С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет23/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға

Пысықтау үшін сұрақтар
1.Морфема дегенге қандай анықтама беруге болады?
2.Морфеманың қандай түрлері бар?
3.Морфема болу үшін лексикалық мағынаның болуы міндетті ме?
4.Түбір морфемаға тән белгілер қандай?
5.Қосымша морфемаға тән белгілер қандай?
6. Түбір морфема мен қосымша морфеманың айырмашылығы неде?
Әдебиеттер:

  1. Қазақ тілінің грамматикасы. І.Морфология. А.,1967. 7-12-беттер.

  2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 24-30-беттер.

  3. К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 19-30-б.

  4. К. Аханов. Тіл білімінің негіздері. А.,1993. 274-294.

  5. Ә. Ибатов. Сөздің морфологиялық құрылымы. А.,1986.

6. Ғ.Қалиев. Сөздің морфологиялық туу құрамы жайында//Қазақстан мектебі. 1979 , №4.


YІ. Қосымшалардың жіктелуі


  1. Қосымшалардың морфема ретінде өзіндік ерекшеліктері.

  2. Қосымшаларды жұрнақ-жалғау деп бөлудің жетімсіздігі.

  3. Қосымшаларды сөз тудырушы және форма тудырушы деп бөлудің принциптік мәні.

  4. Қосымшалардың мағыналық, қызметтік сипаты.

  5. Сөзжасам (сөз тудырушы) қосымшалардың ерекшеліктері.

  6. Форма тудырушы жұрнақтар мен жалғаулардың жақындықтары.



Сабақтың мақсаты
Қосымшалардың семантикалық сипаты, грамматикалық мәні мен қызметі жағынан басты қасиеттерін, өзіндік белгілерін тауып, талдай отырып, олардың ең алдымен морфема ретінде ең негізгі ерекшеліктерін танып білу және сол арқылы тілдің грамматикалық құрылысынан, түрлену жүйесінен, грамматикалық категориясынан алатын орнын айқындау, шегін ажырату, өз ішіндегі түрлерін нақты анықтау болып табылады.

Қазақ тілінде қосымша немесе қосымша морфема ұғымының мәні неде, сипаты қандай?


Қазақ тіл білімінде қосымшалар морфеманың бір түрі ретінде мағыналық ерекшеліктері мен қызметі жағынан жалғау мен жұрнақ болып екіге бөлініп жүргені белгілі. Сөздің морфологиялық құрамды бір бөлегі ретінде жеке сөздің мағыналы дербес бөлшегі болып табылатын түбірден, бір жағынан, бөлек морфема, екінші жағынан, түбірмен бірлесіп барып сөз құрап, сөздермен қарым-қатынасқа түсіріп тұратын морфема ретінде, немесе сөздердің «синтетикалық жолмен жасалған формаларының түрлерің ретінде және «олардың қосымшаларды сөз тудыратын формалар, сөз түрлендіретін (форма тудыратын) формалар және сөз жалғастыратын формаларң деп үлкен үш салаға бөлу (ҚТГ-14) дәстүрі де бар.
Ал түркологияда қосымша ұғымы «аффиксң терминімен белгіленеді де, ол көбінесе өз ішінде әрі қарай жіктелмей, өте кең мағынада қолданылады, сөйтіп, «аффиксң деген термин, бір жағынан, қазақ тілінің грамматикаларында қолданылып жүрген қосымша мәнінде, екінші жағынан, әрі жалғау, әрі жұрнақ мәнінде бірдей жұмсалады. Сондықтан да түркологиялық әдебиеттерде бір жағынан, «аффикс множественного числаң (көптік жалғау), «аффикс падежаң (септік жалғау), «аффикс принадлежностиң (тәуелдік жалғау), «аффикс сказуемостиң немесе «предикативностиң (жіктік жалғау), екінші жағынан, «аффиксы залогаң (етіс жұрнақтары), «аффиксы степени сравненияң (шырай жұрнақтары), үшінші жағынан «аффиксы глагольного словообразованияң (етістік тудыратын жұрнақтар), «аффиксы именного словообразованияң (есім тудыратын жұрнақтар) деген күрделі терминдер немесе жеке жалғаулармен бірге сөз түрлендіретін қосымшалардың да, сөз тудыратын қосымшалардың да әрбір түрін «аффиксң деп көрсету жиі кездеседі (ИСГТЯ). Бұнымен бірге «аффиксң термині мағынасы мен қызметтік ерекшеліктері жағынан кейде сөз түрлендіруші (словоизменительный), сөз тудырушы (формообразующий) болып та бөлініп отырады.
Қайткен күнде де қазақ тіл білімінде қосымшаларды белгілі түрлерге жіктеуге негіз болатын қасиеттері: қосымшалардың мәні, мағыналық сыр-сипаты, қолданыстық қызметі, жіктелу жүйесі толық айқындалды деуге болмайды. Қосымшалардың қазақ тілі грамматикаларында көрсетіліп жүрген айырым белгілері, мағыналық, қызметтік түрлері оны сөз құрамының бір морфемалық бөлегі ретінде, әсіресе семантикалық мәні, грамматикалық-тұлғалық, қызметтік дербестігі жоқ, түбірден өзгеше морфема ретінде қажетті сипаты болып саналғанымен, ол қосымшалардың өз ішіндегі құрылымдық-мағыналық қасиетін, қызметтік-мәндік ерекшеліктері, соларға байланысты тілдің грамматикалық құрылысын, оның сырын айқындап жіктелу түрлерін таныта алмайды. Өйткені «аффиксң деген термин де, қосымша да мағыналық-құрылымдық жағынан да, қызметтік-қатыстық жағынан да әр түрлі сипатты келеді.
«Аффиксң терминін қосымша деп қазақшалап, оны түркологиялық үлгідей қосымша түрлерінің нақтылы атауларымен қосақтап «жіктеу қосымшаң, «септік қосымшаң, «көптік қосымшаң, «тәуелдік қосымшаң, «шырай қосымшаң, «шақ қосымшасың, «етіс қосымшаң, «зат есім тудыратын қосымшаң, «сын есім тудыратын қосымшаң, «етістік тудыратын қосымшаң т.б. деп қолдану мүмкін болғанымен, қазақ тілінің грамматикаларында алынып жүргеніндей қосымшаның өзін мағыналық, қызметтік ерекшеліктеріне қарай түрлерге бөліп, сол бөлінген түрлерінің атауын ғана нақтылы анықтауыштармен қосақтап «септік жалғауң, «шырай жұрнақтарың, «сөз тудырушы жұрнақтарң т.б. сияқты қолданудың негізі бар екенін байқаймыз. Бұдан қосымша морфеманың жалпы ерекшеліктерімен бірге оның түрлерінің өзара айырмашылықтарын, әр түрінің мағыналық қызметін, қасиеттерін, түрлерінің принциптері мен критерийлерін және оның грамматикалық құрылыс жүйесінен алатын орнын айқындай аламыз. Әңгіме ол түрлерінің аталуында, терминде емес, негізгі мәнінде, солай бөліп жіктеудің ғылыми негізінде және оның тілдің грамматикалық құрылыс жүйесіндегі сырларын аша алуында.
Қазақ тілінің ғылыми грамматикаларында қосымшалардың ерекшеліктері қалай айқындалады және олар қалай бөлінеді? «Қазіргі қазақ тілің оқулығында өздеріне тән „мағыналары мен қызметтеріне қарай сөзден сөз тудыратын қосымшалар (морфемалар) жұрнақтар деп, сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшалар жалғаулар деп аталады. Әдетте жұрнақтар сөзден сөз тудыратын болғандықтан, лексикалық категорияға, жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздерді бір-бірімен байланыстыратын категория болғандықтан, грамматикалық категорияға жатқызылады. Бірақ қазақ тіліндегі жұрнақтар арқылы сөз тудыру категориясы грамматикамен де тікелей байланысты. Ол байланыс жұрнақтардың мынадай екі түрлі ерекшеліктерінен айқын көрінеді.
Біріншіден, жалпы грамматикалық категорияларға тән аса абстрактілік қасиет жұрнақтардан да табылады, екіншіден, грамматикалық категорияларға тән тиісті ереже берерліктей жүйелі заңдар жұрнақтарда да бар. (ЫА.-ҚҚТ-29; Ы-ҚТ-34-35, ҚТГ-10). Сөйте тұрса да, қосымшалар бір ыңғайда жұрнақ пен жалғау болып жіктеліп, „мағынасы мен қызметіне қарай жұрнақтарды сөз тудыратын және форма тудыратын жұрнақтар деп екі салаға бөлуге болады. Сонымен қатар кейбір жұрнақтар әрі сөз тудыратын, әрі форма тудыратын синтетикалық морфема есебінде де қызмет ете береді. (ЫА.-ҚҚТ-31). Сонымен қатар жұрнақтар мен жалғаулардың бір-бірінен ажыратарлық шегі олардың мағыналары мен қызметтерінен айқындалатындығы көрсетіліп, атап айтқанда, „жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздердің араларындағы әрқилы аса жалпы қатынастарды білдіріп, олардың түр-түрлерінің көрсеткіштері есебінде қызмет етсе, жұрнақтар ол қатынастарды білдірмейді, тек өздері жалғанған сөздерге жаңа лексикалық мағыналар үстеумен ғана тынады делініп (Ы-ҚТ-35) жүрсе де, кейде "сөз тудыратын морфемалар (қосымшалар), сөз түрлендіретін морфемалар және сөз жалғастыратын морфемалар болып бөлініп", соған лайық әрқайсысы сөз тудырушылар, сөз түрлендірушілер, сөз жалғастырушылар (ҚТГ-10,114) делініп жеке терминдерге ие болып жіктелу үлгісі де бар. Ал И. Маманов „қазақ тіліндегі қосымшаларды орыс тілінің үлгісімен сөз түрлендіруші (словоизменения), сөз тудырушы (словообразования) және форма тудырушы (формаобразования) деп үшке бөліп" қарастырудан гөрі қазақ тілінің тілдік материалы „оларды жаңа мағыналы сөз тудыру және сөздің грамматикалық формасын тудыру қызметіне сәйкес сөз тудырушы және форма тудырушы деп екіге бөлуді" қуаттайтынын былай көрсетеді: „Сөйлемдегі грамматикалық формалар мен түрленетін толық мағыналы атауыш сөздер (зат есім, сын есім, сан есім, етістік) тек қана екі түрде: не түбір сөз түрінде, не грамматикалық формада қолданылады. Былайша айтқанда, қазақ тіліндегі қосымшалар жалғанған сөздер не тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз (лексикалық бүтін), не белгілі бір сөз табына тән грамматикалық форма болып қалыптасады. Бұл тілде не туынды түбір сөзге, не грамматикалық формаға жатпайтын екеуінің аралық категориясы болып табылады. Олай болса, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалдарға сәйкес сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады". (М-ҚҚТ-ЛТ-48-491). Оның үстіне И.Маманов сөз түрлендіруші (кейде форма тудырушы) жұрнақтар мен жалғаулар деп аталатын қосымшалар түрін бір топқа енгізіп, қасиет-қызметтері бірдей тұлғалар деп қарайды. Өйткені бұл қосымшалардың қызметі сөздің - әр түрлі грамматикалық формаларын тудыру. Әрине, септік, тәуелдік, көптік, жіктік формаларының тілде алатын орны қолдану өресі етістіктің есімше, көсемше, рай формалары мен сын есімнің шырай формаларына қарағанда әлдеқайда күрделі. Бірақ бәрінің де атқаратын қызметі - сөздің грамматикалық формасын тудыру. Сондықтан бұларды жалғау (словоизменение) және форма тудырушы (формаобразование) деп екі топқа бөлмей, грамматикалық форма тудырушы қосымшалар деп біріктіріп қарау дұрыс болар еді. Түркі тілдерінде, ауызекі сөйлеу тілінде болсын, баспа бетінде болсын, толық мағыналы сөздер екі-ақ түрде қолданылады. Бірі лексикалық бүтінге жататын түбір сөз күйінде, екіншісі – бір сөз табына жататын грамматикалық формалар. Осыған орай барлық қосымшалар да, негізінен, екі-ақ түрлі қызмет атқарады: бірі - сөз тудыру, екіншісі – сөздің грамматикалық формасын тудыру (М-ҚҚТ-ЛТ-51). Енді бірде И.Маманов қосымшаларды „сөз тудырушы қосымшалар және сөз таптарының грамматикалық формаларын тудыратын қосымшалар" (М-ҚТП-89) деп екі топқа бөліп қарайды. „Қарақалпақ тілінде "аффикстер қызметіне қарай сөз жасаушы, форма өзгертуші, сөз түрлеуші болып үшке бөлінеді" (ХҚТ-15). Қырғыз тілінің грамматикасында да қосымшалар функциясына (қызметіне) қарай сөз өзгертуші, сөз жасаушы, форма жасаушы мүшелер болып бөлінеді де сөз өзгертуші мүшелерге (қосымшаларға) септік (жолдама) тәуелдік және жіктік категориялардың тұлғалары жатады да, сөз жасаушы қосымшаларға бір сөз табының ішінде жаңа сөз тудыратын лексикалық және бір сөз табын екінші сөз табына айналдырып жіберетін лексикалық-грамматикалық функциядағы қосымшалар еніп, форма жасаушы қосымшаларға сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оған кейбір реңк (оттенк) үстейтін не грамматикалық мағына үстейтін, бірақ сөздерді бір-бірімен байланыстыра алмайтын қосымшалар, атап айтқанда, реңдік мәнді білдіретін тұлғалар, көптік тұлғасы, шырай, есімше, көсемше, шақ т.б. тұлғалары жатады. (ДК.-АКТ-15-18) Сондай-ақ қосымшаларды сөз тудырушы, грамматикалық (немесе форма тудырушы) және стильдік деп бөлу де кездеседі (Г-ССТЯ-47-48)
Бұл пікірлерден қосымшаларды жіктеуде, ең алдымен, олардың қандай белгілерін негізге алуға тиістіміз деген мәселенің басы ашылмай келгенін аңғарамыз. Сондықтан да бірде бір түрлі принциппен, екіншіде өзге түрлі принциппен қосымшаларды топтауға мәжбүр болғандық байқалады. Бұл – бір. Екіншіден, қосымшалардың білдіретін мағыналық сипаты, қызметі, олардың өзіндік қасиеті деген ұғымдар бір-бірінен ажыратылмай, сапырылысып кеткен де, кейде олар туралы жаңсақ пікір қалыптасқан. Айталық, жоғарыда кейбір еңбектерде көрсетілгендей жаңа мағыналы сөз тудыруы немесе форма тудыруы олардың қызметі емес, мағыналық мәні болып табылады. Немесе грамматикалық категорияларға тән тиісті ереже берерліктей жүйелі заңдар жұрнақтарда да, әсіресе сөз тудырушы жұрнақтарда да бар" деу де ғылыми жағынан дәлелсіз, негізсіз. Үшіншіден, қосымшаларды жіктеуде ең алдымен неге сүйену керек, олардың мағыналық ерекшеліктері негізге алынуы керек пе, әлде қызметі негізге алынуы керек пе? және осының қайсысы болса да, оның ғылыми негізі неде дегеннің басы ашылмай қалады. Қосымшаларды ешбір даусыз жіктеуге негіз болатын, ғылыми мәнін айқындап ашатын жүйелі белгілері, негізгі ерекшеліктері бар ма?
Қосымшалар морфеманың бір түрі ретінде қандай сипаттары арқылы ерекшеленеді және түбір морфемадан қандай қасиеттері мен белгілері арқылы ажыратылады? Міне осыдан барып қосымшаларды жіктеуге қажетті
нақты критерий туындайды. Осы жағынан келсек, қосымша морфеманың ең бірінші және басты лексика-грамматикалық белгісі – мағыналық және тұлғалық дербестігі жоқ болумен қатар қолданыстық дербестігінің жоқтығы. Түбірге жалғанбай ешбір мән-мағына білдіре алмауы, демек, өз бетімен жеке дара қолданылмауы және түбірдің дыбыстық ыңғайына, әуеніне лайық үндестік заңы негізінде құбылып, нұсқаланып барып түбірге жалғануы, түбірге жалғану арқылы жаңа мағына білдіріп, жаңа сөз тудыру немесе түбір білдіретін негізгі мағынаны өзгертпей, оған әр түрлі қосымша мағына үстеу болып табылады. Соның нәтижесінде барып қосымшалар белгілі қызмет атқара алады. Сөйтіп, қосымшалардың білдіретін және беретін мағынасы оның ең бірінші басты қасиеті де, атқаратын қызметі сол мән-мағынасы арқылы жүзеге асатын екінші қасиеті болып саналады. Сондықтан қосымшаларды жіктегенде, олар өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа лексикалық мағына тудыра ма, сол арқылы тілдің сөздік құрамын байыта ма, жоқ түбір сөздің лексикалық мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, тек қосымша грамматикалық мағына үстей ме – осыған қарап қосымшаларды сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қараған жөн (М-ҚҚТ-ЛТ-48) Осы тұрғыдан келгенде, А. Ысқақовтың мына пікірімен келісуге болмайды: „Дегенмен форма тудыратын жұрнақтар сөз байланыстыратын қосымшалардан гөрі сөз тудыратын қосымшаларға жақынырақ. Өйткені форма тудыратын қосымшалар (жұрнақтар) да өзі жалғанған сөзге (түбірге я негізге) сәл де болса жаңа мағына үстейді". Бұдан әрі автор осы ойына күмән келтірерліктей күдіктенеді. „Бірақ ол тән емес, екіншіден, не жаңа мағыналы сөз тудырмайды, не түбір білдіретін лексикалық мағынасын өзгертіп жібермейді, тек сол бір сөз табы шеңберінде өзі жалғанған түбірге қосымша грамматикалық қана мағына үстейді де, белгілі сөз табының парадигмалық жүйесінің бір көрсеткіші болады. Сондықтан да осындай типтік қосымшалардың тұлғалық түрленуі мен мағыналық жиынтығы белгілі грамматикалық категория құрайды. Демек, форма тудырушы қосымшалар категориялық форма тудырады да бұнда өнімді-өнімсіздік, құнарлы-құнарсыздық сипаттың қажеті болмайды. Ең өнімді әрі құнарлы деген сөз тудырушы қосымша, мысалы, мамандық, бір іске бейімділік, икемділік мәнін білдіретін -шы, -ші (қосымшасы) барлық зат есімге бірден жалғана бер-
мейді: балықшы, қойшы, жылқышы, сиыршы т.б. туынды сөздер болғанымен, шортан-шы, сазан-шы, ешкі-ші, лақ-шы, құлын-шы, тауық-шы т.б. сияқты сөздер жоқ., демек, бұл жұрнақ зат есімнің бәріне бірдей, мысалы, шортан, сазан, лақ, құлын, тауық, аспан, достық, білім, аялдама, мінбе, кеспе тәрізді толып жатқан негізгі туынды түбір зат есімдерге жалғанбайды. Сөйтіп форма тудырушы қосымшалар, бір жағынан, белгілі бір сөз табының парадигмалық түрлену жүйесінің тұлғалық көрсеткіші болып саналса, екінші жағынан сол сөз табын және сөз табы ретінде тануға негіз болатын және басқа сөз таптарынан ерекшеленетін сөздерді топтастырудағы морфологиялық критерийдің, сөз табының грамматикалық сипатының басты көрінісі екенін ескеру қажет.
Осыған сәйкес И.Маманов „Қазақ тіліндегі сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшаларының жігін айыру үшін, олардың сөз мағынасын өзгерту, өзгертпеуі толық критерий бола алмайды. Сондықтан да форма тудырушы қосымшаларды сөз тудырушы қосымшалардан ажыратуда екінші бір басқа белгісі – оның грамматикалық абстракция жасау қабілетіне сүйенген жөн. Былайша айтқанда, форма тудырушы қосымша бір сөз табына, не бір сөз табының бір тобына, тіпті кейбіреулері бірнеше сөз табына жалғанады да, грамматикалық абстракция жасайды" – дейді (М-ҚҚТ-ЛТ-49). Сөз жоқ, форма тудырушы қосымшалардың, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оған белгілі категориялық шеңберде грамматикалық мағына үстеуі, сөйтіп, белгілі бір сөз табының грамматикалық формасын тудыруы, екіншіден, сол сөз табына енетін оның белгілі бір тобына тән сөздердің бәріне жалғана алуы, сөйтіп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының тұлғалық көрсеткіші болуы олардың бір-бірімен байланысты, бірінен екіншісі туындайтын мәндік, грамматикалық сипаты болып табылады да, бұндай сипат сөз тудыратын (сөзжасам) қосымшаларында болмайды.
Міне, осы жағынан келгенде, сөз тудыратын қосымшаларды сөз формаларының бір түріне жатқызып, (Ы.А-ҚҚТ.83-84); Қ.ТГ-29-31) „біріншіден әрбір жұрнақ көптеген сөздерге жалғанғанда, тек лексикалық мағынасы басқа жаңа сөздер туғызып қана қоймай, олардың бәріне де бірдей жалпы абстрактілі қасиеттерін анықтайтыны байқалады, екіншіден, белгілі бір грамматикалық категорияға тән сөздерді екінші бір грамматикалық категорияға ауыстыратыны көрінеді. Осы жағынан алып қарағанда, жұрнақтар грамматикалық қатегорияға жақын ғана емес, онымен тікелей ұштасып та, ұқсасып та жатады" және „сөз тудыратын қосымшалар белгілі бір сөзге (түбірге) жалғанғанда, одан лексикалық мағынасы басқа жаңа сөз туса, екіншіден, сол жаңа сөз белгілі бір лексика-грамматикалық категорияға, демек, белгілі бір сөз табына тәуелді болады... Сөз тудыратын қосымшалар (жұрнақтар) түбірге я негізге қосылғанда, сөздің лексикалық мағынасын ғана емес, грамматикалық мағынасын да өзгертеді. Ендеше, қашан да болсын әрбір жұрнақ белгілі бір грамматикалық категорияның көрсеткіші болып қызмет етеді", (ҚТГ-14) деген анықтамалардың сөз формаларын, грамматикалық категория сияқты ұғымдарды жете ажыратпаудан туғандығын байқаймыз.
Ал шынында да сөз тудырушы қосымшалар сөзге жалғанғанда, грамматикалық мағына үстемей ме? Сөз тудырушы, сөз жасайтын қосымшалардың басты қасиеті - өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгерту, жаңа мағыналы сөз тудыру болып табылады. Сөз тудырушы жұрнақтар сөзге бір сөз табының шеңберінде парадигмалық сипаттар, бір жағынан, жалпы категориялық мәнге сәйкес ортақ грамматикалық мағына, екінші жағынан, екінші бір грамматикалық форма білдіретін грамматикалық мағынаға бір грамматикалық категорияның аясында қарама-қайшы келетін грамматикалық мағына тудырмайды. Сөз тудырушы қосымша жалғанғаннан кейінгі үстелетін грамматикалық мағына сол қосымша жалғану арқылы пайда болған лексикалық мағынаның негізінде ғана туындайды да, морфема ретіндегі түбірдің грамматикалық мағынасы сияқты мәнде сөз табына тек осы жағынан қатысты болады. Сөзжасам қосымшалары бұл жағынан да сөз тудырудың басқа жолдары (мысалы, лексика-семантикалық, аналитикалық) сияқты қасиетте болып, грамматика тұрғысынан морфологияның шеңберінде қаралуы оның грамматикалық мәні мен сипатынан тумай, тек белгілі сөз табынан болуына ғана байланысты. Яғни сөз тудыратын қосымшаның белгілі бір сөз табының шеңберінде қаралуы ол қосымшаның ең негізгі қасиеті, басты мәні емес, бұдан ол категориялық сипатқа ие бола алмайды. Өйткені сөз тудырушы қосымшалардың шеңбері сөз таптарының түрлену жүйесімен, грамматикалық категорияның болу-болмауымен айқындалмай, көбіне таза сөз тудыру, лексикалық мағына жасау мәселесіне байланысты болады да, сол шеңберде айқындалады. Сондықтан да қазақ тілінде сан есімнің мағыналық түрлерін жасайтын форма тудыратын қосымшалары бар болса да, сөз тудыратын қосымшалары жоқ және керісінше түрленбейтін сөз табы деп танылатын үстеудің грамматикалық форма тудыратын қосымшалар жүйесі болмаса да, үстеу тудыратын деп аталатын қосымшалар бар.
Сөйтіп, қосымшаларды сөзжасам қосымшалары және форма тудырушы қосымшалар деп екі үлкен топқа бөлудің ғылыми да, практикалық та мәні бар. Өйткені одан, бір жағынан, қосымшалардың басты грамматикалық қасиеттерін, мағыналық ерекшеліктерін айқындау арқылы бұл морфемалардың мәні мен қызметін, тілдік қабаттардан алатын орнын анықтаймыз. Екіншіден, соның негізіңде сөз тудыру қатарының үлгісі ретінде лексикалық құбылыстың грамматикалық мәнін, олардың ара қатынасын ашып, сөз тудырушы қосымшалардың грамматикалық мәндегі категориялық сипаты жоқ, парадигмалық түрлердің көрінісі емес және сөз формасы бола алмайтынын, ал форма тудырушы қосымшалар керісінше сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оған грамматикалық мағына үстеумен бірге сөз тудырудың тәсілі емес, белгілі бір сөз табына қатысты болып, соның бір грамматикалық категориясының немесе семантикалық түрінің тұлғалық көрсеткіші, демек, сөз формасын тудырудың көрінісі болатынын айқындаймыз.
Сондықтан сөз тудыруға байланысты қазақ тілі грамматикаларында беріліп жүргендей жұрнақ терминін алмай, оның орнына сөзжасам қосымшалары деп берген жөн болар еді. Бірақ сөзжасам қосымшаларының ерекшеліктері бұнымен ғана шектелмейді. Ол қосымшалардың құрамдық (жалаң, құранды), мағыналық (моносемиялық, полисемиялық, мағыналас, омоним т.б. ерекшеліктері мен қолданыстық, тілде өмір сүру (өнімді-өнімсіз, құнарлы-құнарсыз сондай-ақ төл-кірме, көне-жаңа, тірі-өлі т.б.) сипаттарына байланысты ерекшеліктерін былай қойғанда, бір сөз табының аясында ғана (есім сөздерден есім тудыратын қосымшалар) және бір сөз табынан екінші сөз табын тудыратын қасиеттері мен кейбір функциялық сипатын айта кеткен жөн. Мысалы: -Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушы сен болсайшы Абай, - деді (М. Әуезов). Ержан қазіргі соншылап тұр. (Ғ. Мүстафин) Баласы аталап соңынан қалмады. Жарыста алматылықтар басым түсті тәрізді сөйлемдерге айтушы, ұқтырушы, болсайшы, соншылап, аталап, алматылықтар дегендерді сырт тұлғасына қарап қосымша арқылы жасалған жаңа сөздер деуге болады: айту-шы, ұқтыру-шы (жазушы сияқты), сон (л) -шыла-п, ата-ла-п, алматы-лық. Өйткені дәстүрлі грамматика тұрғысынан қарағанда, бұл сөздердің соңғы морфемалары -шы – зат есім тудыратын, -ла – есім сөзден етістік тудыратын қосымшалар. Бірақ бұл қосымшалы сөздер сырт тұрғысы жағынан болмаса сөзжасам тұрғысынан шын мәнінде жаңа сөздер, туынды сөздер жеке лексемалар емес. Өйткені бұлар сөздік құрамға енген лексикалық бүтін, демек, сөздіктерде жеке берілетін реестрлік сөздер емес, белгілі контексте ғана қолданылатын және сол контексте ғана түсінілетін тұлғалар: олардың жасалу шегін, жұмсалу шеңберін туынды сөз ретінде айқындауға болмайды. Сондай-ақ итті қонақ жараспас, сүт пісірім уақыт, бір қайнатым шай, таяқ тастам жер, бір көйлектік мата не костюмдік мата т.б. тіркестеріндегі итті, пісірім, қайнатым, тастам, көйлектік, костюмдік сияқты сөздер қосымша арқылы жасалған туынды сөздер болып қабылданбайды, тілде олар жеке лексикалық бүтін ретінде қалыптаспаған, тек осы және осыған ұқсас шектеулі контексте, белгілі бір сөздердің тіркесінде ғана қолданылып, сол аяда ғана өмір сүреді. „Олардың көпшілігі тек сөйлеу кезінде уақытша қолданылатын сөздік формаға жатады", сондықтан ондай форманттарды „уақытша сөздер деп қарамай, функциялық форма деп таныған дұрыс болар еді". (М-ҚҚТ-ЛТ-27, 28). Бұндай қосымшалардың қатары -дай, -дей, -тай, -тей, -ша, -ше, -сыз, -сіз есімше тұлғасынан кейін жалғанатын -ғы, -гі сияқты қосымшаларымен толыға түседі.
Демек, бұндай қосымшалар жалғанып жұмсалған сөздер, бір жағынан, санамызда жеке тұрып қалыптасқан, сөздіктердің реестрлік сөзі болып табылатын лексикалық бүтін, туынды сөз емес, екінші жағынан, сөйлеу процесінде туатын грамматикалық мағына білдіретін сөз формасы да емес. Сөз тудырушы қосымшалардың бұндай ерекше қолданысы, яғни функциялық мәнде қолданылуы біркелкі емес. Кейбірі сөйлем құрылысына, ой білдіруге қатысты болып келсе, кейбірі белгілі бір конструктивті тіркес шеңберінде ғана қолданылады. Сондай-ақ кейбірінің, жоғарыда көрсетілгендей, сөздерге жалғану мүмкіндігі кең болып, жасалу шегін, жұмсалу шеңберін айқындау қиын болса, кейбірі - бірлі-жарым сөзге ғана жалғана алады. Мысалы, итті қонақ, таяқ тастам, сут пісірім, бір қайнатым тәрізді туындылардың аясы тар да, олар тұрақты тіркестердің құрамында ғана жұмсалады; ал басқа көрсетілген қосымшалардың ауқымы кең: шы -ші қосымшасына байланысты тек айтушы және ұқтырушы ғана емес, сөйлеуші, орнынан тұрушы, жинаушы, айғайлаушы, сыбырлаушы т.б. -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік қосымшасына қатысты алматылық тек алматылық емес, кез келген жер, мекен атына байланысты қаскелеңдік, ақсайлық, орбиталық т.б. -лап, -леп, дап, -деп, -тап, -теп қосымшасына байланысты туыс атауларына, кісі аттарына қатысты апалап, аталап, ағалап, інілеп, Абайлап, Әсеттеп т.б. жатыс септік тұлғасының үстіне қосылатын -ғы, -гі тұлғасына байланысты үйдегі, таудағы, даладағы, ағаш басындағы, үй ішіндегі т.б. толып жатқан қолданыстар бола беруі мүмкін. Абайдың қара сөздерінің өзінде ептілік, кырмызылық, сыпайылық, шықпағандық, түзерлік, сақтарлық, сөзді ұғарлық, жақсы көрерліқ тиянақ қыларлық, үйір боларлык, құтқарарлық, мал шашарлық, кәсіп қыларлық, жау жаулағандық, тіленшілік, рақымдылық, мейірбандылық, байлаулық, қайратсыздандық, ұятқа терістік, күнәкерлік, масқаралық, естілік, қайғысыздық, мақтаншақтық. надан атанбастық, қорғауықтық, бәйіштілік, суретшілік, туралық, дүниелік, сертке тұрғыштық, білмектік, үйден шықпағандық, мұндайлық, қуанбақтық, арлылық, намыстылық т.б. толып жатқан сөздер қолданылған.
Сөзжасам қосымшаларының бұндай функциялық қасиеті, олардың қолданылу аясы мен мағыналық шеңбері, жанрлық-стильдік бояуы жеке зерттеуді қажет етеді.
Ал форма тудыратын қосымшалардың басты белгісі, негізгі ерекшелігі өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, туыңды сөз жасамай өзі жалғанған сөзге тек қосымша грамматикалық мағына үстеп, жаңа сөз емес, сол сөздің басқа бір грамматикалық формасын жасау арқылы белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының тұлғалық көрсеткіші, парадигмалық түрлену жүйесінің немесе семантикалық түрінің көрінісі болып табылуында. Сондықтан да бұл қосымшаларда лексикалық сипат болмай, олардың ерекшеліктері таза грамматикалық немесе лексика-грамматикалық қасиеттері арқылы айқындалады. Сөйтіп, форма тудыратын қосымшалардың белгілі бір жиынтығы парадигмалық түрлену жүйесінің сыртқы көрінісі мен соған сәйкес ішкі мазмұн жағынан грамматикалық мағына білдіруі арқылы грамматикалық категория құрайды, енді бір тобы белгілі бір сөз табының өз ішінде семантикалық топтарын (түрлерін) жасайды. Қосымшалардың бұл негізгі мәні мен грамматикалық сипаты грамматикаларда форма тудырушы (немесе сөз түрлендіруші) жұрнақтар және жалғаулар деп аталып жүрген қосымша түрлеріне түгел тән болып келеді. Соның арқасында олар қосымшаның бір тобына енеді. Расында да жалғаулар деп аталып жүрген қосымшалар мен есімше, көсемше, шақ, рай т.б. грамматикалық категориялар жасайтын қосымшалардың арасында мағына білдіруі, сөз түрлендіру қасиеті жағынан айырмашылық жоқ, тек жалғаулардың сөзге жалғану өрісі кеңірек, мүмкіндігі молырақ, өздері белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының көрсеткіші бола тұрса да, басқа сөз тобындағы сөздерге де жалғана береді.
Сонымен бірге жалғаулардың басқа форма тудыратын қосымшалардан синтаксистік қызметтік жағынан үлкен айырмашылығы бар, яғни жалғаулар сөйлем ішінде сөз бен сөзді байланыстырып, олардың сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары сол байланысқан сөздер арасындағы қатынастар негізінде айқындалып отырады. Мұндай қызметтік қасиеттер жалғаулардан басқа форма тудыратын қосымшаларға тән емес. Сондықтан форма тудырушы қосымшалардың барлығына „сөздің әр түрлі грамматикалық формаларын тудыру қасиеті тән екен деп қана септік, тәуелдік, көптік, жіктік формаларын етістіктің есімше, көсемше, рай, сын есімнің шырай формаларымен бір деп қарап, "бұларды жалғау (словоизменение) және форма тудырушы (формообразование) деп екі топқа бөлмей, грамматикалық форма тудырушы қосымшалар деп біріктіріп қарау дұрыс болар еді". (МҚҚТ-ЛТ-51). Көсемше, есімше, рай, қимыл есімі тұлғалары сөз бен сөзді байланыстырады. Мысалы, бала оқыса түсінеді деген сөйлемдегі оқысадағы – са тұлғасын алып тастаса, сөз арасындағы байланыс үзіліп, сөйлем құрылысы бұзылады (М-ҚТП-87-88) балықшы қармақ салды деудің орнына -шы қосымшасын алып тастап, балық қармақ салды деп айтуға болмайды, осыдан -шы қосымшасы сөздерді байланыстырып тұр деуге бола ма? деген пікірге қосылуға болмайды. Мысалы, Мен көрдім ұзын қайың құлағанын (Абай) деген сөйлемдегі сөздердің мынадай өзара байланысы бар: мен көрдім мен сөзі өзінің семантикасы негізінде 2-сөздегі жіктік жалғаудың І-жақ көрсеткіші – м арқылы байланысқа түскен, сондықтан мен көрдің, я мен көрдік түрінде болмайды, ал -ді деген жедел өткен шақ жұрнағы көру етістігі білдіретін қимылдың болып кеткенін көрсетіп тұр да, оның басқа сөздермен байланысына қатысы жоқ; құлағанын көрдім табыс септік тұлғасы арқылы байланысқан, ал -ған есімше тұлғасының осы сөйлемдегі сөз байланысына қатысы жоқ, қайың (ның) құлағанын – бірінші сөздегі ілік септіктің тұлғасы (жасырын тұрса да) мен екінші сөздегі тәуелдік жалғау арқылы байланысқан; ұзын қайың – орын тәртібі арқылы байланысқан. Сөйтіп, бұл сөйлемдегі сөздердің құрамындағы жедел өткен шақ (-ді) пен есімше (-ған) тұлғаларының сөздерді байланыстыру қызметін атқара алмайтынын, сөздерді қосымшалар ішінен септік, тәуелдік, жіктік жалғау тұлғалары ғана байланыстыра алатынын байқаймыз. Сондықтан форма тудырушы қосымшаларының сөз байланыстыру қызметін атқаратын түрін жалғау деп, сөз байланыстыру қызметін атқара алмайтынын, категориялық грамматикалық мағына ғана тудыратын түрін жұрнақ деп беруге болады. Тілдің грамматикалық құрылысында жұрнақтар өзі жалғанған сөзге грамматикалық мағына ғана үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының немесе семантикалық тобының тұлғалық көрсеткіші болғанмен, олардың грамматикалық сипаты, парадигмалық түрлену жүйесі, түбірге жалғану аясы, сөйлемде қолданылу табиғаты біркелкі емес. Олардың бір тобы өзі жалғанған сөздердің мағынасын өзгерту қабілеті жағынан, түбірдің грамматикалық сипатын өзгерту – сақтауы жағынан сөзжасам қосымшаларға жақын да, бір тобы жалғауларға жақын. Сондықтан олардың бір түрін модификациялық немесе лексика-грамматикалық жұрнақтар, екінші түрін таза грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар деп бөліп қараған жөн.
Модификациялық жұрнақтар жаңа мағыналы сөз тудырмағанмен, түбірдің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермегенмен, түбірге қосымша грамматикалық мағына үстеумен бірге түбір сөздің лексикалық мағынасына семантикалық реңк қосады да, сөйлеу процесінде қолданылуы жағынан түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады, сөйтіп, бір сөз табының шеңберінде жасалатын туынды түбірге ұқсап кетеді. Қазақ тілінде модификациялық қосымшаларға зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтары, сын есімнің шырай жұрнақтары, реттік сан есімнің жұрнақтары (бұлардың қай-қайсысы да өзі жалғанған түбір сөздің лексикалық мағынасына қосымша рең үстейді, лексикалық мағынасы жағынан үлкен мен үлкенірек я үлкендеу, бес пен бесінші толық бірдей емес), етістіктің етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары жатады. Бұл жұрақтар етістіктің белгілі категорияларының көрсеткіші болғанмен, етістік түбірдің грамматикалық сипатын сақтап тұрады: І) етістік түбірлерше тікелей жіктелмейді. 2) етістік түбірлерше сол күйінде қолданылмайды. ("Түркі тілдерінде атауыш сөздердің ішінде тек етістікке жататын түбір сөздер сөз тіркесін жасай алмайды, яғни түбір күйінде басқа сөздермен байланысқа түспейді" және „сол күйінде жеке сөйлем мүшесі бола алмайды" - (М-ҚҚТ-ЛТ-8-65). 3) сыртқы тұлғасы жағынан етістік түбірлерше бұйрық райдың 2-жақ формасына сәйкес келеді: кел-сен, кел-сен, келтірме т.б. Бұлардың түбірге жалғану тәртібі де әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін көрсетеді. Етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары түбір етістікке сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды түбірге грамматикалық жұрнақтардан (есімше, көсемше, шақ, рай) әрдайым бұрын жалғанады да, етістік одан кейін грамматикалық жұрнақтар үстелу арқылы ғана жіктеле алады: айт-қыз-дыр-ма-й-ды, жүр-іңкіре-ме -ген-сің.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет