Вегетативтік жүйке жүйесі Орталық жүйке жүйесін морфологиялық және физиологиялық ерек- шеліктеріне байланысты денелік және вегетативтік деп екіге бөледі.
Денелік жүйке жүйесі (ДЖЖ) қаңқа еттерімен байланысқан, ол организмнің түрлі қимылдарын, сыртқы ортада бір жерден екінші жерге жылжуын қамтамасыз етеді. Бұл негізінен жануарларға тән қызмет болғандықтан денелік жүйке жүйесін кейде анимальдық деп те атайды. Ал вегетативтік жүйке жүйесі (ВЖЖ) ішкі ағзалардың қызметін, заттар алмасуын, өрбу үрдістерін реттейді. Бұл жүйенің аты латынның vegetativus - өсу, өсімдік деген сөзінен алынған. Дегенмен де вегетативтік жүйке жүйесі тек өсімдіктерге тән істерге ғана емес, ол жануарлар мен өсімдіктерге ортақ үрдістерге әсер етеді.
Вегетативтік жүйке жүйесінің ерекшеліктері Вегетативтік жүйке жүйесін денелік жүйке жүйесімен салыстыра отырып, олардың морфологиялық (құрылысындағы) және физиологиялық (қызметіндегі) ерекшеліктерін байқауға болады. Вегетативтік жүйке жүйесінің морфологиялық ерекшеліктері:
1. Парасимпатикалық және симпатикалық бөлімдерден тұратын вегетативтік жүйке жүйесінің нейрондары орталық жүйке жүйесінің кейбір бөлімдерінде ғана орналасқан. Парасимпатикалық жүйке жүйесінің орталық нейрондары ортаңғы және сопақша мида, жұлынның сегізкөз бөлімінде, ал симпатикалық жүйке жүйесі жұлынның кеуде-бел бөліміндегі сегменттердің бүйір ашасында орналасқан.
2. Вегетативтік жүйке жүйесі қос нейронды. Олардың біреуі ми мен жұлын бөлімдерінде, екіншісі шеткі ганглийлерде орналасқан. Парасимпатикалық жүйке жүйесінің ганглийлері - ағзалар ішіндегі интрамуральдық түйіндер, ал симпатикалық жүйке жүйесінің түйіндері жотаны бойлай әрбір омыртқаның екі жағында тізбектелген және омыртқалар алдында алысырақ орналасқан үш мойын ганглийі, оның ішінде жұлдыз тәрізді түйін, құрсақ қуысында - шапақ тәрізді түйін, шажырқайлық ганглийлер бар. Нейрондардың орталықта орналасқан жүйке талшықтары преганглийлік (ганглийге дейінгі) талшықтар деп аталады. Олар серпіністерді орталықтан ганглийге дейін жеткізеді. Екінші нейрондардың жүйке талшықтары серпіністі ганглийден шыққан соң белгілі бір ағзаға апарады, олар постганглийлік (ганглийден кейінгі) деп аталады.
3. Вегетативтік жүйке денелік жүйкеден әлдеқайда жіңішке. Преганглийлік жүйке талшығы миелинді, оның диаметрі 3,5 мкм. Постганглийлік талшық миелинсіз, диаметрі 0,5-2 мкм. Парасимпатикалық постганглийлік талшықтар өте қысқа болады. 4.Әрбір ағзада симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелер тарамданған.