Төмпешік асты (гипоталамус) көру төмпешігінің астында орналасқан және үшінші қарыншаның түбі болып табылады. Бұл жерде төбесі төмен қараған сұр дөңес ажыратылады. Сұр дөңес жұқа сұр табақшадан құрылған; ол бірте-бірте жұқарып, ұшында төменгі ми қосындысы – гипофиз – орналасқан түтікшеге ауысады. Сұр дөңес артында екі томпақ құрылымдар – емізік тәрізді денелер орналасқан, олардың иіс сезу жүйесіне қатысы бар. Сұр дөңестің алдында көру нервтерінің қиысуы орналасқан (хиазма). Гипоталамуста сонымен қатар бірнеше ядролар болады. Сұр дөңестің ядролары домалақ және полигональды пішіндегі ұсақ биполярлы жасушалардан құрылған. Көру арқаншасының үстінде супраоптикалық ядро бар, одан жоғарырақ, үшінші қарынша қабырғасының ішінде паравентрикулярық ядро жатады. Гипофиз ішкі секреция безі бола отырып, үш бөлікке бөлінеді – алдыңғы, ортаңғы және артқы. Артқы бөлігі гистологиялық тұрғыдан нейроглиялық құрылымды болады, ал қалған екеуі гормон бөліп шығаратын безді жасушалардан тұрады. Төмпешік астының, әсіресе сұр дөңестің, гипофизді жүйкелендіретін ядролары вегетативті функциялардың қыртыс астылық реттеушісі маңызына ие болады.
Эмбриология мәліметі бойынша, алғашқы алдыңғы ми көпіршігі әрі қарай дами келе ақырғы және аралық болып екіге бөлінеді. Осыдан, қыртыс, қыртыс асты және аралық ми қызметтері тығыз байланысты болады. Бұл құрылымдардың барлығы сыртқы ортаға бейімделудің (адаптация) өте күрделі қызметтерін атқарады. Мұнда басты рольді ми қыртысы және қыртыс асты құрылымдары атқарады.
Аралық ми қызметі мен ортаңғы мидан жоғары орналасқан мидың басқа да бөліктерінің қызметі рефлекстерді түрлендіру мен бірігуге, рефлекторлы қызметтің жаңа түрлерін орнатуға сайып келеді.
Аралық мидың күрделі құрылысы, нерв жүйесінің әртүрлі бөлімдерімен көптеген екі жақты байланыстары оның үлкен жарты шарлар қыртысының жалпы бақылауымен ылғи өзгеріп тұратын сыртқы ортада организмнің бірқалыптылығын сақтауға және организмнің өзінің ішкі қызметін реттеуге бағытталған әр үлгідегі және күрделі функцияларға қатысуын қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |