Түйсіктен айырмашылығы. Егер түйсік сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының қасиеттері мен сапаларының миымызда бейнеленуі болса, қабылдау заттар мен құбылыстардың мида тұтастай бейнеленуі болып табылады.
Қабылдауда заттар мен құбылыстардың түсі, дыбысы, дәмі, иісі, формасы тағы басқа қасиеттері тұтас түрінде бейнеленеді. Мысалы, алманы қабылдауды алайық. Мұнда біздің анализаторларымызға оның қызыл түсті, хош иісті тәтті дәмді т.б. осындай қасиеттері бір мезгілде әсер етеді де, миымызда тұтас зат бейнесі пайда болады.
Қабылдау процесінде адамның өткендегі тәжірибесі ерекше маңыз алады. Сыртқы ортадан адамға дамылсыз ақпарат келіп отырады. Кісі бұлардың бәрін бірдей дұрыс қабылдай алмайды, немесе үлгермейді. Егер бала өмір бойы поезд көрмей өссе, оны бірден жақсы тани алмайды. Адамның сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарын қабылдауды селқос үңілуі емес, белсенді қабылдау. Белсенді қабылдау ғана дүниені тереңірек тануға мүмкіндік береді.
2.5. Түйсіктер жөнінде ғылыми көзқарастар
Түйсіктер адамға қоршаған ортамен өзіне тән сигналдарды қабылдап, олардың қасиеттері мен белгілерін бейнелеуге мүмкіндік береді. Олар адамды тереңірек дүниемен байланыстырып, негізгі таным көзі ретінде қызмет етеді, солар арқасында адамның даму мүмкіндігі ашылады. Көптеген тұжырымдар философия тарихында күмәндікпен сынға алынды. Идеалист философтар түйсікті біздің саналы емес, табиғаттан берілген , сыртқы әсерлерге тәуелсіз санамыздың ішкі қалпы, ақыл ой қабілетіміз, - деп ойлаған. Рационализм философиясының негізіне алынған бұндай көзқарастың мәні : психикалық процестер күрделі тарихи дамудың жемісі емес, санамен ақылдың қоғамдық болмысқа қатысы жоқ, олардың бәрі адам рухының түсіндірілмейтін қасиеті. Идеалистік тұжырымдаманы қолдаушы философтар мен психологтар түйсіктердің адамды сыртқы дүниемен байланыстыратыны жөніндегі күмәнсіз ережені жоққа шығарып, олардың адамды қоршаған дүниеден бөлектеп, екі араға ажыратқыш дуал болып түседі деген қисынға келмейтін пікірдің дұрыстығын дәлелдегісі келді.
Бұл көзқарасты кезінде философ идеалист (Д.Беркли, Д.Юм, Э.Мах) ұсынып, ал оның негізінде психологтар (Мюллер, Г.Гельмгольц) «сезім мүшелерінің ерекше энергиясы» деген теорияны нақтылады. Бұл теорияның астарында сезім мүшелерінің әрқайсысы (құлақ, көз, тері, тіл) сыртқы дүние әсерлерін бейнелемейді, нақты шындық процестерден хабар бермейді, болғаны – сырттан өзіндік процестерді қоздырушы ықпалдарды ғана қабылдайды деген пікір жатыр.Бұған идеалисттердің келтіретін дәлелі : көзге қандай әсер болса, жарқыл туындайтынын, құлақта механикалық не электрлі ызың пайда болатынын алға тартады. Осыдан сезім мүшелері сыртқы әсерлерді бейнелемей, олардан тек қозу күшін алады, ал адам қлошаған дүниенің объективті әсерлеріне ұшырамай, сезім мүшелерінің әрекетін бейнелейтін өзінің субъективті кейпін ғана тани алады дегендей қорытынды пайымдады. Бұл сезім көзі- түйсік адамды қоршаған дүниемен байланыстырмай, олар арасын ажырата түседі деген сөз. Субъектив идеализм негізіне алынған бұл қорытынды адам тек өзін ғана тануға қабілетті, ол өзінен басқа болмыс барлығын дәлелдейтін ешқандай дерек көзіне ие емес деген кертартпа теорияға арқау болды.
Субъектив идеализм теориясы адамның сыртқы дүниені объективті бейнелеу мүмкіндігі жөніндегі ғылыми көзқарасқа тікелей қарсы. Сезім мүшелерінің зерттеу нәтижесінде ұзаққа созылған тарихи дамудың жемісі ретінде объективті болмыстағы материя қозғалысының формаларын қабылдайтын органдардың дыбыстық тербелістерге жауп қатушы тері рецепторларының, сондай-ақ белгілі диапазондағы электро – магниттік толқындарды бейнелеуші көру рецепторларының қалыптасқаны белгілі болып отыр. Организм эволюциясын зерттеу арқылы ғылым адам психикасы сезім органдарының өзіндік ерекше энергиясы мен қатынас жасамай, сыртқы энергияны қабылдап, оған жауап беретін ерекше сезім мүшесімен байланысқа келетінін дәлелдеді.
2.6. Түйсікті дамыту және қалыптастыру.
Балаларда түйсіктер дүние келген күннен бастап дамиды. Мәселен, туғаннан кейін бірнеше күннен соң бала қант қосқан судан сүтті айыра алады. Бұлар баланың дәм түйсігінің ерте дамитындығын көрсетеді. Баланың есту түйсігі де біртіндеп дамиды. Алғашқы күндері оның құлақ түтігі суғак толы болады да ештеңені естпейді. Бірер аптадан кейін ғана бала дыбысқа біртіндеп реакция көрсетеді. Егер бала үш аптадан кейін дыбысқа елемесе, оның саңырау болып қалуы ықтимал. Үш айлық бала анасының даусын тани бастайды. 2-3 айдан кейін бала жарыққа елеңдей бастайды, қозғалмалы заттарға көзін тұрақтатуға тырысады. Жарықты түйсінуді жаңа туған нәрестелерден де байқауға болады. Заттың түсін айыру кейін пайда болады. 5 айлық бала алдымен заттың түріне, түсіне, , біртіндеп көлеміне, одан соң барып бояуына көңіл аударатын болады. Бала тілінің шығуы ,оның жүре бастауы – түйсіктердің дамуына қолайлы әсер етеді. Мектепке барғаннан кейін балада түйсіктердің негізгі түрлері (көру, есту, сипап сезу, қозғалыс.т.б.) біршама қалыптасып үлгереді. Түйсіктердің қайсысын болса да қаласақ жетілдіруге болады. Адам егер алдына өзінің сезгіштік қабілетін арттыруды нақтылы міндет етіп қойса және соған жетуге жаттығатын болса, оның түйсігі ойдағыдай дами түседі. Түйсік адамның іс-әрекетіне байланысты дамитындығын көптеген мамандықтардың тәжірибелері сипаттайды. Мәселен, ұшқыштың көзі өткір, көргіш болады, композиторлар мен шекарашылар естігіш, сақ құлақ болса, шарап жасаушылар мен тамақ өнеркәсібінің қызметкерлері дәмді татып білуге шебер келеді. Мектеп оқушыларының түйсіктерін де жан-жақты дамытуға мүмкіндік мол. Бұл үшін оқушылардың оқу әрекеті белсенді, шығармашылық, қызықты ұйымдастырылуы керек. Түйсіктің дамуына кері әсер ететін факторлар да бар :
- бала партада дұрыс отыра алмайтын болса
- отырғанда , жазғанда қисайып жазатын болса
оның көру қабілеті нашарлайды. Ана тілі, көркем жазу, ауызша сөйлеуге жаттығу балалардың фонематикалық (дыбыстардың айырмашылығын ести алу) түйсіктерді дамытады. Мәселен, төменгі класс оқушысы көпке дейін дыбыстарды бір-бірінен айыра алмайды, жазу дағдыларын бірден қалыптастыра алмайды. Көп қайталау нәтижесінде жаттығып, кейін айыра алатын болады.