Алтын сақаның бас қаһарманы, идеялық нысанасы – халықтың арман-мұраты. Мұнда да халықтың аңсары ертегінің басты арқауы. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша бала, жалғыз бала және басқа әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі – халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер. «Алтын сақадағы» бала сондай кейіпкер. Онда классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Бала жұртта қалып қойған алтын сақасын алып келуге барып, жалмауыз кемпірге кез болған бала кемпірдің алдағанына сенбей, сақасын ат үстінен іліп алып, қаша жөнеледі. Мыстан кемпір тұра қуады. Осымен оқиға шиеленісе түседі. Бұл ертегіде де сайыста кейіпкер өз күшімен емес, керемет достарының арқасында жеңуі – батырлықтан гөрі қиял-ғажайып ертегінің заңдылықтарына жақындау.
Аяз би – қазақ ертегісі.
Ертегідегі Жаман – қазақ ауыз әдебиетіндегі ел басшысының үлгілі бейнесі. Ол – қарапайым, парасатты, адал, шыншыл, көреген, тапқыр, кішіпейіл, іззетті, көпшіл, қайырымды, қанағатшыл. Бұл қарапайым халық бұқарасының «елді осындай адам басқарса» деген арманынан туған бейне.
Аяз би туралы айтылатын ертегі-аңыздардың бәрінде дерлік Жаман қойшының Мадан хан сынынан өтуі, үйленуі, ханның күншіл, ақылсыз қырық уәзірін өлімнен құтқаруы, оның даналығын, достыққа адал, сертке беріктігін, әділдігін мойындаған хан өз тағын беруі сөз болады. Жаман хан болғаннан кейін де жыртық тоны мен жаман тымағын хан сарайы босағасына ілдіріп қояды. «Кей-кейде хандық тақтың буымен көңілім тасып, асып бара жатқандай болсам, соған көзім түседі де, тез тәубама келемін» дейді екен. Сөйтіп ол жыртық тоны мен жаман тымағын көрген сайын тәубасынан жаңылмай, өзіне-өзі: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп отыратын болған.
Өмірдегі реалды нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегі жанрының өзіндік қасиеті болғандықтан, ертегіші де оның мазмұнын барынша әсірелеп көрсетуге, сырлы да ғажайып етіп көрсетуге күш салады. Мәселен, «Аяз би» ертегісіндегі ханның әлсіз, жоқ-жітік, жаман қойшының ақыл-парасатын мойындап, оған хандық тағын сыйлап беруі өмірде әсте болуы мүмкін емес жағдай. Бірақ ертегіші осылай баяндайды, тыңдаушы оған иланады. Өйткені ертегіні айтушы да, тыңдаушы да өмірде бір рет болса да солай болғанын қалайды, соны армандайды. Қысқасы, Аяз биді өмірде болған тарихи тұлға дегеннен гөрі, халықтың «ел басқаратын адам осылай болу керек» деген арманынан туған Арман ханы, ел билеушіге тым ертеде ескерткен халық даналығы мен асқақ мұратының көрінісі деген орынды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.
“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998
Алаштың ардағы:(елтанымдық және тілтанымдық жинақ).Құрастырған Е.Е.Тілешов, Г.П.Әріпбек. Астана:"Руханият", 2010ж - 264 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |