«Толық адам» сопылығы
Абайдың толық адам жайындағы танымын ғылыми тілмен оқырманға тереңінен түсіндіріп берген ғалым М.Мырзахметұлының 1982 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясында алғаш Абайдың исламиятқа қатысы мен мораль философиясына қатысы зерттеліп, бір ізге түсіріледі. Ғалым сөзіне ден қойсақ: «Адамзат қоғамы тарихында адамгершілік идеясы ғасырлар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең басты мәселелердің бірі – жеке адамның ақыл, мінез жағынан пісіп жетіліп, яғни толық адам болуы жайлы ойлар пікір күресін тудырып келуде. Гуманист атаулының бәрі де дүниедегі ең асыл, бағалы нәрсе – адам болса, сол адам бойындағы ең басты сипаттары неден тұрмақ дегенге әр заман ойшылдары өз ұғым-нанымы, заман талабы тұрғысынан жауап беріп келді. Бұл іспеттес тарихи сұрау Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайында ұлы ойшыл алдына да қойылды».
«Жалпы, діни-философиялық ойдың даму тарихында «адам» ұғымының алатын орны орасан десек те, оны белгілі бір жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көш басы болған философ – Сократ. Абайдың толық адам туралы танымы сол Сократтан басталатын Платон, Плотиндердегі сүюші сүйеніш, тірек еткен адам, қытайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам (совершенно мудрый человек), шығыс ойшылдары мен суфизмдегі камили инсани мен бенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам және Ирандағы жәуанмәртілікпен сабақтасып, туыстасып жатады. Абайдың адамгершілікті жырлаудағы ең басты жаңалығы да осы». Абай адамның рухани жағынан кемелденіп жетілу жолында толық адам ұғымын адамшылық сатысының ең жоғарғы басқышына қояды. Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. Толық адам ғана нұрлы ақылдың иесі бола алмақ. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абай адам баласына қажетті үш нәрсе ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен толғап, толық адамға тән қасиетті көрсетеді. Хакім іздеген толық адам осы қасиеттерден туындайтын талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген имандылық жолындағы абзал азамат. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – дегенде, Абай толық адам хақында ұстанған көзқарасына сай сипаттарды атайды. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән береді. Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларында да, қарасөздерінде үнемі атап көрсетіп отырады.
4
Ғылым-білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді аса жоғары бағалайды. Не нәрсеге болсын ақыл – таразы, дүниенің сырын танып білуде ақылдың мүмкіндігі шексіз мол деп санайды.
«М.Әуезов Абайдың мораль философиясына қарым-қатынасы жайлы мәселеге ертедегі әрі соңғы жылдардағы зерттеулерінде ерекше мән бере қараған. Абай шығармаларындағы мораль философиясы туралы ойларының желісін сөз еткенде, Әуезов оларды өзі атап көрсеткен «нравственная личность» мәселесімен тікелей бірлікте, байланыста қарастырған». Абайтану саласындағы зерттеулерінде Әуезов «нравственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөзді беріп отырады. Абайдың қарасөздерін зерттеген еңбегінде бұл ойын былай деп береді: «Он жетінші сөзде Абайдың өз тұсындағы және Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың көп айтқан пікіріне жанасатын ой-толғау жүргізеді. Ол – толық сапалы адам болудың шарты, гармоническая личность жайындағы ойлар».
5
Достарыңызбен бөлісу: |