Миокардтың қысыммен зорығу жағдайында құрбақа жүрегі жұмысының өзгерістерін білу.
Әдісі: Жансыздандырылған бақаны арқасымен тақтайшаға бекітеді. Көкірек қуысын кеңінен ашып, жүректі перикардтан босатады. Қолқаны және жүрекке төмен жақтан келетін көктамырды абайлап бөліп алып, қолқаның астынан кезекші жіпті өткізеді. Қолқаның сол жақ доғасын жіппен көтеріп, бір жанынан кесіп, оған шыны канюля енгізіледі. Қолқаның оң доғасы байланады.
Іштің алдыңғы қабырғасын орталық сызықтан 0,5 см солға қарай ұзынынан кеседі, орталық сызықтың бойымен іш аортасы өтеді, ол семсер тәрізді өсіндінің деңгейінде жүрекке бағытталады. Көктамырға жүрекке қарай бағыттап рингер ерітіндісінің инесін енгізеді. Енгізілген Рингер ерітіндісі іш көктамыры арқылы жүрекке келіп, канюлядан ағып шығады. Ағып шығу жылдамдығы минөтіне 20 тамшы.
Жүрек қызметінің көрсеткіштері анықталады (ЖСЖ, минөттік көлем, систолалық көлем).
Жүрек жеткіліксіздігінің зорығулық түрін алу үшін канюляны бүйірінде арақашықтығы 10 см өсінділері бар шыны деңгекпен резіңке түтік арқылы жалғайды. Қысқыштарды қолдана отырып шыны түтіктегі сұйықтықтың деңгейін 20, 30, 40 см биіктікке дейін көтереді. Жүрек қызметінің көрсеткіштері діңгектің әрбір бөлігіне келгенде анықталып отырады. Алынған мәліметтер кестеге толтырылады және бір-бірімен салыстырылады.
Студенттер талдау жасау барысында мына сұрақтарға жауап берулері керек :
1. Жүктемеден кейін жүрек қызметінің көрсеткіштері қалай өзгереді?
2. Жүрек гиперфункциясын қандай тетіктер қамтамасыз етеді?
3. Теңгерілген сатыдан теңгерілмеген сатыға өткенін қандай өзгерістер дәлелдейді?