Ортаңғы ми
Ортаңғы ми (12-сурет) екі құрылымнан тұрады – ми аяқшалары және төрт қырат. Ми аяқшалары екі жуан тәж-талшықтардан тұрады, оның негізгі аумағын үлкен жарты шарлар қыртысынан бастап жүріп, миды кесіп өтіп, жұлынның алдыңғы және бүйір бағанасында жалғасып жататын пирамидалық (қозғалтқыш) жолдар құрайды.
Төрт қырат екі алдыңғы және екі артқы қыраттардан тұрады. Төрт қыраттың құрылысы күрделі, онда ядролар түзетін жасушалар жиынтығы болады да, жүйке жолдары сол жерге келеді. Алдыңғы қыраттарға қыртыстың шүйде бөлігіне көру тітіркенісін апара жатқан көру жолдары келеді, олардың кейбірі осы алдыңғы қыраттағы ядроларда үзіліп, әрі қарай жалғасады. Алдыңғы қыраттар жарық тітіркенісіне кеңістіктік-қозғалыс бағдарлануды қамтамасыз ететін рефлекторлық реакцияның орталықтары болып табылады. Артқы қыраттырға есту жолдары келеді, сондықтан олар дыбыстық тітіркеніске рефлекторлық-қозғалыс орталығы қызметін атқарады (басты бұру және т.б.).
Ми аяқшаларында қызыл ядролар орналасқан, олар қантамырларына өте бай болғандықтан қызыл түсті болады. Бұл ядролар ми қыртысымен, қыртыс асты құрылымдарымен, төрт қыратпен және мишықпен байланысты. Қызыл ядролардан жұлынды мидың қыртыстан төмен жатқан барлық бөлімдерімен байланыстыратын, экстрапирамидалық жүйе деп аталатын күшті қозғалтқыш жол (Монаков будасы) кетеді. Экстрапирамидалық жүйе арқылы вестибулярлық аппарат, мишық және қызыл ядролар дененің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді.
Қызыл ядролардан сыртқа қарай құрамында пигменті бар нейрондардың жиынтығы, қара субстанция, орналасқан. Ол ми қыртысымен, қыртыс асты құрылымдарымен (бозғылт шармен), қызыл ядролармен байланысты. Қара субстанцияның маңызы – бұлшық ет тонусын реттеу.
Ми аяқшаларының төменгі бөліктерінде ми қыртысын жұлынмен байланыстыратын төмен түсетін және жоғары шығатын жолдар өтеді.
Қызыл ядролардан латеральды көру төмпешігіне бағытталған сезімтал талшықтар шоғыры – медиальды ілмек өтеді. Төменіректе, төрт қыраттың артқы қыраттары деңгейінде мидың самай бөлігіне бағытталған есту өткізгіштерінің шоғыры – бүйір ілмегі өтеді.
Ортаңғы ми арқылы үшінші және төртінші қарыншаны қосатын арна өтеді – сильвий су құбыры. Оның айналасында орталық сұр зат деген атаумен біріктірілген нейрон топтары орналасады. Бұл аймақтың қабыну процесімен зақымдануы ұйқының бұзылуына әкеп соғады. Ортаңғы мидың сұр затында сонымен қатар үшінші және төртінші жұп бас-ми нервтері (көз-қимыл және шығыр нервтері) шығатын ядролар орналасқан, бұл нервтер алтыншы жұппен (сыртқа әкеткіш нерв) бірге көз алмаларының қозғалысын қамтамасыз етеді. Олардың зақымдануы қылилықтың алуан түрлеріне (страбизм), жоғарғы қабақтың түсуіне (птоз), қарашықтың кеңеюіне (мидриаз) әкеліп соғады.
Қызметтік тұрғыдан ортаңғы ми, басқа да қыртыс асты құрылымдары сияқты, өзгеріп отыратын сыртқы орта жағдайларына организмнің бейімделу (адаптациялық) қызметін қамтамасыз ететін күрделі рефлекстердің материалдық негізі болып табылады. Ортаңғы мимен, әсіресе төрт қыратпен, күзеттік деп аталатын күрделі шартсыз рефлекстің құрылуы байланысты. Бұл рефлекстің әсері нәтижесінде қашып кету, айналу, секіру және тағы басқа кенеттен пайда болған қауіптен құтылуға мүмкіндік беретін бірқатар күрделі автоматизмдер пайда болады. Күзеттік рефлекстің механизмі ортаңғы мидың рецепторлық және қозғалыс қызметтерін атқаратын көптеген өткізгіштерінің өзара қатынасы арқылы жүзеге асады. Бұл өзге сапалы, дәл белгілі бір мезетте қажет болатын бейімделу түрлерін түзетін әртүрлі автоматизмдердің жылдам қосылуын шақырады.
Достарыңызбен бөлісу: |