Өзара білім алуға көмектесетін диалогтік оқыту – мұғалім оқу материалын түсіндіруі, оқушының оны меңгеруі;
оқушыларды проблемаларды қоюға және оны шешуге қатысуға түрткі
болу; олардың білім алуларын күшейту мақсатында оқу материалын
дайындау және хабарлаушы әңгіме өткізудің оқу қағидаттарына
негізделген реттеуші ережелері жүйесі. Негізгі функциялары:
репродуктивтік сұрақтар мен арнайы жасалған проблемалық
жағдаяттардың көмегімен оқу қызметінің жаңа ұғымдары мен тәсілдерін
ашу; танымдық қарым-қатынасты жандандыру және оқушылардың
ойлау және тәжірибелік қызметіне түрткі болу, оларда сөз сөйлей білу
және өз бетімен жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастыру; оларға
ұжыммен ойлау қызметінің тәсілдерін үйрету.
Негізгі белгілері: оқу материалы хабарлаушы әңгіме түрінде
баяндалады, онда негізінен оқушыларға белгілі материал бойынша
репродуктивтік сұрақтар қолданылады. Мұғалім проблемалық жағдаят
тудырып, бірқатар проблемалы сұрақтар қоя алады, бірақ бұл жағдайда
жаңа ұғымдар мен әрекет ету жолдарының мәнін мұғалім түсіндіреді.
Рефлексия – (лат. reflexio – өткенге жүгіну) - субъектінің назарын өзіне, атап
айтқанда, оларды қайта ойлап, қорыту мақсатында өз белсенділігінің
өніміне аударуы. Философияда рефлексия былай деп түсіндіріледі: 1.
Сананың және ойлаудың өзіне жүгіне алу қабілеті. 2. Жаңа білім алу
мақсатында білімді талдау. 3. Сана мен жанның күйін өзіндік бақылау.
Педагогикада рефлексия сабақтың бір кезеңі ретінде қарастырылады.
Ол кезде сабақ барысында алынған білім сын тұрғысынан талданып,
меңгерілген біліммен салыстырылып, өзіндік түсінік пайда болады.