Бейбіт құрылысқа бейімделу ауыртпалықтары.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бесжылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанға бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшiншi орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Төртінші бесжылдықта бүкіл елде өнеркәсіп өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсетін болып белгіленсе, Қазақстанда ол 2,2 есеге арту көзделді. Бесжылдық қорытындысында Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 2,3 есе, оның ішінде көмір шығару 2,5, мұнай-1,5, газ-1,9, электр қуатын өндіру 4,1 есе артты.
Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектар
жер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды iрiлендiру шаралары iске асырылып, республикада соғысқа дейiнгi 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсті.
Республикада төртінші бесжылдықта егіс көлемі бір миллион гектардан аса ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсiмi 47 654 центнерге жетіп, соғыстан бұрынғы дәрежесінен 89 пайыз асып түсті. Ірі қара малдың, қой мен жылқының жаңа түқымдары өсіп жетілді. Атап айтқанда, қазақтың ақ бас сиыры, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа түқым алынды. Малдың жалпы саны өсті: ірі қара-27, қой мен ешкі - 70, жылқы - 71 пайыз көбейіп, шошқа - 2,7 есе артты. Дегенмен ауыл шарушылығын өркендетуде елеулі қиыншылықтар мен кемшіліктер болғанын да айтуымыз керек. Бұл кезде республиканың мал шаруашылығы мейілінше ауыр жағдайда еді. 1951 жылы бар болғаны 4,5 миллион ірі қара (1928 ж. 6,5 млн. болған), 1,5 млн. жылқы (3,5 млн.), 127 мың түйе (1 млн.) болды. Тек қой саны бойынша, олардың тез өсетіндігі есебінен, 1928 жылдың дәрежесіне жақындады. 1928 жылы 18566 мың қой болса, 1951 жылы қой мен ешкінің саны 18036 мың басқа жетті.
1946 жылы қуаңшылық болып, астық шықпай, халық азық-түлік тапшылығының зардабын шекті. Колхоз, совхоз, МТС-тардағы техника ескірген, еңбек өнімділігі төмен еді. Ауыл шаруашылығының әртүрлі жарғысын бұзушылық етек алды. Колхоздардың меншігі талан-таражға түсті. Колхозшыларға еңбек күнге өнім бөлінбеді. Олардың еңбекке ынталылығы төмен болды. Осыған байланысты әкімшіл-әміршіл жүйе қатал саясат жүргізіп, село түрғындарын мәжбүрлікте ұстады. Олардың саяси құқықтары аяқ асты етіліп, туған жерлерінен кетуіне тыйым салынды. Еңбек ақы төлеуде теңгермешілік орын алды. Колхоздарда, совхоздарда өндірілген астықтың тұқымдық қордан басқасы мемлекетке дайындық қорына алынды. Сайып келгенде, өнеркәсіпті қалпына келтіру, оны жаңа деңгейге көтеру ауыл-селоны қанау есебінен іске асты.
1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екi жылдық мұғалімдер институттары жоғары бiлiм беретiн педагогикалық институттар болып қайта құрылды.
Жалпыға бірдей жетіжылдық білім беру туралы Заң одан әрі жүзеге асырылды. 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпыға білім беретін 9 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны жұмыс істеді, бұларда 1,5 млн. адам оқыды. Алайда, мектептердiң материалдық жағдайы онша болған жоқ. Олардың көпшiлігiнiң ғимараты болмады. Сондықтан оларға ғимарат салу, мектептердің ескірген, тозған үйлерін жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшілерінің тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Сонымен бірге олар клуб, кітапханаларға да жәрдемдесті. Кітап қорларын толықтыру үшін кітап, радиоқабылдағыш, т.б. мәдени құралдарды жинап берді.
Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстан экономикасы, әсіресе, өнеркәсіп саласы дамыды. Қазақстан еңбекшілері бесінші бес жылдықта (1951-1955 жж.) өнеркәсіпті дамытуда едәуір табыстарға қол жеткізді. Осы жылдары 200-ге жуық жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылды. Сол жылдары Қазақстанда энергетика, металлургия, кен рудасы, көмір, химия, машина жасау салалары дамыды. Түсті металлургия республика экономикасының жетекші саласына айналды. Елдегі ең ірі құрылыстардың бірі Қарағанды металлургиялық заводы (Қазақстан магниткасы) құрылысы басталды.Қарағандыда оннан астам шахта іске қосылды.
Алматы, Ақтөбе, Петропавл, Қарағанды қалаларындағы машина жасау заводтары жаңа станок жабдықтар жасайтын болды. Өнеркәсіп орындарында өндіріс процессін автоматтандыруда, механикаландыруда елеулі табыстарға қол жетті.
Соғыстан кейінгі жылдарда Кеңестер мемлекетінде идеология саласында бірталай саяси қуғын-қудалау болып өтті. Қазақстанда бұдан шетте қалған жоқ.
1953 жылғы 5 наурызда Коммунистік партия мен Кеңес Одағының басында 30 жылдан астам отырған И. В. Сталин қайтыс болды. Сталин өлгеннен кейін елде демократиялық қайта құру процесі қарқынды жүре бастады. Демократиялық өзгерістердің ықпалымен Кеңес өкіметі шамадан тыс орталықтандыруды босаңсытуға және одақтас республикалардың шаруашылық, саяси-мәдени құрылыс саласындағы құқықтарын кеңейтуге бағытталған кейбір шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл кезде Қазақстанның бюджет құқықтары кеңейтіліп, оның көлемі едәуір өсті. Атап айтқанда, 1951-1955 жж. өнеркәсіпке жұмсалған қаржының жалпы көлемі 1941-1950 жж. салыстырғанда 2,3 есе артты. Ал 1956 жылдан бастап табыстың кейбір түрлері бойынша республикалық бюджеттерге қаржы бұрынғыдан да көбірек бөліне бастады. Қазақстан бюджетінің шығыс көлемі - 1953-1960 жылдарда 7 еседен аса ұлғайды: 434, 9 млн. сомнан 3 млрд. 53 млн. сомға дейін жетті.
Жергілікті Кеңестердің шаруашылық және мәдени құрылыс істерінде, оның ішінде халыққа білім беру, сауда, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы құқықтары кеңейтілді. Кеңестерге жергілікті өнеркәсіп өндірісін жоспарлау және олардың өнімін бөлу, тұрғын үй салуды ұйымдастыру, қаржы-бюджет мәселелерін шешуде үлкен міндеттер жүктелді.
Одақтас республикалар құқықтарының кеңеюіне байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің заң шығару қызметінің белсенділігі артты, оның республикадағы шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылысқа іс жүзінде басшылық етудегі рөлі әжептәуір өсті. Сессияда қаралатын мәселелердің шеңбері кеңейді.
Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссияларының белсенділігі артты. Олардың саны 3-тен 8-ге дейін жетті. Өнеркәсіп және транспорт, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, сауда және қоғамдық тамақтандыру, халыққа білім беру және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылды. Олардың құрамына енгізілген депутаттардың саны 35-тен 167-ге дейін өсті. Мұндай өзгерістер мемлекет басына Н. С. Хрущевтің келуімен байланысты еді. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін билікке ие болған ол партия органдары мен ұйымдарының шаруашылық жұмысқа, басқару ісіне араласуына тоқтау салып, олардың қоғамдық істердегі рөлін біраз әлсіретті.
1951-1955 жылдары республикада Өскемен қорғасын зауыты мен оттегі станциясы, Зыряновск қорғасын комбинатының байыту фабрикасы, Балқаш шаңсорғыш фабрикасы пайдалануға берілді. Зыряновск қорғасын комбинатында қорғасын-мырыш концентратын, ал Балқаш мыс қорыту зауытында тазартылған мыс өндіру жолға қойылды. Жезқазғанда 5 қуатты шахта және байыту фабрикасы іске қосылды. Шымкент қорғасын зауыты өндіріс процесі тоқтатылмастан түбегейлі түрде қайта құрылды. Республика түсті металлургиясының бесжылдық ішіндегі жалпы өнімі 2,1 есе өсті. Еліміздегі ең ірі өнеркәсіп объектілердің бірі - Қарағанды металлургия зауытының (Қазақстан магниткасы) құрылысы басталды. Ферросплав өндіру артып, олардың әрбір түрін шығару ұлғайды.
Ал алтыншы бесжылдық кезінде республикада ірі пайдалы кен орындарының игерілуіне байланысты бесжылдық жоспарды ауыр өнеркәсіптің, әсіресе, электр қуаты мен отынды көп қажет ететін салалары үшін кәсіпорындар жүйесін жасау, қара және түсті металлургияның жаңа кәсіпорындарын, электр станцияларын салу, өнеркәсіптің басқа салаларын одан әрі өркендету міндеті қойылды. Бұл міндеттерді іске асыру барысында республиканың көптеген өндіріс орталықтарында ірі индустриялық кәсіпорындар салынды. Павлодарда алюминий, ферросплав және комбайн зауыттарын, прокат жабдықтары машина жасау зауытын, Жамбылда химия зауытын, Семей мен Шымкентте жаңа цемент зауыттарын салу қолға алынды. Қарағанды металлургия зауытында 2 домна пеші мен табақ қаңылтыр станын әзірлеу және пайдалану жоспарланды. Міне, осындай игі істердің арқасында 1960 ж. Қазақстанда 1950 ж. 17,3 млн. тоннаның орнына 32,3 млн. тонна көмір, 2,6 млрд. квт/сағат орнына 10,6 млрд. квт/сағат электр қуаты өндірілді. Дегенмен осы кезде электр қуатының желілері мен оны бөлу жүйелерінің құрылысы күрт артта қалды, мұның өзі республиканы электрлендірудің тиімділігін едәуір төмендетті.
Өндіріс процестерін автоматты түрде басқару мен бақылау ісі мұнай кәсіпшіліктерінде де қолданыла бастады. Еңбек процестерін энергиямен жабдықтау едәуір ұлғайды. Бір жұмысшыға шаққанда электр қуатын тұтыну 1941 жылға дейінгі деңгеймен салыстырғанда көмір өнеркәсібінде - 3,6 есе, химияда 13,8 есе артты.
Көлік жүйесіне де да көптеген техникалық жаңалықтар енді. Паравоздардың орнына сұйық отынмен жүретін локомотивтар келді. Тұңғыш тепловоздар 1957 жылы Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды, ал келесі жылы тепловоздар республиканың 3,5 мың км астам темір жолын қамтып, олар барлық жүк айналымының 40,5 пайызын тасыды.
Алтыншы бесжылдықта Қазақстан жұмысшыларының жаңашылдық пен өнертапқыштыққа деген ынта-ықыласы артты. 1957 жылы онымен 22,7 мың, 1958 жылы - 30 мың, ал 1960 жылы - 50 мыңға жуық адам шұғылданды. 1960 жылы түскен жаңашыл ұсыныстардың саны 74 мыңнан асты.
1957 жылы Кеңес елі бойынша, соның ішінде Қазақстанда да, бірқатар шаруашылық-ұйымдастыру шаралары іске асырылды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқару экономикалық әкімшілік аудандары негізінде территориялық принцип бойынша ұйымдастырылды. Олардың әрқайсысында халық шаруашылығы кеңестері құрылды. Өнеркәсіптік министрліктері таратылып, олардың кәсіпорындары халық шаруашылығы кеңестерінің қарамағына берілді. Бұл кеңестер республика Министрлер кеңесіне бағынды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқарудың ұйымдастырылуын одан әрі жетілдіру туралы Республика Жоғарғы Кеңесі қабылдаған /1957 ж/ заңға сәйкес республика территориясында 9 экономикалық-әкімшілік ауданы ұйымдастырылып, одақтық-республикалық және республикалық шаруашылық министрліктер таратылды. Халық шаруашылығы кеңестерінің қарамағына өнеркәсіп пен құрылыстың әр түрлі салаларының 2 мыңнан астам кәсіпорны берілді.
Қазақстанға Ресей мен Украина, Белоруссиядан және басқа да одақтас республикалардан тыңды жаппай игерудің бірінші кезеңінде /1954-1956 жж./ 640 мың адам келді, бұлардың ішінде 391,5 мың ауыл шаруашылық механизаторлары, 50 мың құрылысшы, 3 мың денсаулық сақтау қызметкерлері, 1,5 мыңдай мұғалім, 1 мыңнан астам сауда қызметкерлері және басқалар бар еді. Бұлардан басқа республикалардан механизация училищелерін бітіріп келген 66,7 мың адам және Қазақстанның училищелерінен келген 19,8 мың адамға республика совхоздарында жұмыс істеуге жолдама берілді. Республиканың жаңа совхоздарына жоғары және орта білімі бар 2088 адам директор, бас агроном, бухгалтер, инженер-техник, құрылысшы сияқты жұмыстарға жіберілді.
Тың игерудің экономикалық және әлеуметтік салалардың дамуына тигізген салдары да болды. Сонымен бірге оның экологиялық, демографиялық зардаптары да аз болған жоқ.
Тың игеру шұғыл, асығыс жүргізілді. Егістікке жарамсыз жерлер жыртылды, мал жайылымы азайып, мал шаруашылығына зиян әкелді. Осының салдарынан игерілген жерлердің біразы қуаңшылыққа айналды, көптеген өзен, көлдер жойылып кетті. 50-жылдардың ақырында Қазақстанда 9 млн. гектар жер эрозияға ұшарады.
Тың игеру Қазақстанның ұлттық-этникалық бейнесінің өзгеруіне әсер етті. Тың игеру кезінде Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп отырған қазақтарды келтіру мүмкіндігі туды, қазақ зиялылары сондай пікір де көтерді, бірақ бұл пікір ескерілмеді. Қазақстанға тың игеруге көптеген басқа ұлттың адамдары келді. Олардың ішінде басшы қызметкерлер, мәмәндар келді. Олар жергілікті кадрларды ығыстырды. Жергілікті жерлердегі қазақ мектептер жабылды, мектептер жаппай орыс тілінде оқытты. Қазақ тіліндегі газеттер жабылды. Мұндай көріністер интернационализм мен ұлттар достығының белгісі деп бағаланды.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің сонымен бірге үлкен азаптары мен көлеңкелі жақтары да болды. Атап айтқанда, басқа республикалардан келгендердің саны шамадан тыс көбейіп кетті. Жергілікті жерлерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірген мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Мұның өзі, бір жағынан, қазақ жастарының өз ұлтының тілінен, салт-дәстүрі мен мәдениетінен қол үзіп мәңгірттенуіне жол ашса, екінші жағынан жергілікті халықты орыстандыру саясаты қолпашталып, ашық жүргізіле бастады. Жер-су аттары орыс тіліне көшірілді. Мұндай орыстану процесінен халықты республиканың тәуелсіздігі ғана құтқарды. Бірақ бұл процесс соның өзінде де қазақ халқының, оның зиялыларының елеулі бөлігін өз ұлтының тілін білмейтін шала қазақ күйінде қалдырды. Осындай саясаттың салдарынан қазақ халқы өз республикасында азшылыққа айналды. 1959 жылғы сынақта республика халқындағы қазақтардың үлес салмағы (табиғи өсуі жоғары болса да) 8% кеміп, жалпы халықтың 29 пайызына түсіп қалды. Солтүстік облыстардағы қазақтардың үлес салмағы республикалық орташадан көп төмен болды. Жер су, қала, қыстақ аттары орысшаланды.
50-ші жылдардың екінші жартысында МТС-тар қайта құрылып, олардың қарамағында болып келген ауыл шаруашылық техникасы колхоздарға сатылды, бұл процесс 1959 жылы наурызда, яғни бір жылдың ішінде аяқталды. Бұрынғы МТС-тер орнына республикада 213 машина жөндеу станциясы /МЖС/ мен оның бөлімшесі құрылды. МТС-тердің техникасының бір бөлігі совхоздар мен ауыл шаруашылығын механикаландыру училищелеріне берілді, енді бір бөлігі колхоздарға сатылды.
Кеңестер мемлекетінде 1957 жылда шаруашылық реформасы енгізілді. Оның басты мақсаты бір орталықтан басқарылатын жоспарлы экономикалық жүйені өзгертіп экономиканы басқаруды жергілікті органдардың қолына беру болды. Халық арасында Н.С. Хрущевтың атымен аталған бұл реформа бойынша экономиканы басқаруды жергілікті жерлердің қолына беру мақсатымен экономика саласы бойынша құрылған министрліктерді, мемлекеттік жоспарлау комиссиясын таратып жергілікті жерлерде басқару-өндірістік аудандар құрылды. Бұл аудандарда өндірісті басқаратын халық шаруашылық кеңестері (совнархоз) құрылды. Совнархоздардың қолына сол аудандағы барлық шаруашылық объектілері берілді. Совнархоздар өз қоғамындағы шаруашылықтардың өнім өндіру, оны сату мәселесін өздері шешетін болды.
Республикада облыстардың орнына 9 өндірістік-әкімшілік аудан орнады. Бұл шараның нәтижесінде шаруашылықты басқару жергілікті жердің қолына өтті. Бұл әрбір кәсіпорынның, әрбір ауданның өндірістік мүддесін арттыруға, сөйтіп ел экономикасын дамытуға мол мүмкіндік ашты.
1964 жылы Л.И.Брежневтің билікке келуімен бұл орталықтан басқарылатын жоспарлы өндірістік жүйе қайта қалпына келтірілді.
Сталин қайтыс болғаннан кейін 50-ші жылдардың орта шенінен бастап жеке адамға табынушылықтың зардаптарын жойып, социалистік зандылықтарды қалпына келтіруге бағытталған бірсыпыра шаралар іске асырылды. 1956 жылы ақпан айында өткен партияның XX съезі Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптап, оның зардаптарын жою, партия тұрмысының нормаларын қалпына келтіру, ішкі партиялық демократияны өрістету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды құптады. "Жылымық жылдары" деген атпен тарихқа енген 50-ші жылдардың екінші жартысынан былайғы кезеңде көптеген игі іс атқарылды. Басшылықтың ұжымдық принципі енгізіліп, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесі босаңси бастады. Қағазбастылықпен, жиналыс, мәжіліс өткізумен әуестенушілікпен күрес күшейді. Ұлт мәселесіндегі бұрмалаушылықтар түзетіле бастады. Ұлттық республикалардың құқығы кеңейтілді. Қоғамдағы Кеңес ұйымдарының рөлі өсті. Республика партия комитеттерінде қоғамдық негізде жұмыс істейтін бірнеше комиссиялар құрылды. Бірақ олар өз жұмысында ешқандай оңды нәтижелер көрсете алмады. Көпшілігі басқа ұйымдардың штаттағы бөлімдерінің жұмысын қайталады.. Күрделі құрылысқа және мәдени-ағарту мекемелерін жөндеуге қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінбеді.
Достарыңызбен бөлісу: |