Ой бөлісейік:осы виртуалды қауымдастықтардағы ком- пьютерлер арасындағы коммуникация адамдар арасындағы жанды қарым-қатынасты алмастыра ала ма? Әлде бұл біздің әлеуметтік ортамыздың өрісін кеңейтудің тамаша тәсілі ме? Интернет адамдарды байланыстырудың мүмкіндігін арттыра ма, әлде бетпе-бет жеке қатынастарға қажетті уақытты қысқарта ма? Осы тақырыпқа байланысты пікірталасты қарастырайық.
Пікір: Интернет баспа білдегі мен телефон сияқты байланысты кеңейтеді, ал байланыс қарым-қатынасты білдіреді. Әріптерді басып теру көзбе-көз отырып әңгімелесуді азайтады, телефон бетпе-бет отырып тілдесуді қысқартады, бірақ соның арқасында біз уақыт пен арақашықтықтағы шектеулерге қарамастан, адамдармен байланыса аламыз. Әлеуметтік қарым-қатынастар желілерді түзеді, ал Интернет түпкілікті желі болып саналады. Бұл отбасымызбен, достарымызбен және туған-туысымызбен,
сондай-ақ – Интернет болмаса, ешқашан кездестірмейтін склерозбен ауыратын пациенттер, Әулие Николайдың коллекциясын жинаушылар немесе «Аш ойындар» жанкүйерлері секілді адамдармен тиімді түрде байланысуға мүмкіндік береді.
Қарсы пікір:бұл рас, бірақ компьютерлік байланыс жұтаң тартып барады. Оған жекелей, көзбе-көз, вербалды емес белгілермен және физикалық жанасулармен толықтырылатын қарым-қатынастың ерекшеліктері жетіспейді. Бірнеше смайликті айтпағанда, электронды хабарламалардың ишараты, мимикасы, дауыс ырғақтары жоқ. Оларды дұрыс түсінбей қалу – оп-оңай екені түсінікті де. Айқын эмоциялардың болмауы сан түрлі реакцияны туындатады.
Мысалы, дауыс ырғағы айтылатын әңгіменің маңызды немесе күлкілі екенін білдіруі мүмкін. Коммуникацияға түсуші адамдар өздерінің әзілдеп айтқан әңгімесі электронды хабарламамен де, ауызбен айтқанда да бірдей түсінікті болады деп ойлайды. Алайда электронды поштамен білдірілген бұл ниет түсінікті болмауы мүмкін (Kruger et al., 2006). Аноним жүретіндіктен, осындай түсініспеушілік нәтижесінде виртуалды пікірталастар нағыз «шайқас алаңына» айналып кетеді.
1990 жылдардың аяғында 4000 Интернет қолданушысының арасында жүргізілген зерттеу қорытындыларына сай, қолданушылардың 25%-ы интернетте өткізген уақыты олардың отбасымен және достарымен жүзбе-жүз және телефон арқылы сұхбаттасу уақытын қысқартқанын мойындады (Nie & Erbring, 2000) – қазіргі таңда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Телевизия секілді, Интернет те бізді шынайы қарым-қатынастарды қысқартуға итермелейді. Интернет-талқылаулар жүзбе-жүз отырып сөйлесуді алмастыра алмайды. Киберсекс жасанды жақындық болып саналады. Дербестендірілген веб-ойын-сауықтар адамдардың шынайы ойын ойнау үшін бас қосуын ығыстырып барады. Адамдардың жасанды қарым-қатынасқа бой ұрып, оқшаулануы өкінішті-ақ, себебі біздің ата-аналарымыздың кезіндегідей шынайы жүзбе-жүз кездесулер, мағыналы көзқарастар мен күлімсіреуге толы арақатынастар келмеске кетіп барады.
