7
Адамдық қасиеттер туралы
«Абай аға» атты тарауда «Кең маңдай, қайратты жүзі көкшіл тартты. Реңіне ыза шыққандай. ...Жүрегінің басынан удай боп төгілген шер болса, оның бәрі бұл отырғандар туралы ой емес», деген үзіндіні оқуға болады.
Ұзақ жылғы айдаудан оралған Базаралы Семейге келгенде, оны қарсы алған көңілдес ағайын қонақ етеді. Жиренше пәтерінде жиылған топтың ортасында
отырған Базаралы басынан өткен қапырық ойларды ойлайды. Жазушы эпопеяда Базаралы бейнесін арыстай сом тұлғалы, бұл өңірдегі ең қымбат жан деп басқа кейіпкерлерден даралап бейнелейді. М.Әуезов Базаралы тұлғасын сипаттағанда, Абайдың толық адам болудағы «үш қасиетін», әсіресе қайрат сөзін көп қолданады, яғни қайратты жүзі мен шерлі жүрегін атайды. Бұндай мысалды «Кек жолында» атты тараудан да кездестіреміз. Дәркембай Базаралыға: – Қайратың болса, қажырың жетсе, қамырығың бір халқыңмен болсаңшы... Базаралының қазіргі Дәркембайдан алған қуат сөзі оған қанат бітіргендей. Қайратты ер енді қалжың тәрізді бір ой тастап сөйледі: – Ақылың ақыл-ақ! Бірақ маған тағы бір ой келеді».
Абай айналасындағы адамдардың бойында ақыл, қайраттың кем болғанын айтып, заманды бұзып отырған осы қасиеттің жоқтығы екенін байқайды. Адамдарды аздыратын қылықтарды «улы сия, ащы тілмен» ақын жырлайды. «Бойда қайрат, ойда сөз, Болмаған соң айтпа сөз», – Абай қайрат пен ақылдың тапшылығын баса айтқан болса, М.Әуезов бұл мәселені «Абай жолы» эпопеясында реалистік тәсілмен көркемдеп суреттейді. «Абай жолы» эпопеясындағы тоңмойын, томырық Әзімбайға ыза болған Абай былай дейді: «...Онымен жағаласқан жан құрысын... қанша жыл жақсылық жолыңа түсіп, қажыған қайрат етіп ең? Бәле деп, жуандық деп, мал деп көз аштың. ...Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол дейді жақсылық, аяныш, әділет, адал жүрек керек дейді жақсылық! Естіп көріп пе ең, сен мұндайды!».
Жазушы Абай айтқан жақсылық, аяныш, әділет, адал жүрек деген қасиеттерден Әзімбайдың жұрдай екенін аса жиіркенішпен айтады. Адамдық қасиеттерден ада болып өсіп келе жатқан, Әзімбайдың азуы шыққан қатал, асау, зорлықшыл кейпін жазушы шынайылықпен бедерлейді. Абайдың осы сияқты айналасындағы адамдардың жиренішті қылықтарына ыза болып, оларға адамдық қасиеттер жайлы айтқан толғаулы уағыздары мен ақынның терең ойларын М.Әуезов эпопеяда жиі келтіреді. Шұбар жайындағы Абайдың ойын жазушы былай береді: «Мыналар болса, зорлығы мен көптігін, күші мен кәрін қолымен де батырып жібере алады. Абай жағынан азар болса, көретін жазасы «ар, ұят, адамгершілік» деген жөнде. Шұбардың өзіне жол еткен мінезі бойынша, ол «ар, ұят» дегендер кеңшілікте, 8
тыныштықта, келіп кетері жоқ мәжілісте ғана және Абай қасында ғана сөйленетін ермек қана».
Абайдың Шұбарға беретін тағлымы ар, ұят, адамгершілік жөнінде екенін жазушы түсіндіреді. Шығармадағы бұл үзінді Абайдың мына өлең жолына үндес келеді: «Жаман тату қазады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор».
Абай адамгершілік, адалдық мінездерді жастарға үлгі етіп, ар мен ұят мәселесін қозғайды. Абайдың жастарға үлгі етіп, толық адам болудың талап-тілектеріне лайық болып келетін адамның өмірдегі көрінісі өзінің сүйікті ұлы Әбдірахман бейнесі еді. Абайдың толық адамға қойған талабы – қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің бірлігі Әбдірахманның бойынан табылады. Эпопеяда өзінің жастығына қарамастан, ол үлкен ойдың, кең талғамның адамы ретінде көрінеді. Жазушы Әбішті ел қамын жейтін, жауыздыққа қарсы алысатын адам етіп суреттеген. Бұл ретте роман кейіпкері Әбіш пен оның прототипінің, сол сияқты Абай өлеңдерінде бейнеленген Әбіштің арасындағы ұқсастық, жақындық мол екенін атап айту керек. Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахманға арнап шығарған өлеңдері «Абай жолы» эпопеясында мол қамтылған. Бұл өлеңдері арқылы жазушы қайрат, ақыл, жүректің бірлігі бойынан табылған, Абай аңсаған толық адам болудың талабынан шыққан Әбдірахман бейнесін эпопеяда қазақ даласында ешкімге ұқсамайтын жаңа тұрпатты ерекше ғазиз жан ретінде бейнелейді.
9
Достарыңызбен бөлісу: |