Грамматикалық мағынаның түрлері оның берілу жолдарына байланысты және соған сай олардың грамматикалық немесе лексика-грамматикалық, семантикалық, қызметтік-функциялық т.б. сипаттары айқындалады.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1) сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, үсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық шынында лексика-грамматикалық, топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады. Мысалы, үй, бала, Алматы немесе жақсы, көк, тасты, құмсыз немесе кел, тұр, ойла т.б. сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы нәтижесінде жалпы заттық немесе жалпы сындық немесе жалпы сындық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік сияқты жалпы грамматикалық мағына туған. Ал солардың әрқайсысының өзінен тағы да кішірек жалпы грамматикалық мағына байқалып кішірек топтарды көрсетуге болады. Жалпы заттық мағынадағы сөздерді адамға байланысты (кімдік) заттар (бала, кісі, жолдас, т.б.), адамнан басқа затқа байланысты (нелік) заттар (үй, тас, ағаш, т.б.), жалпылық немесе жалқылық ерекшелігіне байланысты (Алматы, Қүлагер, Ертіс, т.б.), сондай-ақ деректі-дерексіз т.б. топтарға бөлуге болады. Жалпы сындық мағынадағы сөздерді сапалық сын-белгі (жақсы, жаман, үлкен, биік т.б.) түске байланысты сын (көк, қызыл, ақ т.б.) қатыстық сын (тасты, құмсыз, аудандық т.б.) деп, жалпы қимылды білдіретін сөздерді қимылдық мәнді (кел, кет, шап т.б.) қалыпты білдіру (тұр, отыр, жатыр т.б.) абстракты іс-әрекет (ойла, қиялда) т.б. толып жатқан мәнді білдіруіне қарай топтарға бөлуге болар еді.
Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады. Сөздерді топтастырудың семантикалық деп аталатын принципі сөздердің осы жалпы грамматикалық мағынасына негізделеді. Ескерте кету керек: жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы нәтижесінде пайда болса да, ол енді лексикалық мағына болып саналмайды.
Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Грамматикалық форма деген ұғымға, ең алдымен, сөзге түбірге үстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. Ал қазақ тілінде префикстік те, флексиялық та, супплетивтік те тәсіл жоқ. Бірлі-жарым кірме сөздің қурамындағы бей, би (бишара, беймаза), на (наразы) сияқтылардың жеке басында ешбір грамматикалық, семантикалық сипат жоқ, олар тілімізде сөз құрамынан бөлінбей, тұтасып кеткен.
Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы беріліп, сөздің сыртқы тұлғасына, түріне қатысты болмай, демек, түрлену жүйесіне қатысты болмай, таза грамматикалық семантика ретінде болса, категориялық грамматикалық мағына, ең алдымен, белгілі грамматикалық формалар арқылы беріледі де екіншіден, сол арқылы белгілі грам-матикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып табылады, үшіншіден, соның нәтижесінде сол топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясын құрауға негіз болады. Мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары есімше, көсемше немесе қалып етістіктері т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Сөйтіп, категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, соның нәтижесінде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау қажет. Түсінікті болу үшін бірнеше мысалды талдап көрелік. Талдан таяқ жас бала таянбайды. Бала бүркіт түлкіден аянбайды дегендегі екі бала сөзін салыстырып көрейік. Бірінші бала зат атауы (адам), атау септік арқылы субстанттық, иелік (таянбау қимылының иесі) 3-жақ мағынасын білдіріп тұрса, екінші бала заттық мағынада емес, сындық қатыстық мағынаны білдіріп тұр. Бұл грамматикалық (сындық-қатыстық) мағына бала сөзінің бүркіт сөзімен тікелей тіркесуінен пайда болып, соның арқасында объективтену процесіне ие болған. Менде ақыл тұра ма? (Шәкәрім) дегенде сұраулық мағына -ма шылауы арқылы беріліп тұр. Бұл – кітапты көп оқиды және бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдегі бұл сөздерінің интонациясына назар аударсақ та жеткілікті. Әрине, бірінші бұл дегеннің атау септік тұлғасында тұрғаны - бөлек әңгіме. Немесе мына диалогта үйде сөзінің мағынасына назар аударайық:
– Қайда болдың?
– Үйде.
– Үйде? Қай кезде?
Басқа грамматикалық мағыналарды ескермегеннің өзінде екінші үйде дегенде сұрау мағынасы тек интонация арқылы берілген.
Сөйтіп, қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады. Сонымен бірге грамматикалық мағынаның бұл үш түрі, бір жағынан, грамматикалық мағынаның грамматикалық форма деген ұғыммен байланыстылығын және грамматикалық категория деген ұғымның мәнін, шеңберін айқындауға негіз болатынын (категориялық мағына) көрсетсе, екінші жағынан, кейде тек ол морфология саласымен шектеліп қоймай, синтаксиске де еніп кететінін (қатыстық грамматикалық мағына) көрсетіп, морфология мен синтаксистің арасын жымдастыра түсуге себін тигізеді. Үшінші жағынан, жалпы грамматикалық мағына жекелеген сөз топтарының семантикалық сипатын айқындайды.