осы келтірілген мысалдардан-ақ ертеден қоныстас, аралас отырған қазақ пен өзбек тілдерінің қазақтарға, әсіресе, Түркістан тұрғындарының тілдері үшін бір-біріне еткен әсерін көруге болады.