Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне, көз жетпей көңіл берме!
Мұнан әрмен 11 шумақтың да 3-4 қатарларында ақылға қонымды ерекше түйін жасайды.
Жар көңіліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр.
....кейін араға бір шумақ салып тағы да пішімді ой айтады:
Ақыл керек, ес керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.
Осы өлеңінде ақын қыз теңдігін, қоғамдағы теңдікті жырына ту етіп қадайды. Әділдікке құлшынысын ашық білдіреді. Таптық мүдде жойылып бейбіт, тең дәреже орнауын аңсайтынын жасырмайды. Мұын поэзияда былайынан өрнектеген:
Жасаулы деп, малды деп ббайдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма!
Ал біз, осы әйел жан сырын ақтаратын өлеңге «Қандай қызда ләззат бар жан татпағанды» неге қостық. Мәселені Абай энциклопедиясынан қарастырып көрсетелік: «...Абайдың 1884 ж. Жазған өлеңі...Өлеңнің негізгі тақырыбы жастық шақтың бітім-болмысы, Ақын қыз бен жігіттің сүйіспеншілік сезіміне қатысыт мінез-құлық өзгерістерін шыншылдықпен кескіндеген. ..Он сегіз, он тоғызға толып, алмасы қол батпайтын өкпеге айналған ару бәрібір жайдақ, жеңілтек емес, жұрт мақтаған жігітті жақтайтын ару....жалпы өлең түйіні 19 ғ-дың 80 жылдарындағы қазақ тұрмысына ғана емес, біздің бүгінгі өмірімізге де етене жақын, тәлімдік маңызы зор»(5. 320 б.) Б.Сарбалаевтың осы пікірін ескере отырып біз бұл туындыны әйелдің жан сырлары қатарына қостық. Өйткені, «ел мақтаған жігітті, қашан да қыз жақтаған» Бұл қыздың сенімі, ішкі түйсігіндей...
Әйел бейнесін қамтыған жоғарыда көрсеткен өлеңдерге критерийлер берудің өзі артықтық ететіндей. Себебі, ақын әйел образын сондай көркемдікпен жаратты , тіпті оның «үлбіреген тамағын күн шалмайды», ал «аласа аз қара көзі нұр жайнайды» және де «сөйлесе сөзі әдепті,һәм мағыналы». Мұндай «қолаң қара шашы бар жібек талға» сүйсінбеген адам жоқ шығар, сірә.
Осы араға біз «Көзімнің қарасын» қостық. Әрине, Көзімнің қарасы ерекше ыстық сезіммен жазылған, махабббат тақырыбындағы ғашықтың ішкі сезімі, іңкәр ниетті өлең. Тіпті, «Ақын өзі бой тасалап, кейіпкерін алға ұстап сөйлетеді. ..бұл өлеңде «тәңір, ие» ікөп кездеседі... «пайғамбар сүннеті» сияқты мұсылманшылық жолдары қызға діни сезім арқылы ықпал етуді көздегенімен, мұнда философиялық ой тербету де бар». Сөзсіз, мұнда Абай махаббаттың психологиясын, реакцияларын аса суреткерлікпен берген болар, бірақ айтар дүние тағы бар, өлеңнің ішіне терең бойлайықшы. Өлең басындағы сегіз шумақты аттап өтіп, 9,10,11,13,15-ші шумақтарда қыз бейнесі жарқын көрініс табады.
Кең маңдай, қолаң шаш,
Я бір кез, я құлаш.
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым, бетіңді аш.
Қара көз, имек қас,
Қараса жан тоймас.
Аузың бал, қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Мұнан басқа өлеңдегі «қыр мұрын», «қыпша бел», «қайғың – қас, жүзің – жаз», «иісің – гүл», «нұрың – күн» сияқты т.б теңеулерден басқа не керек? Абай махаббатпен қоса әйел бейнесін көрсетіп тұрғаны жоқ па? Осы себепті де «Көзімнің қарасын» әйелдер бейнесі жырланған өлеңдер қатрынан көрудесіздер.
Ал келесі мына бір өлеңде шығыс қыздарының мөлдір тұнық судағы анық бейнесін айнадан көргендей сезесің:
Иузи – рәушан, көзі – гәуһар,
Лағилдек бет үші ахмар,
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың құдрәт қоли шигә.
Өзәң гузәлләргә рахбар,
Сәңә ғишық болып кәмтар,
Сүлейман,Ямшид,Искандәр
Ала алмас барша мүлкигә.
Келесі бір идея: ақындардың мәңгі өшпес шабытты жырларына арқау болған махаббат туралы. Абай «махаббатты» қыз бен жігіт сезімін сондай ыждағаттылықпен , шындықтан шалғай жатпаған айқындылықпен, жүрек лүпілін, күйініш-сүйінішін суреттеу жолымен ғана жасамай, оның өзін сөйлету арқылы да танытуға бар жігерін аямаған, ақынның мың иірімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер – лирикалық кейіпкерді жасап шығарады. Көңіл-күйі, нәзік сыры мен салқын сезімі, махаббат дертінен науқастанған пациенттей көрінуі, ең соңғы шұғылалы сәуледей үміті болған қызға деген сезімін ақын зор талантпен, мықты талаппен жырлады.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә сендей маған жар жоқ -
Саған жар менен артық табылса да!
Осыған тоқталық. Бұл өлеңді кеше айттыңыз ба, бүгін айтасыз ба, болмаса ертең бір сүйіктіңізге жырлайсыз ба қай кезең болмасын өлеңнің мәні де құны да жоғалмайды. Себебі, ақын бұл туындыны өз заманына арнап жазбады, өз заманының қайталанбас бөлшектерімен өлеңді безендірмеді, қарапайым ғана күнде көретін мәңгілік «ай» мен «күнді» , «аспанды» алды да шеберлікпен, дарынымен үйлестіріп тағы да бір жауһар қазынаны сандығымызға салып берді. «Онегин мен Татьянаға» келер болсақ, көбірек талдауды қажет етеді. Эпистолярлық, нәзиралық үлгіде жазылса да, әлі де аударма түрінде басылыып жатқан кіші поэма туралы «Абай – Пушкин» және қазақ әдебиеті атты халықаралық ғылыми конференция материалдарын (6) ақтара отырып көзіміз мына абзацқа түсті: «Абай дала қауымына етене жақын махаббат хикаясын шертуді, Татьяна мен Онегиндей ғашық жандардың ұлан-асыр ұйытқыған сезімдеріне бойлауды мақұл көргендей.
Пушкинде Татьяна хатына Онегин хатпен емес ауызекі жауап береді. Байқұс қызбен деревня бағында көзбе-көз тілдеседі. Сол кездесуде қыздың мәселесін қалай қайтарғаны Абайда «Онегиннің Татьянаға жауабы» , «Онегин сөзі» деген бөлімдерде хат түрінде беріледі. Петербург салонында Татьянамен жүздескендігі Онегиннің сүйдім-жандымы, оған Таьтянаның өр жауабы «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Татьяна сөзі» болып тағы да хат формасына түсіріледі. Хатқа жатпайтын «Онегиннің сипаты», «Ленский сөзінен», «Онегиннің өлердегі сөзі» атты үзінді бөлімдер шығарманың эпистолярлық өрнегіне іркіс туғызбаған »(6. 52-53 б.б)
Меніңше, қазақтың тұңғыш романы осы Абайдың «Онегин-Татьянасы». Өйткені бұл махаббат тақырыбында жазылған сюжеттік байланысы бар назиралық үлгідегі төлтума, аударма емес! Сыршыл да сазды тілге ие Абай бұған жаңа көзқараспен қарап, жан бітірді.
Достарыңызбен бөлісу: |