Реферат Тақырыбы: Ежелгі Греция мен Рим шешендері



Дата14.05.2023
өлшемі18,22 Kb.
#92961
түріРеферат



Реферат

Тақырыбы: Ежелгі Греция мен Рим шешендері


Орындаған: Болат Аружан


Ежелгі Римде есті сөзді жоғары бағалай білген. Әсіресе, соғыс өнері мен шешендікті аспандатып бағаласа керек. Республикалық Рим өзінің көптеген мемлекеттік мәселелерін халық мәжілістерінде, сенатта, сотта шеше беріпті. Сөз өнері әсіресе, ер азаматтар үшін бағасы биік қазына болыпты. Содан бастап, римдіктердің ұлттық мінездері қалыптаса бастаған. Саясат пен құқық рим азаматтарына әдебиет пен өнерден гөрі жақынырақ болған.Рим республикасының қоғамдық өмірінің өзі шешендік өнерге өріс алып беруге игі ықпал еткен, өйткені, «сөз өнері-дертпен тең» деп, Абай айтқандай, Римде сөзді қадірлей, қастерлей білудің үздік үлгісі бар еді. Шешендік өнерге ешқандай тыйым салынбаған, ол бірте-бірте халық мінезімен бірге өрбіген. Қарапайым халық шешендердің соттағы сапасы жоғары сөздеріне лайықты бағаларын беріп, ең сәттілерін аңыздай таратып отырса керек. Әсерсіз, қатынас болмай, ештеңе өздігінен дамып кетпейді, әр нәрсенің өзінің шарықтау шегі боп жатады. Рим сөз өнеріне осы орайда Эллиндік грек мәдениетінің игі ықпалын айта кеткен орынды. Гректің риторикалық өнері Римнің реуішті сөзінің сапалы бола түсуіне әдемі әсерін тигізді. Грек және латын мектебінің арасында толассыз күрес жүріп жатқан кез еді. Екі риторикалық мектептің арасындағы тартыс Рим қоғамына да қозғалыс тудырды, яғни, ақсүйектер мен демократтық топтар арасындағы кереғарлықты күшейте түсті. Әрине, Цицерон ғұмыр кешкен заманда рим шешендік өнерінің өте асқақ дәрежеге жеткенін атап өту ләзім. Неге десеңіз, Цицерон шешендіктің шыңы да, соңы да еді. Цицерон тұсында ғана Рим қызыл сөзі Рим республикасымен бірге сахнадан көшеді. Императорлық кезеңінде сөз оты мүлдем сөніп қалмағанмен, бұрынғыдай жалын мінезінен, қалпынан ажырайды, саяси лепірме сөз азая бастады. Азаматтық және қылмыстық істерді қарайтын сот сөздері саяси мәнінен алыстайды. Сол уақыттың дәуірі салтанатты, салихалы сөзді тудыра бастайды. Сөйтіп, қызыл сөз көркем әдебиеттің белгілі бір жанрына айналды. Бұл сыпат латынның әдеби тілінің дамуына әкеліп соғады. Жарқылдақ қызыл сөз әдебиеттің барлық жанрларына жақындайды да, шешендер мен ақындар бірдей, бірегей риторикалық мектептен өтеді. Вергилий мен Овидии секілді ірі ақындарға риториканың бергені көп еді. Әсіресе, Овидии әсіреқызыл сөздерге әуес боламын деп, оқырмандар мен зерттеушілердің сындарына ұшырайды. Сөз өнері Тациит пен Ливий сынды майталман тарихшыларға аз сабақ болған жоқ. Олар тарихи фактілердің ішінен таңдаулыларын тебіренте білді. Шындықты шынайы шешендікпен бере білген соң да, кейде тарихи шындықтан ауытқып кеткен жерлері де жоқ емес. Сонымен, қызыл сөз бертін келе антикалық романның дүниеге келуіне себепші болды. Романның композициясы, стилистикасы, оның ішінде, болып жататын керағарлықтардың түп-тамырында риторикалық диалогтар жататын еді. Мұндай риториканың кейде әдебиетке де зияны тимей қалған жоқ, айталық, поэзияға әсері зор еді, алайда, поэзия тек қана жүректі тебірентетін шындықтан туатын құбылыс қой. Ендеше, оған оқта-текте айтылатын көтерме, лепті сөздер келмей қалады, яғни, өлеңді өмірден аулақтатып әкетеді. Дей тұрсақ та, риториканың көркем әдебиетке бергенін алып тастауға болмайды. Енді Рим шешендік өнерінің ең алғашқы қадамдарына оралатын болсақ, тағы да Цицерон шығармаларын шеткері қалдыра алмаймыз. Атап айтқанда, оның «Шешен», «Шешендік өнер», «Шешеннің қалыптасуы» атты еңбектері Рим республикасы дәуірлеген жағдайында ерекше қызмет атқарған еді. Өкінішке қарай, көптеген Рим шешендерінің туындылары біздің заманымызға толық, таза қалпында жете бермегенін ескерген жөн. Бұл орайда біздің қазақ шешендігі қазынасының халық көкірегінде жатталып, бізге жеткеніне шүкіршілік етеміз. Цицерон өзінің «Бруит» деген еңбегінде Римнің саяси өмірінде орындары бөлек шешендерді атап өтеді. Рим қызыл сөзінің басталуы 3-ғасыр деседі, өйткені, алғашқы жазбалар осы ғасырдан бастау алды. Біздің эрамызға дейінгі 3-ғасырда соттағы айтылатын сөздер белгілі бола бастаған еді, адвокаттық институт алға шыққан еді. Цицерон тұсында және бір сөз түрі – қабыр басында айтылатын көңіл білдіру, көңіл айту сөзі туған еді. Сөздің мұндай түрін Цицерон жақсы бағалай қойған жоқ еді, өйткені, мұнда шындық шынтақтай ғана болып, мақтау көл-көсір боп кететін. Кейін қағазға түскенде де, көп анық жайларды көлегейлеп көрсеткендей тұрушы еді. Ескі Рим шешендердің ішінен Катонды (234-149ж.б.э.д.) ерекше бөліп айтады. Рим мемлекетінің және Рим әдебиетінің тарихында оның орны өзгеше екені белгілі. Катон, сонымен бірге, ірі әскери қолбасшы да болған. Өте ақылды, қатал, айтқанынан қайтпайтын, ескі дәстүрді бұлжытпай ұстанған, батыл кісі екен. Бұл жағынан Катон біздің 15-18 ғасырлардағы ақын, жырауларымызды, әсіресе, Ақтамбердіні еске оралтады. Аузында алғыр сөзі, қолында оттай жарқылдаған найзасы, астында асау арғымағы ырғып тұрған Ақтамберді, Қазтуған, Көтеш сияқты ақын, жыраулар нағыз ел азаматы, шешені, батыры боп өткен еді. Катон сексен бес жыл ғұмыр кешіпті. Үш ұрпақтың серігі, санаттысы болып өсіпті. «Біреулермен өміріңді өткізіп, екінші біреулердің алдында ақталу қандай қиын» деген сөзді Катон айтыпты. Катонға Рим Демосфені деген атақ бекерге берілмесе керек. Катон елу рет сотқа қатысып, бәрінде де жеңіп шыққан, жүз елу сөзін қалдырған. Катонда табиғи талант, шешендік қасиет, мықты мінез, қоғамдық бедел болған. Әйтпесе, Катон бола алмас еді. Қазақтың айтулы шешендерінде де осында үздік нышандар, нысандар бар еді. Катонның жас шешендерге берген мынадай кеңесі бар: «Істі біл, ал, сөз өзінен-өзі келеді». Шын мәнінде істің мән-жайын жақсы меңгерген адам сотта шешен сөйлеп кетеді. Катон айтады: «Адам асқан бір қуанышты кезінде де сабырлы қалпын сақтау керек» дейді. Катон логикасы, ойлау жүйесі өте күшті аудиторияның психологиясын дәл ұстаған шешен еді. Катон қатып-семіп қалмаған, істің жай-күйінен үлкен ой сабақтап, таратып әкететін жан-жақты шебер шешен, қолбасшы, мемлекет азамат бола білген. Халық жиындарында, сенатта үнемі өз билігінде көрініп отыруға ұмтылған. Әлбетте, ондай кісінің дұшпандары да көп болады. Бірақ та, Катон қызғаныш найзасы сілтенген сайын, шиыршық атып, ширатылып, шеберлігін шыңға шығара білген. Катонның айыптау сөздері ақырын басталып, арыстандай айбарлы ақырып, аңқи жөнелетін теңіздің тентек тоқындарын көзге елестетіп тұрады. Бұл белгі табиғат берген таланттың құдіретті кескін-келбеті десе болар еді. Қазақ халқының ұлы шешендері – Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Төле билерді Рим сенатына апарып сөйлетсе, Катонмен иықтасып, талай лаврларды алып оралар еді. Цицерон айтады: «Шешендік өнер оттың басынан, бала кездегі тәрбиеден, әкеден, ұстазынан, анасынан басталады. Әрине, ана сүтімен баратын алғырлық, тапқырлық, ақтық, шыншылдық кейінгі өсу баспалдақтарында зор роль атқарады. «Болар бала боғынан» деп, қазақ бекер айтпайды. Сөзі асқақ, оты терең, табаны мықты, тірегі таудай салауатты, салихалы шешендердің түп-тамырларында, шығу тегінде нәрлі жемістің тұқымы өскен. Егер, Рим шешендерінде белгілі бір ережені, қағиданы есте ұстау қабілеті болса, қазақ шешендерінде тіл мен ойдың тоғысқан жүйріктігі, табиғи тапқырлық фәлсафасы, табан астынан суырып салу, қысқалығы, нұсқалығы басым келетіндей еді. Дала демосфендерінде арнайы аудитория, сенат алаңы болған жоқ-ты. «Көктөбенің басында күнде жиын» демекші, қазақтың кең даласының өзі ұлан-ғайыр ұлы аудиторияның өзі еді. Рим шешендері риторикалық материалдарды ретімен, орнықты, мықты пайдалана білген. Әсіресе, қоғамдағы әлімжеттік-әділетсіздіктерге, зорлық-зомбылыққа, шындықтың жүзін бүркемелеуге қарсы ұранды, ұлағатты сөздерін көтеріп отырған. Сыналатын субъектінің, не объектінің үлкен-кішісіне, дәрежесіне, қызметіне, байлығына қарамай, тура бетке айтқан. Соның ішінде, ағайынды Гракхаларды ерекше атайды. Ұтқыр да ұтымды, ойлы да, отты сөздерімен ағайындылар қарсыластарының беттерін шиедей еткен. Тибери мен Гай кей тұстарда сенатпен айтысып, бас кессе де, тіл кеспек жоқ дегендей ащы шындықты ақтарып салған. Тибери опат болғаннан кейін, Гай Гракха оның істерін ілгері апарып, жүзеге асыра берді. Бітіспес саяси күрескерлер ретінде бүкіл қауымға танылды. Цицеронның «Брут» атты еңбегінде жазғанындай, Гайдың сөзі жоғары, ойы дана, үні сенімге толы» еді дейді де, Гай сөздерін жастарға оқып үйренуге ұсынады. Гай кей тұста шешеннің мінезіне, қимылына күрт өзгеріс енгізді. Бір сенат жиынында сот туралы өз заңын ұсынып тұрып, сенатқа арқасын беріп, тыңдаушы халыққа арқасын, бетін бұра сөйлеген. Бұның өзі асқан батылдық еді. Сыншыл, мазмұны терең Гай сөздері сыртқы және ішкі істерде сатқындық жасаған ақсүйектерді сын садағымен түйреп тастаған. Гайдың халықты жақтап сөйлеген сөздерінде әсіре қызыл сөздерден гөрі, қарапайым сөздер жиі ұшырасады. Өйткені, айта білген адамға шындықтан артық сұлулық, дәлдік болмаса керек. Шын мәнінде Цицерон жоғары бағалағандай, Гай Гракха риториканың қырлары мен сырларын шебер меңгеріп, оны жақсы жүзеге асыра білген. Белгілі бір материалды меңгеру, тыңдаушы топтың тамырын дөп басып тұру және өз ойларын ортаға салу үлкен еңбекті талап етеді. 

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет