басындағы баспасөз туралы да аз-кем айтар болсақ:
ХІХ ғасырда жарық көрген басылымдар – «Түркістан уалаятының газеті» (1870–1882),
«Дала уалаятының газеті» (1888–1902); ХХ ғ. басындағы газет-журналдар – «Серке» (1907),
«Бірлік туы» (1917), «Қазақ газеті» (1907), «Дала» (жылы белгісіз), «Қазақстан» (1911–1913),
«Ешім даласы» (1913), «Қазақ» (1913– 1918), «Айқап» (1911–1915), «Алаш» (1916–1917),
«Сарыарқа» (1917), «Ұран» (1917), «Үш жүз» (1917), «Тіршілік» (1917).
1921 жылы баспадан қазақ тілінде 680570 дана, өзбек тілінде 2147850 дана, түрікмен, тәжік
тілдерінде 233800 дана кітап басылып шықты. Қазақстанда алғашқы кітап 1918 жылы
басылған. Ұлттық негізде құрылған жаңа баспаның алғашқы өнімі – «Әліппе».
1922-1927 жылдар аралығында 75 атаумен 319 кітап жарық көрген. 1922-23 оқу жылында
14 оқулық, оның ішінде «Грамматика», «Физика», «Алгебра», «Педагогика», «Мектеп
гигиенасы», Сұлтанбек Қожановтың «Арифметика оқулығы», Иса Тоқтыбаевтың «Бастапқы
география» оқулықтары болды. 1922-23 жылдары Әбубәкір Диваев жинап, «Қамбар батыр»,
«Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», «Шора батыр» кітаптарын шығарды.
Қазақ халқының тарихына байланысты А. Гулошниковтың «Қазақ-қырғыз халықтарының
тарихы» еңбегі, Рязановтың «Исатай Тайманов» кітабы да жарық көрді [8].
Өткен ғасырдың басындағы баспа ісі туралы бұл айтылғандардан көп нәрсені аңғаруға
болады. Қай кезде де болсын бір ұлттың жан-жақты дамуы ақпаратты (баспасөзді) яғни
жаңалықты игеруден айырыла алмайды. Тұтас ұлттың ояну дәуірі саналатын ХХ ғасырдың
басында жаңалықтың жаршысы болған қазақ зиялыларының бұл тұрғыда тындырған
шаруалары ұшан-теңіз.
Ұлт көшбасшыллары өмір сүрген өткен ғасырдағы тілдік және оқу-білім туралы жағдаятты
біршама екжей-текжейлі түсіну үшін, ХІХ ғасырдың соңғы жартысы мен ХХ ғасырдың
басындағы әліпби (тіл-жазу) жағдайы, оқу-ағарту ісі, баспасөз жағдайы қатарлы жақтарға
кеңірек шолу жасадық. Өз дәуірінен оқ бойы озып алға шыққан ғалымдардың көшбасшы
болып қалыптасуын тарихи жағдайлар мен қоғамдық факторлардан бөле қарауға болмайды.
Әрине, бұл кезеңдердегі көрші елдердің, алыс-жуық шетелдердің даму жағдайының да әсерін
ескеруге тура келеді. Дегенмен, халықтың дамуына, жоғары өркениет жолына ұмтылуына қай
кезде де сол елдің ішкі талпынысы бірінші кезекте рөл атқаратындықтан, сол тұстағы
халықаралық жағдайларды сараптап отыру біздің мақаламыздың міндеті емес деп қарадық.
Қорыта келгенде, өз заманында ұлттың ұлы жүгін арқалаған көшбасшы зиялылар осындай
елдің ғылым-білімге ұмтылған, ақпарат-баспасөз белгілі деңгейде дамыған, алайда орыстың
отаршылдық саясаты ең жоғары шекке жетіп, жалпақ әлемнің жартысына социалистік жүйе
орнай бастап, ұлтын сүйген көзі ашық азаматтардың түгелдей «ұлтшыл», «халық жауы»
атанып, атылып-шабылып, қудаланған алмағайып замандарда өмір сүрді. Олар осындай қиын
кезеңде ұлтқа қызмет етіп, өзінің ғалымдық, қайраткерлік болмысын қалыпастырып кетті. Ұлт
зиялылапы осыдан бір ғасыр бұрын жазған, аударған оқулықтар сол кезеңде ұлттың оянуы,
өркендеуі жөнінен алғанда тарихи міндеттерін асыра орындады. Дегенмен, сол дәуірде қазақ
тілінің қаймағы бұзылмаған, ұлттың ұлы бірлігі мен тұтастығы сетіней қоймаған тұста
жарыққа шыққан оқулықтарды қайталай зерттеп, бүгінгі білім беру істері мен ғылым саласына,
тіл білімінің қатысты салаларына айналымға түсірудің маңызы аса зор.