катафоралық (алдын алушы) та қолданыстарда жұмсалады. Есімдіктердің бұл қызметі мәтін
синтаксисінде кеңінен орын алады. Мысалы, Бұл кітап қызық. Осыны тауысып тастасақ қайтеді (Ә. Нұршайықов); (анафора). Сен мынаны ұқ: біз бұл жерден қалайда көшуіміз керек (Д. Исабеков) (катафора). Дейксистік есімдіктер анафоралық (айтылғанды сілтеу) көрсеткіш ретінде жұмсалғанда,
контекстік байланысқа сүйене отырып, дискурстағы референтті теңестіреді. Олар алдыңғы
мәтіннің бір элементін сілтей отыра, барлық үзіндіні қамтып алады. Мысалы, Ә. Нұршайы-
қовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романында Сәлиманың шешесінің майдандағы
Ерболға жолдаған хатында мынадай үзінді бар:«Қымбатты Ербол балам! Дүние тыныштық болса, сені шын балам болар деп ойлаушы едім. Сұм соғыс килікті де, бәріңді көгендеген қозыдай алысқа алып кетті. Сәлимам сені сарғайып көп күтті. Оның енді отыруының орны жоқ. Ерге шығуы керек... Егер сенің оны шын жақсы көргенің рас болса, бағын байламай, рұқсатыңды бер. Оған кінә қойма, өз күнін көрсін, обалдарың сұм Гитлерге болсын. Ал, қарағым Ербол! Осыны сенен аналық тілек етемін» (Ә. Нұршайықов). Бұл үзіндінің соңғы сөйлеміндегі «осыны» деген анафоралық (айтылғанды сілтеу) сілтеу
есімдігі бүкіл бір үзіндінің бәріне қатысты ойды сілтеп, дискурстық қолданыста жұмсалып
тұр.
Анафоралық элементтердің құрмалас сөйлемдерді байланыстыруы жайында қазақ тіл
білімінде де сөз қозғалады. С. Аманжолов сабақтастарды саралауда сілтеулі бағыныңқылы
сабақтас деген сабақтастың түрін айқындайды да, «Менің айтайын дегенім сол – ол өте жақсы
оқиды» деген мысалды келтіреді [4, 207 б. ].
Р. Әмір «Іргелес салалас сөйлемдер» атты көлемді мақаласында: «Іргелес салалас
сөйлемдерді байланыстыруға анафористік сөздер қатысады», – дей келе, Кім келді, кім кетті, оны біле алмады деген конструкцияның екінші компонентінде тұрған «оны» – анафористік
сөз», – деп үшінші жақ есімдігінің құрмаластағы бір қызметін ашып көрсетеді [5, 29 б. ].
Анафористік сөз ретінде құрмалас сөйлемдерді байланыстыруда «ол» есімдігі алғашқы
компоненттегі предикатты ауыстырып, екінші компонентте белгілі бір сөйлем мүшесінің
қызметінде жұмсалып тұрады. Мысалы, Асан алып құсты қолына ұстауды армандайтын еді, ақыры оны орындайтын кез де келді (Д. Исабеков); Тіл туралы заң қабылданды, ол тек қағаз жүзінде қалып қойды (Ақ жол газеті); Сүріндірер жерім осы шығар-ау деп Соқыр өзенінен тосып еді, ол да дұрысқа шықпады (Д. Исабеков). Жалғаулықсыз құрмалас сөйлемдердің құрамындағы анафоралы сілтеу есімдіктері
төмендегідей қолданыстарда жұмсалады:
1. Сілтеу есімдіктері құрмалас сөйлем аясында біріншіден, алғашқы компоненттегі бір
сөзді ауыстырып, екінші компонентте жұмсалу арқылы қолданысқа түседі. Бұл, сол, осы, мынау, анау т. б. сілтеу есімдіктері құрмалас сөйлемнің екінші компоненттерінде келіп,
бірінші компоненттегі субстантивті немесе адвербиалды элементтерді ауыстыра отыра,
құрмаластың сыңарларын байланыстырады. Мысалы, Бұл қырқадан күншығысқа қарай кең құлашты сай кетеді, көш осында екен (І. Есенберлин); Бұл бойжеткендердің жігіттері де соғыста, оңашада соларды ойлап жылап та алады олар (Ә. Нұршайықов); Барлығы алмаға құмартуда, мұнан өзге қызығарлық жеміс те жоқ еді. Бұл мысалдардағы осында, соларды, мұнан сөздері «сай», «жігіттер», «алма» деген сөздерді анафоралы сілтей отыра, құрмаластың
компоненттерін байланыстырып тұр.
2. Сол, сондай, сонша, соншалық, соншама, сол екен деген анафористік элементтері бар,
сандық – күшейтпелі мағыналы сөйлемдерден тұратын бірінші компонент, құрамындағы осы
сөздер арқылы екінші компонентпен байланысқа түседі. Мысалы, Қойнына салынған хаттың
117
ыстықтығы сонша – төс қалтасынан еш алғысы жоқ (Ә. Нұршайықов); Менің оған ырза болғаным сол, ол менің ойымдағы істің барлығын да түгелдей орындап шықты. Ботагөздің қорыққаны соншалық, атты адамдарды көрсе тығылатын қуыс іздеп кетеді (С. Мұқанов). 3. Қатынас мотивациясын қиындату мағынасымен келетін бұл, сол, ол, осы анафористік
сөздерінің байланыс құралы ретінде жүруі. Мұндай қолданыста сілтеу есімдіктері екінші
компоненттің басында келеді, көбіне сол компоненттің бастауышының қызметінде
жұмсалады. Мысалы, Қазір институтты кернеген жалғыз-ақ әңгіме: бұл – 40 жылдық тойдың өтетіндігі туралы сөз; Махаббатта бір-ақ формула бар: ол – тұрақтылық. 4. Құрмалас сөйлемнің компоненттерін байланыстыруда сілтеу есімдіктері екінші
компоненттің құрамында келеді де, көбіне басқа топтағы, әсіресе, сұрау, сілтеу есімдіктерімен
тіркесіп келіп, бірінші компонентке сілтейді және де сондағы ойдың жиынтығын келесі
компонентке беруге ықпал етеді. Мысалы, Осы жалғыз моланың тарихы өте тереңде, міне