С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Грамматикалық мағынаның түрлері



бет13/97
Дата27.09.2023
өлшемі1,93 Mb.
#110901
түріОқулық
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   97
Байланысты:
Исаев учеб

Грамматикалық мағынаның түрлері
Сөйтіп, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағьнасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құрауға бейімделеді. Сонда сөзде жалпы заттың атын, немесе жалпы қимылды, немесе жалпы санды, т.б. білдіретін бір ғана жалпы грамматикалық мағына бола ма немесе жоғарыда сөзде бір я бірнеше грамматикалық мағына болады дегеніміздей олардың қарым-қатынасы, ара қатынасы, сипаты қандай болмақ?
Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл.т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болуы мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім); деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдікі) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал - әрекет, ойлау қабілетіне, көңіл күйіне байланысты, т.б.) Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мумкін.
Жалпы грамматикалық мағынаның осы сияқты сипатына ерекше назар аударуға негіз болып отырған бұл мәселелердің бұрын біржақты, қате түсіндіріліп келуінде.
Оқулықтарда грамматикалық мағына деп лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін немесе грамматикалық тұлғалар арқылы және басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы пайда болатын (туатын) жалпы мағына деп көрсетіледі. Бұл дұрыс ереже ме және оны қалай түсінеміз?
Ең алдымен, грамматикалық мағына-лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория үғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.
Жалпы тіл білімінде, сондай-ақ түркологияда грамматикалық мағынаны бұндай бөлу тәжірибесі бар ма? Грамматикалық мағынаны осындай үш түрге бөлудің қандай теориялық және практикалық негізі бар?
Жалпы тіл білімінде грамматикалық мағынаны дәл осындай үш түрге бөлу тәжірибесі жоқ. Қазіргі қырғыз тілінде грамматикалық мағынаның типтері ретінде оны екіге бөліп қарау тәжірибесі бар; бірі – жалпы категориялық мағына және екіншісі – жеке грамматикалық мағына. Жалпы категориялық мағынаға, мысалы, зат есімнің заттық, сын есімнің сындық, етістіктің қимыл-әрекеттік мағыналары яғни сөздің әр түрлі формада түрленіп өзгеруінен емес, түбір білдіретін және сөздің барлық грамматикалық формаларында бола беретін мағыналары жатады да, жеке грамматикалық мағынаға сөздің түрленіп тұлғалануы арқылы пайда болатын мағыналары жатады, сондықтан бір сөзде бір жалпы грамматикалық мағына және бірнеше жеке грамматикалық мағына болады. (Д. Қ. — АҚТ, 7-8).
Грамматикалық мағына жоғарыда көрсетілгендей, ең алдымен, сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайтын, яғни лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, сөздік ұғымның жалпылық-абстрактылық сипатқа ие болуы арқылы пайда болады. Жалпы сөйлеу процесінен (сөйлемнен яғни контекстен) тыс грамматикалық мағына болмайды. Үй, тас, жасыл немесе кел дегендердің заттық және иелік, жалпылық немесе сандық, түсті білдіру немесе қимылдық т.б. грамматикалық мағыналары сөйлеу процесінде әбден қалыптасқан, сондықтан ондай тиесілі мағына сөйлемсіз-ақ ойымызда тұрақталып қалған. Одан әрмен сол сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуі арқылы да, түрлі грамматикалық формалардың үстелуі арқылы да, дауыс ырғағы, орын тәртібі, ішкі флексия т.б. арқылы да грамматикалық мағына үстеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет