Археологиялық ескерткіштерден алынған заттар және қалдықтар археологиялық деректемелерге жатқызылады.
Батыс ғылымында археологиялық деректемелерді тарих алдындағы немесе тарихқа дейінгі және ерте тарих деректері деп бөлу дәстүрі қалыптасқан. Сонымен қатар, ағылшын тілді шетел ғылымында археология деректемелері тарихи деректемелерден бөлек , антропология ғылымының шеңберінде қарастырылады.
Археологиялық деректемелердің ең басты ерекшелігі: деректемелер барлау және қазба жұмыстарының нәтижесінде табылады. Сол арқылы алыс дәуірлер тарихы жасалып, кейінгі дәуірлер жөнінде түсінік толығып отырады.Археологиялық деректемелер дәуіріне, зат материалына, жасалу әдісіне байланысты жіктеледі.
Деректемелерді зерттей отырып тұрмыс-тіршілікке байланысты құбылыстарды ашуға болады. Тарихи қорытынды жасалғанда деректемелерден алынатын мағлұматтар тоғысады., яғни синтезделеді. Зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын археологтардан әр деректің өз маманы қалыптасады. Мәселен, тас құралдарының маманы, керамиканы зерттеуші, әшекей-бұйымдарды танушы, т.б.
Археологиялық деректемелердің көпшілігі жердің астынан қазылып алынады. Олар, әдетте, толық күйінде жетпейді: сынық, фрагмент, тотық түрінде кездеседі. Сол себепті оларды дұрыс қазып алу, қалпына келтіру және сақтау өте маңызды.