Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
Математика және Физика,Информатика институты
РЕФЕРАТ
Тақырыбы:Тартымдылық және интимдік жақындық.Өзгелерге ықылас және сүйіспеншілік
Орындаған:МЕК 217 Тойбек Гүлнұр,Тоқтарғазы Ақбөпе
Тексерген:Ержанов.Е.Д
11-тарау
Тартымдылық және интимдік жақындық:
Өзгелерге ықылас және сүйіспеншілік
1. Достасу және өзгелерге қызығушылық неден туындайды?
2. Махаббат дегеніміз не?
3. Тығыз арақатынасқа не себеп болады?
4. Арақатынастар қалай аяқталады?
5. Постскриптум: махаббатты құру
«Әлемдегі ең құнды және ең әсем дүниелерді көзбен көре де, тіпті түйсіне де алмайсыз, олар тек жүрекпен ғана сезілуі мүмкін».
Letter from 11-year-old Helen Keller, 1891
«Әлемдегі ең құнды және ең әсем дүниелерді көзбен көре де, тіпті түйсіне де алмайсыз, олар тек жүрекпен ғана сезілуі мүмкін».
Letter from 11-year-old Helen Keller, 1891
Коммуникациялық революцияға не арқау болғанына шүбәсіз көзім жетті: бұл – адам баласына тән бір-бірімен байланысуға деген құштарлық.
Josh Silverman, President of Skype, 2009
Әлеуметтік «Мен» дегеніміз – өз қатарластары тарапынан мойындауға ие болу... Егер кіріп келгенімізде ешкім бұрылып қарамаса, біз сұрағанда ешкім жауап бермесе, істеген ісімізді ешкім елемесе және әрбір адам... біз мүлде жоқ сияқты әрекет етсе, ашуға бой алдырып, қатты ашынарымыз анық.
Біздің бір-бірімізге мәңгі тәуелділігіміз тіршілігіміздің негізіне айналған арақатынасымызға арқау болады. О баста, бәлкім, бұл қызығушылықтың туындауы – нақты ер адам мен нақты әйел адамның арасындағы құштарлық болған шығар. Аристотель адамдарды «әлеуметтік жануарлар» деп атаған. Шынында да, бізге әлеуметтік психологтер қандай да бір топқа тиесілі болу – басқалармен берік, тығыз арақатынаста болу мұқтаждығы деп атайтын бір сипат тән.
Әлеуметтік психологтер Рой Баумейстер мен Марк Лири (1995; Leary, 2010) әлеуметтік жақындықтың қуатын былайша сипаттайды:
• Біздің арғы аталарымызға өзара жақындық – топтаса отырып, аман қалуға мүмкіндік берді. Аң аулау немесе баспана салу кезінде екі қолға қарағанда он қол болғаны дұрысырақ.
• Махаббат құштарлығы балалардың дүниеге келуіне себепші, ал олардың аман қалуға деген мүмкіндігі бірін-бірі қолдайтын ата-аналары өсіріп, тәрбиелеп жеткізген жағдайда арта түседі.
• Балалар және олардың тәрбиесіне жауапты тұлғалар үшін әлеуметтік өзара қатынастар – аман қалудың кепілі. Кенеттен ажырап қалған ата-ана мен сәби бір-бірінің құшағында қайта қауышқанша, үрейлі сезімде болуы мүмкін. Ал балалар өздерін керексіз сезініп, еленбей өссе немесе қандай да бір топқа тиесілі емес жағдайда тәрбиеленген болса, олардың жүрегін – ауыр мұң, көңілін мазасыздық билейді.
• Адамдар өмірінің көп бөлігін бір-бірімен қарым-қатынас жасауға арнайды. Қанша уақыты адамдармен сөйлесуге жұмсалады? Белбеудегі жазба құралын пайдалана отырып зерттеу жүргізгенде, студенттердің 28% уақытын басқалармен әңгімелесуге бөлетінін білдік. Бұл – сұхбаттас адамды тыңдауға кеткен уақытты санамағандағы көрсеткіш (Mehl & Pennebaker, 2003).
• Адамның бетпе-бет байланыс құру мүмкіндігі болмаған кезде дүниежүзіндегі 7 миллиард адам 7 миллиардқа жуық тіркелген ұялы телефондар (International Telecommunication Union, 2014) немесе Facebook секілді әлеуметтік желілер арқылы бір-біріне дыбыстық және мәтіндік хабарламалар жіберіп отырады. Құрама Штаттарда колледжге түсушілердің 94%-ы әлеуметтік желілерді қолданады, оған қоса, солардың 27%-ы әлеуметтік желілерде тілдесуге аптасына 6 сағат немесе одан да көп уақыт жұмсайды (Eagan et al., 2014). 14–17 жастағы жасөспірімдердің жартысы күніне 100 немесе одан да көп мәтіндік хабарлама жібереді (Lenhart, 2012); 87%-ы күніне кем дегенде бір рет жазбаша хабарлама алмасады (Thompson, 2014). Қандай да бір топқа тиесілі болуға деген мұқтаждығымыз бізді үнемі байланыста болуға ынталандырып отырады.
• Осындай қарым-қатынас кезінде адамдар бір-бірімен ой бөлісіп, ішкі сезімдерін білдіріп жатады. Өзіңді қолдайтын, мойындайтын және сенімге лайық адамды тапқан кезде біз өзімізді өзгелерге керек адам ретінде сезінеміз. Ғашық болғанда біз шексіз бір қуанышқа кенелгендей боламыз. Серіктерімізбен, отбасымен және достарымызбен арадағы қатынастарымыз дұрыс болғанда, арақатынастарымыздың барометрі саналатын – өзімізді бағалау көрсеткішіміз арта түседі (Denissen et al., 2008). Қоғамның қабылдауы және махаббаты үшін барымызды салып, біз косметика, киім-кешек және диеталарға миллиардтаған қаржы жұмсаймыз. Тіпті сырт көзге өте менмен көрінетін адамдардың өзі басқалар тарапынан ықылас-ілтипат сезінсе, шексіз рахаттанды (Carvallo & Gabriel, 2006).
• Қуғынға ұшыраған, түрмеге қамалған немесе оңаша оқшауланып қамалған адамдар өздерінің туған-туысын және туған жерлерін ойлап қамығады. Біреу бізден теріс айналып жатса, біз депрессия қаупіне ұшыраймыз (Nolan et al., 2003). Уақыт өте береді, ал өмір мәнсіз болып көрінеді (Twenge et al., 2003). Үлкен университеттік қалашықта 3 ай тұрған шетелдік студенттермен сұхбат кезінде олардың көбі үйлерін сағынатынын және көңіл күйлерінің жабырқаулығын атап көрсеткен (Cemalcilar & Falbo, 2008).
• Тастанды болғандар, жесір қалғандар және жат жерде жүргендер үшін әлеуметтік арақатынастардың жоғалуы – қиналуға, жалғыздыққа және қоршаған әлемнен алшақтауға соқтырады. Өзара жылы қатынастарды жоғалтқанда ересектер қызғанышқа бой алдырады, ақылынан адасқандай болып абдырап қалады, сондай-ақ өмірдің өткіншілігі мен өлім туралы жиі ойланады. Әсіресе қандай да бір топқа тиесілі болу мұқтаждығы айқын байқалатын адамдар әдетте қоршаған ортасын, мекенжайын ауыстырғанда үйін сағынып, жабығады (Watt & Badger, 2009).
• Өлім туралы ойлар, өз кезегінде, біздің қандай да бір топтың мүшесі болу, қасыңда жақын адамның болуы, өзіміздің жақсы көретін адамдарымыздың ортасында болуға деген мұқтаждығымызды арттыра түседі (Mikulincer et al., 2003; Wisman & Koole, 2003). 11 қыркүйекте лаңкестікке тап болғанда миллиондаған америкалықтар өз сүйіктілерімен байланысуға асықты. Оған қоса, сыныптастың, әріптестің немесе отбасы мүшесінің кенет о дүниелік болуы адамдарды жақындастырады, арадағы өкпе-ренішті ұмыттырады.
Әлеуметтік өзара қатынастарда қандай да бір топқа тиесілі болу мұқтаждығы дегеніміз – басқалармен тұрақты жақсы қарым-қатынаста болып, байланысуға деген ниет.
Біз – шынында да әлеуметтік жануармыз. Біз әлдекімге тиесілі болуымыз қажет. Басқа да мотивациялар секілді, біз тиесілігіміз болмаған жағдайда соған ұмтыламыз да, мұқтаждығымыз қанағаттанғанда өз ізденісіміздің басылғанын сеземіз (DeWall et al., 2009, 2011). Біз қандай да бір топқа шынымен тиесілі болғанда – жақындарымыздың, интимдік арақатынастарымыздың қолдауын сезінгенде – біз өзімізді анағұрлым сергек және бақытты сезінеміз. Қоғамның мүшесі болу мұқтаждығымызды адами мұқтаждықтардың тағы екеуімен – дербестік пен құзыреттілікті сезінумен үйлестіре алсақ, нәтижесі де көп күттірмейді, рухани тепе-теңдікке қол жеткізіп, ерекше бір сезімді бастан кешіреміз (Deci & Ryan, 2002; Milyavskaya et al., 2009; Sheldon & Niemiec, 2006). Бақыт дегеніміз – өзіңді жарамды, еркін және қабілетті сезіну.
Әлеуметтік психолог Киплинг Уильямс (2001, 2007, 2009, 2011) біздің бір нәрсеге жарамды болуға деген мұқтаждығымызға остракизм (шеттету немесе елемеу әрекеттері) кедергі келтіргенде не болатынын зерттеді. Барлық мәдениеттердегі адамдар – мейлі, ол мектепте, жұмыс орнында немесе үй тұрмысында болсын, қоғамдық мінез-құлықты реттеу үшін остракизмді қолданады. Біздің кейбіріміз шеттеп қалудың – еленбей қалу, менсінбейтін көзқарасты байқау немесе бет бұрып сөйлегенде жауапсыз қалудың қандай болатынын білеміз. Сұхбаттасыңыз тарапынан сіздің сұрағыңызға жауапсыз үнсіздік – «эмоциялық зорлық» және «өте қорқынышты қару» іспетті. Бұл – осындай қатынасты отбасы мүшелерінен немесе әріптестерінен көргендердің сөзі. Бір экспериментте доп лақтыру деген қарапайым ойында жеңіліп қалған адамдардың қатты жабырқап, тіпті ашуланғанын байқадық. Остракизм жаралайды және әлеуметтік абыржуға ұшыратады – бұрын-соңды остракизмге душар болмаған адамдар оны бастан кешірген кезде қатты күйзеледі (Nordgren et al., 2011). Остракизм тіпті жәбірлеуден де ауыр болуы мүмкін: жәбірлеудің шамадан тыс теріс ықпалы болғанымен, жоқ дегенде, жәбірленген адам жақсы болсын, жаман болсын, бұл өмірде өзін біреулер елейтінін біледі, ал остракизм адамды мүлде керексіз етіп тастайды (Williams & Nida, 2009). Бір зерттеуде остракизмге тап болған, бірақ жәбір көрмейтін балалар өздерін жәбірленуге душар болған, бірақ остракизмге жолықпаған балалармен салыстырғанда нашар сезінгені анықталды (Carpenter et al., 2012). Егер біз осындай қоғам теріс айналғандарға көбірек көңіл бөлсек, бәлкім, қоғамымызда бақытсыздық азаяр ма еді?
Кейде, мысалы, біреулер өздерін мойындату үшін қалаған адамдарына бас салып шабуыл жасаған (Reijntjes et al., 2011). Өзін-өзі жегідей жеген адамдарға дефляция ауыр тиеді. Бірнеше экспериментте өз құрдастары тарапынан шеттетуге кездейсоқ тап болған студенттер ортаға сіңісіп кеткендермен салыстырғанда өздерін тым оңаша ұстаған (мысалы, журналдар оқу арқылы басқалардан оқшауланған) және олардың өз мінез-құлқын реттеуге қабілеттілігі біршама төмендеген (мысалы, олар жүйкесін тәтті тоқаш жеу арқылы тыныштандыруға бейім болған; [Baumeister et al., 2005; Twenge et al., 2002]). Осыған қарағанда, «жұбынан ажырап қалған адам балмұздақты көп жегісі келеді» дейтін стереотип шындыққа жанасатын сияқты.
Бұл өзін-өзі бақылаудың бұзылу салдары болуы мүмкін: остракизмге ұшыраған адамдарда ұнамсыз мінез-құлыққа бөгет жасайтын менталды үдерістердің баяулауы байқалады (Otten & Jonas, 2013). Зертханадан тыс, «қоғамнан шеттетілген» балалар шамамен екі жыл өткен соң өзін-өзі реттеуге байланысты қиындықтарға тап болған, мысалы, бастаған істерін бітіре алмаған және басшылыққа бағынғысы келмеген (Stenseng et al., 2014). Сондай-ақ зертханалық эксперименттерде әлеуметтік тұрғыда шеттетілген адамдар өзін-өзі кемсітуге бейім, өздерін ренжіткендерге қатысты жағымсыз эмоцияларға бой алдырғыш, айналасындағыларға көмек көрсетуге салғырт және алдау мен ұрлық жасауға жақын болған (Kouchaki & Wareham, 2015; Poon et al., 2013; Twenge et al., 2001, 2007). «Егер шағын ғана зертханалық эксперимент барысында жасанды «шеттетілгендер аралы» осыншама агрессия туындатса, – дейді зерттеушілер, – онда «қандай да бір қоғамда түрлі шеттетілу немесе өз ортасына сыйыспау салдарынан қаншалықты агрессивті және әлеуметтік тұрғыда қауіпті жағдайлар болуы мүмкін» деген сауалдың туындауы өте орынды».
Уильямс пен Стив Нида өз экспериментінде (2011) қатысушылар ешқашан жолықпайтын, бет-жүзін көрмейтін адамдардың тарапынан «кибер-остракизмнің» ықпалына тап болса, оның да әсері ауыр болатынын анықтап, таңғалды (мүмкін, сіз мұндайды ортақ чатта сізді ешкім елемегенде немесе сіздің электронды хатыңызға ешкім жауап бермегенде сезінген боларсыз). Зерттеушілердің экспериментіне екі қарсылас өзара доп лақтырудан веб-ойын ойнайтын ондаған елдерден келген 5000-нан астам сыналушы қатысқан (шын мәнінде, олар – компьютерлік ойыншылар). Басқа ойыншылардың тарапынан остракизмге ұшырағандардың ұнжырғасы түсіп, келесі тапсырма туралы жағымсыз, жөнсіз пайымдауларға анағұрлым бейім бола бастады. Қоғамнан шеттету беймаза адамдарды қаттырақ жаралайды (Zadro et al., 2006). Бұл жасы үлкен адамдарға қарағанда жастарға ауыр тиеді (Hawkley et al., 2011). Сонымен қатар остракизм қоғамдық шеттетуге ұшыраған топтың тарапынан көрсетілсе де, оңайға соқпайды (Ку-Клукс-Кланның австралиялық мүшелеріне жүргізілген эксперименттен [Gonsalkorale & Williams, 2006]).
Толедо университетінің психология факультетінде Уильямс пен әріптестері (2001) эксперименттің әрбір қатысушысы басқа төрт қатысушының өздерін елемей, шеттеткенінен қатты күйзелгенін айтты. Басқа қатысушылар «бұл бір күлдіргі рөлдік ойын еді ғой» дегеніне қарамастан, қолдан жасалған остракизм жұмыстың шырқын бұзып, дұрыс орындалуына кедергі жасаған әрі «уақытша уайым, мазасыздық, паранойя тудырып, жалпы көңіл күйдің құлдырауына себеп болған». Біздің бір нәрсеге жарамды болуға деген мұқтаждығымызға кедергі жасау – өмірімізді күйретумен тең.
Остракизмге ұшыраған адамдарда ми қыртысы аймағында жоғары белсенділік байқалады, ол физикалық ауруды да туындатады (1-сурет). Остракизмнің әлеуметтік күйзеліс сезімі, физикалық қиналу секілді, агрессияны арттырады (Riva et al., 2011). Ренішті сезімдер депрессияға, жүрек соғуының жиілеуіне ұшыратады (Moor et al., 2010). Қайғы сезімі инфарктіге жеткізуі әбден мүмкін.
Шынында да, әлеуметтік шеттету кесірінен күйзеліс сезімінің мида шынайы сезілуі соншалық – ауыруға қарсы қолданылатын Тайленол дәрісі ауыруды басуға көмектесуі мүмкін (DeWall et al., 2010), ми аймағына электр тогын жібергенде қандай әсер болатын болса, қоғамның елемеуі, шеттетуі де солай шынайы ауру түрінде сезіледі (Riva et al., 2012). Остракизмге қарама-қарсы махаббат сезімі мидың қалпына келу жүйесін белсендірек етеді. Университет студенттері сүйіктісінің суретіне қарап отырып, қолдарын суық суға малғанда физикалық жайсыздықты айтарлықтай азырақ сезінген (Younger et al., 2010). Остракизм – нағыз ауыруды сезіну, ал махаббат – ауырғанды басатын табиғи дәрумен.
Бір эксперимент барысында адамдардан өздері әлеуметтік шеттетілген, мысалы, басқалар шығып кеткенде жатақханада жалғыз қалған кезін еске түсіруді өтінгенде, әлеуметтік мойындалу тәжірибесін еске түсіруге тырысқандармен салыстырғанда, сұралғандар үшін тіпті бөлме температурасы бес градусқа салқындап кеткендей болып сезілген (Zhong & Leonardelli, 2008). Мұндай жағдайлар еске оңай түседі: өткен шақтағы әлеуметтік шеттетілу салдарынан бастан өткен күйзеліс адамдар жадында ұзақ мерзімге сақталып қалады, сондықтан дененің ауыруына байланысты сезімдерге қарағанда моральдық күйзелістер еске оңайырақ оралады (Chen et al., 2008). Мұндай заңдылықтың болуы тек сыналушыларға ғана емес, экспериментті орындаушыларға да қатысты: басқаларды шеттету бұйырылған студенттер остракизмге ұшырағандармен қатар қапаланып (Legate et al., 2013), өздерін адамгершілік қасиетінен айырылғандай сезінген (Bastian et al., 2012).
Рой Баумайстер (2005) зерттеулерден «ауытқу» тапты. Шеттетілгеніне көп уақыт болмаған адамдар жаңа дос табудың қауіпсіз мүмкіндігін сезінгенде «жан-жағындағыларға қызығушылық танытып, тіпті оларды қабылдауға даяр секілді болып көрінеді». Олар басқа адамдардың күлімсірегенін анағұрлым байқағыш болады (DeWall et al., 2009). Шеттетілу тәжірибесі де өзара қатынасуға деген бейсаналық талпыну барысында мінез-құлық мимикасын арттырады (Lakin et al., 2008). Баумайстердің айтуынша (2005), «айналасындағы адамдарға керек болуға деген мұқтаждықты қанағаттандыру қоғамдық деңгейде де өз нәтижесін әкелуі қажет».
Әлеуметтану саласындағы әріптестерімнің айтуынша, біз зертханалық жағдайда бақылаған жайттардың көбін өздерін шеттетілгендей сезінетін азшылық топтар да көрсетіп жатады: агрессияның жоғары қарқыны мен әлеуметке қарсы мінез-құлық, өзара ынтымақтасуға және тәртіпке бағынуға деген ынтаның төмендігі, интеллектуалды өнімділіктің кемшін болуы, өзін-өзі күйрету әрекеттерінің басым болуы, бірдеңеге зейін қоюдың қысқамерзімдігі және т.б. Егер адамдар өздерін қоғамның құнды мүшелері ретінде сезінетін жағдай туғыза алса, трагедиялық заңдылықтар азаяр еді.
Эксперименттік жағдайдағы драмалық нәтижені ескере отырып, ұдайы шеттетудің ұзақ мерзімді салдары қандай болмақ деп ойлайсыз?
Зорлық рецепті: 13 елдегі 126 мектепте болған атыстарға жасалған шолу – атушылардың 88 пайызы мектепте әлеуметтік шеттетуге тап болғандар немесе әлеуметтік жанжалды бастан өткізгендер екенін көрсетті (Sommer et al., 2014). 2014 жылы Санта-Барбарадағы Калифорния университеті маңында 7 адамды өлтірмес бұрын түсірген жантүршігерлік бейнежазбасында Эллиот Роджер өзінің әйелдер тарапынан шеттетуге тап болып келгенін айтып берді
ДОСТАСУ ЖӘНЕ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ НЕДЕН ТУЫНДАЙДЫ?
Жақындық, дене тартымдылығы, ой-пікірлердің ұқсастығы мен сезімдердің ортақтығын ұғынудан ұнату мен махаббатқа дейінгі жол
Аяқтарымның қалай қозғалатынын және іштегі ұяң сезімдерімнің себебі неде екенін, өзімнің достық сезімімнің қалай туындайтынын және басқаның достық лебізін қалай қабылдайтынымды айта алмаймын.
Walt Whitman, Song of Myself, 1855
Достар дегеніміз – міндетті түрде сізге ең қатты ұнайтын адамдар дегенге сенбеймін, бұлар жай ғана сізге достықты бірінші болып ұсынған адамдар болуы мүмкін.
Sir Peter Ustinov, Dear Me, 1979
Бір адам екінші адамды сүйе ме немесе оны жай ғана ұната ма – мұны анықтайтын не? Адам табиғатына қатысты кейбір сауалдар өте үлкен қызығушылық тудырады. Ынтық болу түрлері қаһармандардың бейнесі мен телехикаялардың сюжеттік желісіне, танымал музыка, романдар мен күнделікті өмірдегі әңгімелердің көбіне арқау бола отырып таралады да ғайып болады. Әлеуметтік психология секілді саланың барын білгенге дейін мен [DM] Дейл Карнегидің «қалай дос табуға және айналадағыларға қалайша ықпал етуге болатынын» баяндайтын ақыл-кеңестерін есіме сақтап алған болатынмын.
Ұнату мен махаббат туралы жазылған дүниенің көптігі сонша – барлық мүмкін болатын анықтамалар да, оған қарама-қайшы пікірлер де жеткілікті. Адамдардың басым көпшілігі үшін, соның ішінде сіз үшін де, ұнату мен махабатты қандай факторлар туындатады?
• Ұнату объектісіне қатысты сезімдер оның жоқ кезінде арта түсе ме? Әлде «көзден кетсе, көңілден кеткені ме?»
• Өзіңізді біреудің ұнатқанын қалайсыз ба? Әлде керісінше ме?
• Тартымды сырт келбеттің мәні неде?
• Сіздердің жылы сезімдеріңізге не себеп болды?
Достыққа жетелейтін факторлардан бастап, содан соңғы арақатынастарды жалғастырып, тереңдете түсетіндерін қарастырсақ. Достармен және отбасымен арадағы тығыз қарым-қатынастар денсаулығыңның мықты болуына және бақытқа қол жеткізуіңе себеп болады
ЖАҚЫНДЫҚ
Қандай да бір екі адамның дос болатынын не болмайтынын шешуші мықты алғышарт – олардың көрші болуы. Сонымен қатар жақындық өшпенділікке де себеп болуы мүмкін; шабуылдар мен кісі өлтіру жағдайларының көбі бір-біріне көрші тұратын адамдар арасында болып жатады. Дегенмен жақын тұру көбіне жылы сезімнің оянуына әсер етеді. Мұны Лейпциг университетіндегі Митя Бэк пен әріптестері растады (2008), олар студенттерді алғашқы топтық жиналыста кездейсоқ ретпен отырғызып, олардың әрқайсысына бүкіл топтың алдында өзін-өзі қысқаша таныстырып өтуді тапсырды. Осы бір реттік тапсырмадан соң, бір жылдан кейін студенттер сол бірінші топтық жиналыста қасында не жақын маңда отырған адамдармен жақынырақ151 қарым-қатынас құрғанын мәлімдеген. Сол секілді, мәселен, бейсболда төрешілердің бүкіл ойын барысында өзіне ең жақын тұратын қорғаушыны жазалау ықтималдығы өте төмен (Mills, 2014).
Романтикалық махаббаттың тылсым табиғатына сенетіндер үшін бұл тым қарабайыр болып көрінгенімен, әлеуметтанушылар адамдардың көбі өзінің өмірлік жұбын көрші тұратын немесе өзімен бірге бір кәсіпорында, не бір компанияда қызмет ететін, немесе бір оқу курстарына баратын, я болмаса қызығушылығы ортақ адамдардың арасынан табатынын баяғыдан- ақ байқаған (Bossard, 1932; Burr, 1973; Clarke, 1952; McPherson et al., 2001). Зерттеуші Пью некелескен немесе ұзақ уақыт жақын байланыста болған адамдар арасында сауалнама жүргізіп (2006), олардың 38 пайызы жұмыста немесе мектепте, ал кейбірі жақын маңдағы жерлерде, шіркеуде, жаттығу залында кездесіп жүргенін немесе балалық шағын бірге өткізгенін баяндайды. Айналаңызға көз салыңыз. Егер неке құрған болсаңыз, жарыңыз сізбен көршілес немесе қызметтес немесе жаяу жүріп жететін жерде оқыған адам болуы әбден мүмкін.
ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСУ
Өз сүйгенімнің қасында болмаған кезде мен қасымдағыны сүйемін.
E. Y. Harburg, Finian’s Rainbow, London: Chappell Music, 1947
«Функционалды арақашықтық» – географиялық жақындықтан да маңыздырақ ұғым, ол адамдардың қаншалықты жиі жүздесіп отыратынын білдіреді. Біз өзімізбен бір мекемеде істейтін немесе бір автотұрақтарды және демалыс орындарын пайдаланатындармен достасып жатамыз. Кездейсоқ бөлмелес болып, бір-бірімен жиі араласуға мәжбүр болғандардың қас болғаннан гөрі жақын дос болып кету ықтималдығы жоғары (Newcomb, 1961). Мен [DM] дәріс беретін колледжде бір кездері жігіттер мен қыздардың жатақханалары кампустың қарама-қарсы жағында орналасқан болатын. Сондықтан олар бір-бірімен көп кездесе бермейтін. Қазіргі кезде олар жынысына қарай бөлінбейтін жатақханаларда тұрып, ортақ жүргінші жолдарын, көпшілік тұтыну орындарын, демалыс орындары мен кір жуатын бөлмелерді пайдаланатындықтан, ерлер мен әйелдер арасында достық қарым-қатынас орнай бастады. Адамдар арасындағы өзара әрекеттестік бір-бірінің ұқсастықтарын зерттеуге, бірін-бірі сезінуге, жақсырақ танып-білуге және өздерін қоғамның бір құрамдас бөлшегі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді (Arkin & Burger, 1980). Ғылыми-зерттеулердің бірінде бейтаныс адамдар өзара әңгімелесе келе, бірін-бірі қаттырақ ұната бастаған (Reis et al., 2011).
Сонымен, егер сіз енді ғана жаңа қалаға көшіп келіп, өзіңізге достар тапқыңыз келсе, пошта жәшіктері маңынан – пәтер, ортақ кофе қайнатқыштан алыс емес үстелден – бос орын, негізгі ғимараттар жанындағы автотұрақ немесе жуынатын орны ортақ жатақхана бөлмесін табуға тырысыңыз (Easterbrook & Vignoles, 2015). Осылайша сіздің дос табуға деген мүмкіндігіңіз артады.
Байланыстардың осындай кездейсоқ сипаты өмірде болатын кейбір жайларды түсіндіруге көмектеседі. Келесі мысалды қарастырайық: сіздің бір ұрықты егізіңіз бар және ол некелесті делік, егіз сыңарыңыздың таңдауы сізге де ұнауы мүмкін деп ойлайсыз ба (себебі сыңарыңыз екеуіңіз өте ұқсассыздар ғой)? Ғалымдар Дэвид Лайкен мен Аук Телеген (1993): «Бір ұрықты егіздердің тек жартысы ғана сыңарының таңдауын ұнатқанын айтып, олардың тек 5 пайызы ғана «мен егіз сыңарымның жарына ғашық бола алар едім», – деп мойындағанын мәлімдеді. Лайкен мен Телеген романтикалық махаббатты көбіне «үйрек балапандарының импринтингіне» ұқсас деп есептейді. Қасымыздағы адамдарды күнде көріп, сөйлесіп жүретіндіктен, ортадан өзімізге үйлесетін ұқсас біреуге ғашық бола аламыз.
Жақын жүрген адамдар неліктен бірін-бірі ұнатады? Негізгі факторлардың бірі – қолжетімдік, егер адамдар түрлі мектептерге барып, екі бөлек қалада тұратын болса, олардың танысуға деген мүмкіндігі екіталай екені айдан анық. Дегенмен тағы бір мәселе бар. Адамдардың көбі екі бөлмеден кейін тұратын көршілерге қарағанда өзімен бөлмелес немесе іргелес
бөлмеде тұратын адамдарды көбірек ұнатады. Алайда екі бөлме әрі тұратындар немесе тіпті бір қабат төмен тұратын көршілер соншалық алыс, жету қиын жерде тұрады деу қиын ғой. Оған қоса, алыс тұратын көршілер дос болуы да, жау болуы да ықтимал. Ендеше, не себепті арақашықтықтың қысқа болуы қастасуға қарағанда жақындасуға көбірек ықпал етеді екен?
Өз қасыңдағылармен жақындықты сезу: адамдар жиі көріп жүретін әріптестеріне құштар, кейде ғашық та болады
ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСУ АНТИЦИПАЦИЯСЫ (ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСУДЕН ДӘМЕЛЕНУ)
Жақындық адамдарға өзара ұқсастықтарын тауып, біріне-бірі ілтипат білдіруге жол ашады. Дегенмен өзара әрекеттесуден дәмеленудің/әрекеттесу антиципациясының өзі адамдардың бірін-бірі ұнатуына ықпал етеді. Джон Дарли мен Эллен Бершайд (1967) осындай тұжырымға келесі эксперимент нәтижесінде келді: олар Миннесота университетіндегі әйелдерге белгілі бір екі әйел туралы екіұшты ақпарат беріп, солардың бірі құпия әңгімелесу үшін кездесуге келетінін жеткізді. Экспериментке қатысушылардан осы екі әйелдің қайсысы көбірек ұнағанын сұрағанда олар «кездесуге келеді» дегенін таңдады. Біреумен жолығуды күтудің өзі ұнату сезімінің пайда болуына себін тигізеді (Berscheid et al., 1976). Сайлауда жеңілгеннің өзінде, жеңілген тараптың сайлаушылары жеңіске жеткен үміткерді жаманатты ететін дәлелдер таба алады (Gilbert et al., 1998).
Бұл феномен бейімделгіштік сипатта. Ұнатамын деп дәмеленген адамдар, яғни кездесетін адаммен әңгімеміз де, ой-пікіріміз, көзқарасымыз да үйлеседі деп күтетіндердің өзара тиімді қарым-қатынас қалыптастыруда мүмкіндігі анағұрлым басым болады. Антиципациялық ұнату – біреудің сүйкімді және үйлесімді болатынын күту – нәтижелі арақатынас құру мүмкіндігін арттыра түседі (Klein & Kunda, 1992; Knight & Vallacher, 1981; Miller & Marks, 1982). Біздің өміріміз сан түрлі адамдармен құрылатын арақатынастарға толы. Қаласақ та, қаламасақ та, біз бірталай адаммен – бөлмелес көршілермен, бауырлармен, ата-әжелермен, ұстаздармен, сыныптастармен, жұмыстағы әріптестермен – үнемі әрекеттесіп отыруға мәжбүрміз. Әрине, осы адамдарды ұнату арақатынастардың жақсаруына, бақытты да жарасымды өмір сүруге жағдай жасайды.
ҚАЙТАЛАП ҚАРАУДЫҢ ЫҚПАЛЫ 152
Сізге өз есіміңіз қаншалықты ұнайды? Алты зерттеу тұжырымына сай, Йохен Гебауэр мен әріптестерінің мәлімдеуінше (2008), өз есімін ұнату – имплицитті және эксплицитті өзін-өзі бағалаудың сенімді көрсеткіші.
Жақын болу өзара әрекеттесуге және алдын ала көңіл қоюға жағдай жасайды, бірақ ұнату сезімінің туындауы осыған ғана байланысты емес. Жақындықтан ұнатудың пайда болуының тағы бір қарапайым себебі бар: 200-ден астам эксперимент көрсеткендей, ескіден қалған «Жақын болған сайын қадірің кетеді/Алыстан сыйласқан дұрыс» мақалы орынсыз, тым жақын болу жек көруге соқтырмайды. Тіпті, керісінше, ол адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін оятады (Bornstein, 1989, 1999).
Түрлі бейтаныс стимулдар – белгісіз сөздер, қытай иероглифтері, музыкалық туындылардың фрагменттері, бейтаныс адамдардың суреттері көз алдына жиі түсіп тұрса, соның өзі адамдарды соларды құп көруге итермелейді. Nansoma, saricik және afworbu деген түрік сөздері iktitaf, biwojni мен kadirga сөздеріне қарағанда жақсы бірдеңені білдіре ме? Роберт Зайонц (1968, 1970) зерттеген Мичиган университетінің студенттері осы сөздер арасынан өздері бұрын-соңды жиірек кездестіргендерін көбірек ұнатқан. Өздері мағынасын білмейтін сөз немесе қытай иероглифі неғұрлым көзге жиі түскен сайын, олар оның мағынасы соғұрлым жақсы болуы тиіс деп болжаған Мен [DM] осы идеяны студенттерімнің көмегімен тексеріп көрдім. Ауық-ауық экран бетіне бірқатар мағынасы жоқ сөзді шығарып отырдым. Оқу семестрінің аяғына қарай студенттер өздері мағынасын білмейтін, бұрын көрмеген сөздерді түсінбесе де, анағұрлым позитивті қабылдай бастады. Егер қандай да бір дауыл айтарлықтай зиян шектіретін болса, ол дауылдың атауы жиі қайталанып жатады, сондықтан балаларға осы дауылдың атауының бірінші әрпінен басталатын есімдер беріле бастайды – мұның бәрі қарапайым көзге түсу ықпалының әсері (Berger et al., 2012).
Басқа бір мысалды қарастырайық: әліпбидегі сіздің ең сүйікті әріптеріңіз қандай? Этностары, меңгерген тілдері бөлек, жас мөлшері әрқилы адамдар өз есімдерінде кездестіретін әріптер мен өздерінің туған тілінде жиірек кездестіретін дыбыстарды ұнатады (Hoorens & Nuttin, 1993; Hoorens et al., 1990; Kitayama & Karasawa, 1997; Nuttin, 1987). Француз студенттері өз тілінде ең сирек қолданылатын W әрпін ең ұнамсыз әріп ретінде бағалайды. Қор нарығындағы ынталандырғыштарды зерттеу барысында америкалық студенттер өз есімдерінің бас әрпінен бастап аталатын акцияларды сатып алғанды жөн көретіні дәлелденді (Knewtson & Sias, 2010). Жапон студенттері есімдеріндегі әріптерді ғана емес, өздерінің туған күндерінің сандарына сай келетін сандарды да ұнататын болып шықты. Тұтынушылар бағасы өздерінің туған күнін (15-і күні туылғандар үшін 49.15$) және есімдерінің бас әрпін (F әрпінен басталатын есім үшін fifty-five (55)) еске түсіретін өнімдерді таңдайды екен. Бұл ықылас, бағасы заттың басқасына қарағанда жоғары болса да, сақталатын болып шықты (Coulter & Grewal, 2014).
Осы бір «есім әрпінің әсері» қайталап қарау ықпалынан да басқа бірдеңені білдіреді (қараңыз: Назар аударыңыз. «Трансформациялық қоғамдағы көшбасшылық өзіңмен ассоциацияланатын заттарды ұнату»).
Қайталап қараудың ықпалы «көп қайтара тыңдалған музыкалық туындыға немесе әбден дәмі үйреншікті болған тағамды ұнату сезімі әлсіреп кетеді» деген біржақты түсінікті теріске шығарады (Kahneman & Snell, 1992). Егер қайталану тым жалықтыратындай болмаса («Тіпті ең жақсы әуен де тым жиі тыңдалса, зеріктіреді» дейді корей мақалы), әдетте бұл ұнатуды арттырады. 1889 жылы Парижде салынып біткен Эйфель мұнарасы гротеск жоба ретінде жаппай келеке етілген болатын (Harrison, 1977). Қазіргі таңда ол – Париждің сүйікті символы.
Сонымен, Париждегі Луврға келушілер Мона Лизаны шынында да ерекше көркемөнер шығармасы болғаны үшін қастерлей ме, әлде олар жай ғана таныс бейнені көргеніне қуанышты ма? Екі нұсқа да дұрыс болуы мүмкін: оны білу дегеніміз – ұнату. Эдди Хармон-Джонс пен Джон Аллен (2001) бұл феноменді эксперимент барысында зерттеді. Ғалымдар адамдарға әйелдердің бет-жүзі бейнеленген суреттерді көрсетіп отырды, сонда олардың жақ бұлшық еттері (күлкісі) қайталанып жатқан суреттерді көргенде белсендірек бола түсті. Қайталап қараудың ықпалы жағымды сезімдерді туындатады.
Адамдар стимулдарды бейсаналы түрде қабылдаған кезде қайталап қарау ықпалының әсері күшейе түседі (Bornstein & D’Agostino, 1992; Hansen & Wänke, 2009; Kunst-Wilson & Zajonc, 1980; Willems et al., 2010). Бір экспериментте әйелдер бір құлаққаптан – әуен, екіншісінен сөз тыңдады; одан соң оларға әуенге мән бермей, бар зейінін сөзге бөліп, осы сөздерді дауыстап қайталау тапсырылды. Артынша әйелдерге осы естіген әуендерін бұған дейін ойналмаған әуендермен араластыра отырып, тыңдауға бергенде олар бұл әуендерді ажырата алмады. Алайда олар алдында естіген әуендерді көбірек ұнатқанын мойындады. Өз басынан өткен нәрселердің көбін саналы түрде еске түсіре алмайтын амнезияға шалдыққан науқастардың өзі жақын арада көрген адамдардың жүзін жылы қабылдайды екен (Marin-Garcia et al., 2013).
Байқап қарасаңыз, бұл тәжірибелердегі адамдардың естіген немесе көргенінен туындайтын стимулдар нәтижесінде қалыптасатын жалпы түсініктеріне саналы пайымдарға қарағанда бейсаналы түйсінулер көбірек әсер етеді. Бәлкім, саналы түрде неге екенін өзіңіз де түсінбесеңіз де, аяқ астынан және интуитивті түрде бірдеңені немесе біреуді ұнататыныңызды немесе ұнатпайтыныңызды байқаған кезіңіз есіңізде болар. Зайонцтың айтуынша (1980), «эмоциялар көбіне ойлаудан да шапшаң. Эмоциялар ойлаудан тек жартылай ғана тәуелсіз болады (аффект танымға дейін орындалады, реакция жете түсінгенге дейін іске асып қояды)». Зайонцтың осындай тамаша идеяларының бірі соңғы кездердегі миды зерттеу жұмысы барысында қолдау тапты. Эмоция мен таным мидың екі бөлек тұстарында іске асырылады. Маймыл миының бадамша бездері (эмоцияларға қатысты ми бөлігі) зақымдалса, оның эмоциялық реакциялары бұзылады, бірақ оның когнитив функцияларының қызметі еш залалсыз жалғаса береді. Гиппокамп зақымдалатын болса (мидың еске сақтау қабілетіне байланысты бөлігі), оның когнитивтік қабілеті бұзылады, алайда бұл эмоциялық реакцияларға еш әсер етпейді (Zola-Morgan et al., 1991).
«Қайталап қарау ықпалы әсерінің «адаптивтік мәні зор», – дейді Зайонц (1998). Бұл – біздің ұнату және құштарлық сезімдерімізді ыңғайлап отыратын «бекем» феномен. Осы қабілет біздің арғы ата-бабамызға – адамдар мен заттарды, таныс және бейтаныс, сенімді және қауіпті деп бөліп жаруға көмектесті. Екі бейтаныс адам неғұрлым көбірек пікірлесіп, сөйлескен сайын, олар бір-біріне соғұрлым көбірек ұнай бастайды (Reis et al., 2011).
Қайталап қарау ықпалының әсері біздің айналамыздағыларға қатынасымызды анықтайды: бізге таныс адамдар ұнайды (Swap, 1977). «Егер ол таныс болса, демек, бұл сіздің жаныңызға жақын», – дейді Зайонц (Bennett, 2010). Бұл әсер кері бағытта да іске асады: ұнайтын адамдар сізге таныс сияқты болып көрінеді (мысалы, жүзі суық бейтаныстарға қарағанда жүзі жылы адамдар) (Garcia-Marques et al., 2004).
Қайталап қарау ықпалының кемшін тұсы – ол біздің бейтаныс дүниенің барлығына сенімсіздікпен қарайтынымызда. Бұл адамдардың өздеріне ұқсамайтындарға қатысты дағдылы, бейсаналы, біржақты түсінігін білдіреді. Үш айлық сәбилер өздерінің нәсілдік ұнатушылықтарын танытып үлгереді: егер оларды өз нәсіліндегі адамдар тәрбиелеп жатса, өздеріне таныс нәсілдегі адамдардың жүзіне қарағанды көбірек ұнатады (Bar-Haim et al., 2006; Kelly et al., 2005 2007).
Біз өзіміздің көзге үйреншікті келбетімізді көбірек ұнатамыз. Бір керемет экспериментте зерттеушілер әйелдерге өздерінің суреттері мен айнадағы кескінінің суретін көрсеткен. Осы екі суреттің қайсысы қаттырақ ұнайтынын сұрағанда, олар өздері айнадан көріп үйреніп қалған суретін таңдаған (біздің суреттеріміз ешқашан өзімізге толық ұнамайды, оған таңданудың қажеті жоқ). Ал сауалнамаға қатысқан әйелдердің жақын достарына сол екі суретті көрсеткенде, олар шынайы суретті таңдаған, өйткені оларға сол бейне үйреншікті (Mita et al., 1977). Қазір біздің жиі-жиі селфи суреттер түсіріп, өзімізді көруге мүмкіндігіміз бар кезде бұл нәтижелер басқаша болады деп ойлайсыз ба?
Жарнамашылар мен саясаткерлер осы құбылысты өз мүддесіне сай пайдаланады. Адамдардың белгілі бір өнім немесе үміткер туралы нақты пікірі болмаған кезде қарапайым ғана қайталау арқылы сатылымдарды немесе дауыс беруді арттыруға болады (McCullough & Ostrom, 1974; Winter, 1973). Жарнаманы шексіз қайталау нәтижесінде сатып алушылар осы өнімді ойланбастан, үйреншікті және жағымды дүние ретінде қабылдай бастайды. Веб-парақшаларда бренд-атаулы тауарлардың қайта-қайта шығып отыратын жарнамасын көрген студенттер, бұл жарнаманы көргендері естерінде болмаса да, осы брендке қатысты жағымды пікірде болған (Courbet et al., 2014). Егер үміткерлер салыстырмалы түрде танымал болмаса, әдетте солардың арасында БАҚ арқылы ең көп көрсетілгендері сайлауда жеңіске жетіп жатады (Patterson, 1980; Schaffner et al., 1981). Қайталап қарау ықпалының әсерін жете ұғынатын саяси стратегтер көптеген дәлелдер келтіріп, үміткердің есімін «шегелеп» жататын жаттанды сөздерді қысқаша жарияланымдар және дыбысты хабарламалармен алмастырады.
Вашингтон штатының Жоғары Сотының құрметті басшысы Кейт Кэллоу бір қарағанда жеңіске жетуге ешбір мүмкіндігі жоқ қарсыласы Чарльз Джонсоннан 1990 жылы жеңіліп қалғанда осыдан үлкен сабақ алды. Қылмыстық істер мен ажырасуларды қарастыратын белгісіз адвокат Джонсон «соттарға қарсы шығу қажет» деген қағиданы ұстанып, сот лауазымына өз кандидатурасын ұсынып, өтінім берді. «Үміткердің ешбірі сайлауалды жарыста ешкімді үгіттеген жоқ және БАҚ бұл тартысты елемеді. Сайлау болатын күні осы екі үміткердің есімдері олар туралы ешқандай қосымша ақпаратсыз шықты – тек екі есім қатар тұрды. Нәтижесі: Джонсонның пайдасына – 53 пайыз және қарсыласына 47 пайыз дауыс берілді. «Онда Кэллоуларға қарағанда Джонсондар көбірек болып шықты», – деп мәлімдеді жеңіліс тапқан сот түк түсінбей дал болған заңгер қауымға. Шынында да, Штаттардың ең үлкен газеті жергілікті телефон анықтамасынан 27 Чарльз Джонсонның барын анықтады. Солардың арасында жергілікті сот Чарльз Джонсон да бар еді. Оған қоса, көрші қалада штат аумағындағы кабельді телевизияда бағдарламалары көрсетілетін тележүргізуші Чарльз Джонсон тұратын. Екі бейтаныс есімдер арасынан таңдау жасау қажет болғанда көптеген сайлаушылар Чарльз Джонсонның үйреншікті, таныс есіміне дауыс бергенді жөн көрген.
Қарапайым көзге түсу ықпалының әсері. Басым көпшілігіміз секілді болса, неміс канцлері Ангела Меркель өзінің шынайы келбетіне қарағанда (оң жақта), күнделікті таңертең тісін тазалағанда көріп жүрген айнадағы кескінін артық көруі мүмкін.
Біз, адамдар, өзімізге ұнағанды жақсы көреміз және, жалпы, өзімізге ұнаймыз да. Оған қоса, біз өзімізге тиімді біржақты түсініктерге бейімбіз, сондай-ақ Бретт Пелхэм, Мэтью Миренберг пен Джон Джонс (2002) жасырын эгоизм деп атаған қасиетті байқатамыз: бізге өзімізбен ассоциацияланатын дүниелер ұнайды.
Осы ұнамды дүниелер қатарына есіміміздегі әріптер және өзімізге бейсаналы түрде қатысы бар деп санайтын адамдар, жерлер мен заттар жатады (Jones et al., 2002; Koole et al., 2001). Егер бейтаныс адамның немесе саяси қайраткердің бет-жүзі өзімізге тән сипаттарға сай аздап өзгертілсе, бізге осы жаңа келбет қаттырақ ұнайтын болады (Bailenson et al., 2009; DeBruine, 2004). Сондай-ақ бізге эксперименттік нөмірі өзіміздің туған күнімізге ұқсас адамдар тартымды көрінеді, тіпті өз тағдырымызды есімі мен тегі өзіміздің аты-жөнімізге ұқсас адаммен байланыстырамыз, мысалы, оның есімі біздің есімімізбен бірдей әріппен басталуы мүмкін (Jones et al., 2004).
Осындай ұнатулардың себебі өзімізге білінбесе де, біздің өміріміздегі басқа да басты шешімдерге, соның ішінде біздің орналасқан мекенжайымыз бен мансабымызға ықпал етуі мүмкін. Джексонвильде халқы біршама көп Филадельфияға қарағанда ер адамдар арасында Джек есімі 2,2 есе жиі кездеседі. Сонымен қатар онда Филипп есімді адамдар да 10,4 есе көп. Сондай-ақ Вирджиния-Бичте Вирджиния есімді адамдар тым көп.
Осыған орай, сәбиге есім таңдауда оның туған жерінің атауы ықпал етеді деуге бола ма? Мысалы, джорджиялық тұрғындар өз балаларына Джордж немесе Джорджия деген есім бергенді қалай ма? Солай да шығар, алайда бұл құбылыс штаттарда көптеген адамдардың тегі сол штаттардың атауларымен неліктен ұқсас болатынын түсіндірмейді. Мысалы, Калифорнияда есімдері Кали деп басталатын адамдар саны көп (Калифано секілді). Сол сияқты, Торонтода Тор деп басталатын адамдар саны айтарлықтай басым.
Елдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда, Сент-Луисте Луис есімді ер адамдар 49% көп. Хилл, Парк, Бич, Лэйк немесе Рок есімді адамдар көбіне атаулары өз есімдерін қамтитын қалаларда тұруға бейім келеді (Парк-Сити сияқты). «Адамдарға атауы өз есімдеріне ұқсас жерлер көбірек ұнайды», – деп есептейді Пелхэм, Миренберг және Джонс (2002).
Одан да қызығы – біз мұны ойдан шығарған жоқпыз – адамдар өз есімдеріне байланысты мансапты таңдайтын секілді. Құрама Штаттарда Джерри, Деннис және Уолтер – танымалдығы жағынан бірдей есімдер (осы есімдердің әрқайсысына адамдардың 0,42 пайызы ие). Дегенмен Америка стоматологтерінің арасында Джерри немесе Уолтерге қарағанда Деннис есімді адамдар екі есе жиі кездеседі екен. Сонымен қатар стоматологтер арасында Деннис сияқты Беверли немесе Тэмми есімдері де 2,5 есе жиі кең тараған. Джордж (George) немесе Джеффри (Geoffrey) есімді адамдар атауы «гео» – сөз алды қосымшасынан басталатын ғылыми бағыттар арасында жиі кездеседі (геологтер, геофизиктер және геохимиктер). Оған қоса, 2000 жылғы президенттік сайлау науқанында тегі B және G әріптерінен басталатын адамдар, сәйкесінше, Буш пен Горды қолдауға өз үлесін басқалармен салыстырғанда көбірек қосқан.
Жасырын эгоизм феноменіне күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Ури Симонсон (2011a, b) жасырын эгоизм зертханада да байқалып жататынын мойындап, адамдардың есімдері, кәсіптері мен мекендері арасындағы ассоциацияларды анықтады. Бірақ, оның айтуынша, кейде мұны «кері себептілікпен» де түсіндіруге болады. Мысалы, көшелер көбінесе сол көше тұрғындарының құрметіне аталады, ал қалаларға көбіне сол қалалардың негізін қалаушы тұлғалардың есімдері беріледі (Уильямс – Уильямсбургтің негізін қалаған). Сондай-ақ қаланың негізін қалаған адамның ұрпақтары қалаға жақын маңда тұрып жатуы мүмкін. Осыған орай, Пелхэм мен Маурисио Карваллоның пікірінше (2011), әсерлердің кейбірі – әсіресе мансап таңдауда – өте мардымсыз. Дегенмен олардың сөзіне қарағанда жасырын эгоизм – аса сезілмейтін болғанымен, шынайы, бейсаналы теріс түсінік.
Жасырын эгоизмге негізделген ұнату, жақсы көру сезімдері туралы оқи отырып, маған [DM] бір ой келді: Форт-Майерске жасаған саяхатымның маған ұнағаны да осыған байланысты ма? Мен неліктен көңіл күй, бұқаралық ақпарат құралдары мен неке туралы жаздым екен? Профессор Мердокпен не себепті қызметтес болдым? Бұл заңдылық Сьюзидің жағалауда ұлу қабыршағын (seashell ['si:∫el]) сатып отыруының сырын да түсіндіре ала ма?
ДЕНЕ БІТІМІНІҢ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ
Біз сыртқы келбетке емес, ақыл-парасатқа қарауға тиіспіз.
Aesop, Fables
Әсем ажар-көрік – кез келген кепіл хаттан артық.
Aristotle, Diogenes Laertius
Сіз келешек романтикалық кездесуден не күтесіз (немесе күттіңіз)? Шынайылықты ма? Өр мінезділікті ме? Әзілқойлықты болар? Бәлкім, сымбаттылықты шығар? Тәжірибесі жеткілікті, ақылды адамдар тартымды келбет секілді үстіртін сипаттарға аса мән бермейді; олар «сұлулықтың тек сыртқы қабат» екенін және «сіз кітапты мұқабасына қарап бағалай алмайтыныңызды» біледі. Жоқ дегенде, олар мұндайда өздерін қалай сезіну қажет екенін жақсы біледі. Цицеронның берген ақыл-кеңесіне сай: «Сыртқы келбет тартымдылығына елікпеу қажет».
Адамның сырт келбеті маңызды емес дегенге сену – оның бізге деген шынайы әсерін ұғынбайтынымыздың тағы бір мысалы бола алады, себебі бүгінде сырт келбеттің мәні зор екенін дәлелдейтін ғылыми-зерттеулер жетіп артылады. Осы әсердің тұрақтылығы мен жан-жақтылығы таңғалдырады. Тартымды келбет – айтарлықтай артықшылық.
Тартымдылық пен танысулар. Таныстыру қызметінің интернет-пайдаланушылары үшін сыртқы келбет – сұраныс пен ұсыныс өнімі
ТАРТЫМДЫЛЫҚ ПЕН ТАНЫСУ (РОМАНТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУЛЕР)
Сізге бұл ұнасын-ұнамасын, бірақ жас әйелдің физикалық тартымдылығы – оның романтикалық кездесулерге қаншалықты жиі баратынын анықтаушы айтарлықтай жақсы алғышарт, ал жас жігіттің тартымды болуы – оның романтикалық кездесулерге қаншалықты жиі баратынын көрсететін орташа алғышарт (Berscheid et al., 1971; Reis et al., 1980, 1982; Walster et al., 1966). Қалай болғанда да, ерлерге қарағанда әйелдердің басым бөлігі тартымды және түсі суық жігітке қарағанда жанға жақын жылы жүзді танысын көбірек ұнататынын айтады (Fletcher et al., 2004). BBC-дің 220 000-ға жуық адам қатысқан бүкіләлемдік Интернет-сауалнамасы барысында, әйелдерге қарағанда ерлердің басым бөлігі серігінің маңызды қасиеті ретінде оның тартымдылығын атады, ал ерлермен салыстырғанда әйелдердің көбі серігінің бойынан адалдықты, әзілқойлықты, мейірімділік пен сенімділікті іздейтінін көрсетті (Lippa, 2007). Гетеросексуал ерлі-зайыпты жұптарға жүргізілген төрт жыл бойғы ұзақ мерзімді зерттеу барысында мына жай анықталды: әйелдерге қарағанда ерлер жұбайының физикалық тартымдылығына көбірек мән береді екен. Басқаша айтқанда, тартымды әйелдер ерлерін бақыттырақ еткенімен, тартымды ер адамдар әйелдерінің бақытты болуына азырақ ықпал ететін болып шықты (Meltzer et al., 2014). Осы жыныстық айырмашылықтар гей ер адамдар мен лесбиан әйелдерге де тән, лесбиандар мен гетеросексуал әйелдерге қарағанда, гейлер мен натурал ерлер келбет тартымдылығын көбірек бағалайды екен (Ha et al., 2012).
Көпшілік аңғарып отырғандай, мұндай зерттеу қорытындылары әйел адамдардың Цицеронның кеңесіне көбірек жүгінетінін білдіре ме? Әлде ағылшын философы Бертран Рассел 1930 жылы жазған (1930, p. 139) «жалпы, әйелдер ер адамдарды олардың мінездері үшін, ал ер адамдар әйелдерді олардың сыртқы келбеті үшін сүйеді» деген сөздерінен бері ештеңе өзгермеді ме? Әлде бұл – романтикалық кездесуге шақыру сияқты алғашқы қадамды көбіне ер адамдар жасайтынына байланысты ма? Егер әйелдер түрлі ер адамдар арасынан өзіне ұнайтынын таңдайтын болса, ер адамдар сияқты, олар үшін де сырт келбет осынша маңызды болар ма еді?
«Ер адамдар сырт келбеттің ықпалына көбірек беріледі» деген пікірдің шындыққа жанасатынын растау үшін, зерттеушілер гетеросексуал ер және әйел студенттерге қарсы жынысты біреу туралы ақпарат ұсынып, сол адамның суретін қоса берген. Олар ер адам мен әйелді бір-біріне қысқаша таныстырып, артынша олардың бір-бірімен жолығуға деген қызығушылығы турасында сұраған.
Осындай эксперименттерде ер адамдар, қоғамдық пікірді анықтайтын сауалнамалардағыдай, қарсы жынысты адамның физикалық тартымдылығына біршама басым мән берген (3-сурет; [Feingold, 1990, 1991; Sprecher et al., 1994a]). Бәлкім, осыны сезгендіктен де болар, әйел адамдар сырт келбетіне байланысты көбірек алаңдап, америкалық косметикалық хирургия пациенттерінің 90 пайызын құрайтын болды (American Society for Aesthetic Plastic Surgery, 2014). Сонымен бірге әйелдер адамның аяқкиімінің түсіне байланысты сұраққа немесе біреудің киген киімі, не шашына қатысты сауалға оңай жауап беріп, басқалардың сырт келбетін жақсырақ есте сақтайтындарын көрсетті (Mast & Hall, 2006).
Әйелдер ерлердің сырт келбетіне мән бере ме? Бір классикалық зерттеуде Элейн Хатфилд пен әріптестері (1966) Миннесота университетінің «Қабылдау аптасына» арналған биге іріктеліп алынған бірінші курстың 752 студентін салыстырып көрді. Зерттеушілер әрбір студентке жеке тұлғасы мен қабілетін анықтайтын тест тапсыруды ұсынып, бірақ одан кейін жұптарды кездейсоқ ретпен құраған. Би кешінде жұптар 2,5 сағат бойы билеп, сұхбаттасты, артынша әрқайсысы өздерінің кездескен адамын бағалау үшін қысқаша үзіліс алды. Жеке тұлғаны және қабілеттілікті анықтайтын тестілер адамдардың бір-біріне ұнауын қаншалықты жақсы болжай алады екен? Адамдарға өзін-өзі құрметтеу деңгейі жоғары, ашық-жарқын адамдар ұнай ма, әлде елгезектігімен ерекшеленетін тұлғалар ұнай ма? Зерттеушілер мүмкіндіктердің ұзын-сонар тізімін зерделеп шықты. Алайда, олардың анықтауына қарағанда, бір нәрсе ғана – адамның физикалық тартымдылығы маңызды болып шықты (зерттеушілердің алдын ала болжамы да осылай болатын). Әйел адам неғұрлым тартымды болған сайын, ер адам соғұрлым онымен кездесуге ынтық болады; ер адам қаншалықты тартымды болған сайын әйел адам да оны соншалықты ұнатып, онымен қайта кездескісі келеді. Айтарлықтай қуанышты жайт.
Жақында жүргізілген зерттеулер барысында адамдар жұп болуға үміткер адамдармен бірнеше минут қана созылатын қысқа танысу кештерінде өзара сұхбаттаса отырып, артынша солардың қайсысымен қайта кездескісі келетіні туралы деректер жинақталды (бірін-бірі ұнатқан жұптарға байланысты ақпарат беріледі). Бұл зерттеуге түрткі болған теорияға сай, біз айналамыздағылар туралы шешуші пікірді солардың секундтармен есептелетін аз ғана уақыт ішінде қоғамдағы мінез-құлқын бақылау негізінде қалыптастыра алады екенбіз (Ambady et al., 2000). Қысқа кездесулерді зерттегенде әйел адамдарға қарағанда ер адамдар жолыққалы отырған жұбының физикалық тартымдылығына көбірек назар қоямын деп ойлаған; алайда кездесуге
кіммен баратынын шешетін уақыт келгенде тартымдылықтың маңыздылығы ерлер үшін де, әйелдер үшін де жоғары болып шықты (Eastwick & Finkel, 2008a, b).
97 зерттеуге қатысты жақында жүргізілген мета-талдау (статистикалық дайджест) ерлердің де, әйелдердің де бірдей дерлік физикалық тартымдылыққа айтарлықтай зор мән беретінін және табыс табу жағына шамамен бірдей деңгейде біршама аз көңіл бөлетінін көрсетті (Eastwick et al., 2014). Осыған дейін өздеріңіз көргендей, басқа зерттеулер басқаша мәлімет берген болатын. Осылайша, «ер адамдар әйелдерге қарағанда физикалық тартымдылыққа көбірек назар аудара ма?» деген сауал әлі де талқыланып жатыр, бірақ кездесулер ең бірінші алған әсерлерге байланысты болғанда, танысу кезіндегі түр-келбет тартымдылығының маңыздылығы айтарлықтай жоғары. Дегенмен адамдар бірін-бірі бірнеше айлар немесе жылдардан бері білетін болса, олардың физикалық тартымдылығы мен мәртебесіне ғана емес, бірегей қасиеттеріне ден қоя бастайды. Бірнеше зерттеудің нәтижесі мынаны көрсетті: сыртқы тартымдылығына қызығып бас қосқан достардың көбі біршама уақыт өткен соң бөлектеніп кеткен. Басқаша айтқанда, әркімнің өз сыңары бар, ертелі-кеш сіз мұны түсінесіз (Eastwick & Hunt, 2014). Тартымды адамдар басқаларға ұнайды, алайда бұл ұзаққа бармауы мүмкін.
Адамның сырт келбеті тіпті дауыс беру қорытындысына да ықпал етеді. Александр Тодоров пен әріптестерінің зерттеуінен осындай түйін байқалады (2005; Todorov, 2011). Олар Принстон университетінің студенттеріне 2000 жылдан бергі АҚШ Сенатындағы 95 сайыстағы және АҚШ Өкілдері Палатасының 600 сайысындағы негізгі екі үміткердің суреттерін көрсетті. Тек сырт келбетіне ғана қарай отырып, студенттердің 72 пайызы – Сенат сайлауы жеңімпаздарын және 67 пайызы Палата сайлауының жеңімпаздарын дұрыс тапты. Кейінгі зерттеулер де сайлаушылар білікті болып көрінетін үміткерлерді таңдайды деген тұжырымды растады (Antonakis & Dalgas, 2009; Chiao et al., 2008). Алайда гендерлік фактордың да ықпалы жоқ емес: ер адамдар өз дауысын келбеті тартымды әйел-үміткерлерге жиі беретін болса, әйелдер қолжетімді болып көрінетін ер-үміткерлерге жиі дауыс береді екен. Осыған ұқсас, гетеросексуал адамдар жұмысқа орналасуға келген үміткерлер мен университет талапкерлері арасынан, олар қарама-қарсы жынысты болатын болса, келбеті тартымдыларына жылы қабақ танытады (Agthe et al., 2011).
Махаббат дегеніміз – екі адам арасындағы қолайлы айырбас, олар жеке тұлға нарығындағы құнын ескере отырып, өздеріне барынша лайық адамды таңдап алады.
Erich Fromm, The Sane Society, 1955
ЖАРАСЫМДЫЛЫҚ ФЕНОМЕНІ
Егер сіз жар таңдауда ақылды қадам жасағыңыз келсе, өзіңізге тең адамға үйленіңіз.
Ovid, 43 B.C.–A.D. 17
Барлық адам керемет тартымды адаммен жұп құра алмайды. Олай болса, адамдар қалай жұптасады? Бернард Мурштейн мен әріптестерінің зерттеулеріне (1986) қарағанда олар шындыққа бағынады. Олар тартымдылығы өзімен шамалас келетін адамдармен жұп құрады. Зерттеулер ерлі-зайыптылар, кездесіп жүрген жұптар мен тіпті белгілі бір ерлі-зайыптылардың нақты тартымдылығы арасындағы үйлесімділікті анықтады (Feingold, 1988; Montoya, 2008). Адамдар әдетте өздерінің ақыл-парасаты, танымалдығы мен өзін-өзі құрметтеу деңгейі жағынан ғана емес, тартымдылық жағынан да өздеріне «жақсы жарасатын» адамдарды дос ретінде таңдайды және осы ұстанымын әсіресе жар таңдағанда басшылыққа алады (McClintock, 2014; Taylor et al., 2011).
Эксперименттер осы жарасымдылық феноменін153 растап отыр. «Иә» немесе «жоқ» деп жауап беруі мүмкін екенін біліп, кімге жақындауды таңдамас бұрын адамдар көбіне тартымдылығы жағынан өздеріне үйлесетін адаммен қарым-қатынас құрып, байланыс орнатуға барынша күш салады (Berscheid et al., 1971; van Straaten et al. 2009). Олар қалаулысы болатын жанды іздей отырып, өздерінің қаншалықты қалаулы болуы мүмкін екенін естен шығармайды. «Физикалық жарасымдылық та адамдардың жақсы тіл табысып кетуіне септеседі», – дейді Лос-Анджелестегі Калифорния университеті жұптарының танысуын зерттеген Грегори Уайт (1980). Физикалық тартымдылығы өзара лайықты адамдар әдетте 9 айдан кейін бір-біріне шындап ғашық болған.
Бәлкім, осы зерттеу сіздің есіңізге тартымдылық деңгейі әртүрлі, бірақ бақытты болған жұптарды түсірген шығар. Бұл жағдайларда әдетте тартымдылығы төмендеу адамның да өзіне ғана тән жақсы қасиеттері болады. Әрбір жұптасушы адам әлеуметтік нарыққа өз активтерін ұсынады, ал лайықты активтердің құны әділетті жарасымдылыққа жол ашады.
Танысуға арналған онлайн қызметтердегі өзін-өзі жарнамалау мен таныстырулар – осындай активтер айырбасы (Cicerello & Sheehan, 1995; Hitsch et al., 2006; Koestner & Wheeler, 1988; Rajecki et al., 1991). Ер адамдар әдетте мәртебесін немесе дәулет-мүлкін бетке ұстап, жас әрі тартымды адамды іздейді; әйелдер, өз кезегінде, керісінше істейді: «Тартымды, сүйкімді, сымбатты әйел 26 жаста мейірімді, кәсіби ер адамды іздейді». Өз табысы мен білімін жарнамалайтын ер адамдар және өз жастығы мен сымбатты келбетін жарнамалайтын әйелдер хабарламаларына жауап көбірек келеді (Baize & Schroeder, 1995). Активтерді теңдестіру үдерісі сұлу да жас әйелдер әлеуметтік мәртебесі анағұрлым жоғары егде жастағы ер адамдарға не себепті тұрмысқа шығатынын түсіндіруге көмектеседі (Elder, 1969; Kanazawa & Kovar, 2004). Ер адам дәулетті болған сайын, әйелі де соғұрлым сұлу болады.
Активтерді жарастыру. «Роллинг Стоунздың» аса танымал гитарашысы Кейт Ричардс өзінен 19 жас кіші әйгілі сәнқой Патти Хансенге 1983 жылы үйленіп, жарасымды өмір сүріп жатыр
ФИЗИКАЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҚ СТЕРЕОТИПІ
Сұлу денеде тіпті ізгіліктің өзі әдемірек.
Virgil, Aeneid, 1st Century b.c.
Адамның тартымды болуы сексуалды тартымдылыққа байланысты ма? Олай емес сияқты, мұны зерттеушілер тартымды адамның бет-жүзіне визажистің көмегімен тыртықтар, көгерген тұстар немесе меңдерді салдырып, тартымсыз етіп көрсетуге тырысқанда анықтады. Глазго пойыздарының ер және әйел жолаушылары бет-жүзі бүлінген жолаушының қасында отырудан қашқақтағаны байқалды (Houston & Bull, 1994). Оған қоса, ересек адамдар тартымды ересектерге жақындағысы келетін болса, кішкентай балалар да сүйкімді балаларға ынталы екен (Dion & Berscheid, 1974; Langlois et al., 2000). Кей адамдардың жүзіне ұзақ үңілгеніне қарағанда 3 айлық сәбилердің өздері бет әлпеті сүйкімді адамдарды ұнататын сияқты (Langlois et al., 1987).
Ересек адамдар балаларға қатысты да осындай біржақты түсінік ұстанады. Миссуридегі бесінші сынып ұстаздарына сүйкімді және сүйкімсіз балалардың суреттерімен бірге ер бала және қыз бала турасында ұқсас ақпарат берілді. Ұстаздар сүйкімді баланы жақсы оқитын және ақылды бала деп есептеген (Clifford & Walster, 1973). Өзіңізді тіл алмайтын баланы тәртіпке салуы тиіс балалар алаңының жетекшісімін деп елестетіңіз. Карен Дион зерттеген әйелдер секілді (1972), сіз де сүйкімсіз балаға азырақ көңіл бөліп, қамқорлық жасамай қояр ма едіңіз? Бір өкініштісі – көбіміз көріксіз балалар өздерінің сүйкімді құрбы-құрдастарына қарағанда қабілеті төмен және әлеуметтік тұрғыдан жетілуі төмендеу болады деп ойлаймыз (қараңыз: Дәйекті дерек. «Эллен Бершайд тартымдылық туралы»).
Оның үстіне, біз келбетті адамдар белгілі бір ұнамды сипаттарға ие деп пайымдаймыз. Басқа өлшемдер тең болған жағдайда, шыны солай болмаса да сұлу адамдар бақыттырақ, сексуалдық тұрғыдан тартымдырақ және анағұрлым жайдары, ақылды әрі табысты болады деп санаймыз (Eagly et al., 1991; Feingold, 1992b; Jackson et al., 1995). Зерттеулердің бірінде студенттер «тартымды әйелдер анағұрлым шырайлы, ашық, қайырымды, өз қадірін білетін және эмоциялық тұрғыда тұрақты болады» деген пікірді ұстанды (Segal-Caspi et al., 2012). Біз тартымды адамдармен көбірек байланысуға тырысамыз, себебі бұл мейірімділік және бір-бірімізге деген өзара қызығушылық секілді ұнамды қасиеттерімізді проекциялауға ынталандырады (Lemay et al., 2010). Компаниялардың тартымды басшылары теледидардан көрсетілсе, олардың компаниялары акцияларының бағасы өседі, бірақ газетте суретсіз шыққан хабарламалардың осыған ұқсас әсері болмайды (Halford & Hsu, 2014).
Жалпы алғанда, алынған нәтижелер дене тартымдылығының стереотипін анықтайды: әдемі – демек, жақсы. Балалар бұл стереотиппен айтарлықтай ерте – көбіне ересектер айтып берген оқиғалар арқылы танысады. Дорис Баззини мен әріптестері 21 анимациялық фильмдегі кейіпкерлерді талдауға сүйене отырып: «Дисней фильмдері «әдемі – демек, жақсы» деген стереотипті өте белсенді түрде алға тартып отырады», – дейді. Ақшақар мен Күлбикеш сұлу да мейірімді. Мыстан мен өгей апалар ұсқынсыз әрі жауыз. «Болашақ серігіңіз сізді жақсы көрсін десеңіз, сұлу болған артықтық етпейді», – деп ұйғарды 8 жасар қыз. Тағы бір мысал: балабақшадағы бір қыздан «Сұлу болу деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Бұл ханшайым болу секілді. Сені бәрі жақсы көреді», – деп жауап берді (Dion, 1979).
Егер физикалық тартымдылық осыншалықты маңызды болса, онда адам тартымдылығы туралы үнемі өзгеріп отыратын көзқарас оған деген басқалардың пікірін де өзгертуі тиіс қой. Алайда біреудің сырт келбетін өзгерту әдепке жата ма? Мұндай өзгертулерді косметикалық хирургтер мен ортодонттар жылына миллион мәрте жасайды. Тістерді түзетіп, ағарту, шашты жасанды «өсіріп», бояу, бет терісін тарту, денедегі артық майларды сылып тастау, омырауды үлкейту, тарту немесе кішірейту секілді түрлендірулерден соң өз келбетіне риза болмай келгендер осы процедураларға көңілі толып, қанағаттанады, алайда кейбір риза болмаған пациенттер бұл жетістікпен тоқталмай, процедураларды жалғастырып жатады (Honigman et al., 2004).
Осындай түрленулердің басқаларға деген әсерін зерттеу үшін Майкл Калик (1977) Гарвард студенттерінен сегіз әйелдің косметикалық операцияларға дейін және кейін түсірілген суреттеріне қарап, өз пікірін айтуды сұраған. Олар әйелдерді операциялардан соң біршама тартымдырақ деп қана емес, анағұрлым мейірімді, сезімтал, сексуалды тұрғыда сүйкімдірек және қайырымды болды деп есептеген.
АЛҒАШҚЫ ӘСЕРЛЕР. Басқа әлеуметтік сипаттар шамалас кезде тартымдылық маңызды болады дегеніміз – физикалық тартымдылықтың басқа қасиеттерден басым екенін білдірмейді. Кейбіреулер адамдарды басқаларға қарағанда сырт келбетіне қарап көбірек бағалайды (Livingston, 2001). Оған қоса, тартымдылық, ең алдымен, алғашқы әсерге ықпал етеді. Алғашқы әсер өте маңызды – олар басқа адамдармен арадағы қатынастардың негізін қалайды, себебі қоғам барған сайын мобильді болып, урбанизацияланып жатыр, ал адамдар арасындағы байланыстар күннен-күнге өткінші болып барады (Berscheid, 1981). Facebook-тегі жеке парақшаңыз сіздің келбетіңізден басталады. Аз ғана уақыт сұхбаттасу арқылы көп адамның ішінен өзіне жұп таңдау қажет болған қысқа кездесу эксперименттері барысында адамдар үшін тартымдылық әсері зор маңызға ие болды (Lenton & Francesconi, 2010). Бұл сыртқы тартымдылықтың не себепті ауылдық жерлерге қарағанда, қалаларда тұратындар үшін басқалармен қоғамдық қатынас құру және бақытты болудың кепілі екенін түсіндіруге көмектеседі (Plaut et al., 2009).
Сұхбат алушылар мұнымен келіспеуі мүмкін, алайда жұмысқа орналасу мақсатымен жүргізілетін сұхбаттасу кезінде үміткердің тартымдылығы мен жинақы түрі, әсіресе үміткерді сынайтын адам қарсы жынысты болса, алғашқы әсердің қалыптасуына өте қатты ықпал етеді (Agthe et al., 2011; Cash & Janda, 1984; Mack & Rainey, 1990; Marvelle & Green, 1980). Жаңа өнімдерді ойлап табушылар неғұрлым тартымды болатын болса, адамдар сол өнімді анағұрлым жақсы бағалайды (Baron et al. 2006). Осындай әсерлер ажарлы және бойы биік адамдар не себепті беделі жоғары қызметке ие болып, қаржыны көбірек табатынын түсіндіруге көмектеседі (Engemann & Owyang, 2003; Persico et al., 2004).
Патриция Розелл мен әріптестері (1990) сұхбат жүргізушілер 1-ден (көріксіз) 5-ке дейінгі (керемет тартымды) шкала бойымен баға берген канадалықтардың табысын қарастырды. Зерттеу нәтижесіне сай, тартымдылық рейтингісіндегі әрбір қосымша меже үшін адамдар орта есеппен жылына қосымша 1,988 доллар табыс тауып отырған. Ирэн Хэнсон Фриз бен әріптестерінің (1991) жүргізген талдауы да осыған ұқсас: олар жыл сайынғы студенттік фотоальбомды пайдалана отырып, 737 МВА түлектерін 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша бағалады. Тартымдылықтың әрбір келесі межесі үшін ер адамдар қосымша 2 600 доллар, ал әйелдер 2 150 доллар артық табыс тапқан. Beauty Pays-тегі экономист Даниэль Хамермэштің (2011) сөзіне қарағанда, сүйкімді сырт келбет адамның бір жыл бойы жұмыссыз қалуға байланысты болған шығын мен оқу мерзімінің жарты ақысын өтей алар еді.
Алғашқы әсер мен оның адам ойына ықпалы сұлулықтың не себепті осыншама маңызды екенін түсіндіреді. Тіпті 0,013 секунд уақыттың өзі – адамдарға келбеттің қаншалықты тартымды екенін ажыратуға жетерлік (Olson & Marshuetz, 2005). Оның үстіне, бірқатар сөздерді жақсы және жаман деп ажырату барысында жалт етіп көрінген сүйкімді келбет адамдарға жақсы сөздерді тезірек танып, бөлуге көмектеседі. Сұлулық лезде қабылданып, жағымды үдерістерді күшейтеді.
«ӘДЕМІ – ДЕМЕК, ЖАҚСЫ» СТЕРЕОТИПІ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСА МА? Сұлу адамдар, шынында да, жағымды қасиеттерге ие ме? Қаншама ғасырдан бері өздерін шынайы ғалым санайтын адамдар осы пікірді ұстанып, қылмыстық мінез-құлықты айқындайтын физикалық сипаттарды анықтауға тырысты (тура қараудан тайсалатын көздер, әлжуаз иек). Басқа жағынан, «сұлулықты игілік деп санау... оғаш иллюзия» деп жазған Лев Толстой сөзінің рас болғаны ма? Басқалардың солай қабылдауына қарамастан, сырт келбеті тартымды адамдар басқалардан ақпейілділік, жайдарылық, экстраверсия, амбиция немесе эмоциялық тұрақтылық секілді негізгі жекетұлғалық қасиеттермен ерекшелене қоймайды (Segal-Caspi et al., 2012). Дегенмен стереотиптің шынайы тұсы да бар. Сүйкімді балалар мен жеткіншектер өзіне біршама сенімді, көпшіл және әлеуметтік тұрғыда бейімделгіш келеді (Feingold, 1992b; Langlois et al., 2000). Бір зерттеуде Джорджия университетінің 60 ер адамы университеттің үш студент қызының әрбірімен 5 минут бойы телефон арқылы сөйлескен. Осыдан соң ер адамдар мен әйел адамдар телефон арқылы тілдескен бейтаныс адамдардың арасынан анағұрлым әлеуметке икемді және ұнамды болып сезілгенін таңдағанда олар, шынында да, ең тартымдылары болып шыққан (Goldman & Lewis, 1977). Бұл онлайн сұхбаттасуларға да қатысты: ер адамның суретін көрмесе де, әйелдер танысу сайтындағы ең тартымды ер адамдардың әтіндерін ең ұнамды және өз-өзіне сенімді деп бағалаған. Көріктісі – жақсысы, тіпті онлайн болса да (Brand et al., 2012). Сырт келбеті тартымды адамдар әдетте біршама танымал, анағұрлым жайдары және жынысына қарай ер адам – дәстүрге сай шымыр денелі, ал әйелдер анағұрлым нәзік болуға бейім келеді (Langlois et al., 1996).
Тартымды және тартымды емес адамдар арасындағы осындай аздаған орташа айырмашылықтар, бәлкім, қисынды заңдылықтардың нәтижесі шығар. Көрікті адамдар құрметтеледі және ұнамдырақ болады, сондықтан олардың көбі әлеуметтік тұрғыда өз-өздеріне сенімді келеді (алдыңғы тарауда келтірілген экспериментті еске түсірсеңіз, онда ер адамдар бет-жүзін көрмеген, бірақ осы ерлерді тартымды деп санаған әйелдердің ілтипатына бөленген еді). Осы талдауға сай, сіздің әлеуметтік шеберлігіңіздің шешуші тұсы – сіздің келбетіңізде емес, адамдардың сізге деген көзқарасы мен өз-өзіңізге деген қатынасыңызға байланысты – өзіңіз қандай болсаңыз, солай қабылдап, оңаша болғанда өзіңіз жайлы сезінуіңізде.
Дене тартымдылығының көп нәрсеге қол жеткізетін мүмкіндіктерін түсініп, бағалай бастаған күн менің есімде жақсы сақталды. Аспирант Карен Дион (бүгінде Торонто университетінің профессоры) біздің Бала дамуы институтында кейбір зерттеушілер мектеп жасына дейінгі балалардың танымалдық рейтингін жинақтап, әрбір баланы суретке түсіріп алғанын естіді. Балалардың ұстаздары мен тәрбиешілері бізді «балалардың бәрі әдемі» және физикалық тартымдылығына қарап, ешкімді-ешкім кемсітпейді деп сендіргеніне қарамастан, Дион кейбір адамдарға әрбір баланың сырт келбетіне баға беруді тапсырып, алынған деректерді олардың танымалдығымен салыстыруды ұсынды. Осыдан соң біз қолға алған шарамыздың нысанаға дөп тигенін түсіндік: сүйкімді балалар өз ортасында танымал болып шықты. Шынында да, нәтиже біздің де, басқалардың да ойлағанынан асып түсті, салдары да біршама көп болды – зерттеушілер осы жайларды әлде де қадағалап келеді.
КІМ ТАРТЫМДЫ?
Біз тартымдылықты кей адамдарда артық, кей адамда кем болатын, мысалы, бойы секілді әлдебір объективті өлшем ретінде қарастырдық. Шындап келгенде, тартымдылық дегеніміз – адамдар кез келген жерде және кез келген уақытта тартымды деп санайтын дүние. Әрине, бұл өзгеріп тұрады. Ғалам Аруы өлшемдерімен анықталатын сұлулық стандарттар бүкіл жер жүзіне лайықты деу артық болар. Түрлі жерлерде және түрлі замандарда адамдар өз мұрындарын тесіп, мойындарын создыртып, шашын боятып, тісін ағартып, терісін бояп, өте толық болу үшін тамақты көп жеп, сұңғақ көріну үшін аштыққа шыдап, омырауы шағын болып көріну үшін өздерін теріден жасаған төс құрсауға буып, немесе омырауы үлкен болып көріну үшін силиконды не жұмсақ кеудешелер пайдаланған. Қорлары жұтаң мәдениеттер мен кедей немесе аш адамдар үшін толықтық тартымдылық өлшемі болып көрінеді; қорлары бай мәдениеттер мен адамдар үшін сұлулық көбіне сұңғақтық және арықтықпен байланыстырылады (Nelson & Morrison, 2005). Оған қоса, қатынастар жеке таңдаудан гөрі туыстық немесе әлеуметтік құрылымға көбірек негізделген мәдениеттерде тартымдылық өмір жетістіктеріне азырақ ықпал етеді (Anderson et al. 2008). Осындай әралуандыққа қарамастан, Джудит Ланглуа мен оның әріптестерінің сендіруінше, «кімнің тартымды, кімнің тартымды емес екеніне байланысты бір мәдениет ішінде де, түрлі мәдениеттер арасында да қатаң стандарттар» сақталып келеді (2000).
Бұл түсініксіз болып көрінгенімен, шынымен тартымды болу дегеніміз – орташа болу дегенді білдіреді (Rhodes, 2006). Зерттеушілер көптеген адамдардың бет-жүздерін цифрландырып, компьютердің көмегімен нәтиженің орташа мәнін шығарды. Қалай болғанда да, шынайы беттерге қарағанда, адамдар құрастырылған бет-жүздерді анағұрлым тартымды деп санаған (4-сурет; Langlois & Roggman, 1990; Langlois et al., 1994; Perrett, 2010). 27 елде тым қысқа немесе тым ұзын аяқтарға қарағанда дене мен аяқ ұзындықтарының орташа аралық мәні тартымдырақ болып саналады (Sorokowski et al., 2011). Джамин Хальберштадттың (2006) айтуынша, адамдарда да, жануарларда да орташаландырылған көзқарастар түптұлғаларды (прототиптерді) барынша жақсы көрсетеді (сізге лайық ер адам, әйел адам, ит немесе тағы басқалар), осылайша ми қабылданған ақпаратты жеңіл өңдеп, жүйелейді. Шынын айтқанда: әбден орташаландырылған үлгі көзбен қабылдауға да (ми арқылы) жеңіл.
Жыл сайын өтетін «Германия аруы» байқауы осы елдің «Ең сұлуы кім?» деген сауалға жауап іздейді. Регенсбург университетінің студенттік зерттеу тобы Германия телеарнасымен бірлесе отырып, осы сұраққа балама жауабын ұсынды. Кристоф Браун мен оның отандастары (Gruendl, 2005) 2002 жылғы «Сұлулық ханшайымы» байқауының жиырма екі финалға қатысушыларын макияжсыз, бет әрлеусіз және шаштарын артына буып жинаған күйде суретке түсіріп, осы байқауға қатысушылардың бәрінің ортақ өлшемді композициясын жасап, оны «Виртуал Германия аруы» деп атады. Жергілікті сауда орталықтарының біріндегі ересек келушілерге байқаудың шынайы қатысушыларының және виртуал Германия аруының суреттерін көрсеткенде, олардың бәрі дерлік суреттердегі қыздардың арасынан ең тартымдысы ретінде виртуал Германия аруын таңдаған. «Сұраққа жауап бергендер виртуалды бәсекелесін көбірек ұнатты» деген бұл хабар шынайы жеңімпазға ұнамауы мүмкін, дегенмен ол өзінің виртуал бәсекелесін ешқашан кездестірмейтінін ойлап, өзін жұбатса болады
Компьютермен өңделген орташа бет-әлпет пен дене бітімі мінсіз симметриялы болуға бейім – бұл керемет тартымды (және репродуктивті тұрғыда жемісті) адамдардың тағы бір ерекшелігі (Brown et al., 2008; Gangestad & Thornhill, 1997). Сіз өзіңіздің шынайы бет-жүзіңіздің жартысын оның айнадағы кескіндемесімен біріктіре алсаңыз, мінсіз симметриялы жаңа бетке ие болып, сәйкесінше, өз келбетіңіздің тартымдылығын арттырар едіңіз, (Penton-Voak et al., 2001; Rhodes, 2006; Rhodes et al., 1999). Бет-жүзінің кейбір сипаттарын қоспағанда (Said & Todorov, 2011), бірқатар тартымды, симметриялы бет-әлпеттерді орташаландыру арқылы одан да көріктірек бет әлпет жасауға болады.
ЭВОЛЮЦИЯ ЖӘНЕ ТАРТЫМДЫЛЫҚ. Эволюциялық перспективаны ұстанатын психологтер адамдардың өзіне тартымды жұп іздеуін репродукциялық стратегия тұрғысынан түсіндіреді. Олардың пікірінше, сұлулық – биологиялық тұрғыда маңызды ақпаратты білдіреді: бұл – денсаулық, жастық және репродукциялық қабілеттілік. Өмірде де солай. Келбеті тартымды ер адамдардың шәуеті анағұрлым сапалы болады. Дене бітімі құмсағат пішінді әйелдердің менструалдық кезеңдері біршама жүйелі, яғни репродуктивтік мүмкіндігі артық екен (Gallup et al. 2008). Бала туу мүмкіндігі мықты көрінетін әйелдерге үйленген ер адамдар уақыт өте келе өздерінің интимді өмірінде осы әйелдермен тіпті олардың етеккір үзілісінен кейін де бақытты болатыны белгілі. Дэвид Бусстың адамзат тарихының биологиялық тұжырымы (1989) – Австралиядан Замбияға дейінгі – 37 мәдениеттегі ер адамдардың шынында да репродуктивті қабілеті мол жас әйелдерді таңдайтынын көрсетті.
Эволюционист-психологтердің пайымынша, эволюция әйелдерді де ер адамдардың отбасын асырау және қорғау қабілетін білдіретін сипаттарына тәнті етеді. Норман Ли мен әріптестерінің (2002) мәлімдемесіне сай, болашақ жұбын таңдауда ер адамдар физикалық тартымдылықтың болуын талап етсе, әйелдер болашақ жұбының отбасын асырау мүмкіндігі мен мәртебесіне мән береді және екі жақ та мейірімділік пен парасаттылықтың болуын құп көреді екен. Әйелдердің ер адамның физикалық тартымдылығына басымдық беруі қатынас мақсатына да байланысты: қысқа мерзімді арақатынасты іздейтін әйелдер мүсіні үйлесімді, яғни тартымды ер адамдарды қалайды, ал арақатынас ұзақ мерзімді байланысқа негізделетін болса, онда тартымдылық аса маңызды емес, себебі физикалық тартымдылық опасыздық секілді теріс құбылыстарға жетелеуі мүмкін (Quist et al., 2012).
Эволюционист-психологтер ер адамдар мен әйел адамдардың репродуктивті жемістіліктің басқа да белгілеріне қатысты реакциясын да зерделеді. Сән үлгісі болып жүрген әйелдер мен сұлулық байқаулары жүлдегерлеріне қарасақ, ер адамдар әрдайым белінің өлшемі бөксе өлшемінен 30 пайызға аз болатын әйелдерді ұнататыны байқалады – бұл сексуалды фертильділіктің ең жоғары үлгісін білдіретін дене бітімі (Karremans et al., 2010; Perilloux et al., 2010; Platek & Singh, 2010). Әйел адамның фертильділігін төмендететін жағдайлар да – ішер асқа жарымау, жүктілік, етеккір үзілісі – оның мүсінін өзгертеді.
Ер адамдарды болашақ жұбы ретінде сынай отырып, әйелдер де оның белі мен бөксесінің арақатынасының үйлесіміне мән береді, себебі бұл көрсеткіштер оның денсаулығы мен ширақтығын байқатады. Әйелдерге шымыр денелі ерлер анағұрлым сексуалды болып көрінеді, ал бұлшық еті мықты ерлер өздерін айрықша сексуалды сезініп, жыныстық қатынас құрған жұптарының көп болғанын айтады (Frederick & Haselton, 2007). «Бұл жайттың эволюциялық мәні бар, – дейді Джаред Даймонд (1996). – Шымыр денелі ер адам жүдеу жігітке қарағанда қорек табуда, үй салуда және қарсыластарын жеңуге мүмкіндігі басым келеді. Алайда қазіргі әйелдер табысы жоғары ер адамдарды дұрыс көреді» (Singh, 1995).
Овуляция кезеңінде әйелдер бет-жүзі, дауысы мен дене бітімі қайратты ер адамдарды ұнатады (Gallup & Frederick, 2010; Gangestad et al., 2004; Macrae et al., 2002). Олар ер адамның сексуалды әлеуетін бағалауда жоғары дәлдікті көрсетеді (Rule et al., 2011). Тағы бір атап өтетін жайт – осы әлеуетті топқа жатпайтын ер адамдарға жоғары сақтықпен қарайды (McDonald et al., 2011). Бір зерттеуде овуляция кезінде жас әйелдер басқа күндерге қарағанда біршама ашық киім кигенді ұнататыны анықталды (Durante et al., 2008). Басқа бір зерттеуде биші әйелдер етеккір кезеңіндегі сағатына табатын 35$ қарағанда, овуляция кезеңінде орташа есеппен 2 есе көп табыс (сағатына 70$) табатыны мәлім болды (Miller et al., 2007).
Эволюционист-психологтердің пікірінше, біз алғашқы мұқтаждықтарымыздың ықпалына бағынамыз. Себебі ас ішу, тыныстау, тартымды болу және жыныстық қатынасқа түсу секілді қажеттіліктер тым маңызды – олар мәдениет ықпалына түсіп, ұмыт болуы мүмкін емес.
Сұлулық стандарттары әр мәдениетте әртүрлі. Дегенмен кей адамдар бүкіл әлемде тартымды деп саналады
ӘЛЕУМЕТТІК САЛЫСТЫРУ. Біздің жыныстық жұптасуымыздың өзіндік биологиялық заңдылығы бар болғанымен, тартымдылық заңының ондай қатаң өлшемдері жоқ. Не нәрсе тартымды? Бұл – сіздің салыстырмалы өлшемдеріңізге байланысты.
Журнал мұқабаларындағы қыз-келіншектерге назар қоя қараған ер адамдар үшін ажары орташа әйел адамдар, тіпті өздерінің әйелдері онша тартымды болып көрінбеуі мүмкін (Kenrick et al., 1989). Қызу сезімге толы жыныстық қатынасты бейнелейтін порнографиялық фильмдерді қарау да өз жұбыңа қанағаттануды төмендетеді (Zillmann, 1989). Біреудің қозып тұрған күйі айналасындағы қарсы жынысты адамға тартымды болып көрінуі ғажап емес. Алайда идеалды, барынша «10» деген бағаға лайық сексуалды бейнекөріністердің ұзақ уақыт бойына ықпал ету әсері өзіңнің жұбыңа ынтызарлығыңды төмендетіп, енді оны 8 балл емес, 6-ға түсіруі мүмкін.
Біздің өзімізді-өзіміз қабылдауымыз да осы қағидамен іске асады. Адамдар өзімен жынысы бір, өте тартымды адамды көргенде көріксіз адамды көргендегідей емес, өздерін оншалықты тартымды сезінбейді (Brown et al., 1992; Thornton & Maurice, 1997). Анағұрлым доминантты, табысты ер адамдарды көргенде басқа ер адамдардың да өзін-өзі құрметтеуі төмендеп кетеді. «Заманауи бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында біз бір сағаттың ішінде қайсымыздың болмасын ата-бабамыз бір жылда, тіпті өмір бойы көрмеген анағұрлым тартымды және біршама табысты ондаған адамдарды көре аламыз», – деп атап өтті Сара Гутьере мен оның әріптестері (1999).
Оның үстіне, біз әдетте суреттері арнайы компьютерлік бағдарламамен өңделген, шынайы өмірдегі түрінен өзгеше, ешбір әжімі жоқ, сымбатты адамдардың бейнесін жиі көреміз. Салыстырудың осындай әдеттегіден тыс стандарттары біздің болашақ жұбымызға және өзімізге деген қатынасымызды құлдыратып, косметикаға, диеталық өнімдерге және пластикалық хирургияға миллиардтаған қаржы жұмсауға итермелейді. Бірақ жылына 9,5 миллиондық косметикалық процедура жасаса да, адамның өз елбетіне деген қанағаттану сезімі пайда болмауы мүмкін. Егер айналаңыздағылар тістерін түзетіп, тісіне сақтаушы құрал жақтырып, ағартып жатса, ал сіз мұны істемеген болсаңыз, сіздің әлеуметтік салыстыру қажеттілігіңіз өзіңіздің табиғи, қалыпты тісіңізге қанағаттанбау сезімін туындатуы мүмкін. Қасыңыздағылардың тістері сіздікіндей табиғи болса, бұл сезім, әлбетте, болмас еді.
СҮЙІКТІЛЕРІМІЗДІҢ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ. Тартымдылық туралы әңгімемізді оптимистік тұста тоқтатайық. Біріншіден, бұл – 17 жастағы сүйкімді бойжеткен 30 немесе 50 жасқа келгенде де тартымды болады деген сөз емес. Кейде орташа статистикалық, елеусіз жасөспірім әсіресе мінезі сүйсінерлік болса, орта жаста айтарлықтай тартымды ересек адамға айналады (Zebrowitz et al., 1993, 1998).
Екіншіден, біз тартымды адамдарды ғана өзімізге ұнамды ретінде қабылдап қана қоймаймыз, өзімізге ұнаған адамдарды да тартымды деп санаймыз. Бәлкім, сіз кей адамдарды айтарлықтай тартымды деп санай бастаған кезіңізді еске түсіре алатын боларсыз. Олардың физикалық кемшіліктері онша байқалмайтын секілді болып кетеді. Алан Гросс пен Кристина Крофтон (1977; see also Lewandowski et al., 2007) студенттерге біреу туралы жекетұлғалық жағымды немесе жағымсыз сипаттаманы оқыған соң бір адамның суретін көрсетті. Жағымды, елгезек және қамқор деп сипатталғандарға суреттегі адам біршама тартымдырақ болып көрінген. Демократтар өкілі демократ Барак Обаманы Республикашылдарға қарағанда сырт келбет тұрғысынан анағұрлым тартымды деп санаған; Республикашылдар өз өкілі республикашыл Сара Пейлинді демократтарға қарағанда физикалық тұрғыда тартымдырақ деп есептеген (Kniffin et al., 2014). Шынында да, «әдемі адам бәрін әдемі етіп жасайды» және «әдемі – демек, жақсы» деген сөз рас шығар. Біреуді өзімізге ұқсас деп табу да оның біз үшін тартымды болып көрінуіне ықпал етеді (Beaman & Klentz, 1983; Klentz et al., 1987).
Оған қоса, сүйіспеншілік тек сүйкімді нәрселерді ғана байқайды: әйел адамның ер адамға деген сүйіспеншілігі мықты болған сайын ол оның көзіне физикалық тұрғыда тартымдырақ болып көрінеді (Price et al., 1974); бір адамға ғашықтығы артқан сайын адамдар айналасындағы өзге жынысты басқа адамдарды тартымды деп есептемейді (Johnson & Rusbult, 1989; Simpson et al., 1990). «Көршінің шөбі көктеу болуы мүмкін, – дейді Роулэнд Миллер мен Джеффри Симпсон (1990), – бірақ бақытты бағбандар мұны байқамауы мүмкін». Расында да, сұлулық қараған адамның жанарында деген сөз рас.
Билік – ең қуатты еліртуші құрал.
Henry Kissinger, 1971
Махаббат дегеніміз – біздің түріміз жалғасу үшін ойлап табылған ащы әзіл ғана.
Novelist W. Somerset Maugham, 1874–1965
ҰҚСАСТЫҚ ПЕН ӨЗАРА СӘЙКЕСТІК
Біздің талқылауымыздан біреулер Лев Толстойдың «махаббат... кездесу жиілігіне, шаштың үлігісіне, көйлектің түсі мен пішіміне тәуелді» деген сөзі рас екен деп ұйғаруы мүмкін. Қалай болғанда да, уақыт өтісімен таныстық достыққа ұласатын-ұласпайтынына басқа факторлар әсер етеді.
Өзара келіспей, бірге жүрмек бар ма?
Amos 3:3
Бірдей затты жақсылық деп, бірдей затты жамандық дейтіндер дос болып саналады, олардың достары да бір, қастары да бір... Бізге өзімізге ұқсас және бірдей іспен айналысатын адамдар ұнайды.
Aristotle,
Rhetoric, 4th Century b.c.
Генри Джеймс жазушы Джордж Элиотты (Мэри Энн Эванстың лақап аты) былай суреттейді: «Ол – тамаша жан, бірақ көріксіз, ғажайып жан, бірақ ұсқынсыз. Оның маңдайы тар, көзі сұр, мұрны ауызына түскен, қисық тіске толы аузы абажадай. Әйтсе де оның керемет бет-бейнесінде керемет құдіретті сұлулық жатыр, бірнеше минуттан соң ол ақыл-ойыңды еліктіріп әкетеді, сол кезде сіз де мен сияқты күйге түсесіз – оған ессіз ғашық боласыз».
ТЕҢ – ТЕҢІМЕН БЕ?
бұдан біздің түйіндейтініміз: тең – теңіне қосылады. Кездейсоқ жұптасқан адамдарға қарағанда, достар, көңіл қосқан жұптар мен ерлі-зайыптылардың көзқарастары, наным-сенімдері және құндылықтары ұқсас болады. Оның үстіне, ері мен әйелі арасындағы ұқсастық көп болған сайын олар бақыттырақ болып, ажырасу ықтималдығы төмендейді (Byrne, 1971; Caspi & Herbener, 1990). Саяси және діни ұстанымдары ұқсас жұптардың 11 айдан кейін де бірге қалу ықтималдығы жоғары болған (Bleske-Rechek et al., 2009). Мұндай корреляциялық тұжырымдар қызығушылықты арттыра түседі. Дегенмен себеп пен салдар жұмбақ болып қалуда. Ұқсастық ұнатушылыққа жетелей ме? Әлде ұнатушылық ұқсастыққа бастай ма?
ҰҚСАСТЫҚТАН ҰНАТУШЫЛЫҚ ТУЫНДАЙДЫ. Себеп пен салдарды ажырату үшін біз эксперимент жасаймыз. Елестетіп көріңіз, студенттік кеште Лакеша ұзақ уақыт Лес және Лонмен саясатты, дінді және өздері ұнататын және ұнатпайтын нәрселерді талқылайды. Ол Леспен барлық дерлік мәселелерде келісетінін және Лонмен тек кейбір мәселеде пікірі ұқсас екенін байқайды. Одан соң ол «Лес, шынында да, сондай ақылды... және сондай жағымды екен. Қайта кездесерміз деп үміттенемін» деп ойлайды. Эксперименттерде Донн Бирн (1971) мен әріптестері Лакеша тәжірибесінің мәнін ұғына білді. Біреумен көзқарастары ұқсас келген сайын адам оны ұната түсетінін олар әр экспериментте қайта-қайта растап отырды. Соңғы зерттеулер осы әсерді қайта дәлелдеді, студенттер ұстанымдары ұқсас адамдарды ұнатады (Montoya & Horton, 2012; Reid et al., 2013). Ұқсас болуы себепті ұнату тек студенттер арасында ғана емес, балалар мен ересектер арасында да, түрлі мамандық иелері және түрлі мәдениет өкілдері арасында да болады екен.
«Ұқсастық ұнатушылыққа бастайды» әсері шынайы өмірдегі жағдайларда да тексерілді:
• Гонконгтің екі университетінде Ройс Ли мен Майкл Бонд (1996) бөлмелес көршілердің құндылықтары мен мінез қырлары ортақ болғанда және одан да бұрын бөлмелесін өзіне ұқсас тұлға ретінде қабылдағанда достығы нығая түсетінін анықтады. Бұл бір көргенде жақын тартудан маңызды болып шықты (Tidwell et al., 2013). Шындық маңызды. Бірақ адамдар бірін-бірі қалай қабылдайды? Мұның мәні одан да зор.
Түрлі жағдайларда бейтаныс адамдар отырған бөлмеге кірген адамдар өздеріне ұқсас адамдардың қасына барып жайғасады (Mackinnon et al., 2011). Көзілдірік таққан адамдар көзілдірікті адамдардың қасына отырады. Шашы ұзын адамдар шашы ұзындарға жақын отырады. Қара шашты адамдар шашы қара адамдардың қасына барады. Тіпті нәсілі мен жынысы бірдей адамдардан да гөрі олар бір-біріне үйіріліп тұрады.
• Он бір айлық сәбилер өздеріне ұнайтын тағамды таңдайтын және өздерінің қолғаптарына қолғабы ұқсас ойыншық жануарларды таңдауға бейім болған. Бұл балаларда өзіне ұқсас адамдарды ұнату қабілеті сөйлеу қабілетінен де бұрын дамитынын көрсетеді (Mahajan & Wynn, 2012).
• Адамдар тек өздері секілді ойлайтындарды ғана емес, өздері сияқты әрекет ететіндерді де ұнатады. Нәзік мимика сүйіспеншілікті күшейтеді. Біреу сіз сияқты басын изеп отырса, ойыңызбен келіссе, сіз белгілі бір өзара түсіністікті және ұнатушылықты сезетініңізді байқап па едіңіз? «Бұл – ортақ тәжірибе, – дейді Рик ван Баарен мен әріптестері (2003a, b), – дәлел болар нәтижелердің бірі – голландиялық мейрамханалардағы даяшылардың шайпұлының көп болуы, олар жай ғана өз клиенттерінің мимикасын ұқсата отырып, олардың тапсырыстарын қайталап айтуымен түсіндіріледі». «Табиғи мимика өзара түсіністікті арттырады, – дейді Джессика Лакин мен Таня Шартран (2003), – және өзара түсінісуге ұмтылу осындай мимиканы тудырады».
• Қытайда немесе Батыс әлемінде ұқсас көзқарастар, сипаттар мен құндылықтар жұптардың қосылып, бақытты болуына ықпал етеді (Chen et al., 2009; Gaunt, 2006; Gonzaga et al., 2007). «Жылдам кездесулерді» ұнатушылар өздерінің сөйлеу мәнерін қайталайтындарға ұмтылады (Ireland et al., 2011). Тіпті ерте тұратындар мен кеш жататын адамдар да бір-бірін табуға ұмтылады (Randler & Kretz, 2011). «eHarmony.com» онлайн танысу сайтының сендіруінше, олар бақытты жұптарға тән ұқсастықтарды пайдалана отырып, адамдарды салыстырып, бір-біріне лайықтап қосады (Carter & Snow, 2004; Warren, 2005), Snow, 2004; Warren, 2005). Танысуға арналған Tinder қосымшасы да адамдардың Facebook-тегі жеке парақшаларының ұқсастықтарына қарай бір-біріне жұптастыруға тырысады.
Осылайша ұқсастық іштегі сезімді туындатады. Тең – теңіне қосылады. Әлбетте, сіз мұны өзіңіздің ойларыңыз, құндылықтарыңыз бен қалауларыңыз ортақ адамды кездестіргенде байқаған боларсыз; бұл – сіз ұнататын тағамдарды, істерді, музыканы ұнататын ерекше бір адам (ұнайтын музыкасы ұқсас адамдардың әдетте құндылықтары да ортақ болады; [Boer et al., 2011]).
АЙЫРМАШЫЛЫҚ ЖАҚТЫРМАУДЫ ТУЫНДАТАДЫ. Басқа адамдардың көзқарасы біздің көзқарасымызбен ортақ деген біржақты түсінігіміз бар. Өзіміз сүйетін адамдар бізге ұқсайды деп санауға бейімбіз (Castelli et al. 2009). Біреумен танысып, оның бізден айырмашылығы бар екенін білгенде сіз оны онша ұнатыңқырамай қаласыз (Norton et al. 2007). Ал егер осы айырмашылықтар біздің ең терең моральдық сенімдерімізге қатысты болатын болса, бұл адамдарды одан сайын ұнатпай, олардан бойымызды алыс ұстауға тырысамыз (Skitka et al., 2005). Бір саяси партияға мүше адамдар өздерінің әріптестерін онша ұната қоймаса да, оппозициядағыларға жұмыла қарсы тұрады (Hoyle, 1993; Rosenbaum, 1986).
Жалпы алғанда, көзқарастары ортақ адамдардың бірін-бірі ұнатқанына қарағанда көзқарастары алшақ адамдардың бірін-бірі ұнатпау сезімі әлдеқайда күштірек болады (Singh & Ho, 2000; Singh & Teob, 1999). Бір топтағы адамдардан ұқсастығы көп болады, ал адамдардың көзқарастары басқаша адамдарды ұнатуы өте қиын (Chen & Kenrick, 2002). Бәлкім, уақыт өте келе кездесіп жүрген жұптар мен бөлмелес көршілердің оқиғаларға қатысты эмоциялық реакциялары мен көзқарастары одан әрі ұқсап кететінін осымен түсіндіруге болатын шығар (Anderson et al., 2003; Davis & Rusbult, 2001). «Көзқарастарды түзеу» тығыз қатынастарды нығайтып, сақтап отыруға көмектеседі, бұл феномен жұптағы серіктердің көзқарас тұрғысынан да бір-біріне бейімделуі мүмкін (Kenny & Acitelli, 2001; Murray et al., 2002).
Адамдар басқа нәсілге жататын адамдарды өздерінің нәсілдік көзқарастарына ұқсас немесе ұқсас еместігі тұрғысынан бағалайды. Әрдайым бір топ басқа топты «бөтен» деп, басқаша сөйлейтін, басқаша өмір сүретін, басқаша ойлайтын адамдар ретінде қарастырған кезде жанжал қаупі өте жоғары болады. Шын мәнінде, романтикалық кездесу секілді интимдік қатынастардан басқасында «ұнату үшін ой-пікіріміз ұқсас болуы керек» деу теріміздің түсі ұқсас болсын дегеннен гөрі әлдеқайда маңызды. Бір зерттеуде либералдар консерваторларға қатысты өздерінің жақтырмаушылығын білдіріп, консерваторлар либералдарға қатысты қарсылығын білдірген, бірақ бұл олардың бірін-бірі ұнатуына ешбір кедергі келтірмеген (Chambers et al., 2012).
Әлеуметтік психолог Джеймс Джонстың айтуынша (1988, 2003, 2004), «мәдени нәсілшілдік» сақталып келеді, себебі мәдени айырмашылықтар – өмірдің шындығы. Қара нәсілді мәдениет бүгінгі күнге бағытталып, рухани және мәдени тұрғыда биіктеп келеді. Ақ нәсілді мәдениет болашаққа көбірек бағытталып, материалистік болуға және жетістікке жетуді алға тартуға бейім. «Осындай айырмашылықты жоюға тырысудың орнына, – дейді Джонс, – біз олардың «көпмәдениетті қоғамның мәдени ортаға» қандай пайда әкелетінін жақсырақ түсінгеніміз жөн болар еді». Әрбір мәдениетте басқалар үйренуге тұрарлық қасиеттер бар. Көші-қон мен бала туу көрсеткіштеріндегі айырмашылық алуандықтың артуына себеп болып отырған Канада, Ұлыбритания және Құрама Штаттар секілді елдерде адамдарды басқаларды сыйлауға және өзіңнен өзгеше адаммен қарым-қатынас жасаудан рухани ләззат алуға үйрету – өте күрделі мәселе. Мәдени алуандық біздің заманымыздың ең басты әлеуметтік мәселесіне айналуы мүмкін.
«Қарама-қайшы адамдар бірін-бірі толықтырып отырады» деген теорияның танымал болуына қарамастан (мысалы, тыныш және беймаза адамдар), ұқсас адамдардың бір-біріне романтикалық тұрғыда ұмтылуы жиірек кездеседі
БІР-БІРІНЕ ҰҚСАМАЙТЫН АДАМДАР БІРІН-БІРІ ЖАҚСЫ КӨРЕ МЕ?
Өзімізден өзгешеленетін адамдар бізге тартымды болып көрінетіні рас па? Өзара туыс адамдардың жұптасуын болдырмау үшін өзімізден гендік тұрғыда айтарлықтай өзгешеленетін адамдар физикалық тұрғыда тартымды болып көрінуі жақсы да шығар (Garver-Apgar et al., 2006). Алайда өзара қарым-қатынастар мен мінез-құлық сипаттарына қатысты не айта аламыз? Зерттеушілер тек достар мен ерлі-зайыптылардың ғана емес, құрдастардың, діні, нәсілі ортақ адамдардың, темекі шегушілердің, мінез-құлқының, экономикалық деңгейінің, білімінің, бойының, ақыл-парасаты мен сырт келбетінің ұқсастықтары бар адамдардың көзқарастары мен нанымдарын салыстыра отырып, осы мәселені қарастырып көрді. Осы және көптеген басқа да қатынастарда әлде де ұқсастық басым болып тұр (Buss, 1985; Kandel, 1978). Тең – теңімен. Бұл дәулеттілерге, протестанттарға, бойы биіктерге, сұлуларға да қатысты.
Біз әлде де қарсылық білдіреміз: қажеттіліктері мен жеке қасиеттері жағынан бізді толықтыратын адамдар ұнамай ма? Садист немесе махозист шынайы махаббатын таба ала ма? «Reader’s Digest-тің» мәлімдеуінше, «қарама-қайшы адамдар біріне-бірі ұмтылады... көпшіл адамдар – жалғыздықты сүйетіндермен, жаңалықты жаны сүйетіндер – өзгерістерді ұнатпайтындармен, ақшаны ысырап ететіндер – сараңдармен, тәуекелшіл адамдар өте сақ адамдармен бас қосады» (Jacoby, 1986). Социолог Роберт Винч (1958) көрнекті және билікқұмар адамның қажеттіліктері ұялшақ және көнбіс адамның қасиеттерін толықтыратыны жайында пікір білдірді. Бұл иланымды қисын болып көрінеді, жұптар өздерінің айырмашылықтарын өзара толықтырушы қасиеттер ретінде қабылдауы керек деп көбіміз ойлауымыз мүмкін: «Жолдасым екеуміз керемет үйлесімдіміз. Мен Суқұйғышпын – батыл адаммын. Ол Таразы – өздігінен шешім қабылдай алмайды. Алайда ол менің іс-әрекетімді құптауға әрдайым дайын».
Бұл идеяның нанымдылығын ескере отырып, зерттеушілердің оны растай алмауы таңғалдырады. Мысалы, адамдардың көбі көрнекті, жайдары адамдарды жақсы көреді (Friedman et al., 1988; Watson et al., 2014). Егер осы ұнайтын адам әлеуметтік баспалдақтың ең төменгі сатысында болса, дәл солай жақсы көрер ме еді? Көңіл күйі жабырқау адамдар көңіл күйін көтеретін көңілді адамды іздейді деген рас па? Орайы келгенде айта кетсек, көңілді адамдар қасында бақытты адамдардың болғанын жөн көреді (Locke & Horowitz, 1990; Rosenblatt & Greenberg, 1988, 1991; Wenzlaff & Prohaska, 1989). Өзіңізді мұңды сезінгенде біреудің шат-шадыман күйі біраз ұнамсыз көрінуі мүмкін. Көріксіздеу адам көрікті адамдардың арасында өзін ұсқынсыз сезінеді. Жабырқау адам жайдары адамдардың ортасында өзін бақытсыз сезінеді.
Белгілі бір дәрежедегі комплементарлық155 арақатынас барысында дамуы мүмкін. Сонда да адамдар мұқтаждықтары, көзқарастары және жекетұлғалық қасиеттері өздеріне ұқсас адамдармен неке құруға бейім секілді (Botwin et al., 1997; Buss, 1984; Rammstedt & Schupp, 2008; Watson et al., 2004). Мүмкін, күндердің күнінде біз қарама-қайшылықтардан туатын жақсы көру сезімінің сырын зерттейтін шығармыз. Доминант немесе көнбіс болу да осындай жағдайлардың бірі болуы мүмкін (Dryer & Horowitz, 1997; Markey & Kurtz, 2006). Дегенмен қарама-қайшы адамдар бірін-бірі ұната бермейтіні шындық.
БІЗДІ ҰНАТАТЫНДАРДЫ ҰНАТУ
Көрік-келбеті орташа ер адам сұлу әйелге қарағанда өзін ұнатқан әйел адамды көбірек ұнатады.
Actress Marlene Dietrich, 1901–1992
60 000 адам маған өздеріне шоу ұнағанын айтса, мен оған мән бермеймін, ал өтіп бара жатқан адам шоудың барып тұрған далбаса екенін айтса, оны құлағыма құйып аламын.
Musician Dave Matthews, 2000
Әдетте ұнату сезімі екі жаққа ортақ болады. Кісіні өзіне баурап алатын тартымды адамдарды алғаш көргенде-ақ ұнатып қаламыз, ал мінез-құлқы, ой-пікірі ұқсас адамдардың арасындағы жақсы көру сезімі ұзаққа созылады. Егер біз өзімізді біреудің жақсы көргенін қалап тұрсақ, демек, сол адамды өзіміз де іштей ұнатуымыз керек қой? Достықтың үздік үлгілері өзара тәнті болудың салдары емес пе? Расында да, бір адамның екіншісіне деген ұнату сезімі екі жақты ұнатушылықты туындатады (Kenny & Nasby, 1980; Montoya & Insko, 2008).
Яғни сен біреуді жақсы көрсең, ол да сені жақсы көреді. Адамдардың бір-біріне қалай ғашық болғанын баяндайтын әңгімелер осыны растайды (Aron et al., 1989). Егер бір тартымды адамның сізді шынында да ұнатып қалғанын білсеңіз, ішіңізде романтикалық сезімдер пайда болатын секілді. Эксперименттер мұны дәлелдеп отыр: біреудің өзін ұнатқанын немесе ғашық болғанын естіген адамдар әдетте өзара тартылысты сезіне бастайды (Berscheid & Walster, 1978). Осы пікірді «жылдам кездесулер» тәжірибесі де қолдап отыр, мұндайда біреуге ерекше ұнағаныңызды бірінші әсер сездіреді (Eastwick et al., 2007). Белгісіздік те құштарлықты арттырады. Біреу сізді ұнатып қалды деп ойлап, бірақ сенімді болмасаңыз, бұл сіздің оған қатысты қиялыңызды қоздырып, оған деген ынтықтығыңыз арта түседі (Whitechurch et al., 2011).
Осы пікірді қарастырып көрсек: студенттер өзі жайлы жеті жағымды нәрсе айтып, бір жағымсыз нәрсе айтқан студентке қарағанда, өзі жайлы сегіз жағымды нәрсе айтқан адамды көбірек ұнатады (Berscheid et al., 1969). Біз сынға төзе алмаймыз. Жазушы Ларри Л. Кинг: «Мен бір қызық нәрсені байқадым: жақсы пікірлердің жағымды әсері көп, әйтсе де өзі жайлы теріс пікір авторды көбірек ойландырады екен», – деп жазады.
Бағалау өзімізге немесе басқаларға қатысты болсын, негативті ақпарат ауырлау тиеді, себебі бұл сияқты әдеттен тыс пікірлерге назар көбірек аударылады (Yzerbyt & Leyens, 1991). Президенттікке үміткерлердің мықты жақтарының әсеріне қарағанда, кемшіліктерінің әсері сайлаушылардың дауыс беруіне көбірек ықпал етеді (Klein, 1991). Бұл құбылысты бәсекелестер сайлауалды науқан барысында тиімді қолданады. Бұл өмірдің заңы: жаман нәрсе жақсы нәрседен мықтырақ (қараңыз: Назар аударыңыз. «Жаман жақсыдан мықты»).
Біз өзімізді ұнататын адамдарды ұнатып тұратынымыз бұрыннан анықталған. Көне заман философы Гекатоннан («Біреудің сүйгенін қаласаң, өзің де сүйе біл!») бастап, Ральф Уолдо Эмерсонға («Дос табудың бір ғана жолы – жалғыз болу») және Дейл Карнегиге («Мадақ сөзге сараң болма!») дейінгі ойшылдар мұның нәтижесін болжай білген. Алайда олардың болжай алмағаны – осы қағида іске асуға қажетті нақты жағдайлар.
Бізді көзқарасымыздағы ұқсастықтардың жақындатуынан гөрі көзқарасымыздағы айырмашылықтар анағұрлым қатты алшақтатады. Сол сияқты мадаққа қарағанда басқалардың сыни пікірі біздің назарымызды көбірек аударып, эмоцияларымызға біршама қатты әсер етеді. Рой Баумайстер, Эллен Брацлавский, Катрин Финкенауэр мен Кэтлин Вогстың (2001) айтуынша, бұл айсбергтің төбесі ғана: «Күнделікті өмірде жақсы оқиғаларға қарағанда осыған парапар жаман оқиғалардың салдары әлдеқайда мықты және ұзақ болады». Келесі мысалдарды қарастырайық:
• Конструктивті әрекеттердің тығыз қатынастарды нығайтуынан гөрі деструктивті әрекеттер олардың бұзылуына қаттырақ әсер етеді (жылы сөздер тез ұмытылады, ал ауыр сөздер есте ұзақ сақталады).
• Көтеріңкі көңіл күйге қарағанда жайсыз көңіл күй біздің ойлауымыз бен еске сақтау қабілетімізге қаттырақ ықпал етеді. (Бойымыздағы табиғи оптимизмге қарамастан, өткен шақтағы жаман эмоциялы оқиғалар жақсыларына қарағанда тезірек еске түседі.)
Позитив эмоцияларға қарағанда негатив эмоцияларды сипаттайтын сөздер көбірек, сондықтан адамдар, негізінен, негатив эмоцияларды білдіретін сөздерді ойлап табатыны белгілі (қайғы, ашу және қорқыныш – солардың арасындағы ең көп тарағаны).
• Жақсы оқиғаға байланысты қуаныштың әсеріне қарағанда жаман оқиғалардан туындайтын күйзелістің әсері әдетте біршама қуатты (Рэнди Ларсеннің бір талдауында [2009] негатив эмоциялы тәжірибе позитив эмоциялы әсерленуден әлдеқайда қарқынды болған, фактор pi: 3.14 тең болды).
• Оңашада болған травмалар салдары оңашада болған жақсы оқиғалар салдарына қарағанда ұзақ мерзімді болады. (Өлім дүниеге келуге қарағанда, өмірдің мәні туралы көбірек ойландырады.)
• Әдетте күнделікті жақсы оқиғаларға қарағанда жаман оқиғаларға назарды көбірек аударып, олардың мәні туралы көбірек толғанасың. (Ұтылған қаржы дәл сондай соманы ұтып алғаннан гөрі адамдарды қаттырақ қамықтырады.)
• Табыс тауып, қуанғандағы сезімнен гөрі табысты жоғалтқандағы күйзелу сезімі күштірек болады (Boyce et al., 2013).
• Өте қолайлы отбасылық ортаға қарағанда тәрбие берудің өте жаман жағдайларының ақыл-парасатқа қатысты генетикалық ықпалы көбірек. (Жайсыз ата-ана өздерінің генетикалық тұрғыда дарынды баласын тым білімсіз етуі мүмкін, ал жақсы ата-ана өздерінің зердесіз балаларын біршама ақылды ете алады.)
• Жаман атаққа ие болу оңай да, ал одан құтылу әлдеқайда қиын. (Айтылған бір өтірік сөз – кісінің шыншыл адам ретіндегі абырой-беделін түсіруі мүмкін.)
• Дені сау адамның бақытты болуына қарағанда денсаулықтың нашар болуы адамды әлдеқайда бақытсыз етеді. (Жайлылықтың қуанышқа себеп болғанына қарағанда аурудың азабы басым болады.)
Жамандықтың әсері қауіп-қатермен күресуге дайындап, бізді өлім мен мүгедектіктен сақтайды. Күнкөріс жағдайында жақсылықтың жақсылығына қарағанда, жамандықтың жамандығы біршама көп болуы мүмкін. Жамандықтың маңыздылығы – психологияның бірінші ғасырында жақсылыққа қарағанда жамандыққа көбірек назар аударылуының ықтимал себептерінің бірі. 2014 жылдың басынан бері PsycINFO-да (психологиялық әдебиет бойынша нұсқаулық) ашу-ызаға қатысты – 23 951 мақала, үрей тақырыбында – 171 609 мақала және депрессия тақырыбында 199 595 мақала жарияланды. Позитив эмоцияларға қатысты тақырыптар бойынша әр нөмірде 10 мақала. Олардың ішінде қуанышқа (7 121), өмірге қанағаттанушылыққа (10 992) немесе бақытқа (12 452) қатысты мақалалар бар. Сол сияқты, «қорқыныш» (56 656 мақала) «батылдықтан» (2 892) басым түсті. «Жамандықтың күші, бәлкім, позитивті психологияның күшеюіне әсер ететін шығар», – дейді Баумайстер мен әріптестері. Жекелеген жаман оқиғалардың теріс әсеріне тойтарыс беру үшін «адам өмірі жамандыққа қарағанда жақсылықтың әлдеқайда көп болуына мұқтаж».
АТРИБУЦИЯ
Жүрегіңізге дөп тигізіп жаралау үшін сіздің жауыңыз бен досыңыз бірге әрекет етуге мәжбүр, жауыңыз – сіз жоқта сізді қаралау үшін, ал досыңыз – сізге оны жеткізу үшін».
Mark Twain, Pudd’nhead Wilson’s New Calendar, 1897
Көріп тұрғанымыздай, жағыну әйтеуір бір жерге жеткізеді. Бірақ әрдайым емес. Егер жағымпаздық айқын түрде шындыққа жанаспайтын болса, егер сізге біреу «шашыңыз керемет көрінеді» деп, сіз шашыңызды жумағаныңызға үш күн болғанын біліп тұрсаңыз, жағымпазға деген құрмет сезімін жоғалтып, оның қошеметінің жасырын себебін іздей бастайсыз (Shrauger, 1975). Осылайша біз көбіне айтылған мадаққа қарағанда сынды анағұрлым шыншыл деп қабылдаймыз (Coleman et al., 1987). Расында да, біреу сөзін «шынымды айтсам» деп бастап жатса, біз сыни пікірді еститінімізді біліп тұрамыз.
Зертханалық эксперименттер алдыңғы тарауларда аталған жайларды растап отыр: біздің реакцияларымыз біздің атрибуцияларымызға тәуелді. Біз жарамсақтықты пайдакүнемдік мақсатқа пайдалана аламыз ба? Адам бізді бірдеңе сатып алуға, интимдік байланысқа келісуге, жәрдем беруге мәжбүр ете ала ма? Егер шынымен де солай болатын болса, мадақтың не мәні бар? (Gordon, 1996; Jones, 1964). Соған қарамастан, көп жағдайда біз жағымпаздануды да, жағымпазды да жылы қабылдаймыз.
Аронсонның (1988) пайымдауынша, үнемі мақтап отыру – мақтаудың құнын түсіруі мүмкін. Күйеуінің бес жүзінші мәрте «Қымбаттым, сен керемет көрінесің!» деген сөздерден гөрі «Қымбаттым, бұл көйлек саған еш жараспай тұр!» дегеннің әсері әлдеқайда елеулі болады. Өзің ғашық болған сүйікті адамыңа қошемет айту қиын, алайда оны ренжітіп алу өте оңай. Бұл дегеніміз – ашық та шыншыл қатынастарда, яғни адамдар бірін-бірі құрметтеп, мойындайтын, сондай-ақ бір-біріне қатысты шындықты ұстанатын кезде олар өзара сыйласып, өз жұбын мақтап отыруды жалғастырады, ал жағымсыз эмоцияларды басып-жаншып отыратын қатынастарда адамдар жай ғана Дейл Карнегидің кеңесіне сай, «мадақты үйіп-төгіп айтудан аянбайды».
Аронсон (1988) былай дейді:
«Тығыз қатынастар жақындықтың арта түсуіне орай жалғасатын болғандықтан, біз бірте-бірте өзіміз жайлы жақсы пікір қалдыруға деген талпынысымыздан бас тартып, шынайы болмысымызды көрсете бастау, шыншыл, шынайы болу маңызды екенін түсінеміз... Екі адам бірін-бірі шын сүйсе, олар өзара қатынастары барынша қанағаттанып, байланысы тығыз және ұзағынан болу үшін бір-біріне үнемі «ұнамды» болуға тырысып қана қойғаннан гөрі, тек позитив ғана емес, негатив сезімдерін де білдіруге қабілетті болуы тиіс» (p. 323).
Әлеуметтік арақатынастардың басым көпшілігінде біз өзіміздің негатив сезімдерімізді сынға аламыз. Уильям Суонн мен әріптестерінің (1991) мәлімдеуінше, кейбір адамдар түзетуші кері пікірден құр қалады. Өздеріне ұнамды иллюзиялар әлемінде өмір сүре отырып, олар өздеріне дос болуға лайықты адамдарды алыстататындай әрекет жасауды жалғастыра береді. Шынайы дос – біздің кемшілігімізге де түсіністікпен қарауға даяр адам.
Бізді шынымен де сүйетін адам шыншыл болады, дегенмен ол болмашы кемшіліктерімізді елемей, жаман жағымызға көз жұма қарайды. Ең бақытты жұптар бірін-бірі дәріптеп, тіпті өз жұбын өзінен биік қойып, көтермелеп отырады (Murray & Holmes, 1997; Murray et al., 1996a, b). Ғашық болғанда, біз сүйген адамымызды тек сырт келбет тұрғысынан ғана емес, әлеуметтік өлшем бойынша да тартымды санаймыз және сүйіктілеріміз біз туралы осындай көзқараста болса, қуанамыз (Boyes & Fletcher, 2007). Оған қоса, арақатынасына көңілі толатын отбасылық жұптар әдетте бірін-бірі жас жұбайлар секілді аса дәріптеп, бір мәселе туындай қалған жағдайда кінәліні іздеп, өз серігін сынап-мінеуге тырыспайды (Karney & Bradbury, 1997; Miller et al., 2006; Murray et al., 2011). Жақсы қарым-қатынаста шыншылдықтың өз орны болуы тиіс, алайда өз жұбыңның кереметтігі жайлы пікірді берік ұстанғаныңыз жөн.
«Енді мен мұны сен менің күйеуім болғаннан кейін ғана айтып жатқан жоқпын, бұдан жаман иіс шығып жатыр». Әйелінің бұл сөзінде жағымпаздық жоқ, керісінше, шыншылдық бар шыншылдықты көрсетеді
Ессіз ғашық болғанша, ешбір адам мінсіз емес.
Andy Rooney
АРАҚАТЫНАСТАРДЫҢ МАРАПАТТАЛУЫ
Біреумен не себепті дос болғанын немесе серігінің қай қасиеті ұнағанын сұрағанда адамдардың көбі «Кэролдың маған ұнайтын себебі – ол шырайлы, ақылды және білімді» деп жауап береді. Бұл жауаптың сыртында қалған және әлеуметтік психологтер маңызды деп санайтын мәселе – біздің өзіміз. Екі адамның бір-біріне ықыласты болуы – өздеріне байланысты. Сондықтан психологиялық тұрғыда толымды жауап былай болуы қажет: «Кэролдың маған ұнайтын себебі – оның қасында болған кезде ерекше сезімде боламын. Маған ол ұнайды». Бізге қажеттіліктерімізді қанағаттандыратын және қасында болған кезде өзімізді қуанышты сезінетін адамдар ұнайды. Тартымдылық адамның көзінде (және миында) болады.
Бұл тұжырымды тартымдылықтың марапаттау157, «пайда әкелу» немесе сыйласу теориясы ретінде түсіндіруге болады: бізге ұнайтындар – бізге сый, «пайда» әкелетіндер; марапат беретіндер. Егер қарым-қатынасымыз біз үшін шығынға қарағанда пайданы көбірек әкелетін болса, бұл бізге ұнайды және қарым-қатынасымыздың жалғаса беруін қалаймыз. Адамдарға пайдасы тиетін үш тапсырманы орындау жүктелген канадалық балалар әлеуметтік бейімдігі жоғары және жақсылық жасауға жаны құштар жеткіншектер болып шықты – олар басқаларға көмектескендіктен, достары да көбейді (Layous et al., 2012). Өзінің 1665 жылғы «Максималар» (Maxims) кітабында Ларошфуко: «Достық дегеніміз – екі жақты қызмет және сыйласу механизмі, бұл жерде өзін-өзі құрметтеу сезімінің мәні зор», – дейді.
Бізге қасымызда болғаны қандай да бір себеппен тиімді адамдар ғана емес; оған қоса, мінез-құлқы, түр-келбетімен жағымды әсер қалдыратын тартымды адамдар да ұнап жатады. Көңілде жақсы әсер қалдыратын оқиғаларды еске түсіретін адамдар да жылы сезім туындатады (Byrne & Clore, 1970; De Houwer et al., 2001; Lott & Lott, 1974). Апта соңында жайлы орында отырып, жақсы тағам, сусын ішіп, музыка тыңдап, демалып жатқанда қасымыздағыларға ерекше бір ықыласпен қараймыз. Басымыз ауырып, қиналып отырғанда кездесетін адамға ықылас таныта қоймаймыз.
Эксперименттер «ұнату және ұнатпау» феноменінің ассоциациялармен байланысын растап отыр (Hofmann et al., 2010). Экспериментші жылы қабақ танытқанда қатысушылар әрекеттесу мақсатында экспериментшіге ұқсас біреуді таңдады, ал экспериментшінің түсі суық болып, жақтырмайтын кейіп білдірсе, экспериментке қатысушылар сырт келбеті экспериментшіге ұқсайтын адамға жоламауға тырысты (Lewicki, 1985). Элейн Хатфилд пен Уильям Уолстер (1978) осы зерттеу жұмыстарын қорыта келе, бір тәжірибелік кеңес береді: «Романтикалық кешкі астар, театрға бару, кештерді және демалыс күндерін үйде бірге өткізу ешқашан өз маңызын жоғалтпайды... Егер сіз арақатынасыңызды сақтап қалғыңыз келсе, өз араңызды жағымды нәрселермен байланыстыра түскеніңіз абзал».
Бізге белгілі бір марапат және тиімділікпен/пайдамен ассоциацияланатын адамдар ұнайды дейтін тартымдылықтың осы бір қарапайым теориясы – адамдар не себепті жағымды ассоциация туғызатын, сенімді және қайырымды адамдарға ұмтылатынын түсіндіреді (Fletcher et al., 1999; Regan, 1998; Wojciszke et al., 1998). Марапат теориясы адамдардың өзара тартылысының кейбір ықпалдарын ұғынуға көмектеседі.
• Жақындық тиімді, пайдалы. Жақын жерде тұратын немесе қызмет ететін адаммен дос болудың артықшылықтары көп. Ең бастысы, уақытың мен күшіңді үнемдейсің.
• Бізге тартымды адамдар ұнайды, себебі олардың бойынан басқа да қалаулы сипаттардың табылатынын сезінеміз және оларға байланысты ассоциациялардың ұтымды екенін ұғынамыз.
• Егер басқалардың пікірлері бізге ұқсас болса, өзімізді марапатталғандай, пайда тапқандай сезінеміз, өйткені ұнатуымызға орай жағымды жауап алатынымызды сеземіз. Оның үстіне, бізбен пікірлес адамдар осы пікірлерді дәйектеуге көмектеседі. Ой-пікірін біздің ой-пікірімізге ұқсатып өзгерту қолынан келген адамдар бізге ерекше ұнайды (Lombardo et al., 1972; Riordan, 1980; Sigall, 1970).
• Біз адамдарға ұнағанды жақсы көреміз және сүйікті болғанды сүйеміз. Әдетте ұнату сезімі екі жақты болады. Біз өзімізді ұнатқанды ұнатамыз.
Марапаттау теориясының тұжырымына сай, біз өз жұбымызды ұнамды бір әрекетпен байланыстырғанда арақатынас нығая түседі
ҚОРЫТЫНДЫ
Достасу және өзгелерге қызығушылық неден туындайды?
• Қандай да бір екі адамның дос болуына жол ашатын нәрсе – олардың өзара жақын тұруы. Жақын болу қайта әрекеттесуге және өзара ықпалдасуға жағдай жасайды, бұл адамдардың өзара ұқсастықтарын байқап, бір-біріне деген ұнату сезімінің туындауына жол ашады.
• Адамдардың бірін-бірі ұнатуына, ең алдымен, физикалық тартымдылық себепші. Зертханалық жағдайда да, «көрмей-білмей» кездесу секілді сыртқы жағдайларда да колледж студенттері әдетте тартымды адамдарды таңдағанды құп көреді. Дегенмен күнделікті өмірде адамдар тартымдылығы өзіне сай адамдарды (немесе тартымдылығы төмен болатын болса, басқа да орнын толтырушы қасиеттері бар адамдарды) таңдауға бейім болады. Тартымды адамдардың позитив атрибуциялары – физикалық тартымдылықтың стереотипін – «сұлу – демек, жақсы» деген секілді пікірді анықтайды.
Ұнату сезімінің туындауына көзқарастардың, наным-сенімдердің және олар ерекше бағайлатын құндылықтардың ұқсастығы біршама әсер етеді. Ұқсас қасиеттері көп адамдар бірін-бірі ұнатуға бейім болады; мінезі, көзқарасы қарама-қайшы адамдар бір-біріне жақындай қоймайды.
• Сонымен бірге біз өзімізді ұнататын адамдармен достық қатынаста болғанды жөн көреміз.
• Марапаттау теориясына сай, бізге мінез-құлқы өзімізге жағымды немесе бір оқиғалармен ассоциацияланатын адамдар ұнайды.
МАХАББАТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Махаббаттың түрлері мен құрамдас бөліктерін сипаттаңыз
Махаббат қарапайым ұнатушылыққа қарағанда біршама күрделі, сәйкесінше, оны өлшеу мен зерделеу де біраз қиындық тудырады. Адамдар махаббатты аңсайды, олар махаббат үшін өмір сүріп, ол үшін өлімге баруға да дайын.
Тартымдылықты зерттеушілердің көбі зерделеуге ең оңай икемделетін нәрсені – бейтаныс адамдармен қысқаша кездесу кезіндегі реакцияларды мұқият зерттеді. Біздің айналадағы адамдарды бірден ұнатуымызға себеп болған – жақындық, тартымдылық, ұқсастық, басқаға ұнау және басқа да тиімді сипаттар – ұзақ мерзімді, тығыз қатынастарымызға әсер етеді. Жұптардың бір-бірін көргенде алған алғашқы әсерлері олардың ұзақ қатынастарына жол ашады (Berg, 1984; Berg & McQuinn, 1986). Шынында да, солтүстік-америкалық романтикалық қатынастар ешбір ретсіз, серіктестердің жақындығы мен ұқсастығына қарамастан, дами беретін болса, католиктердің көбі (азшылық топ бола тұра) протестанттармен некелесіп, қара нәсілділердің көбі ақ нәсілділермен отбасын құрып, колледж түлектері (олар да азшылық топ бола тұра) университет түлектерімен және өздерінің құрбы-құрдастарымен бас қосу жағдайлары көп болар еді.
Сонымен, алғашқы әсер өте маңызды. Дегенмен ұзақ мерзімді махаббат дегеніміз – тек алғашқы ұнату сезімінің күшейе түсуі ғана емес. Сол себепті әлеуметтік психологтер тұрақты, тығыз қатынастарды зерттейді.
ЫНТЫҚ МАХАББАТ
Романтикалық махаббат – ғылыми-зерттеудегі бірінші қадам. Басқа да айнымалы шаманы зерттегендей, оны қалайша анықтап, өлшеу қажет? Бәрі осы мәселені шешуден басталады. Біздің агрессияны, альтруизмді, ескішілдікті және ұнату сезімдерін өлшеу тәсілдеріміз бар – бірақ махаббатты қалай өлшейміз?
«Мен сені қалай сүйемін? Соның белгілерін санап шығуға рұқсат беріңіз», – деп жазды Элизабет Баррет Браунинг. Әлеуметтанушылар іңкәрлік сезімінің белгілерін санап шығарды. Психолог Роберт Стернберг (1998) махаббатты үш құрамдастан тұратын үшбұрыш ретінде қарастырады: ынтықтық, интимдік және адалдық Роберт Стернбергтің тұжырымдамасы (1988). Махаббаттың үш негізгі құрамдасының комбинациясы ретіндегі махаббат түрлері
Махаббаттың кейбір элементтері сүйіспеншіліктің барлық түріне ортақ. Олар: өзара түсіністік, қолдау көрсету және сезіну, сүйікті адамыңның жанында болудан ләззат алу. Кей элементтер өзгешеленеді. Егер біз ынтық махаббатқа158 берілген болсақ, оны физикалық болмысымызбен білдіреміз, арақатынасымыз қайталанбастай болады деп сенеміз және таңдаған жұбымызға барынша сүйсіне қараймыз. Мұны әркім ғашық жанның көзінен байқай алады.
Мұны Зик Рубин (1973) растап берді. Ол Мичиган университетіндегі жүздеген жұпқа қатысты махаббат шкаласын енгізді. Кейін зертхананың күту бөлмесіндегі біржақты айнадан қарап отырып, ол «махаббаты әлсіз» және «махаббаты күшті» жұптардың бір-біріне қалай қарайтынын (көз түйістіруді) бақылады (өзара көз алмай қарау – ұнатушылықты білдірсе, көз тайдырып қарау – остракизмнің көрінісі [Wirth et al., 2010]).
Сондықтан Рубиннің тұжырымы сізді таңғалдырмайды:
«Бір-біріне деген махаббаты күшті жұптар өз серігіне беріле, көз алмай, сөйлескенде де бастарын изеп, шынайы күлімсірей, алға қарай еңкейе отырды (Gonzaga et al., 2001). «Жылдам кездесулердің» қатысушыларын бақылай отырып, серігіңіз сізге қызығушылық таныта ма, жоқ па деген сауалдың айтарлықтай дәл жауабын айту үшін бірнеше секунд уақыт жеткілікті болады деген тұжырым жасауға болады» (Place et al., 2009).
Ынтызар махаббат эмоцияға бай, еліктіргіш келеді. Элейн Хатфилд (1988) оған «біреумен бас қосуға деген интенсивті ұмтылыс күйі» деген анықтама берді (р. 193). Егер махаббат екіжақты болса, адам өзіне-өзі көңілі толып, шат-шадыман күй кешеді; ал жауапсыз махаббат адамды шарасыздандырып, торығуға бой алдыруына себеп болады. Эмоциялық қозудың басқа да түрлері секілді, ынтызар жаннын сезімін америкалық төбелерде сырғанаумен салыстыруға болады: қатты масаттану мен жабырқау, шектен тыс қобалжу мен азапты күй кешіп, қайғыру. «Біз ешуақытта сүйген кездегідей азапқа салынбаймыз», – деген болатын Фрейд. Ынтық халге түсіреді, мұндай жайды бастан кешкен сүйген адамның бар ынта-пейілі сүйіктісінде болады.
Ынтызар махаббат дегеніміз – сіз біреуді жақсы көретініңізді сезіп қана қоймай, ғашықтық күйде болу. Сара Майерс пен Эллен Бершайдтың (1997) пікірінше, бір адам «Мен сені жақсы көремін, бірақ саған ғашық емеспін» дейтін болса, бұл – «Сен
маған ұнайсың. Мен саған қамқор боламын. Мен сені керемет деп санаймын. Бірақ саған деген сексуалды құштарлық сезінбеймін» дегенді білдіреді. Бұл дос ретінде ұнатуды білдіреді, алайда ынтықтық емес. Зерттеушілердің айтуынша, ерекше сезіммен бір-бірімен қайта-қайта көз түйістіру, бас изеу және күлімсіреу – ынтық махаббаттың көріністері
ЫНТЫЗАР МАХАББАТ ТЕОРИЯСЫ
Ынтызар махаббатты түсіндіруге тырысқан Хатфилдтің айтуынша, осындай күйге тап болған жан түрлі эмоцияларды бастан кешіреді. Жаны да, тәні де маза таппай, дегбірсізденіп, ой-санасын құштарлық сезім билейді. Эмоцияға қозу және осы қозуға қатысты біздің түсініктемеміз және беретін мәніміз, яғни дене де, сана да ат салысады. Өзіңіздің жүрегіңіз дүрсілдеп, қолыңыз дірілдеген күйіңізді елестетіңізші. Бұл қандай күй? Бәлкім, сізді қорқыныш билеп алған шығар, әлде бұл қуаныштың әсері ме? Физиологиялық тұрғыда бір эмоция екіншісіне өте ұқсас. Мысалы, масаттанған күйде болсаңыз, сіз қуаныш түріндегі дегбірсіздікті сезінуіңіз мүмкін, егер жан-жағыңызда дұшпан ниетті жандар көп болса, сізді ашу билеуі мүмкін, ал егер бәрі өзіңіз қалағандай болса, ынтызар сезімге беріліп, ертегідегідей ғажап күй кешуіңіз мүмкін. Бұл жағынан қарасақ, ынтызар махаббат дегеніміз – өзіміз жақсы көретін жанның әсерімен биологиялық қозу күйіне түсудің психологиялық тәжірибесі іспетті.
Ынтықтық немесе «махаббат» деп аталатын сезімді жан мен тәннің құштарлығы десе де болады. Бірнеше экспериментте эротикалық материалдарды оқу немесе қарау арқылы қоздырылған ер адамдар әйелге қатысты көтеріңкі реакция танытқан, мысалы, өз жұбын махаббат шкаласы бойынша әдеттегіден жоғары бағалаған (Carducci et al., 1978; Dermer & Pyszczynski, 1978). Стэнли Шехтер мен Джером Сингердің (1962) эмоциялардың екі факторлы теориясы159 жақтастарының айтуынша, ер адам ынтызар болып тұрған кезде оның әйелге қатысты реакциясы сол әйелге тікелей байланысты оның жеке қоздырылған күйі ретінде қабылдануы әбден мүмкін.
Бұл теорияға сай, құштарлықтың кез келген түрі ынтықтық сезімдерді күшейте түсуі тиіс. Осы феномен Дональд Даттон мен Артур Аронның (1974) келесі экспериментінде көрініс табады: Британ Колумбиясындағы Капилано өзенінің үстінен 230 фут биіктікте жүргізілген ені тар әрі солқылдақ аспалы көпірмен өткелі жатқан ер адамдарға тартымды жас әйел адам жақындап келіп, сауалнаманы толтыруға көмектесуді өтінген. Ер адам сауалнаманы толтырып болған соң, әйелге өзінің есімі мен телефон нөмірін жазып беріп, жоба турасында көбірек білгісі келсе, өзіне хабарласуды сұрайды. Ер адамдардың көбі телефон нөмірін қабыл алып, солардың жартысы осы әйел адамға хабарласты. Керісінше, аласа, бекем көпірдің үстінен өткен ер адамдар осы келіншектің қоңырау соғуға байланысты өтінішіне жауап бермеген. Осылайша осы эксперимент құмарлық сезімі романтикалық реакцияға себеп болатынын тағы бір рет дәлелдеді.
Қорқынышты фильмдер, «америкалық төбелердегі» аттракциондар және дене жаттығуларының да әсері осындай, бұл әсіресе өзіміз тартымды деп санайтын адамдарға қатысты (Foster et al., 1998; White & Kight, 1984). Мұндай аттракциондар ерлі-зайыпты жұптарға да ықпал етеді. Еліктіргіш, әсерлі іс-шараларға бірге қатысатын жұптар арақатынасының жақсы екенін айтады. Зерттеу барысында әдеттегі зертханалық тапсырмалардың орнына белсенді, қан жүгіртетін тапсырмаларды орындаған соң (мысалы, түрлі спорттық ойындар) қатысушы жұптар өздерінің қарым-қатынастарына риза екенін көбірек айтады (Аron et al., 2000). Адреналин жүректегі сезімдерді қозғай түседі.
Ынтызар махаббат – әрі биологиялық, әрі психологиялық құбылыс. Әлеуметтік психолог Артур Арон мен әріптестерінің зерттеулері анықтағандай (2005), ынтызарлық сезім мидың жұмысына жақсы әсер етіп, дофаминге бай бөліктерін қуаттандырады екен
Бұл сенің ғашық болған кезіңдегі миыңның күйі
Ынтызар сезімге бөлінген жас адамдардың МРТ-скандары сүйікті адамының суретіне қарағанда белсенді болатын құйрықты ядро секілді тұстарды ашып көрсетеді (алайда бұл басқа таныс адамның суретіне қарағанда көрінбейді)
Дереккөз: Aron et al., 2005
Сонымен қатар махаббат – әлеуметтік құбылыс. «Махаббат дегеніміз – нәпсіқұмарлықтан біршама кең ұғым», – дейді Эллен Бершайд (2010). Секстік ынтызарлыққа шынайы достық қатынас қосылса, романтикалық махаббат күйін бастан кешеміз. Ынтық сезімге толы махаббаттың бес бөлігі – секстік құштарлық, ал бір бөлігі – ынтызарлық.
Эмоцияның екі факторлы теориясына сай, ойын-сауық паркінде аттракционда сырғанау секілді қандай да бір еліктіргіш әрекеттен туындайтын эмоциялық қозуды секстік құштарлықпен шатастырып алу әбден мүмкін
АХАБАТТАҒЫ ӘРАЛУАНДЫҚ: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ГЕНДЕР
Рахаттанудың алуан түріне байланысты «адреналин» ынтықтықты одан сайын күшейтуі мүмкін («химияның көмегімен махаббаты күшейту» феноменінің бір түрі).
Elaine Hatfield and Richard Rapson (1987)
Біз әрдайым адамдардың басым көпшілігі сезімдеріміз бен ойларымызға ортақтасады деп сенгіміз келеді. Мысалы, «махаббат – неке құрудың алғышарты» дейміз. Мәдениеттердің көбінде – талдаулардың бірінде 166 мәдениет түрінің 89 пайызында – романтикалық махаббаттың мынадай көрінісі бар: наздану немесе барлық тыйымдардан бас тартып, бірге қашып кеткен жұптар (Jankowiak & Fischer, 1992). Алайда кейбір мәдениеттерде, әсіресе некелесу алдын ала келісу бойынша жүзеге асырылатын мәдениет түрлерінде махаббат некеге дейін емес, некеден кейін туындайтын құбылыс болып саналады. Тіпті Құрама Штаттардың өзінде адамдардың көбі махаббат пен некені тек жарты ғасыр бұрын ғана бөліп-жара бастады: 1960 жылдары колледжде оқитын әйелдердің 24 пайызы ғана және жас жігіттердің 65 пайызы махаббатты некелесудің негізі деп санаған. Соңғы жылдары колледж студенттерінің барлығында дерлік осындай пікір қалыптасты (Reis & Aron, 2008).
Ер адамдар мен әйел адамдардың махаббатты сезінуінде айырмашылық бар ма? Ғашық және ғашық емес ер адамдар мен әйел адамдарды зерттеу жұмыстары бірқатар күтпеген жайтты көрсетті. Адамдардың көбі, соның ішінде газеттің шолушысына жіберілген төмендегі хаттың иесі де әйел адамдардың ғашық болуға бейімдігі жоғарырақ деп ойлайды:
«Құрметті доктор Бразерс!
Бүкіл әлем төңкерілгендей болып, ессіз ғашық болу тек әйелдерге тән және 19 жастағы жігітке лайық емес деп ойлайсыз ба? Мен, шынында да, ақылымнан адасқан шығармын, себебі бұл оқиға басымнан бірнеше рет өтті және қазір де ойламаған жерден махаббат сезімін бастан кешіп отырмын. Әкемнің айтуынша, бұл тек жас қыздарға жарасады, ал жігіт адамның осындай күй кешуі жөнсіз, тым болмағанда, бұлай болмауы қажет секілді. Мен ғашықпын және бұл ырқыма бағынбайтын сезім болып шықты. Алайда бұл жағдай мені қатты алаңдатып отыр», – Р.Т. (quoted Dion & Dion, 1985).
Хат иесіне жұбату ретінде, шын мәнінде, ер адамдар ғашық болуға бейім екенін қайталайтын тұжырым келтірілді (Ackerman et al., 2011; Dion & Dion, 1985). Сонымен бірге ер адамдар ғашықтық сезімін аялауға тырысады. Көп адам үшін таңданарлық жайт болғанымен, гетеросексуал қатынастарда «мен сені сүйемін» деген сөзді ең бірінші әйелдер емес, ер адамдар жиі айтады (Ackerman et al., 2011).
Ал ғашық болған әйел адамдардың сезім қуаты ер адамдардікі секілді терең, тіпті кейде одан да басым болады. Олар масайрау, «бас айналдырарлық және бейғамдық» сезімде болып, өздерін «төбесі көкке жеткендей» сезінгенін жиірек айтады. Сонымен бірге әйелдер еркектерге қарағанда, достық сезімге және өз серігіне қамқорлық жасауға көбірек мән береді. Ер адамдар әйелдерге қарағанда қарым-қатынастардың ойнақылық және физикалық қырлары жайлы көбірек ойлайды (Hendrick & Hendrick, 1995).
СЕРІКТЕСТІК МАХАББАТ
Ынтық махаббат зымырантасығыш секілді жалындағанымен, ақыр аяғында, қарым-қатынас тұрақты бір орбитаға жеткенде сығыла бастайды. Қатынастардың жоғары романтикалық қуаты бірнеше айға, тіпті бірнеше жылға дейін сақталуы мүмкін. Дегенмен ештеңе шексіз емес. «Сенің ғашық болған кезің – өміріңнің ең тамаша екі жарым күні», – деп әзілдейтін комедиялық әртіс Ричард Льюис. Ыстық сезімге толы қауышулар, бір-біріңе ынтызарлықпен берілу, романтиканың желіктіруі, «төбеңнің көкке жеткен» сезімі біртіндеп жоғала бастайды. Отбасылық өмірдің екі жылынан кейін ерлі-зайыптылар өз жарына деген іңкәр сезімін жас жұбайлық кезеңдегідей жиі білдіреді (Huston & Chorost, 1994). Үйленгеннен кейін, шамамен 4 жылдан соң, ажырасулар деңгейі бүкіл әлемдегі барлық мәдениеттерде шарықтай түседі (Fisher, 1994). Ажырасып кетпей, жұбайлық өмірдің сынағынан абыроймен өткен ерлі-зайыптылардың махаббаты біртіндеп серіктес жандар арасындағы сыйластыққа ұласады. Ынтықтықты тудыратын гормондар (тестостерон, дофамин, адреналин) бәсеңдеп, окситоцин гормоны іңкәрлік пен сенім сезімдерін демеп отырады (Taylor et al., 2010).
Асау эмоциялар мен ынтық махаббат секілді емес, серіктестік махаббат160 дегеніміз – келесі деңгей; бұл – терең, эмоциялық құштарлық. Ол мидың түрлі бөліктерін белсенді етеді (Aron et al. 2005) және ол да шынайы. Африканың Калахари шөлінде тұратын Kung San тайпасындағы Низа есімді әйел оны былай түсіндіреді: «Екі адам алғаш бас қосқанда олардың жүректері жалындайды, бір-біріне ынтықтығы артады. Біраз уақыт өткен соң жалын басылады да солай қала береді. Олар бірін-бірі сүюді жалғастыра береді, бірақ бұл – басқаша жылы және берік сезім» (Shostak, 1981).
Романтикалық махаббаттың ағынын кофемен, алкогольмен және басқа да есірткілік заттарымен салыстыруға болады (Burkett & Young, 2012). Алғашында бұл есірткі өте әсерлі, аса тәтті сезімдер сыйлайды. Эмоциялар қайталана келе үйреншікті, күнделікті өмір дағдысына айнала бастайды. Бір кездері еліктіріп әкететін сезімдер енді өткір әсер сыйламайды. Алайда мұндай сезімді тежеу сізді бастапқы күйге қайта апармайды. Керісінше, жағымсыз симптомдарды туындатады – мысалы, әлсіреу, депрессия және сандырақтау.
Махаббатта да солай. Жалындаған сезімнің жылуы басылады. Бұдан былай романтикалық емес қатынастар әбден сөніп біткенше, үйреншікті, қалыпты болып қалады. Мұндай кезде махаббат жалыны басылып, сезімі суып қалған адам өмірдің де ажары солғандай, жабырқау күй кешеді. Бұрынғы ыстық сезімдерді, қызулы сәттерді көп ойлайтын олар арадағы жаңа қарым-қатынастың мәніне терең бойламайды (Carlson & Hatfield, 1992).
Уақыт өте келе ынтызарлық сезімнің жалыны басылып, ортақ құндылықтар секілді басқа факторлардың мәні қалай артатынын Үндістандағы махаббатқа негіздей отырып, отбасын құрғандардың басынан өткен жайлардан көруге болады. Бірін-бірі сүйіп қосылғандар 5 жыл бірге тұрған соң махаббат сезімінің басылғанын айтады. Есеппен үйленгендерге қарағанда олар 5 жылдан соң махаббаттарының біршама сақталғанын мәлімдеді (7-сурет; [Gupta & Singh, 1982; for other data on the seeming success of arranged marriages, see J.E. Myers et al., 2005, Thakar & Epstein, 2011, and Yelsma & Athappilly, 1988).
Әсіресе отбасын құру және оны сақтап отыру үшін романтикалық махаббат қажет деп есептейтіндер арасында қызу романтикалық сезімдердің бәсең тартуы көбіне түңілу кезеңіне себеп болады. Солтүстік-америкалықтарға қарағанда азиялықтар әдетте жеке сезімдерден бұрын әлеуметтік байланыстың практикалық қырларына көбірек мән береді (Dion & Dion, 1988; Sprecher & Toro-Morn, 2002; Sprecher et al., 1994b). Олар сезімге емес, ақылға иек артады. Жұбайлық өмірдің алғашқы кезеңіндегі алаулаған сезім оты неге өшті деп бас қатырмай, отбасылық өмірдің діңгегін берік ұстауға мән береді (Dion & Dion, 1991; Triandis et al., 1988).
Өзара тартылуыс күшінің бәсеңдеуі түрдің аман сақталуына қажетті табиғи және адаптив қағида болуы мүмкін. Ынтық махаббаттың нәтижесі – балалардың дүниеге жиі келуі. Ал олардың аман-есен жетілуі үшін ата-анасының бір-біріне деген ыстық ынтықтығы басылғаны жөн (Kenrick & Trost, 1987). Соған қарамастан, 20 жылдан астам уақыт некелескендер үшін басылып қалған романтикалық сезімдердің кейбірі қайта жандана бастайды, себебі балалар ержетіп кеткесін, отбасылық ұя босап, ерлі-зайыптылар қайтадан бар назарын бір-біріне аудара алады (Hatfield & Sprecher, 1986; White & Edwards, 1990). «Ешбір еркек пен әйел ширек ғасыр бір шаңырақ астында тұрып көрмейінше, махаббаттың не екенін ұғынбайды», – деген Марк Твен. Егер арақатынастар интимді, өзара тиімді болып, тамырын тереңге жайса, өмірлік серік болған жандардың махаббаты да тереңдей түседі.
Менімен бол, бірге қартай!
Жақсылықтың бәрі алда.
Robert Browning, «Rabbi ben Ezra», in Dramatis Personae, 1864
Ынтық махаббаттан айырмашылығы – серіктестік махаббат өмір бойы жалғасуы мүмкін
ҚОРЫТЫНДЫ
Махаббат дегеніміз не?
• Зерттеушілер махаббатты жақындық, ынтықтық және жауапкершілік секілді құрамдас бөліктерден тұратын құбылыс ретінде сипаттады. Іңкәр махаббат экстаз бен үрейлену, масаттану мен ауырсыну сияқты түсініксіз сезімдердің қоспасы сияқты болып көрінеді. Эмоциялардың екі факторлы теориясының түсіндіруінше, романтикалық контексте кез келген себепке, тіпті жанға бататын сезімдерге байланысты сезім дегбірсіздігі ынтықтыққа ауысуы мүмкін.
• Жалын атқан алғашқы махаббат сезімі де сүйіспеншіліктің біршама тұрақты деңгейіне – сыйластыққа ауысады.
ТЫҒЫЗ АРАҚАТЫНАСҚА НЕ СЕБЕП БОЛАДЫ?
Құштарлықтың түрлері, әділеттілік және өздігінен даму біздің жақын қатынастарымыздың шарықтауы мен құлдырауына қалай ықпал ететінін түсіндіріңіз
ҚҰШТАРЛЫҚ
Махаббат – биологиялық императив. Біз – әлеуметтік тіршілік иелеріміз, бізге басқалармен қосылу бұйырылған. Біздің қажеттілігіміз – бейімделгіш болу. Ынтымақтастық аман қалуға мүмкіндік береді. Арғы аталарымыз жекпе-жекте ең қуатты жыртқыш болмаған; алайда аңшы ретінде жыртқыштарға тойтарыс бергенде сандық басымдықтың арқасында күш жинаған. Сол топтардың мүшелері аман қалып, бізді, өз ұрпағын, дүниеге әкелгендіктен, бүгінде осындай байланыстарды қалыптастыруға икемдейтін генді тасушы болып саналамыз.
Зерттеушілер анықтағандай, геннің әртүрлі нақты формалары сүт қоректілер жұптарының байланыстарын реттейді. Дала сұр тышқаны мен адамдарға окситоцин (ол әйелдерде бала емізу және жыныстық қатынасқа түсу кезінде бөлінеді) және вазопрессин секілді гормондардың инъекциясын жіберу ер-әйел жыныстық қатынасын туындататын ұнамды сезімдерді тұтандырады (Donaldson & Young, 2008; Young, 2009). Адамда вазопрессиннің белсенділігіне байланысты гендер ерлі-зайыптық тұрақтылықты реттейді (Walum et al., 2008). Берік махаббаттың биологиясы – осындай.
Сәби кезіміздегі тәуелділігіміз біздің адами байланыстарымызды нығайтады. Туылған соң көп ұзамай біз махаббат, қорқыныш, ашу секілді түрлі әлеуметтік реакцияларды білдіре бастаймыз. Алайда солардың ішіндегі ең алғашқысы және ең қуаттысы – махаббат. Сәби кезімізде біз таныс бет-жүздерді және дауыстарды ұнатамыз. Ата-анамыз бізге көңіл бөлгенде былдырлап күлеміз. Шамамен 8 айдан соң анамызға немесе әкемізге қарай еңбектеп, әдетте олардан алыстап қалсақ, жылай бастаймыз. Ал қайта құшағына кіргенде оларға жабыса кетеміз. Сәбилердің әрдайым өз қамқоршыларының жанында болуы – аман қалу үшін өте маңызды импульс болып қызмет ететін өте мықты әлеуметтік құштарлықты тудырады.
Осы тәріздес дағдылы құштарлықтан ада болып қалған балалар кейде тым қараусыз қалған жағдайда қоғамнан оқшауланып, қорқақ және тұйық болып кетуі мүмкін. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы тапсырысымен тастанды балалардың психикалық денсаулығын зерттеген психиатр Джон Боулби (1980, p. 442) былай деп жазды: «Басқа адамдарға қатысты интимдік құштарлық дегеніміз – адам өмірінің өзегі... Осы интимдік құштарлықтардан адамдар күш-қуат алып, құшырланады, рахаттанады».
Зерттеушілер ата-ана мен балалары арасындағы, достар арасындағы және ерлі-зайыптылар немесе көңіл қосқан адамдар арасындағы құштарлық пен махабатты салыстырып көрді (Davis, 1985; Maxwell, 1985; Sternberg & Grajek, 1984). Кейбір элементтер махаббатқа негізделген құштарлықтың барлығына ортақ болды, олар: өзара түсіністік, қолдау көрсету және сезіну, сүю, сүйікті болу және сүйікті адамыңмен бірге болудан ләззат алу. Ересек адамдар өздерінің романтикалық жұбы туралы ойлағанда олардың миының аналық құштарлыққа байланысты бөліктері белсендіріледі (Acevedo et al., 2012). Дегенмен ынтық махаббаттың кейбір қосымша ерекшеліктері бар: физикалық тартымдылық, сүйген адамның бәрінен жоғары бағалануы, сүйіктіңнің ықыласына бөлену.
Іңкәр сезім тек ғашықтарға ғана қатысты емес. Ата-ананың балаларына деген терең махаббат сезімі де осындай махаббаттың бір түрі болып саналады. Бір жасар бүлдіршін жас ғашықтар секілді қамқоршысынан алыстаған кезде физикалық ауырсынуды, жайсыздықты сезеді және қамқоршысымен қайта қауышқанда мейірімді сезініп, өзіне жақын адамдары тарапынан бөлінген назар мен мақұлдаудан орасан зор рахаттану сезіміне бөленеді (Shaver & Mikulincer, 2011). Әрине, сәбилер өз қамқоршыларына, ата-анасына, тәрбиешілеріне деген қатынасына қарай өзгешеленеді, сол сияқты ересек адамдар да өздерінің романтикалық жұптарына деген қатынасымен ерекшеленеді. Осы мәселе Филип Шэйвер мен Синди Хазанды (1993, 1994) мына сұраққа жауап іздеуге итермеледі: «Сәбилердің құштарлықтары ересек өмірдегі қарым-қатынастарға әсер ете ме?». Әсіресе қамқоршыларына құштар болу – аман қалудың мықты импульсі
ҚҰШТАРЛЫҚ СТИЛЬДЕРІ
Шамамен 10 сәбидің жетеуі және ересектердің барлығы дерлік ашық құштарлық танытады (Baldwin et al., 1996; Jones & Cunningham, 1996; Mickelson et al., 1997). Үйреншікті емес жағдайдағы сәбилерге бақылау жүргізгенде (әдетте бұл зертханалық ойын бөлмесі) олар анасының жанында емін-еркін ойнап, бейтаныс ортаны қызыға зерттейді. Егер анасы кетіп қалса, олардың көңіл күйі түседі; қайта келгенде олар анасына қарай жүгіріп, оны жібергісі келмей, біраз ұстап отырады, одан соң қайтадан өздерін сенімді сезініп, әрі қарай ойын бөлмесін зерттеуді жалғастырады (Ainsworth, 1973, 1979). Құштарлықтың осы ашық стилі, көптеген зерттеушілердің пікірінше, жақындықтың қолайлы үлгісін – сенімді қалыптастырады, осы сенім кейін есейген кезде интимдік қатынастардың даму бағдарламасы іспетті болып, өмірдегі барлық шиеленісті жағдайлар кезінде қарым-қатынастың бұзылмауына жағдай жасайды (Miller & Rempel, 2004; Oriña et al., 2011; Salvatore et al., 2011). Сенімді құштарлықтары бар ересектер басқалармен оңай тіл табысады және тым тәуелді немесе тастанды болудан қорықпайды. Сүйікті адам ретінде олар сенімді, адал арақатынасқа беріліп, сексуалдық қатынастан ләззат ала біледі. Олардың қатынастары қанағаттанарлық және берік болуға бейім (Feeney, 1996; Feeney & Noller, 1990; Simpson et al., 1992).
Қауіпсіз құштарлық – құштарлықтар сенімге негізделіп, интимдік қасиеттерімен ерекшеленеді.
10 сәби және ересектердің шамамен екеуі сенімді емес құштарлықтардың 2 типінің бірі – томаға-тұйық құштарлықты161 танытады. Іштей қиналып тұрса да, тұйық балалар айырылу кезінде қапаланғанын аса білдірмейді және ата-анасымен қайта қауышуға айрықша ынта көрсетпейді. Жақындықтан қашқақтай отырып, тұйық ересек адамдар айналасындағылармен арадағы қатынастарына күш-қуатты азырақ жұмсайды және олармен айырылысуды жөн көреді. Сондай-ақ олар бейресми арақатынастарды өздеріне ыңғайлы санайды (Garneau et al., 2013) және гетеросексуал (DeWall et al., 2011) немесе біржынысты арақатынаста (Starks & Parsons, 2014) көбіне өз жұбына секстік опасыздық жасауға бейім болады. Тұйық адамдар өте жасқаншақ (маған басқалармен жақындасқан ыңғайсыз) немесе тәкаппар (мен үшін өзімді тәуелсіз және толыққанды тұлға болып сезіну өте маңызды; [Bartholomew & Horowitz, 1991]) болып келеді. 2010 жылдары (1980 жылдармен салыстырғанда) Құрама Штаттардағы колледж студенттерінің көбі құштарлықтың томаға-тұйық түріне бейім болып шықты және студенттердің аз ғана бөлігі құштарлықтың ашық стилін танытты. Зерттеушілердің пікірінше, бұл өзгеріске отбасылық құрылымдардың құбылуы және индивидуализмге ерекше мән беру себеп болуы мүмкін (Konrath et al., 2014).
10 баланың және ересектердің де шамамен біреуі тұйық/қауіпсіз емес құштарлықтың екінші типі – беймаза құштарлықты162 білдіретін үрей мен екіжақтылықты (амбиваленттілікті) танытады. Әдеттен тыс жағдайда сәбилер беймазаланып, анасына жабыса береді. Анасы кетіп қалса, сәбилер жылайды; ол қайтып келсе, сәбилер салқын қабақ танытып, ызалы күй байқатады. Ересек кезінде өздеріне сенімсіз индивидуумдар басқаларға сене бермейді, өз серігі басқа біреуге көңіл бөлсе, тез ашуланады, сол себепті талапшыл және қызғаншақ келеді. Олар бір адаммен бірнеше мәрте қосылып, ажырасуы мүмкін. Шиеленісті жағдайларды талқылаған кезде олар жиі-жиі эмоцияға ерік беріп, ашуға басады (Cassidy, 2000; Simpson et al., 1996) және олардың өзін-өзі құрметтеу деңгейі айналасындағылардың пікіріне қарай, атап айтқанда, романтикалық жұптарының көзқарасына байланысты қалыптасады (Hepper & Carnelley, 2012). Олардың байланыс орнатуға деген ұмтылысы олардың ниеттенген әрекетін қиындатуы мүмкін, себебі басқалар олардың мазасыздығын сезініп, өзара әрекеттесуге ниет білдіре бермейді (McClure & Lydon, 2014).
Кейбір зерттеушілер 62 мәдениетте зерделенген (Schmitt et al., 2004) құштарлықтың осындай түрлі стильдерін ата-ананың мейірімділігімен сәйкестендіреді. Синди Хазан (2004) ойын былайша түйіндейді: «Құштарлықтың ертедегі тәжірибесі – арақатынас үлгілерін немесе ойлаудың ерекше тәсілдерін қалыптастырды». «Осылайша, сезімтал, қайырымды аналар – әлемдегі тұрақтылыққа деген түпкі сенімді тудыратын аналар – әдетте өз балаларына қатты бауыр басады», – деп тұжырымдайды өз бақылауларын Мэри Эйнсворт (1979) және Эрик Эриксон (1963). Шынында да, 100 израильдық әже, ана, немерелерді бақылаған зерттеу құштарлықтың ұрпақаралық жүйелі байланысқан стильдерін анықтады (Besser & Priel, 2005). Балаға қамқор болып, тәрбиесіне ат салысқан жастар уақыт өте келе өздерінің романтикалық серіктерімен жылы да өзара қолдау табатын арақатынаста болады (Conger et al., 2000). Алайда ата-анасы ажырасып кеткен жас жігіттер мен қыздардың ата-анасы ажыраспаған жастардан құштарлықтың стилі жағынан еш айырмашылығы болмаған (Washington & Hans, 2013). Құштарлықтың стильдері ішінара қанмен келетін темпераментке негізделуі мүмкін (Gillath et al., 2008; Harris, 1998). Дала сұр тышқандарын өмір бойына жұптасуға икемдейтін геннің (осы ген – оны алу үшін арнайы гендік түрде өсірілген зертханалық тышқандарға да ықпал етеді) түрлі адами формалары бар. Геннің бір түрі адал, үйленген адамдарда, ал басқа бір түрі үйленбеген және махаббатқа тұрақсыз адамдарда кездеседі (Caldwell et al., 2008; Walum et al., 2008).
Құштарлықтың салдары өмір бойы көрініс тауып отыруы мүмкін: 22 жылдық ұзақ мерзімді (лонгитюдты) зерттеуде өз анасына бауыр басуы осал болған балалар позитив эмоцияларды көбірек сезінуге бар күшін салып талпынатын ересектер болып жетілген (Moutsiana et al., 2014). Құштарлықтың стильдері ересектермен арадағы қатынастар үшін де айқын байқалатын салдарға ие болуы мүмкін: 188 зерттеуді талдау нәтижесінде өз қатынастарына біршама қанағаттанған және қолдау тапқан адамдардың балалық кезінде ішкі сезімдерін жасырып, томаға-тұйық жағдайда күн кешкен соң кейінгі арақатынастарында дау-жанжалға көбірек тап болғаны анықталды (Li & Сhan, 2012).
Құштарлық стильдері бір-бірімен қалай үйлеседі? Бұлардың ішіндегі ең үздігі қайсы және ең нашары қайсы? Бірін-бірі сүйген екі адам қосылса, бәлкім, ең үздік үйлесім солар шығар және жұптағы екі адамның, ең болмағанда, біреуінің көңілінде салқындық болса, ол жұптың арақатынасы шиеленісті болуы мүмкін. Беймаза әйел мен тұйық ер адамның жұбайлық қарым-
қатынасында біраз қиындықтар тууы ықтимал, осындай жұптарда дау-жанжал кезінде стресс гормонының ең жоғары деңгейі байқалған, сондай-ақ олар өз серігімен ашылып сөйлесіп, өзара түсінісуге келгенде де қатты қиналатыны белгілі болды (Beck et al., 2013). Бұл түсінікті де: өз серігінің махаббатына күмәнданатын беймаза әйел жақындықты іздейді, ал тұйық ер адам мұндайда өз-өзінен қатты ынғайсызданып, бойын аулақ ұстағысы келеді. Қалай болғанда да, балалық кездегі құштарлық стильдері болашақ қарым-қатынастарға негіз болатын көрінеді. Құштарлығы мықты беймаза әйел мен тұйық ер адамнан құралған жұптар күйзеліске бейімірек болады
ӘДІЛДІК
Егер жұптасқан әр адам, қаласын-қаламасын, өзінің жеке-дара қажеттіліктерін ғана көздейтін болса, онда арақатынас ұзаққа бармайды. Сондықтан қоғамымыз бізді әділдік қағидасына сай болуға, алыс-беріспен алмасуға тәрбиелейді: ерлі-зайыптық қарым-қатынаста сіз және сіздің жұбыңыздың табатын пайдасы сол қатынасқа жету үшін жұмсаған күш-жігеріне сай болуы тиіс (Hatfield et al., 1978). Егер екі адам тең нәтижеге қол жеткізсе, олар теңдей күш-жігер салуы керек; олай болмаса, екеуінің біреуі ішінде реніш сақтауы мүмкін. Ал егер екеуі де осы қатынастан алатын пайдасы өздерінің жұмсаған күш-жігеріне сай болатынын сезінсе, онда өзара қарым-қатынаста тең құқылымыз деген ойда болады.
Бейтаныс адамдар мен кездейсоқ танысқандар арасында өзара алыс-беріс жүреді: «сіз маған өзіңіздің конспект жазбаларыңызды берсеңіз, келесі жолы мен сізге өзімдікін беремін», «мен сізді өзімнің сауық кешіме шақырамын, кейін сіз мені шақырасыз». Бөлмелес көршілер мен ғашық жұптар секілді байланысы тығыз адамдар өздерін өзара тиімді тауарлы-ақшалы қатынастар жүзеге асатын базардағы саудагерлер сияқты сезінбейді: конспект жазбаға – конспект жазба, сауық кешіне – сауық кеші (Berg, 1984). «Сыйға – сый, сыраға – бал» дейтін қарым-қатынас – олар үшін күнделікті өмірде қалыптасқан әдеттегі жағдай. Мұндайда олар өздерін анағұрлым еркін сезінеді де (маған өз конспектілеріңізді бере тұру үшін кіргенде кешкі астан дәм татып кетіңіз), сайып келгенде, кімнің кімге ненің міндетті екенін байқамайтын болады.
ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ӘДІЛДІК
Достық пен махаббаттың түбінде «сыйға – сый, сыраға – бал» принципі жатыр деп есептеу, шынында да, орынсыз ба? Біз кейде сүйікті адамымызға қажеттіні беріп, есесіне ештеңе талап етпейміз бе? Расымен де, тең құқылы, ұзақ мерзімді арақатынас құрайтындар қысқа мерзімді әділдік163 іздемейді. Маргарет пен Джадсон Миллстің (1979, 1993; Кларк, 1984, 1986) айтуынша, адамдар өзара пайда алмасу мақсатымен есептесуден бойын аулақ ұстауға бар күшін салады екен. Жақсы досымызға көмектескенде біз одан лезде бір жауап әрекетін күтпейміз. Егер біреу бізді кешкі асқа шақырса, әлеуметтік қарыздан құтылмаққа асыққан болып көрінбес үшін сол адамды да кешкі асқа шақыруға асықпай, күтіп бағамыз. Шынайы достар бір-біріне жасаған жақсылығын қайтара алмайтынын біліп тұрса да, бір-біріне қол ұшын беруге тырысады (Clark et al., 1986, 1989). Сол сияқты, некеде бақытты адамдар әдетте бір-бірінің алыс-берісін есептемейді (Buunk & Van Yperen, 1991; Clark et al. 2010). Адамдар серігінің адалдығын, жан-тәнімен берілуін сезінсе, олардың сенімі де арта түседі (Wieselquist et al., 1999).
Мэриленд университетінің студенттері қатысқан эксперименттерде Кларк пен Миллс есеп жүргізу – достықтың нышаны емес екенін растады. «Сыйға – сый, сыраға – бал» қағидасы салыстырмалы түрде ресми болып саналатын арақатынастарда адамдардың бір-бірін ұнатушылығын арттырғанымен, шын достықты іздеген адамдар арасында өзара сенімнің құлдырауына жетелейді. Кларк пен Миллстің пікірінше, әрбір тарап өзінің жұбынан не күтетінін көрсетіп отыратын болса, махаббат нығаюдың орнына, басылып қалады. Бір адамның позитив мінез-құлқы ерікті болған жағдайда ғана біз оның қатынасын махаббатқа жатқыза аламыз. Осыған дейін жарасымдық феноменіндегі әділдік қағидасын айтып өткен болатынбыз: әдетте романтикалық қатынас құру үшін адамдардың активтері шамамен тең болады. Адамдар сырт келбеттің тартымдылығы, әлеуметтік мәртебе және т.с.с. өлшемдер тұрғысынан жарасымды болып жатады. Егер екі адам, мәселен, келбет тартымдылығы секілді сипат тұрғысынан жарасымды болмаса, оның орнын басқа саладағы, мысалы, әлеуметтік мәртебе секілді артықшылық өтеуі мүмкін. Алайда, жалпы өлшемдерді алғанда, олар бірін-бірі толықтырады. Ешкім: «Мен саған қарағанда тартымдымын, соның есесіне, сенің табысың біршама жоғары болуы тиіс» деп ашық айтпайды да, тіпті олай ойламауы да мүмкін. Дегенмен адами қарым-қатынаста ерлі-зайыптылардың бірінде жоғын екіншісі толықтырып отыруы керектігі – ереже.
ӘДІЛДІКТІ СЕЗІНУ ЖӘНЕ ҚАНАҒАТТАНУ
Махаббат – өзімшілдіктің ең нәзік түрі.
Holbrook Johnson
Бір зерттеуде «үй шаруасын бірге атқару» ерлі-зайыптылар жарасымдылығының белгісі ретінде қарастырылып, тоғыз көрсеткіштің ішінде («адалдық» пен «бақытты секстік қатынастардан» соң) үшінші орынға шықты [Pew Research Center, 2007b]). Шынында да, жұбайлық қарым-қатынаста дәрежесі тең ерлі-зайыптылар өмірге риза болып жүреді (Fletcher et al., 1987; Hatfield et al., 1985; Van Yperen & Buunk, 1990). Ал дәл осы тұрғыда бір-біріне өкпесі бар ерлі-зайыптылардың көңілі олқы болады: бірі – өзін кінәлі сезінсе, екіншісі іштей наразы болып жүреді. (Ер адамдардың көбі отбасылық шаруалардың негізгі жүгін өзім көтеріп жүрмін деп міндетсінсе, олардың әйелдері әрдайым күйеуінің алдында өзін қарыздар сезінеді.)
Роберт Шафер мен Патриция Кейт (1980) жас шамасы әр түрлі жүздеген жұптардың арасында сауалнама жүргізіп, ерлі-зайыптылардың біреуі тағам әзірлеуге, үй шаруасын жүргізуге, бала тәрбиесіне немесе отбасын қамтамасыз етуге тым аз үлес қосқан жағдайда оның жұбы іштей наразы болатынын білді. Мұндай жағдайды әділетсіздік деп сезінетіндердің санын белгілеп отырды. Отбасындағы теңсіздіктен ерлі-зайыптылардың біреуінің әділетсіздік көруі оның қамығуынан отбасы шырқының бұзылуына әкеледі. Бала бағудан қолы босамайтын әйелдер «менің еңбегімді ешкім бағаламайды» деп күйеуіне ренжи бастайды. Мұндайда олар алғаш үйленген кездегі алаңсыз, қамсыз, қызықты күндерді еске алып, қапаланады. Ерлі-зайыптылар кеңесе отырып іс істеп, бір-бірінің көңіліне қарап әрекет ететін отбасылардың өмірі берекелі болады.
Біраз уақыт отбасылық жұптарға бақылау жүргізген соң Нэнси Грот пен Маргарет Кларк (2001): «Ерлі-зайыптылардың біреуінің «әділетсіздік» көріп жүрмін деп ойлап, қамығуынан отбасының шырқы бұзылады», – деген ұйғарымға келді. Олардың айтуынша, бұл жағдай әрі қарай да өрши береді: отбасындағы өкпе-реніш одан сайын асқына түседі
РИЯСЫЗ КӨҢІЛ (SELF-DISCLOSURE)
Дос деген кім? Мен саған айтайын. Бұл – өзіңнің шын келбетіңді көрсете алатын адам.
Frank Crane, A Definition of Friendship
Терең, достық қатынастар интимді болып келеді. Осы қатынастардың арқасында біз өмірге дән риза болып, тоқмейілсіп жүреміз. Осындай ғажайып сезімді, шынайы достықты бастан өткерген кезде беймаза күйден арылып, өзіміздің шынайы болмысымызды ашып көрсете аламыз (Holmes & Rempel, 1989). Осындай қарым-қатынастар адамның өз болмысын ашып көрсетуімен, өз әлеуетін іске асыруымен ерекшеленеді (Derlega et al., 1993). Қатынастар дами келе, адамдар өз серігіне шын болмысын бірте-бірте ашып көрсете бастайды: олар бірін-бірі тереңірек тани түседі. Мұндай сәттерде олар бірге қуанады, бірге шаттанады (Gable et al. 2006). Адамдар жақсылыққа бірге қуанғанда қуанышы да еселеп арта түседі, көңілдері көтеріліп, ерекше күй кешеді (Reis et al., 2010).
Көбімізге интимді жақындық ұнайды. Басқа біреудің ішкі сырын тану үшін таңдаулы болу қуантады. Әдетте ұстамды адам біздің бойымыздағы бір қасиет оны риясыздыққа164 итермелеп, құпия-сырын сеніп айтса, ұнамды бір сезімге бой алдырамыз (Archer & Cook, 1986; D. Taylor et al., 1981). Біз өзімізге ішкі сырын айтатын адамды жақсы көріп қана қоймаймыз, өзіміз сүйетін адамға ішкі дүниемізді жайып салғымыз келіп тұрады. Оған қоса, сыр бөліскеннен кейін біздің сол адамға деген сүйіспеншілігіміз де арта түседі (Collins & Miller, 1994). Интимдік сырды немесе қайғымызды айтып, шер тарқатуға мүмкіндігіміз болмаса, біз жалғыздықтың қасіретін шегеміз (Berg & Peplau, 1982; Solano et al., 1982; Uysal et al., 2010).
Эксперименттер өзін-өзі ашып көрсетудің себептерімен қатар, салдарын да зерттеп көрді. «Өз бойыңызда өзіңізге не ұнайды және не ұнамайды?» немесе «Не үшін қатты ұяласыз және немен мақтанасыз?» деген сұраққа жауап беретін өзі туралы интимді ақпаратты ашуға165 адамдар қай кезде барынша дайын болады? Мұндай сырды бөліскен және қабылдаған адам қандай сезімде болады?
Өзара сыр бөлісудің ең нанымды нәтижесі: біреуге сыр ақтарсаң, ол да саған сырын айтады (Berg, 1987; Miller, 1990; Reis & Shaver, 1988). Құпиясын ашқандарға біз де сырымызды аша түсеміз. Алайда адам біреуге жайдан-жай сыр ақтармайды (егер олай болатын болса, адам әдепсіз және тұрақсыз болып көрінуі мүмкін). Өзара жақындық би секілді күшейе түседі: мен аздап ашылсам, сіз де аздап ашыласыз. Содан соң, сен сырыңды одан сайын ақтара түсесің, мен де солай істеймін.
Ғашықтар үшін интимдіктің артуы – өте еліктіргіш құбылыс. «Интимдіктің артуы қуатты ынтықтық сезімін тудырады», – дейді Рой Баумейстер мен Эллен Брацлавски (1999). Жарынан айырылып қалған жандар қайта үйленгенде жыныстық қарым-қатынасын жиілете бастайтыны және ұрсысып, қайта татуласқан ерлі-зайыптардың бір-біріне ынтызарлығы арта түсетіні осы тұжырымды растайды.
Кей адамдар, соның ішінде әйелдердің басым көпшілігі аса біліктілікпен сыр тартуға бейім болады; олар тіпті сыр ашуға сараңдау келетіндердің өзін сыр бөлісуге итермелейді (Pegalis et al., 1994; Shaffer et al., 1996). Әдетте мұндай адамдар өзгенің сөзіне ынтамен құлақ қояды. Әңгіме барысында олар сұхбаттасын зейін қоя тыңдап, содан өздері де ләззат табады (Purvis et al., 1984). Олар сондай-ақ сұхбаттасының әңгімесі барысында сүйемелдеуші сөздер айтып, бар назарын соған аударады. Психолог Карл Роджерс (1980) оларды «ілгерілетуші» тыңдармандар деп атады, олар – өз сезімдерін үлкен шеберлікпен көрсетіп, басқалардың сезім құбылыстарын түсіне білетін, сезімтал, ойлы тыңдаушылар.
Осылайша сыр бөлісудің салдары қандай? Гуманист-психолог Сидни Журардың (1964) айтуынша, бетперделерімізді шешу өзіміздің махаббатты қалай қалайтынымызды білуге мүмкіндік береді. Оның пікірінше, біреуге сыр бөлісу арқылы шын бейнеңді көрсету, сол адамның да сеніміне ие болу – өте жағымды нәрсе. Адамдар өздері жайлы маңызды бірдеңенің сырын ашқан күндері, мысалы, өздерінің лесбиан немесе гей екенін жария еткенде өздерін жақсы сезінеді де, жеке тұлғасын жасыруға мәжбүр болғанда өздерін нашар сезінеді (Beals et al., 2009). Жай ғана қысқаша әңгіме құрған кезге қарағанда терең немесе мазмұнды талқылау болған күндері адамдар өздерін бақыттырақ санайды. Матиас Мехл мен әріптестері (2010) 70 студентті жазғыш құрылғылармен қамтамасыз етіп, 4 күн барысында сағатына бес реттен 30 секундтық әңгіме үзінділерін талдағанда осындай шешімге келді. Өзімізді-өзіміз құрметтеуімізге төнетін қауіптерді бөлісетін жақын досымыз бізге стреске шыдауға көмектесетін секілді (Swann & Predmore, 1985). Шынайы достық дегеніміз – біздің басқа да арақатынастарымыздағы ауыртпалықтарды көтеруге көмектесетін ерекше қарым-қатынастар. «Досымның жанында болғанда, – деп жазды ежелгі Рим ойшылы Сенека, – өз ойымды еркін айта аламын». Неке дегеніміз – ең болмағанда, міндеттемелермен бекітілген достық.
Интимдік сыр бөлісу – достық пен махаббаттың тамаша қырларының бірі. Ең жақын таныстар мен ерлі-зайыптылар – әдетте өздерінің тығыз интимдік қарым-қатынастарына қанағаттанатындар (Berg & McQuinn, 1986; Hendrick et al., 1988; Sprecher, 1987). Мысалы, бір зерттеуге қатысқан біріне-бірі ғашықтығы шамамен бірдей деңгейдегі жас жұбайлардың арасындағы бір-бірін терең және жақсы білетіндердің махаббаты неғұрлым ұзаққа созылатыны сөзсіз (Neff & Karney, 2005). «Ешкімге айта бермейтін ойларым мен сырлы сезімдерімді серігіммен бөлісуге дайынмын» дейтін ерлі-зайыптылар – әдетте ең жарасымды отбасылар (Sanderson & Cantor, 2001). Ал өте ұстамды адамдардың өз некесіне қанағаттануы өз сезімдерін бөлісуге даяр адамдармен салыстырғанда төменірек болатыны дәлелденген (Baker & McNulty, 2010). «Gallup» ұлттық сауалнамасында өз жан-жарымен бірге дұға ететіндердің 75%-ы (және бұлай істемейтіндердің 57%-ы) жұбайлық өмірде өте бақытты екенін мәлімдеді (Greeley, 1991). Бірге дұға ететін жұптар өз жарына сенімі мен жақындығын біршама артық сезінген (Lambert et al ., 2012). Дінді ұстанатын адам үшін жүректен шығатын дұға – мойынсұну, интимді, жүректі қозғайтын ықпал болып есептеледі (Beach et al., 2011). Бірге дұға ететіндер отбасылық қарым-қатынасын өзара талқылайтынын, жарын сыйлайтынын және ерін (әйелін) тәжірибелі көңілдес ретінде бағалайтынын жиірек айтады.
Сонымен қатар зерттеушілер әйелдер ерлермен салыстырғанда өз қорқыныш-уайымдары мен кемшіліктерін айтуға қысылмайтынын байқады (Cunningham, 1981). Феминист Кейт Миллеттің мәлімдеуінше (1975), «әйелдер ашық айтады, ер адамдар көбіне іштен тынады». Ерлер де, әйелдер де интимді, ұнамды және қамқор қарым-қатынас сезіну үшін әйел адамдармен дос болуды қалайды, сондай-ақ әлеуметтік желілерде ерлер де, әйелдер де әйел-достарды артық көреді екен (Thelwall, 2008).
Қалай болғанда да, бүгінгі таңда ер адамдар, әсіресе эгалитарлы гендерлік-рөлдік қатынастарды ұстанатын ерлер өздерінің интимді сезімдерін ашып айтуға қысылмайды, қуана бөлісіп, өзара сенім мен сырластыққа негізделетін арақатынасты бағалайды. Артур Арон мен Элейн Аронның (1994) айтуынша, махаббаттың мәні де осында – яғни өзара жұптасып, сырласып, өзара сәйкесетін екі «Меннің» бірігуі; өзінің жеке-даралығын сақтай отырып, бірлесе әрекет ететін, ұқсастықтарына қуанып, жұбына қолдау көрсететін екі адамның одағы. Көптеген романтикалық жұптар үшін «дербес бола отырып бірігу»: бір-біріне байланысты өзіндік бағалау тән.
Сонымен, біз достықтың нығая түсуін көрсететін тәжірибелердің көмегімен жақындығымызды арттыра аламыз ба? Ерлі-зайыпты Арон мен әріптестері (1997) осы сұраққа жауап іздеді. Олар бірін-бірі танымайтын ерікті оқушыларды 45 минутқа жұптастырып бөлді. Алғашқы 15 минутта олар бір-бірімен жеке басына қатысты, «Соңғы рет өзіңіз үшін қашан ән айттыңыз?» деген сияқты интимдігі төмен тақырыптар бойынша пікір алысты. Келесі 15 минутта олардың әңгімелері «Ең қымбат естелігің қандай?» деген сияқты интимдігі жоғарырақ тақырыптар төңірегінде өрбіді. Соңғы 15 минут «Келесі сөйлемді аяқта: «Менің ... сырымды бөлісетін адамымның болғанын қалар едім» және «Сен соңғы рет басқа адамның көзінше қашан жыладың? Жалғыз өзің ғана ше?» секілді жан сырын ашатын сұрақтарға арналды.
«45 минуттан тұратын жеңіл-желпі әңгіме құрған («Орта мектебіңіз қандай еді?», «Ең сүйікті мерекеңіз қандай?») қатысушылармен салыстырғанда бір сағаттық сұхбаттасудан кейін ішкі дүниесін аша түскен қатысушылар серіктестерін жақын тарта бастады, дәлірек айтсақ, студенттердің 30 пайызы бұл қатынасты «өміріндегі ең жақын арақатынас деп көрсетті», – деп мәлімдеді зерттеушілер. Әлбетте, бұл арақатынастар адалдықты және шынайы достыққа берілгендікті білдірмейді. Дегенмен бұл эксперимент сырластыққа даярлықты ескеретін болсақ, басқаларға деген жақындық сезімін қаншалықты жеңіл туындатуға болатынын көрсетеді, мысалы, бұл құбылыс Интернет арқылы жүзеге асуы мүмкін (қараңыз: Назар аударыңыз. «Интернет интимдікке жағдай жасай ма, әлде оқшаулай ма?»).
Ағымдағы арақатынастарда сырластықты көтермелеу үшін Ричард Слатчер мен Джеймс Пеннебакер (2006) кездесіп жүрген 86 жұптың бір мүшесін 3 күнде 1 рет 20 минуттан олардың арақатынасы туралы ең терең ойлары мен сезімдерін жазып отыру (немесе бақылау астында бола отырып, өздерінің күнделікті әрекеттері туралы жазып отыру) үшін шақырды. Өз сезімдерін жазып отырғандардың осыдан кейінгі күндерде серіктеріне деген эмоцияларын көбірек білдіргені анықталды. Үш айдан соң осы жұптардың 77 пайызы бақылауда болған топтың 52 пайызымен салыстырғанда байланысын үзген жоқ.
Риясыздық – жақын қарым-қатынасқа бастайтын тиімді жол
ҚОРЫТЫНДЫ
Тығыз арақатынасқа не себеп болады?
• Адам өмірінде нәресте шағынан бастап, қартайғанша құштарлық сезімі маңызды рөл атқарады. Көп жылдық некеде ғана болатын қорғаныш сезімі – адамның өмір бойы бақытты болуының кепілі.
• Жұбайлық махаббат – жұптасқан екі адам бірін-бірі құрметтеп, сыйлай білсе, берік болмақ, себебі екеуі де бұл қарым-қатынастан өз үлесіне қарай жақсылық та көріп отырады.
• Жұбайлық махаббаттың тағы бір артықшылығы – әрқайсысының өз-өзін аша түсуге мүмкіндігі. Бұл – ерлі-зайыпты адамдардың ұзақ жылдар бойындағы сыйластық пен өзара түсіністігінің нәтижесі.
Осы оқу құралының оқырманы ретінде сіз әлемдегі 3 миллиард Интернет қолданушыларының бірі боларсыз (2015 жылғы жағдайға сай). Солтүстік-америкалықтардың тұрмысында телефон қолданушылардың үлесін 1 пайыздан 75 пайызға дейін жеткізу үшін 70 жыл қажет болды. Әлемдік интернетке қолжетімдік аумағын 75 пайызға жеткізуге шамамен 7 жыл кетті (Putnam, 2000). Сіз әлеуметтік желілерді, веб-сайтты, біреумен хат алысуды және, бәлкім, жөнелтілім мен чаттарға қатысуды ұнататын боларсыз.
Достарыңызбен бөлісу: |