Вегетативтік жүйке жүйесінің физиологиялық ерекшеліктері: 1. Вегетативтік жүйкелер негізінен эфференттік жүйкелер. Олар қозуды орталықтан шеткі орналасқан ағзаларға жеткізеді (орталықтан тепкіш жүйкелер). Бірақ вегетативтік жүйкелер ішінде 10%-тей афференттік жүйкелер болады. Соңғы аталғандар қозуды ағза қабылдағыштарынан орталыққа жеткізеді (орталыққа тепкіш жүйкелер).
2. Вегетативтік жүйке жүйесінің (ВЖЖ) қозу қабілеті денелік жүйке жүйесіне (СЖЖ) қарағанда әлдеқайда төмен, ал хронаксиясы, қозу табалдырығы, керісінше жоғары. Мәселен, ВЖЖ хронаксиясы - 3-8, ал СЖЖ хронаксиясы - 0,04-0,75 с. ВЖЖ-нің лабилдігі - 10-15 гц, ал СЖЖ-де - 1000 гц. Осыған орай рефрактерлік кезең ВЖЖ-де өте ұзақ.
3. ВЖЖ-нің талшықтары арқылы қозу өте баяу өтеді. “В” тобына жататын миелинді талшықтарының қозу өткізу жылдамдығы секундіне 3-18 мс, ал миелинсіз талшықтар “С” тобын құрады, олардың қозу өткізу жылдамдығы 0,5-3 мс.
4.Вегетативтік жүйке жүйесінде постсинапстық қоздыру потенциалы ұзаққа созылады (50-80 мс). Денелік жүйке жүйесінде бұл потенциал 15-20 мс-тай. Вегетативтік жүйке жүйесінде әсіресе гиперполяризация фазасы өте созылыңқы келеді (300-1000 мс).
5. Вегетативтік жүйке жүйесінің әсерленісі өте баяу: біріншіден, қозу жүйке талшықтарынан өте баяу өтеді, екіншіден, түйіспелерде медиатор жәй бөлінеді және холиностеразаның белсенділігі төмен болғандықтан келесі қозу кеш туады. 6.Вегетативтік жүйке талшықтарының ұшынан медиаторлар - ацетилхолин не адреналин бөлінеді.
Медиатордың түріне қарай вегетативтік жүйкелер холинергиялық (ацетилхолин бөлетін) және адренергиялық (адреналин бөлетін) жүйкелер болып екі топқа бөлінеді. Холинергиялық жүйкелер тобына:
1) парасимпатикалық және симпатикалық преганглийлік жүйкелер;
2) парасимпатикалық постганглийлік жүйкелер;
3) симпатикалық постганглийлік тер бездерінің жүнкелері жатады.
Адренергиялық жүйкелер қатарында симпатикалық постганглийлік тер бездері жүйкелерімен қатар барлық постганглийлік симпатикалық жүйкелер болады. Сонымен холинергиялық жүйкелер саны адренергиялық жүйкелер санынан әлдеқайда басым. Кейбір жүйкелер ұшынан мүлде басқа медиаторлар (серотонин, гистамин, АҮФ, ГАМҚ т. б.) бөлінуі мүмкін.