2.Қазақтардың дәстүрлі көшпелілер мәдениеті Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындардың осы шаруашылыққа негізделген өзіндік мәдениеті болды. Көшпелілердің мәдениеті болмаған, олар жабайы өмір сүрген дейтіндер қатты қателеседі. Көшпелі өмірдің қатаң жағдайына бейімделген мәдениеттің ерекшеліктерімен қатар, оның озық үлгілері қалыптасты. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі көшпелі мәдениет үнемі жетілдіріліп дамып отырды. Шаруашылықтың дамуы көшпелі мәдениеттің дамуына ықпал етті.
Моңғол шапқыншылығы кезінде біршама әлсіреген шаруашылық XIII ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырда қайта жандана бастады. Көшпелі тұрмыс үйдегі қолөнер мен кәсіпшіліктің одан әрі дамуын және жетілдірілуін қажет етті. Сол кездегі жазбаша деректер мен археологиялық материалдар моңғол шапқыншылығы дәуірінен кейін-ақ бірқатар кәсіби қолөнердің болғанын көрсетеді. Әсіресе, көшпелі тұрмысқа лайықталған ұсталық, теріден былғары илеу, тоқымашылық, тігіншілік, киіз басу, зергерлік, қару-жарақ жасау, ыдыс жасау қолөнерлері басым дамыды. Оңтүстіктегі қалалардың қайта жандануы да қолөнер кәсіпшілігінің одан әрі дамуын тездете түсті. Көшпелі халық пен отырықшы халықтың мәдени байланысы үзілген жоқ.
Көшпелілердің негізгі баспанасы киіз үй одан әрі жетілдірілді. Киіз үйдің сүйегін — кереге, уық, шаңырағын жасайтын ағаш шеберлері болды. Ибн-Рузбиханның мәліметтеріне қарағанда көшпелі халықтар ағаш өндеуді, киіз үйлер мен арбалар жасауды жетік меңгерген. Орта ғасырлық деректер бойынша олар арбаға орнатылған үйлерді де жасай білген. Ағаштан жасалған кереге, уық, шаңырақтары мінсіз келген. Үйдің жан-жағы және үсті неше түрлі киізбен, қой терісімен жабылған. Бұл үйлер өте әсем және демалып жатқанда жиырмадан астам адам сиятын болған.
Халық негізгі азығын мал өнімдерінен алды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» шығармасында алғашқы бие байлау жөніндегі мейрам суреттеледі. Алғашқы бие байлауға ерекше мән беріліп, ол мейрам ретінде «монғолдардың ескі әдеп-ғұрыптары мен зандары бойынша Моғолстандағы әйгілі Көктөбе деген жерде көктемнің басында Қызыр-Қожа мен оның маңындағылар жасаған» деп суреттейді Мұхаммед Хайдар Дулати.
Мал өнімдерінен киім-кешек, ат әбзелдері, үй заттары дайындалатын шикізат түрлері тері, жүн, сүйек алынған. Қазақтар және олардың арғы ататектері тері мен киіз өндеуді, оларды әр алуан түске бояуды жақсы меңгерді. Олар сонымен бірге, киіз бен былғарыға оюлар салу, құрақ құрау, өрнек салу техникасын шебер орындай білді. Сол кездегі жазба деректер бойынша «Олардың шекпендері қойдың жүнінен тоқылып, әр түрлі түске боялды, олар тіпті атластан тоқылған шапандарға ұқсайды. Бұл шапандар Бұқараға да жіберілетін, олардың әдемі де жұқа болатындығы соншалықты, ол жерде бұларды атлас шапандардың құнындай бағаға сатып алады. Олардың жаңбырдан қорғанатын жамылғылары да дәл сондай жүн матадан жасалады, олардан мүлдем су өтпейді».
Киіз түрлерінен де қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері айқын көрінді. Қазақтар көктем, жаз айларында көбінесе көйлек, оның сыртынан бешпент, қамзол немесе шапан киді. Қыс айларында қойдың немесе түйенің жабағысынан қальщ матамен тыстап, кең тігілген күпі немесе тон, құлын терісінен тігілген жарғақ шекпен, қой терісінен түгін ішіне қаратып тіккен жарғақ шалбар пайдаланды. Аң терілерінен тігілген шекпендер, тондар, шалбарлар да болды.
Қыста ұзын және жалпақ мандайшасы бар, мойынды түгел жауып тұратын желкелігі салынған шошақ тебелі тымақ киді. Бұндай бас киім елтеріден, түлкі және басқа да аң терілерінен тігілді. Жазғы ыстықга жұқа ақ киізден тігілген биік шошақ төбелі қалпақ киді. Айыр қалпақ деп аталатын қайырмасы бар және қайырмасы жоқ тілік қалпақ кең тарады. Қазақтарда аяқ киім түрлері де, оның ішінде ерлердің аяқ киімдері алуан түрлі болды. Көбінесе олар қонышы тізеден асып тұратын өкшесі биік етіктер, жылқының немесе өгіздің терісінен тігілетін, аң аулағанда киетін тұмсығы қайқы жұмсақ етіктер, атқа мініп жүруге ыңғайлы жеңіл етіктер, сондай-ақ ешкінің терісінен тігілген мәсі және қатқыл теріден кебіс киді.
Әйелдердің киімі түрлі түсті матадан, жібектен, мақпал мен барқыттан тігілді. Киім үлгілері жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болды. Ұзатылмаған бойжеткен қыздар жас келіншектерден өзгеше жиегіне аң терісі тігілген әсем, шошақ үкілі бөрік киді. Жас келіндер алғашқы жылы тойға киген сәукелесін киіп жүрді. Бір жылдан кейін сәукелесін тастап, оның орнына желек тартты. Желекті тұңғыш баласын немесе екінші баласын туғанға дейін тақты. Отыз-қырық жастағы әйелдер кестелеп тігілген кимешек киді. Бірнеше баланың анасы.болған, орта жастағы әйелдер бастарына жаулық салды. Әйелдердің негізгі аяқ киімі былғарыдан тігілді.
Әйелдердің көпшілігі кебіс пен мәсі кисе, дәулетті адамдардың әйелдері мен қыз-келіншектерінің сән-салтанатқа арналған кестелі етігі, көксауыр былғарыдан күміс тағылып, әшекейлеп тігілген кебісі болды.
Мал шаруашылығымен айналысатын қазақтардың негізгі тамағы — ет, сүт, май, қымыз, шұбат тағы басқа да мал өнімдері болды. Жылқы етінен қазы-қарта, жал-жая, шұжық даярланды. Қазақтар етті сүрлеп ұзақ уақытқа дейін сақтай білді Мысалы, қыс түсерде сойған соғымның еті наурыз мерекесіне дейін, төрт-бес айға дейін сақталды. Сүттен май, қүрт, ірімшік жасады. Қарынға салынып тұздалған май да ұзақ уақытқа дейін бұзылмай сақталды.
Отырықшы халық егін егіп бидай, тары, жүгері өнімдерінен түрлі ас даярлай білді. Ұннан істелінген өнімдер көбінесе қыста пайдаланылды. Көшпелілер мен отырықшы халықтың және басқа көрші елдермен ынтымақтастық және сауда қарым-қатынаста болуы да тағам түрлерінің алуан түрлігінің арта түсуіне септігін тигізді.
Қазақ халқының қолданбалы өнері оның тұрмыс тірішілігімен, өмір салтымен тығыз байланыста дамыды және оның дамуы экстенсивті мал шаруашылығының басым болуына сәйкес келді. Халық өнері әсіресе киіз үйдің жасау-жабдықтарынан жақсы көрініс тапты. Киіз үйдің құрама бөліктері кереге, уық, шаңырақтарды жасау ерекше шеберлікті қажет етті. Әртүрлі түспен әшекейлеп тоқылған үйдің киіздері, басқұрлары, түңлік баулары киіз үйдің ажарын аша түсті. Киіз үйдің жиһаздарын түрлі-түсті текеметтер мен кілемдер, алашалар, кестеленген шымылдықтар, түрлі-түсті әшекейлер салынған сандыққаптар ерекше көріктендіріп түрды. Үйдің текемет, кілем және тағы басқа да жасауларын қазақ әйелдері дайындады.
Қазақтың сәндік өнерінде бірқатар техникалық тәсілдер, соның ішінде оюлап қиып өрнек салу, кестелеп тігу, бұрау, өру, термелеу әдістері кең қолданылды. Ою салудың дәстүрлі әдісі киізге ою басып салу болды. Бұндай әдіспен жасалған киіз текемет деп аталса, күрделі мозаикалық өрнек салынғаны сырмақ деп аталды. Қазақтың халықтық өнерінде кесте тігу кең қолданылды. Әйелдердің көйлектері, бас киімдері, жастық тыстары, шымылдық жиектері, жапқыштары және тағы басқалар кесте тігіп әшекейленді. Кесте тігу тек маталарға ғана емес, былғары және киіз бұйымдар-ға, түс кілемдерге, аяққаптарға және тағы басқаларға да салынды.
Қазақ халқының қолданбалы өнерінде бастырып өрнектеу әдісі де кең қолданылды. Ол ең алдымен торсық, көнек сияқты әртүрлі былғары заттарды әсемдеуде қолданылды. Қазақ әйелдері мен қыздары өрнек салу, кестелеу, кілем, алаша, ши тоқу техникасын жақсы меңгерді. Үй ішіндегі заттардан ою-өрнек салынбаған зат болмады десе де болады, киіз үйдің ішкі жасауы мен үй жиһаздары бәрі дерлік әшекейленді.
Темір ұсталары еңбек құралдары — балта, орақ, кетпен, айыр, күрек, шалғы және тағы басқалар соқты. Зергерлер сәндік бұйымдар — сырға, білезік, сақина, жүзік, шашбау, алқа, белдік және т.б. жасады. Олардың бетіне түрлі суреттер, гүлдер, оюлар салынды. Қару-жарақ ұсталары пышақ, қанжар, айбалта, садақ, найза жасады және оларды әртүрлі өрнектермен безендірді.
Халық арасында ағаш ұсталары да кеңінен танымал болды. Олар балташы, оюшы, ұсташы деп аталды. Оюшылар ағаштан әдемі түсті тостағандар, ожаулар, табақтар, қасықтар, күміспен, асыл таспен безендірілген әдемі сәнді үлкен шаралар, шыны-аяқ салатын ағаш құтылар жасады. Ағаш ұсталары сонымен бірге сандық, кебеже, ағаш керуерт, күбі, келі-келсап, қобдишалар және тағы басқаларды сәнді жасай білді. Өрімшілер мен тері илеушілер ер-тұрман, белбеу, белдік, торсық, былғары тоқым және аяқ киімдер жасады. Халық арасынан шыққан талантты шеберлер, ұсталар және зергерлер жасаған аса сәнді де көркем қолөнер бұйымдары ел арасында жоғары бағаланды.