Дүниені тану мәселесіне қатысты тұрғылар: Ғасырлар бойы адамның ойы бөлініп келе жатқан мәселелердің бірі — "танымның қалай болатыны, дүниетаным ұстанымында дүние таныла ма?" деген сұрақтарға жауап алу. Бүл оңай сұрақ емес. Расында, әлем шексіз, ал адам шектеулі, тұйық, ол шектеулілік тәжірибесі шеңберінде шексізді біле ала ма? Бұл сұрақ түрлі формаларда үнемі философиялық ойдың серігі болып келе жатыр. Осы сұрақтың жауабына катысты философия тарихында үш негізгі түсінік бар; олар — '''скептицизм''', '''оптимизм''' ('''гностицизм''') және '''агностицизм'''. Гностицизмді жақтаушылар танымның қазіргісі мен келешегіне оптимистік тұрғыдан қарайды. Олардың пікірі бойынша, дүниені тануға болады, адамда танымның шексіз қабілеттік мүмкіндіктері бар. Скептиктер дүниенің ұстанымды танылуын жоққа шығармайды, тек танымның дәйектілігіне күмән келтіреді.
Скептицизм және оптимизм: Скептицизм (грекше skeptikos — ойланушы, зерттеуші) баяғыдан бері жалпы қабылданған, тіпті аксиомаға айналған қағидалардың ақиқаттығына күмән келтіреді. Философия мен мәдениет тарихында тұтастай скептицизм екі жақты рөл атқарады. Ақылға сыйымды скептицизмнің пайдасы бар, тіпті шығармашылық қызметке де керек. Таным амалы ретінде скептицизм ақиқатқа жақындау болып табылатын күдік келтіру формасында көрініс береді. Күдік ғылымда жаңа жетістіктерге бастайтын жемісті нәтиже бере алады. Белгілі үнді ақыны Р.Тагордың ақылды шамға теңегені сияқты, жарың көп болған сайын көлеңке де қою. Ежелгі грек философы Зенон туралы данышпандық аңыз бар. Шәкірттері одан неге жиі күмәндана беретіні туралы сұрағанда, ол диаметрлері әр түрлі екі шеңбер сызып, алдымен үлкен шеңберді, соңынан кіші шеңберді көрсетіп тұрып былай деген екен: "Мынау үлкен шеңбер — менің білімім, кішісі — сендердікі. Ал шеңберден тыс жатқандардың бәрі белгісіз. Енді мынаған көңіл аударыңдар: сендердің білімдеріңнің белгісізбен шекараласуына қарағанда, менің білімдерімнің белгісізбен түйісуі көбірек. Сондықтан мен сендерге қарағанда көбірек күмәнданамын". Ақиқатқа бастайтын күдік, Л.Толстойдың пікірі бойынша, "философиялық қинайтын күдік" болуы керек. Өзге жағдайларда скептицизм арзандап кетеді және соқыр фанатизм болып шығады. Екінші жағынан, жоғарыда айтылған агностицизмге ұласып кетеді. Алайда абсолютті скептицизмді тұтастай танымның, ғылымның дамуы теріске шығарып отыр. Мысалы, XIX ғасырдың кейбір абсолютті скептиктері: "Адамзат ешқашан Күннің химиялық құрамын біле алмайды", — деген еді. Олар мұны мәлімдеп болғанша, спектрлік анализ Күннің құрамын айқындап берді. Агностицизм (грекше a — емес, gnostos — білім) — дүниенің танылмайтындығы туралы ілім. 1869 жылы ағылшын биологі Т.Гексли өзінің философиялық ұстанымын осылай атаған. Алайда ғалымның өзі жаратылыстанушы ретінде табанды агностик бола алмады. Агностиктердің ұстанымы бойынша адам әлемді тек бөлшектеп қана таниды немесе мүлдем тани алмайды. Философияда алған бетінен қайтпайтын скептиктер мен агностиктер көп емес. Философия әрқашанда дұрыс танымға қызығушылар мен мүдделілердің ынтасын оятып, үнемі табиғат пен коғамның жаңа қырларын ашып келеді. Агностицизмге қарсы салмақ ретінде біздің санамыздың тәуелсіздігін негізге ала отырып, дүниенің ұстанымды түрде танылатынын жақтайтын танымдық оптимизмді құрайтын философиялық ағым бар. Сана — барлық өзге дүниеден тысқары емес, керісінше, оның дамуының заңды нәтижесі және ағзалық құрамды бөлігі. Оптимизм философиясының негізіне дүниені ғылыми танудың және коғамдық тарихи практиканың барлық тәжірибесі кіреді.