2.2 «Жұмат Шанин-қазақ театрында кәсіби режиссураның негізін салушы» Ж.Шанин актерлерді тәрбиелеудің педагогикалық жүйесін енгізді. Актерлер мәдениетін көтеру үшін орындаушылардың апталық жұмыс кестесін түзді. Онда сахналық өнер (актер шеберлігі), музыка теориясы, сольфеджио, музыка тыңдау, ән сабағы, хор, скрипка класы, рояль класы бойынша сабақтар жүргізілді. Режиссер актерлерге сөзді айтудың техникасын ғана емес, ойдың, көңіл-күйдің, сезімнің берілу жолдарын да үйретті. Ол театр өнері бойынша арнайы оқу орнын бітірмеген актерлерге еуропалық театр өнері туралы алғашқы теориялық лекциялар оқыған. «Театрдың қысқаша тарихы», «Театр тарихында» деп аталатын еңбектерінде театр өнерінің туу тарихына кеңінен тоқталған. Гректердің ұлы драматургтері Эсхил, Софокл, Еврипид шығармашылықтары туралы қазақ тілінде бірінші болып шетел театрының тарихына қатысты алғашқы оқулықтың сұлбасын жасады. Оны дүниежүзі театрларының тарихынан мол деректер білетін теоретик ұстаздардың қатарына жатқызамыз.
Ж.Шанин пьесаларға режиссерлік ой-жүйемен талдаулар жасай отырып, спектакльдерге пішін берді. Эпостық және бүгінгі заман тақырыбын игерудің жолын салды. Спектакльдерге ұлттық биді, музыканы кіргізді. Оның режиссурасы үздіксіз дами келіп, кәсіби деңгейге көтерілді. Ж.Шаниннің режиссурасымен қойылған спектакльдерде (Ж.Шанин “Арқалық”, С.Сейфуллин “Қызыл сұңқарлар”) ұлттық тәуелсіздік идеясы басым болды. Сонымен қоса атқамінерлердің ұнамсыз әрекеттері, алғашқы сауат ашу мектептерінің төңірегіндегі күлкілі оқиғалар, әзілқой, пысық кедей жігіттерінің тапқырлықтары мен айла-амалдары, қыз-келіншектердің, кемпірлердің алуан мінездері, қысқасы, өмір болмысы көркем бейнеленді. 14 Спектакльдердегі кейіпкерлер өз бойларына лайықты іс-әрекетімен, ұтқыр диалогтарымен, мінездік даралықтарымен шынайы жасалды. Бір сөзбен атқанда Ж.Шанин сахнаға өз замандастарының психологиясын шығарды.
Ж.Шанин режиссурасы көптеген актерлердің жеке сахна суреткері болып қалыптасуына мүмкіндік тудырды. Ол қазақ актерлік мектебінің кәсіби негізін қалады. Оның режиссурасымен тәрбиеленген қазақ актерлері 1930 жылдары орыс режиссерлерімен жұмыс жасауға дайын тұрғандығы ғылыми тұрғыда зерделенді. 15