Резуанова ғалияпану кабиевна



Pdf көрінісі
бет2/73
Дата18.10.2023
өлшемі4,05 Mb.
#118869
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   73
Байланысты:
монография-Резуановой-в-издательство

 
 
КІРІСПЕ 
Жалпы адамзат тілі қоғам тарихымен тығыз байланысты. Қай 
халықты алсақ та, оның басынан өткен қилы-қилы кезеңдері сол 
халықтың тіліне ізін қалдырмай тұрмайды. Демек, «сөз тарихы тіл 
тарихымен, тіл тарихы халық тарихымен, халық тарихы қоғам 
тарихымен тығыз байланысты. Біреуін екіншісінен бөліп алуға 
келмейді. Бірін айтсақ бәрін байланыстырып бірге қатар айтуды 
қажет етеді» [1, 140]. Осы қатынастардың сырын ашу – тілші-
ғалымдар алдында тұрған үлкен міндет. 
Қазіргі қазақ тіл білімінде тілдік құбылыстардың бір қатары 
терең зерттелгенімен, зерттеуді одан әрі қажет ететін мәселелер 
баршылық. Соның бірі – лексикалық парадигма және лексика-
семантикалық топтардың өзара байланысы. Тіл-тілдегі лексика-
семантикалық топтардың қайсысын алсақ та, ол сөз мағынасымен 
байланысты болып табылады.
Қазақ тіл білімінің лексикология саласында сөз мағынасының 
алатын орны ерекше. Сөз мағынасы өзгеруінің, бастапқы 
мағынасының үстіне бірнеше қосымша мағыналар жамалуының 
өзіндік даму, қалыптасу заңдылықтары бар. Сөз және оның 
мағынасының төңірегінде әр алуан көзқарастар болғандығы бізге 
мәлім. Себебі, сөз мағынасы қыры-сыры мол құбылыс. Ол ежелден-
ақ көптеген тілшілердің қызығушылығын тудырып, олардың 
назарына ілігіп, түрлі-түрлі пікірталастардың негізгі нысаны да 
болып келді. Бұл пікірталастар көбінесе сөздердің көп мағыналы 
болу мәселесіне негізделген. Осы орайда сөздің көп мағыналы 
болатынын мойындамай неше мағына болса, сонша сөз болуы 
керек деп қараған зерттеушілер де, сөздің көп мағыналығы 
кездейсоқ нәрсе деп қарағандары да, сөздің көп мағыналығы тілдің 
көне дәуірінің, сол дәуірдегі сөздердің диффуздық (жіктелмеген, 
ажыратылмаған) қалдығы деп түсінген тілшілер де, бір сөз бір өзі 
бірнеше мағына бере алады деген тілшілер де болғандығын 



айтуымыз керек. Демек, сөз және оның мағынасы көне дәуірден-ақ 
тілшілер мен ойшылдардың (философтардың) назарынан тыс қалмай 
талай пікірталастар тудырып жүрген күрделі мәселе болған және 
болып та келеді. Тек тілшілер мен ойшылдарды ғана емес, әр алуан 
бағытта зерттеу жұмысын жүргізуші басқа маман иелері де сөз 
мағынасына баса назар аударған.
Сөз мағынасы жөніндегі ілімді тіл білімінде семасиология деп 
атайтындығы тілшілер қауымына белгілі. Семасиология ілімінің 
негізін салған француз тілшісі М.Бреаль. 1897 жылы оның «Essai de 
semantigue, science des significations» («Очерк семантики, науки о 
значениях») деген кітабы жарық көрді. Сол кездің өзінде-ақ 
М.Бреаль семасиологияның қызықты сала екендігін түсіндіріп, бұл 
саланың негізгі мақсаттарына және сөз мағынасының қалайша 
түрленіп отыратындығына назар аудартқысы келген. Ол: «... мы 
предлагаем исследовать, как же происходит, что слова, однажды 
созданные и наделенные определенным значением, расширяют это 
значение или сужают, переносят его с одного круга понятий на 
другое, повышают либо понижают его ценность, коротко говоря, 
изменяют его», - деп атап көрсеткен болатын. Осылайша 
лингвистикалық семантиканың бастамасы пайда болды. Алайда 
ол ұзақ уақыт бойы әр түрлі аталып келді. Біреулер бұл саланы 
тарихи семантика деп атаса, енді біреулері тарихи семасиология деп 
атаған болатын. Бұдан біз семасиология деген терминнің өзі тіл біліміне 
кеш енгендігін, ал семасиологияның пән ретінде зерттеле бастауы тіл 
білімінің басқа салаларына қарағанда кеш қолға алынғандығын көреміз. 
Түркологияда бұл пән тіпті кенже пән болып есептеледі. Семасиология
XIX ғасырдың аяғында лингвистиканың бір саласы ретінде пайда 
болды. Сонымен лексикология – тіл білімінің сөз және оның 
құрылымын зерттейтін саласы болса, семасиология – сол сөздердің
мағыналарын зерттейтін тіл білімінің бір саласы ретінде, дербес пән 
ретінде қалыптасты. ХІХ ғасырдың соңынан осы кезге дейін сөз 
мағынасының өзгеру жолдары, оны анықтаудың, зерттеудің әр түрлі 
бағыттары мен әдіс-тәсілдері қалыптасып біршама материалдар 
жинақталды, маңызды қорытындылар мен тұжырымдар жасалды 
және семантикалық зерттеудің негізгі қағидаттары белгіленді. Алайда 
қазақ тіл білімінде лексикалық семантика аясындағы лексикалық 
жүйе, лексикалық жүйедегі қатынастар, лексикалық мағынаның 
құрылымдық жүйесі, тіл мен ойлау мәселесі, лексикалық жүйедегі 
мағыналардың өзара қарым-қатынасқа түсу ерекшелігі т.с.с. көптеген 



мәселелер тек соңғы кезде ғана қолға алынуда. Соның өзінде де
семасиологиялық тұрғыдан әлі де болса зерттей түсуді керек 
ететін, зерттелгендерінің өзін әрі қарай талдай түсуді қажет ететін 
тұстары да жоқ емес. Себебі сөз мағынасы – көп сатылы, көп 
қатпарлы құбылыс, ол – таңбажасам (семиосис) үрдісімен 
байланысты барлық құбылыстардың гаммасы. Лингвистиканың 
лексикология және семасиология салалары бір-бірімен өте тығыз 
байланысты. Өйткені әр сөздің екі жағы болады: бірі – дыбыстар 
кешенінен тұратын сөздің сыртқы материалдық жамылғышы, екіншісі 
– оның мазмұны, яғни сөздің білдіретін мағынасы. 
Сөйтіп, семасиология сөздің мағынасын, оның дамуы мен 
өзгеруін, ауысуын және оның әдіс-тәсілдерін, сондай-ақ ол 
өзгерістердің болу себептерінің ішкі, сыртқы заңдылықтарын 
қарастырады. Семасиологияның негізгі мақсатының бірі – тілдік 
единицаларда тілден тыс құбылыс қалайша көрініс табатынын 
зерттеу. Тілдің лексика-семантикалық жүйесін басты түрде 
қамтамасыз етуші болмыстағы құбылыстар арасындағы байланыс 
пен қарым-қатынас тілдің өзіне қарағанда, әрине, сыртқы заңдылық 
болып табылады. Алайда кез келген таңбалық жүйе берілген 
жүйеден тыс жатқандарды белгілеу үшін қолданылады, және таңба 
(сөз) мағынасының өзі берілген жүйеден тыс та ашылады. Бірақ 
бұдан тілдің лексика-семантикалық жүйесінің тілдік ерекшелігінің 
рөлі төмен екен деп түсінбеу керек. 
Сөздің лексикалық мағыналары біркелкі емес. Мағыналардың 
арасындағы айырмашылық, ең алдымен, ақиқат өмірдегі заттар 
мен құбылыстарға қатысы жағынан айқын көрінеді. Сөздің кейбір 
мағыналары зат немесе құбылысқа нақтылы атау болып жеке өзі 
тұрып-ақ түсінікті болатын болса, кейбір мағыналары тек сөйлем 
ішінде, контексте ғана ашылып түсінікті болады. Сөздің жеке 
тұрып білдіретін мағынасы мен сөйлем құрамында келіп білдіретін 
мағыналары басқа-басқа болып келеді. Соған орай сөз мағынасын: 
негізгі және туынды мағына, тура және ауыспалы мағына, 
конкретті және абстракты мағына, ортақ және қосалқы мағына 
т.с.с. деп бөліп қарастырамыз. Жалпы мағынаны әр зерттеуші 
өзінше түсінеді. Бұндай әр түрлі түсінушілік зерттеу жұмысының 
бағытына, тілдер тобының ерекшелігіне байланысты. Сөз мағынасын 
зерттеудің әр түрлі жолдары: сөз мағынасын тезаурустық сөздік 
бойынша зерттеу бар, лексикалық мағынаны психологиялық зерттеу, 
сөз мағынасын полисемия құбылысы ретінде зерттеу бар. Негізі 



сөздің лексикалық мағынасының зерттелуі барысында әр кезде әр 
түрлі бағыттар өмірге келіп отырады. Қалай дегенде де сөздің 
мағыналық жақтарын зерттеудің әрі теориялық, әрі практикалық зор 
мәні бар. Өйткені тіліміздің сөздік құрамы, ондағы сөз 
мағыналарының өзгерісі тілімізде үздіксіз болып отыратын үдеріс. 
Қоғамның, ондағы құбылыстардың дамуы барысында кейбір 
сөздердің мағыналары тарылып отыратын болса, ал енді 
біреулерінің мағыналары, керісінше, дамып, бұрыннан бар 
бастапқы мағынасының үстіне жаңа мағыналар үстеліп отырады. 
Жаңа мағына жоқтан бар болмайды. Олардың пайда болуына тілдегі 
бар сөздік материалдар негіз болады. Ол жөнінде Р.Барлыбаев былай 
деп көрсетеді: «бір жағынан, жаңа мағына жасау тілдегі бар 
материалдардың негізінде болса, екінші жағынан сол жаңа 
мағынаны көрсету мұқтаждығы сол сөздің мағынасының дамуына, 
сол сөзбен жаңа сөз жасауға себепкер болады. Сыртқы қоғамдық 
жағдай жаңа мағынаның тууына уәж болса, ол тіліміздің ішкі 
мүмкіндіктері арқылы қалыптасып жарыққа шығады» [2]. 
Сөйтіп, тіліміздегі сөздердің бұрынғы мағынасының үстіне 
бірнеше басқа мағыналар қосылып сөз көп мағыналылыққа ие 
болады. Сөздің көп мағыналылыққа ие болуының өзіндік 
заңдылықтары, әдіс-тәсілдері бар. 
Ол жөнінде еңбігіміздің I тарауында ашып айтылады. Жалпы, 
тіліміздегі сөздер белгілі бір заңдылықтар бойынша байланысқан, 
ұйымдасып келген бір бүтін, біртұтас жүйелі құбылыс. Лексиканы 
жүйелі категория деп тану лексикалық мағынамен тікелей 
байланысты. Сөздік құрамның ішкі бірлігі оның парадигмалық 
және синтагмалық байланысынан көрінеді. 
Лексикалық жүйе үшін сөздер тобының негізгі түрі лексика-
семантикалық топ болып табылады. Сөздерді белгілі бір лексика-
семантикалық топқа біріктіруші сөздің лексикалық мағынасы. 
Басқаша айтатын болсақ, лексикалық мағына сөздерді белгілі бір 
заңдылық бойынша лексика-семантикалық топтарға біріктіреді. Бір 
лексика-семантикалық топтағы сөздердің негізгі парадигмалық 
ерекшелігі олардың мағыналарында біркелкі семалар болады. 
Яғни бір ғана топқа бірігу (ену) үшін ол сөздердің не мағыналарында 
ортақтық, жақындық болады, немесе ол топтағы сөздер мағына 
қарама-қарсылығына негізделіп бірігеді. Мұндай топтар кейде өзара 
байланысып та келеді. 
Жалпы адамзат тілі жүйелі категория. Олар бірімен-бірі 



байланысып, бірінен-бірі туындап жатады. Міне, осы тұрғыдан 
келгенде көп мағыналы сөздер де бірнеше лексика-семантикалық 
топтардың жасалуына негіз болатындығы жөнінде, олардың 
біртұтас жүйе құратындығы, яғни лексикалық парадигмада 
түзілетіндігі жайында өз еңбегімізде сөз қозғағалы отырмыз. Тіл-
тілдегі лексика-семантикалық топтардың бәрі де көп мағыналы 
сөзбен байланысты болып келеді. Тіліміздегі сөз мағынасы, көп 
мағыналы сөздер, омоним, антоним, синонимдер өз алдына жеке-жеке 
зерттелгенмен (мәселен, К.Аханов «Қазақ тіліндегі омонимдер»; 
Ә.Болғанбаев «Қазақ тіліндегі синонимдер»; Ж.Мусин «Қазақ 
тіліндегі антонимдер»; Р.Садықбеков «Қазақ тіліндегі сөздердің көп 
мағыналылығы» және М.Оразовтың «Қазақ тілі семантикасы»), көп 
мағыналы сөздердің тілдегі басқа лексика-семантикалық топтармен 
байланысы қазақ тіл білімінде жеке зерттеу нысаны болған жоқ. 
Орыс тіл білімінде бұл бағытта біршама ғылыми зерттеулер 
жүргізіліп, соның негізінде біраз еңбектер жарық көрді. Қазақ 
тіліндегі қандай да бір лексика-семантикалық топтарға қатысты 
еңбектерде сөздердің лексикалық мағынасының құрылымдық 
сипатына қатысты құнды пікірлер айтылған. Ондай топтың өзіндік 
ерекшеліктері, тілдегі мағына өзгеру механизмдері жайында түрлі 
пікірлер, көзқарастар берілген. Тіпті сөздердің лексикалық 
мағынасының компоненттік құрамдары анықталған. Бірсыпыра 
сөздердің мағыналары түрлі қырынан ашылып, талдауға түскен. 
Мәселен, қазақ тілінің семантикасы туралы іргелі еңбек жазған 
М.Оразов қазақ тіл білімінің атасы Қ.Жұбановтан кейін лексикалық 
мағынаның құрылымы, тілдегі жүйелік қатынастар, валенттілік 
мәселесі т.с.с. лексикалық мағынамен байланысты бірсыдырғы 
мәселелерді алғаш қарастырған ғалымдардың бірі. М.Оразов өз 
еңбегінде парадигмалық мағына мен синтагмалық мағынаның 
күрделілігін толық болмаса да атап көрсеткен. Алайда бұл мәселелер 
содан кейін де қазір де еш көтерілмей сол жабулы күйінде жатыр. 
Қазақ тіл білімінде бірнеше лексика-семантикалық топтарды өзара 
байланыста қарастырған еңбек жоқтың қасы. Біздің қарастырып 
отырғанымыз – сол бірнеше лексика-семантикалық топтардың 
арасындағы байланыс.
Тілдегі ортақ бір белгісіне қарай біріккен единицаларды 
парадигмалық қатынаспен байланысты қарастырудың маңызы 
ерекше. Біз тіліміздің лексикасын жүйелі құбылыс ретінде 
қарастырғалы отырмыз. Қазақ тіл біліміндегі лексиканың, жалпы 



сөздік құрамның жүйелік сипаты жөнінде сөз қозғаудың өзі 
тақырыптың өзектілігін көрсетеді. Қазақ тілінде мағына 
ұқсастығына немесе қарама-қайшылық т.б. белгілеріне қарай 
парадигмалық қатынасқа түскен, я біріккен сөздерді ашып 
айқындау маңызды. Әсіресе, оларды сол сөздің мағынасының 
негізінде қарастыру, бір парадигмалық тұтастыққа біріктірудің 
маңызы зор. Еңбегімізге басты желі етіп алып отырған көп мағыналы 
сөздер бірнеше лексика-семантикалық топтардың құрамы жағынан 
баюына негіз бола алады. Біріншіден, бұл категория синониммен, 
яғни мәндес сөздермен мағыналық жақтан байланыса келіп, оларды 
сан жағынан дамытып отыратын құбылыс. Көп мағыналы сөздің 
бастапқы (негізгі) мағынасы өзімен мағыналас сөзбен бір синонимдік 
қатар құраса, қосымша мағынасының дамуы негізінде жаңа 
синонимдік сыңар жасалатыны анық. Екіншіден, көп мағыналы 
сөздердің мағыналары дами келе бір-бірінен алшақтап, әр түрлі 
ұғымдағы сөздер ретінде танылуы да мүмкін. Соның нәтижесінде 
омоним сөздер жасалады да, тілде екі тәуелсіз атауыштық 
(номинативті) мағына пайда болады. Үшіншіден, қарсы мәндегі 
сөздер, антонимдер, бір сөз табына енетін сөздер арасында болады 
да, бір лексика-семантикалық топтың құрамында өмір сүреді. Олар 
сөздің бүкіл мағынасында емес, тек белгілі мағынасында ғана 
жақындасады. Демек, қарсы мәнді сөздерді қарастыруда да, антоним 
таңдауда да сөздің көп мағыналығын ескеру керек. 
Зерттеу барысында Ф. Де Соссюр, А.Вежбицкая, Ю.Апресян, 
В.Гак, О.Ахманова, Д.Шмелев, В.Солнцев, Ю.Караулов, Л.Новиков, 
А.Уфимцева, И.Стернин, Э.Кузнецова, Қ.Жұбанов, М.Оразов, 
І.Кеңсбаев, Ә.Болғанбаев, Б.Қалиұлы, Б.Хасанұлы, Б.Сағындықұлы, 
Б.Момынова сияқты шетелдік, орыс тілшілері мен отандық тіл білімінің 
танымал ғалымдарының теориялық тұжырымдары басшылыққа 
алынды. Еңбек қазақ тіліндегі көп мағыналы сөздерден жасалған 
синонимдік, омонимдік, антонимдік қатарларды айқындауға арналады. 
Мұндай құбылысты көрсету үшін зерттеу жұмысымызда мына сияқты 
түпнұсқалар мен деректер пайдаланылғанын айтуды жөн көрдік: 
«Древнетюркский 
словарь», 
Э.В.Севортян 
«Этимологический 
словарь тюркских языков», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1-10 
т.т), М.Белбаева «Қазақ тілінің омонимдер сөздігі», Ә.Болғанбаев 
«Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», Ж.Мусин «Қазақ тілінің 
антонимдер сөздігі», сондай-ақ газет-журналдар мен қазақтың 
классик қаламгерлері: А.Құнанбайұлы, М.Әуезов, Б.Майлин, 



С.Бегалин, Ә.Сәрсенбаев, О.Шипин т.б. шығармалар жинағынан 
мысалдар теріліп алынды. 
Еңбекте
 
көп мағыналы сөздерден жасалған синонимдік, 
омонимдік, антонимдік қатарлар анықталды. Мұның лексикалық 
жүйені айқындауда көмегі зор. Арнайы зерттеу нысаны бойынша 
мынадай мәселелер тұңғыш рет ғылыми шешімін тапты: 

Көп 
мағыналы сөздер мен лексикалық-семантикалық 
топтардың өзара байланысы арнайы қарастырылып, олардың 
арақатынасы мен айырмашылықтары түсіндірілді. 

Көп мағыналы сөздер мен синоним, омоним, антоним 
категорияларының жүйелі түрде бір ғана парадигмалық қатынасқа 
енетіндігі дәлелденді. 

Олардың арасындағы мағыналық байланыс бірінен-бірі 
туындап жататындығы айқындалды. 

Сөздің мағыналық қатынасы бірте-бірте кеңейе беретіндігі 
анықталды.

Антонимдердің ұғымдық сипатын анықтау арқылы оның көп 
мағыналылықпен байланысының сыры ашылды.

Полисемия мен лексика-семантикалық басқа да топтардың 
арақатынасы негізінде лексиканың жүйелілігі бір қырынан сипатталды. 

Сөздік құрамның ішкі бірлігі оның парадигмалық және 
синтагмалық байланысынан көрінетіндігі түсіндірілді. 
Парадигмалық, синтагмалық қатынастар, лексиканың жүйелілік 
сипаты туралы жұмыстың қорытындылары мен тұжырымдары қазақ 
лексикологиясы мен семасиологиясы бойынша тың түйін жасауға, жаңа 
бағыт қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай теориялық 
қағидаларды жоғары оқу орындарында, колледждерде, гимназия, 
лицей сыныптарында арнаулы курс немесе арнайы семинар ретінде 
оқу бағдарламасына енгізуге болады. Лексикалық-семантикалық 
топтар сөздігі практикалық жұмыста жоғары оқу орындарының 
студенттері үшін де, арнаулы орта оқу орындары мен орта мектеп 
оқушылары үшін де көмекші құрал бола алады. Полисемия негізінде 
синонимдік, омонимдік, антонимдік қатарлардың пайда болуы 
туралы теориялық қағидалар, тұжырымдар синонимдер, омонимдер, 
антонимдер сөздіктерін құрастырғанда белгілі бір дәрежеде көмегін 
тигізуі мүмкін. 
Полисемиядан 
жасалған 
синонимдердің, 
омонимдердің, 
антонимдердің жиілігін анықтауда зерттеу материалдары ретінде 
қазақтың көркем әдебиет туындылары, газет-журналдар және 


10 
синонимдер сөздігі, омонимдер сөздігі, антонимдер сөздігі, көне 
түркі сөздігі, көп томдық түсіндірме сөздіктері пайдаланылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   73




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет