Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы Тілдегі әрбір сөздің (белгілі ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің) нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына - сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады. Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады. Бірақ грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан пайда болатын грамматикалық мағыналар бар. Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең (Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнеше грамматикалық мағынаны білдіріп тұр: І. туғанда, лексикалық мағынасы – нақты туу қимылы; грамматикалық мағыналары - І) жалпы қимылды білдіру; 2) салттылық мән; 3) өткен шақтық мән; 4) бір қимылдың (ашудың) мезгілін білдіру; 2. дүние, лексикалық мағынасы - әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы абстракт зат атауы; 2) қатыстық-меншіктілік мән; 3. есігін, лексикалық мағынасы – үйдің бір бөлігі болып табылатын (есік) нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы; 2) екінші бір затқа дүние тәуелді, соның бөлшегі болуы; 3) ол тәуелділік 3-жаққа қатысты, 4) тура обьектіні білдіру; 4. ашады, лексикалық мағынасы – ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы қимылды білдіру, 2) ол қимылдың сабақты болуы, 3)ауыспалы осы шақ мәнін білдіру, 4) 3-жақтағы субьектінің қимылы; 5. өлең, лексикалық мағынасы — нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы; 2) ашу қимылының грамматикалық субьектісі болуы; 6. өлеңмен, лексикалық мағынасы – нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы; 2) кіру қимылын білдіру; 7. жер, лексикалық мағынасы – нақты жер деген зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы, 2) қатыстық-меншіктік мән; 8. қойнына, лексикалық мағынасы – нақты қойын деген зат; грамматикалық мағыналары: І)жалпы зат атауы болуы; 2) екінші бір затқа жер тәуелді болуы, 3) тәуелділік 3-жақта болуы, 4) қимылдың (кірер) бағытын білдіруі; 9. кірер, лексикалық мағынасы – нақты кіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: І) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимыл салтты, 3) келер шақ мәні, 4) 3-жақ субъект арқылы ол қимылдың іске асуы; 10. денең, лексикалық мағынасы – дене деген зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы, 2) тәуелділік мағына, 3) 2-жақ, жекеше, анайы, 4) кіру қимылының грамматикалық субьектісі. Бұлар осы сөйлемдегі сөздердің білдіретін бөлек-бөлек мағыналары.
Осы шағын талдаудан көрінетіндей, сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері де әр түрлі.
Осымен байланысты мынадай сұрақ туады: нақты заттың аты немесе нақты қимыл болса, ол лексикалық мағына да, жалпы заттың аты немесе жалпы қимыл болса, ол грамматикалық мағына бола ма?
Бұл сұраққа нақты да толық жауап беру үшін жоғарыдағы сөйлемдегі сөздерді талдап көрейік.
Берілген сөйлемдегі дүние, есік, жер сөздерінің әрқайсысы жеке-жеке ұғымды білдіретін заттың аты, туғанда, ашады, кірер нақты қимыл ұғымын білдіретін сөздер, сондай-ақ төрт, жеті нақты санды білідіретін сөздер, ақ, көк, сары – заттың нақты түсін білдіретін сандар, т.б. Атап айтқанда, дүние - өмір, тіршілік (ҚТТС, ІІІ, 204),есік - ауыс, өмірге, іс пен еңбекке алғаш аттап, қадам басып кіру, араласу (ҚТТС, ІІІ, 453), жер - жер планетасының үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы, құрылық (ҚТТС, 14, 90)дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ешбір ортақтық, жақындық жоқ, әрқайсысы - бөлек-бөлек заттардың атауы; туғанда - ана құрсағынан шығу, дүниеге келу (ҚТТС, ІX, 254),ашады - ауыс, жабық тұрған нәрсенің есігін, бетін шалқайту, аңқайту (ҚТТС, І, 507), кірер - ену, келу (ҚТТС, V, 411) дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ортақтық, ұқсастық жоқ, бір-бірінен осы мағыналары арқылы ажыратылады; төрт-үштен кейінгі есептік сан (ҚТТС, ІX, 243),жеті – алтыдан кейінгі сан (ҚТТС, ІV, 113) дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек; ақ - қардың, сүттің, бордың түсіндей қараға қарама-қарсы (ҚТТС, І, 126),көк – ашық аспан тәрізді түс (ҚТТС, V, 118), сары, - піскен егіннің немесе апельсиннің түріндей түс (ҚТТС, VІІІ, 187) дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек, өйткені бұлар әр түрлі түстерді білдіреді. Сонымен бірге бұл нақты (лексикалық) мағыналары жалпылануы да мүмкін. Атап айтқанда, дүние, есік, жер жалпы зат атауларын білдіреді, туғанда, ашады, кірер жалпы қимылды, іс-әрекетті білдіреді, төрт, жеті – жалпы бір санды білдіреді, ақ, көк, сары – жалпы түсті білдіреді яғни сапалық сынның белгілері. Міне бұл соңғы көрсетілгендер – нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағыналар яғни бұлар белгілі бір сөздің ғана мағыналық сипаты емес, белгілі бір топтағы (айталық, заттың атын білдіру немесе қимыл, іс-әрекетті білдіру т.б.) сөздердің ортақ жалпы мағынасы. Осы жалпы мағыналарының ортақтығы арқылы сөздер топтасып, белгілі бір грамматикалық топ құрайды: дүние, есік, жер – заттың атын білдіретін сөздер – зат есім, туғанда, ашады, кірер - қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер – етістік, төрт, жеті – заттың санын білдіретін сөздер – сан есім, ақ көқ сары, жақсы, үлкен, биік заттың сынын білдіретін сөздер – сын есім т.б.