С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет20/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   97
Айт-ыл-ар сөз айт-ыл-ды... не-ні айт-са-ң да, ойлап айт... айт-атын-ың-ды айт... сонда айт-па-ғың не... айт-па-са-ң айт-па-й-ақ қой... бұл сөзді айт-қыз-ба-ған кім?
Бұл сөйлемде айту сөзі әр түрлі тұлғаларда қолданылған олардың бәріне ортақ бөлшек - айт, соның арқасында мысалдағы барлық сөз сөйлеу мәніндегі нақтылы бір қимылды жеткізу мәнін білдіріп тұр және оның жалпылануы негізінде жалпы грамматикалық мағына - жалпы қимыл мағынасы қалыптасқан (лексикалық мағынасы), ол бөлшекке үстелген тұлғалар сол негізгі бөлікке (түбірге) әр түрлі қосымша грамматикалық мағына үстейді. Айт-ыл-ар: -ыл — қимылдың тура объектіге грамматикалық субъект ретінде қатынасын, (яғни қимылдың тура объектісі бұл жерде грамматикалық субъектісіне айналып, етістік салт етістікке ауысуын, -ар – қимылдың алда (келер шақтық мағына) болатығындығын орын тәртібінің өзгеруі арқылы заттың, сөздің, қимылдың сынын білдіріп тұр, бұлай болу – етістіктің есімше формасының ерекшелігі) айт-ыл-ды: -ды қимылдың сөйлеп тұрған сәттен бұрын орындалғанын (өткен шақтық мағына), айт-са-ң: -са – қимылдың істелу шартын, – қимылдың қай (екінші) жақ және жекеше, анайы субъект арқылы орындалуын, айт: - нөлдік форма – бұйрықты және ІІ жақ жекеше, анайы мағынаны білдіреді, басқа сөздерде айт -атын -ың -а, айт -пағ/қ/ -ың, айт -па -са -ң, айт -па -й -ақ, айт -қыз -ба -ған тәрізді бөлшектерден тұрады. Демек, негізгі мағына өзгермейді, сөздің лексикалық мағынасы және оның жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағынасы осы көрсетілген барлық сөз формаларына ортақ болып келеді, өйткені олардың ортақ мәнді бөлшегі айт. Ал көрсетілген тұлғалар арқылы пайда болған категориялық грамматикалық мағыналар түбірдің мәніне негізделеді, соның арқасында бұл сөздер жақын, ұқсас мәнде қолданылып, әр түрлі түлғалық жамылғылардың арқасында соған сәйкес әр түрлі қосымша мағына үстеліп, сол сөздер сөйлемде әр түрлі қызмет атқарып тұр.
Басқа сөздерге негіз болатын бөлшек те (айт), оған әр түрлі мән-мағына үстеп тұратын бөлшек те (-ың, -ар...) тіл білімінде морфема деп аталады. Демек, морфема дегеніміз контексте (сөйлеу процесінде) сөздің жалпы грамматикалық (бұны оқулықтарда күні бүгінге дейін лексикалық мағына деп келгені мәлім (түбір), я категориялық немесе қатыстық грамматикалық (қосымша) мағыналарын білдіре алатын ең кіші бөлшегі. Морфологияның негізгі объектісі және ең кіші бөлшегі морфема (лексикалық я грамматикалық мағына білдіре алатын) соңғы лингвистикалық зерттеулерде негізінен осылай айқындалады. Бірақ морфология тілдің грамматикалық құрылысының (грамматиканың) бір бөлегі болғандықтан да, оның қарастыратын негізгі объектісі сөздің, тілдің грамматикалық құрылысының грамматикалық сипатын, қасиеттерін көрсететін тілдік элементтер болса керек. Осы тұрғыдан келгенде, лексикалық мағына білдіретін түбір деген тілдік құбылыстың морфологиялық сипаты қандай болмақ? Өйткені лексикалық мағына морфологияның үлесі емес, морфологияның шеңберінде қаралуға тиісті емес, лексиканың (лексикологияның) үлесі болып табылады. Сонда сөздің түбірі морфема деген ұғымға енбей ме? Бұл жерде мына мәселені айқындап алу қажет. Сөздің түбірі лексикалық мағына білдіретіні үшін морфема деп аталмайды, керісінше грамматикалық мағына білдіретіні үшін морфема деп аталады. Әрине, ол (түбір білдіретін) грамматикалық мағына – лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, яғни жасалу төркіні жағынан лексикалық мағынаға саяды, бірақ бұл жерде түбір білдіретін мағына ретінде ол грамматикалық (лексикалық емес) мағына болып табылады. Сонда морфема дегеніміз тілдің грамматикалық мағына білдіре алатын ең кіші бөлшегі болып табылады. Оның (морфеманың) сипатын анықтауда әрі грамматикалық, әрі лексикалық мағына білдіруді, сөйтіп, сөздің әрі грамматикалық, әрі лексикалық қасиеттерін араластырып шатастырмай, морфеманың нақты белгілерін (грамматикалық сипатын) айқындау қажеттігі күмән тудырмайды. Бұл – морфема ұғымының принципті сипаты әрі ерекшелігі. Болмаса оны грамматиканың (тіл білімінің тек грамматика саласының) негізгі объектісі деп тануға болмас еді және сол арқылы сөздердің грамматикалық сипатын толық, жан-жақты айқындауға да болмас еді. Ал грамматикалық элемент ретіндегі түбір морфеманың лексикалық мағыналы сөзбен сәйкес келуі (немесе кейбір тілдерде мысалы, орыс тілінде сәйкес келмеуі) тілдің қүрылымдылық ерекшеліктеріне, диалектикалық жүйесіне қатысты сипаттарын анықтайды, өйткені бұл екі құбылыс (лексикалық мағына мен грамматикалық мағына және сол екеуінің бір грамматикалық құбылысының өзіндік белгісі, мәні болуы) грамматиканың (тілдің грамматикалық құрылысының) бір қатардағы шеңберіне сыймайды. Сондықтан әр нәрсені өз атымен атап, өзіндік сипаты мен шекарасын айқындау керек, сол арқылы талданып отырған грамматикалық құбылыстың мәні ашылмақ.
Сөйтіп, лексикалық мағына мен жалпы грамматикалық мағына деген ұғымдар, бір жағынан қаншалықты алшақ болса, (бірі лексикология, екіншісі грамматиканың объектісі болып, сөйлеу процесінде көрінсе), екінші жағынан, жақындығы бірінен (лексикалық мағынадан оның жалпылануы арқылы) екіншісінің (жалпы грамматикалық мағынаның) тууы және сырт тұлғасының сәйкес келуі болса, сөздің түбірі (бұл грамматикалық яғни морфологиялық ұғым) мен сөз (бұл лексикалық ұғым) деген ұғымдар да мәні жағынан басқа-басқа да, сыртқы тұлғасы жағынан сәйкес келеді. Осындай ерекшеліктердің мәні айқындалмаса, тіл білімінің лексика және грамматика салаларының шеңбері мен шекарасы да анықталмас еді. Сонымен бірге жоғарыда көрсеткеніміздей, әр морфеманың өзіне тән мағынасы (грамматикалық) және сыртқы дыбыстық көрінісі - формасы, тұлғасы болады. Сөйтіп, сөз морфемалардан, морфема дыбыстардан құралады. Кейде сөз бен морфема сәйкес келеді, яғни сөз грамматикалық тұлғаларсыз түбір күйінде жұмсалып, бір-ақ морфемадан тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет