kitapzharys.online алмай, ызаға булығып, қалшылдап барады. Қолы мен аяғына әлдекімнің көзі
түсе қалса, қу жанын қоярға жер таба алмай намыстанып, есі шығатын.
Мынау шамадан тыс үлкейіп бара жатқан егде қолдар мен жетілмей қалған
аяғына ешкімнің көзі түспесе екен, байқамаса екен деп зар қағатын. Ал,
Қатира болса әдейі қақшиып, шошына именіп, мұның жанды жеріне тисе
түскісі келгендей сұқтана, жиіркене көз тастады. Осындайда Ләйлә-қыздың
жаны шырқырап, жасырынар жер таппай алас ұрады.
— Қайда болдың деймін? Мал қораға қайтып, қол жетпей у-шу болып
жатқанда, қайда қашып кетесің? Айт деймін енді, ойбай!
Ләйлә көзін жерден алмаған қалпы:
— Адам емеспіз бе? — деп ақырын күбір етті.
Сол-ақ екен Қатира ыршып түсті.
— Сөзді қара! «Адам емеспіз бе», — дейді. Адам сиқы жоқ кейпіңе неге
қарамайсың, а?
Қатираның ащы тілі сумаңдап, Ләйләның бала жүрегін қып-қызыл қан-
жоса етіп тілгілеп, пара-парасын шығарып, түтіп жатыр, түтіп жатыр. Бұрын
осындайда жанына тиер сөзді естігенде шыр-пыр болып, зар қағып, жылап
еңірейтін қыз, бұл жолы бедірейіп қатқан қалпы, өңі қуарып, Қатирадан
көзін алмады. «Сезімсіз, жүрексіз, қатыгез адамның төрт түлігі қашанда сай
болады. Табалайсың ғой, табалай бер, табала! Мен осы қасіретті құдайдан
сұрап алғанмын! Иә, иә, сеніңше сұрап алған тағдырым осы, осы! Отыңмен
кіріп, күліңмен шығып жүрмін емес пе, не жазып едім саған?» Жетілмей
қалған сәби бетін жап-жалпақ алақанымен басып алып, жүресінен отыра
кетті. Сол қалпы пысылдап бастап, төзімі таусылып, көз жасына ерік берді.
Мұндайда бүкшиіп, босағада жылап отырған Ләйлә-қызға бірде-бір жан:
«Әй, мынаған не болды, тиіскен кім?» — деп сұрамайды да. Бәлкім, осылай
бейшара күй кешіп, жылап отыруы заңдылық деп ойлай ма? «Ей байғұс, көз
жасыңды біз емес, құдай көрсін. Соның ілтипатын күт, пейілін көр!» — дей
ме, теріс қарап күбірлеп өте шығатын. Ләйлә мұны да сезетін. Түн ішінде
жарқырап, толықсып шығатын мылқау Айды есіне алып, терең сайға қарай
жүгіре жөнелгісі келетіні де сондықтан. Терең сайға түскен Ай сәулесі
бұрынғысынан да жап-жарық. Жер бетін кезіп, жылжыған қалпы Ләйлә-
қызды іздеп жүр. Қарауылдың суынан да, жерінен де, тауынан да сұрап беу-
беулеп іздеу салады. «Қайда кеттің?» Неғып бүгін терең сайда жоқсың?» деп
ана-дауыс жып-жылы алақанымен қолын жайып, сай ішінде қалықтап
жүргендей. Түн жамылған сай іші жап-жарық Ай таң атқандай ағартып
барады. «Құлыным-ай» — деген ана-дауыс еміреніп келіп, сай ішін жағалап
кетті. Сол-ақ екен тып-тыныш бір әлем орнады да көкірегі қарс айырылып,