Көз алмасы шар пішінді. Оның алдыңғы және артқы полюстерін ажыратады. Көз алмасының орталық бөлігін - ядро деп атайды, оның сыртын 3 түрлі қабық қаптап тұрады. Көз аламасының сыртқы қабығын - фиброзды қабық деп атайды. Оның алдыңғы дөңестеліп келген бөлігі – қасаң қабық, артқы көп бөлігі – склера деп аталады.
Бұл қабықта қантамырлар болмайды. Көз алмасының ортаңғы қабығы – қантамырлар қабығы деп аталады. Оның алдыңғы бөлігі – нұрлы қабық, ортаңғы бөлігі - кірпікті дене, ал артқы бөлігі – нағыз тамырлы қабық деп аталады. Нұрлы қабықтың ортасындағы тесік көз қарашығы деп аталады.
Көз алмасының ішкі қабығы – торлы қабық деп аталады. Онда колба тәрізді және таяқша пішінді жарық сезгіш клеткалар орналасқан. Таяқша пішінді клеткалар қараңғылықты сезеді, ал колба тәрізді клеткалар күндізгі жарықты сезіп, заттың түсін ажыратады.
Жарықты қабылдау
Таяқша және сауытша тәрізді клеткаларда фокустық нүктелерде жинақталған сәулелердің әсерінен олардың ішіндегі арнайы заттар фотохимиялық реакцияға түсіп, ыдырай бастайды. Таяқша тәрізді клеткаларда родопсин, сауытша тәрізді клеткаларда иодопсин болады. Жарық сәулелерінің әсерінен родопсин ретинен мен опсинге ыдырап, қозу пайда болады. Ретинен А витаминінің туындысы, сондықтан бұл витамин жеткіліксіз болғанда адамның қараңғыда көру қабілеті төмендейді. Мұндай кемшілікті соқыр тауық немесе гемералопия дейді. Таяқша клеткалар өте әлсіз – 0,01 люкстен кем жарық сәулелерін сезеді
.
Люкс – жарық сәулелері 1 м қашықтықтан 1 м2 тегістікке тік түскенде пайда болатын жарықталуының дүниежүзілік өлшемі. 30 люкстен астам жарықты сауытша клеткалар сезеді.
Түсті жарықты қабылдау ілімінің негізін алғаш рет М.В.Ломоносов 1756 ж.қалаған.
Кейбір адамдар заттың түсін мүлде анықтай алмайды. Мұндай кемшілікті осы аурумен ауырған ағылшын ғалымы химик Дальтонның атымен дальтонизм деп атайды.
Дальтонизм (түсті ажыратпаушылық) — көздің көру қабілетінің бұзылуы нәтижесінде түсті ажырата алмаушылық. Түсті бірқалыпты сезетін адам негізгі үш түсті (қызыл, жасыл және көк) қабылдай алады.