Пікір:адамдардың көбі Интернетті қоғамнан оқшаулайтын нәрсе деп ойламайды. 2014 жылы АҚШ-тағы Интернет қолданушыларының үштен екісі онлайн-байланыстың арқасында отбасы және достарымен арадағы қарым-қатынасы нығая түскенін мәлімдеді (Pew Research Center, 2014). Интернетте араласудың тиімді тұстары да бар. Интернетті тұтыну сырластық, жақындықты ығыстырумен бірге, теледидар қарауды да қысқартып отыр. Бір пернені басу арқылы жасалатын кибер-сатып алу жергілікті кітап дүкенінің саудасына кері әсерін тигізуі мүмкін, бірақ бұл жеке қарым-қатынастарға қалатын уақытты босатады. Дистанциялық жұмыстың да артықшылығы сол – адамдар жұмысын үйде атқарып, соның есебінен өз отбасына көбірек уақыт бөле алады.
Компьютер арқылы араласу неліктен мүмкін емес? Интернетте сіздің сыртқы келбетіңіз бен орналасқан жеріңіз маңызды емес. Сізбен байланыс орнатуға бұдан әрі сырт келбетіңіз де, жасыңыз да, нәсіліңіз де кедергі болмайды, енді бар зейініңізді ортақ қызығушылықтар мен құндылықтар секілді шынымен маңызды нәрселерге бөле аласыз. Өндіріс пен кәсіби ортада компьютераралық пікірталастар пікір білдіруші мәртебесінің ықпалына көне бермейді, яғни талқылаудың барлық қатысушылары үшін біршама объективті және тең құқылы болады. Компьютер арқылы коммуникацияға түсу жүзбе-жүз әңгімелескеннен гөрі сырыңды ашып, қысылмауға көбірек септеседі (Joinson, 2001) және бұл сырласулар әлдеқайда интимді болуы мүмкін (Jiang et al., 2013).
Интернет арқылы біреумен танысып, қатынас іздеу құрдымға кетіп барады. «Менің таныстарымның көбі онлайн танысуға тырысып көрген... алайда біраз уақытын біреумен сырттай танысып, сырласуға жұмсаған соң, ақыры кездескенде ол адамның өздеріне ұнамауы ызаңды келтіретін болып шықты», – деген ойын ортаға салды торонтолық бір әйел (Dicum, 2003). Бұл тәжірибе әлеуметтік психологтер Илай Финкель мен әріптестеріне таныс жағдай (2012). Романтикалық жарасымдықты зерттеу бойынша бір ғасырға жуық жұмыстың нәтижесінде олар «жарасымды жұп құрудың онлайн формулалары өз міндетін орындай бермейді» деген қорытындыға келді. Сұхбаттасу модельдері және жарасымдылықтың басқа да белгілері сияқты үйлесімді қарым-қатынастың үздік алғышарттары адамдардың бетпе-бет кездесіп, бірін-бірі жақынырақ тани бастағанынан кейін ғана пайда болады.
Қалай болғанда да, интернетте танысқан ерлі-зайыптылардың ажырасуға бейімділігі біршама аз, ал жұбайлық өміріне қанағаттану ықтималдығы жоғары болып шықты (Cacioppo et al., 2013). Интернетте қалыптасқан достық пен романтикалық қатынастар бетпе-бет қалыптасқан қатынастарға қарағанда біршама ұзақ, кем дегенде екі жылға дейін сақталуы мүмкін (Bargh et al., 2002; Bargh & McKenna, 2004; McKenna & Bargh, 1998, 2000; McKenna et al., 2002). Бір экспериментте адамдар интернетте танысқанда шыншылдау болып, жасандылыққа бой бермей, өзінің шынайы болмысын көбірек ашатынын көрсетті. Сонымен бірге олар 20 минут барысында бетпе-бет танысқан адамдармен салыстырғанда онлайн тілдескен адамдардың алдында өздерін әлдеқайда тартымдырақ сезінген. Оған қоса, бір адамды осы екі жағдайда күтпеген жерден кездестіріп қалғанда да осы ерекшелік сақталған. Сұраққа жауап бергендердің мәлімдеуінше, олар интернеттегі достықты шынайы өмірдегі қарым-қатынас секілді шынайы, маңызды және жақын сезінген.