С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет21/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға

Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды. (Халық әні)
Мысалдағы жас (бала), бала (бүркіт) сөздері түбір тұлғаларында қолданылған. Ал түрі жағынан түбірге сәйкес келетін таяқ, бала (таянбайды), бүркіт (аянбайды) сөздері түбір тұлғада емес, таяқ табыс септіктің жасырын түрінде (таяқты таянбайды), бала бүркіт атау септік тұлғасында қолданылған. Бұл жерде түбір тұлғадағы жас бала сөздерінің грамматикалық мағынасы - әлі жетілмеген, жасөспірім, көк деген мағына - өздері анықтап тұрған затпен байланысты (жас бала, бала бүркіт) қатыстық грамматикалық мағына білдіріп түр. Бұндай сөзбен сәйкес келетін және бірнеше морфеманың қосындысынан тұрып, сырт тұлғасы жағынан ғана сәйкес келетін сөз формаларын түбір тұлға ұғымымен шатастырмау керек. Сонымен бірге кейде морфема мен дыбыс (фонема) та сәйкес келеді: айтсаң дегендегі -ң, сүйемін дегендегі -е, тілін дегендегі -і және -н, т.б. белгілі морфемалар, олар бір-бір ғана дыбыстан тұрады. Міне сөздің қүрамы, әсіресе морфемалық құрамы дегенде, оның морфемалардан тұруын түсінеміз.
Сөздің құрамындағы морфемалар білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметі жағынан және тұрған орнына қарай біркелкі болмайды. Мысалы, сүйемін және тілін деген сөздердегі сүй, тіл және -е, -мін, -і, -н морфемаларын салыстырайық. Сүй, тіл бөліктері сөздегі негізгі лексикалық мағынаны, сол арқылы сөздің қандай тұлғада айтылса да жалпы грамматикалық мағынасын білдіреді, басқа түрлі мағыналы сөз жасауға ұйтқы бола алады және басқа формалар бұларға келіп жалғанады. Ал -е, -мін, -і, -н морфемалары жеке тұрып ешбір мән-мағына бере алмайды, тек алғашқы морфемаларға қосылғанда ғана барып оған әр түрлі грамматикалық мағына үстейді және сол алғашқы морфеманың сыртқы дыбыстық ерекшелігіне байланысты құбылып, өзгеріп те отырады. Айтамын, басын дегендердегі -а, -ы морфемаларынан сүйемін, тілін дегендегі е, і морфемаларының мағыналық, қызметтік ешбір айырмашылығы жоқ, айырмашылық тек дыбыстық жағында, яғни бұлар бір қосымшаның жуан және жіңішке нұсқасы болып табылады.
Міне, осындай жақтары мен ерекшеліктерін ескере келгенде, морфема атауы екі түрге бөлініп қаралып жүр: түбір морфема және қосымша морфема.
Оқы, оқы және оқы. Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық. Оқушылардың көбі жақсы оқиды деген сөйлемдердегі оқумен байланысты сөздер мынадай морфемаларға бөлінеді: оқы, бұйрық райдың жекеше 2-жақ анайы нөлдік тұлғасы, -лық, -ған, -ды, -у, -шы, -лар, -дың, -й, -ды. Осындағы оқы – түбір морфема. Бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы тұлғасы – сен оқы - бұдан бөлек, олар түбір мен нөлдік тұлғадан тұратын сөз формалары. Сөйлемде оқы және кел деген етістіктер түбір күйінде емес бұйрық рай тұлғасында қолданылған, ал түбірі – бұйрық мағынасыз қимылды ғана білдіретін етістік. Бұл сөйлемдерге кел, бала, көңіл, ықылас, тоқы, көп, жақсы дегендер де осы сияқты түбір морфемалар, өйткені оларды бүгінгі тіл даму тұрғысынан әрі қарай бұдан кіші морфологиялық бөлшектерге бөлуге болмайды және осы бөлшектер негізінде құралатын сөздердің негізінде құралатын сөздердің негізгі мағынасын білдіріп тұрады. Демек, түбір морфема қүрылысы жағынан да, мағынасы жағынан да сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін мағыналы түпкі бөлшегі, негізі. Түбір морфема жаңа сөз жасаудың ұйтқысы болып табылады, түбір морфемасыз сөз жасалмайды. Қандай да жаңа сөз болсын оның мағынасы түбір морфема білдіретін мағынамен байланысты, соған қатысты болып отырады. Түбір морфема қазақ тілінде әдетте сөздің бас позициясында болады. Қазақ тілінде префикс деген тұлға жоқ, беймаза; бейшара; бейбақ, бейқам, бейкүнә, наразы, нақұрыс т.б. сияқты иран тілдерінен сол күйінде енген сөздердегі бей (би), на қазақ тілінде грамматикалық тұлға дәрежесіне көтеріле алмай қалып қойды.
Міне осындай ерекшеліктердің негізінде кейде түбір морфема мен сөз сәйкес келе береді. Ал осы түбір морфемаларсыз қосымша морфемалар өз алдына біреуі болсын, бірнешеуі болсын я жеке тұрып ешбір мағына бере алмайды, немесе өз бетімен қолданылмайды: ойла, ойлы, тасты, тастардың, үйшік сияқты сөздердің ла, лы, ты, тардың, шік дегенде ешбір мән жоқ. Осы жағынан қарағанда түбір морфемалар ең негізгі морфема болып саналады. Олар жеке тұрып-ақ белгілі бір мағына бере алатындықтан, ешбір қосымша морфемаларсыз-ақ кейде сөйлеу процесінде (сөйлем ішінде) қолданыла береді, белгілі синтаксистік қызмет те атқара алады.
Бірақ бұл жерде мына мәселені ескерген жөн. Грамматикалық тұлғалары мол, әсіресе байланыстырушы тұлғаларға бай сөз таптары көбіне түбір күйінде қолданылмайды немесе ерекше мәнде қолданылады. Сондай сөз таптары – зат есім мен етістік. Ал сөз байланыстырушы, сөз түрлендіруші парадигмалық жүйелері жоқ немесе дамымаған сөз таптары сөйлеу процесінде (түбір тұлғаларында) қолданыла береді. Мысалы, сын есім, сан есім, үстеулер көбіне түбір тұлғасында жұмсалады (тіпті туынды түбір тұлғасында болса да). Мысалы: Арқаның Кербез сұлу Көкшетауы (С.С.) Ерте туып, кеш қалған сияқты сөйлемдерде кербез, сұлу сын есімі, ерте, кеш үстеуі өздері қатысты (анықтап, пысықтап тұрған) сөздермен (Көкшетау, ерте, туып, қалған) түбір тұлғада тікелей орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан. Ал зат есім мен етістік түбірлердің жайы басқаша. Зат есім сөйлемде таза заттық мағынада (заттың аты мәнінде) түбір тұлғада қолданылмайды, өзі тіркескен екінші бір зат есіммен (тас жол, ағаш үй) тіркесіп, оның сындық сипатын, көмекші етістікпен, септеуік шылаулармен тіркесіп, заттың қимылға ауысу процесін (мысалы, дос болу, сөз етті, әңгіме қылды т.б.), сондай-ақ мақсаттық, себептік, мекен-мезгілдік т.б. мәндерді (мысалы, ауыл сайын, бала үшін, радио арқылы т.б.) білдіреді. Зат есім сөйлемде басқа сөздермен септік, тәуелдік, белгілі жағдайда ғана жіктік жалғау тұлғаларында тұрып грамматикалық байланысқа түсе алады. Ал етістік түбір, жоғарыда көрсетілгендей, тікелей жіктелмейді, таза грамматикалық (рай, шақ) тұлғалары үстеліп барып жіктеледі, сондықтан түбір тұлғасында басқа сөздермен тікелей грамматикалық байланысқа түсе алмай, сол түбір күйінде сөйлемде қолданыла алмайды. Түбір морфеманың осындай ерекшелігі, сөз табына қатысты болуы олардың грамматикалық сипатының бір көрінісі болып табылады.
Түбір морфема дара түрде де, қосымша морфеманы жалғап та жұмсала береді. Осымен бірге түбір морфемалар қайталанып (қора-қора қой, мая-мая шөп), қосарланып (аяқ-табақ, жол-жоба), бірігіп те (желбау, ашудас), бір-бірімен тіркесу арқылы күрделеніп те (он жеті, қара торы, тас бақа, темір жол) жеке сөз ретінде қолданыла береді және оларға тілдің құрылымдық заңы шеңберіңде қажетінше қосымша морфема үстемелей алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет