2. Ізгілік. Ж.Баласағұнның ілімі – ізгілік педагогикасының қайнар көзі, дастанда ізгіліктің сипаты, пайдасы толық ашып көрсетіледі. Ғұлама адам бойындағы ізгілік жақсы адамға тән екендігін айта отырып, жақсы адам мен жаман адамның өмірдегі мәніне салыстырмалы талдау жасайды. Жақсы адамның ешқашан аты өшпейтінін, жаман адамның ешқашан аты аталмайтынын ескерте отырып, ізгі іс қай адамды болмасын (бекті де, құлды да) жақсылыққа апаратын жол, құрметке бөлейтін қасиет екендігін меңзейді:
Ізгілік пен жақсы қылық – амалы,
Мұнымен ер екі дүниені алады.
Сен ізгілік тілер болсаң; одан да,
Кел ізгілік қыл, сөзіңді доғар да.
Адам бойындағы ізгілік оның ізгі ниетінен, ізгі сөзінен және ізгі қылығынан көрінетінін ғұлама өте көрегендікпен тұжырымдаған. Ізгі ниет – адамды ізгілікке, адамгершілікке итермелейтін ішкі күш, алғашқы түрткі, сондықтан оны адам бойында қалыптастырудың маңызы зор:
Жақсы болса ердің ниет-құлығы,
Іс-тілегі түгел болар ғұмыры.
Ниеті оң – тек жақсылық табады,
Ниеттен-ақ жанға сауап алады.
Ғұлама ізгі сөз сөйлеген адамның шапағатқа бөленетінін, ізгі сөзі арқылы өзінің білімділігін, ақылдылығын, даналығын, кісілігін танытатынын айтады:
Кісі көркі – сөз, бұл сөздің түрі көп,
Ізгі сөзді ерді мақта, тілі өрт!...
Тілмен адам өң береді сөзіне,
Жақсы сөзбен нұр береді өңіне.
Ізгі қылық ізгі ниет пен ізгі сөздің іс жүзіндегі көрінісі, ол адамның мінез-құлқынан көрінеді. Ізгі қылық арқылы адам өзінің жақсылығын айналасындағы адамдарға күн нұрының шуағындай тарата алады, ай сәулесіндей көрсете біледі, жарқырап тұрған жұлдыздардай таныта алады:
Кісі әсілін танытады қылығы,
Ісі қандай – сондай тіні, құлығы.
Құлқы ізгінің қылығы да әдемі,
Оңбағандық – оңбас құлық әлегі!
3. Тектілік. Адам баласының адамгершілік қарым-қатынасындағы атаға, руға, ұлтқа бөліп, адамдық асыл сезімдерге жол бермей, күндестік, бақталастық, дүние таластықты тудыруға, әдепті бұзып, адамгершілікке қиянат көрсетіп, қылмыс жасау текті сыйламаудан, адамдық қасиеттерді қастерлемеуден туындайды [3, Б.43].
Ж.Баласағұн тектілікті тұқым қуалаушылық шеңберінен шығарып, адамгершілік асыл қасиет деңгейіне көтереді. Ол тектіліктің тұқым қуалау арқылы да адамның бойына тарайтынын жоққа шығармайды. Оны мына ой-пікірлері дәлелдейді:
Елік ойын мәтелдеді, балады:
«Текті ердің текті ұрпағы қалады!»...
Тегі жақсы болса, жақсы адам да
Жақсыларды құрмет тұтар әмәнда.
Ғұламаның данышпандығы тектілікті тәрбие арқылы қалыптастыруға болатын тұлғалық сапа ретінде анықтауы болып табылады. Оның негізгі мәні – «әкеңді сыйласаң, атаңды құрметтей білесің, бабаңды қастерлеп, бабаның өнегесін орындайсың да, еліңе елеулі, халқыңа қалаулы, бүкіл адам баласына лайықты әрекеті мен әдептілігі бар жан екендігіңді танытасың» деген ой-түйін:
Текті атаның баласы туыс іздейді,
Тексіз атаның баласы ұрыс іздейді.
Асыл болса кімнің ата-тегі егер,
Одан елге пайда тиер, сене бер!.
Тәрбиенің жетекші рөліне сүйене отырып, тек – адамдық қасиет, өйткені әрбір тұлғаның тегі – Адам, сондықтан оны тұлғаның бойында қалыптастыруға болады деген тұжырым жасайды:
Бектер сөзі тілді буып алмасын,
Текті сөздің тек әділін арнасын...
Ізгі іс істесең – текті тірлік сүргенің,
Жауыздығың – көрге тірі кіргенің.
4. Парасаттылық. Адамның данышпандығы, білімділігі, ақылдылығы, даналығы, терең ойшылдығы мен кемеңгерлігі оның парасаттылығын білдіреді. Ж.Баласағұн парасаттылықты жеке тұлғаның қадір-қасиетін, кісінің кемелділігін білдіретін жиынтық ұғым, адамның адамгершілік сапаларының бірден-бір өлшемі ретінде қарастырады. «Өгдүлмішті сонан соң сөзге қостым, Ақылы асқан жоқ одан өзге достым» дей отырып, Ақыл бейнесін уәзірдің баласы Өгдүлміш арқылы беріп, парасаттылықтың мәнін ашып көрсетеді. Тұлғаның бойында парасаттылық туа біткен ақыл-есті біліммен толықтыру нәтижесінде пайда болатындығы туралы ой-пікір айта отырып, оны дамыту үшін үнемі білім, өнер нәрімен сусындатып отыру, оқып-үйрену еңбегімен шұғылдану қажеттілігін ашып көрсетеді:
Туып оқу-тоқусыз, өмір бойы оқиды,
Дүние сырын ақылмен санасына тоқиды.
Анадан да шарана білімсіз боп туады,
Біліп, оқып,үйреніп дана жолын қуады.
Тек ақыл-ес табиғаттан бұйырар,
Ақыл-еске білім, өнер құйылар.
5. Әділдік. Әділдік ханның, әміршінің бейнесі арқылы суреттеліп, дастан мазмұнында де өлмейтін кейіпкерге айналғандығы бекер емес. Бұдан туатын ой – қай заманда болмасын әділдіксіз, әділ заңсыз, құқықтық тәрбиесіз ешқандай қоғам алға ілгерілемек емес. Ал педагогикалық процесс кезінде тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің арасында, тіпті, балалардың өзара қатынастары жағдайында әділеттілік қағидасының сақталмауы өскелең ұрпақ үшін зардабы үлкен құбылысқа айналатындығы анық. Сондықтан, педагог-ақын әділдікті әлемдегі тіршіліктің көзі – Күнге теңеп: «Жарқыраған Күнді көр де, көр мені, Күн сөнсе егер, тіршіліктің өлгені» – деп әділдіктің Күн сияқгы қоғамдық өмірге нұрын шашып, адамдардың қарым-қатынасын сәулелендіріп тұратындығын айтып, ұлағатты педагогикалық ой түйеді [4, Б.43]. Ғұлама әділдіктің мағынасы туралықты, шыншылдықты, түзулікті білдіреді, одан таю, яғни әділдікке жатпайтын іс істеу қиянат жасау, жазықсыз жапа шектіру деп түсіндіреді. Сондықтан дастанда әділдік адамның ең асыл қасиеті, адамгершіліктің негізі деп саналады.
Сонымен бірге, Ж.Баласағұнның педагогикалық ілімінде адамгершіліктің асыл сапалары, негізгі өлшемдері болып табылатын қайырымдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әдептілік, сыпайылық, сабырлылық, инабаттылық, имандылық, достық, жолдастық сияқты қасиеттердің мән-мағынасы айқындалып, оларды дұрыс ұйымдастырылған тәрбие арқылы тұлғаның бойында қалыптастыруға болатындығы айтылады.
Ғұламаның ойынша, тұлғаның рухани дамуы оның бойындағы жақсы және жаман қасиеттердің бірін-бірі жоққа шығаруы арқасында мүмкін болады. Мәселен, надандықты парасаттылық, күншілдікті достық, жауыздықты қайырымдылық, сараңдықты жомарттық жойып, адамгершілігі мол, рухани дүниесі бай жетілген тұлғаны тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қорыта айтқанда, жастардың болашақта тұлғалық қасиеттері қалыптасқан адам болып қалыптасуы үшін оқу-тәрбие процесінде Ж.Баласағұнның «Адамда жақсы қасиет болмаса, бақ та, бақыт та қонбайды» деген ұлағатты сөзін насихаттайтын болсақ, оларды жағымды, жақсы қасиеттерге баулитынымыз анық.