С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет30/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   97
Пысықтау үшін сұрақтар
1.Септік жалғауы деп қандай жалғауды айтамыз?
2.Қазақ тіліндегі септік жүйесінің басқа түркі тілдерінің септік жүйесінен айырмашылығы неде?
3. Жай септеу мен тәуелді септеу деген не?
4.Қай септіктер нөлдік формада қолданыла алады?
5. Септіктердің қалыптасуы туралы не айтуға болады?
Әдебиеттер:

  1. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.,1974. 58-62-б.

  2. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 74-80-б.



ХІ. Септік жалғаулардың мағыналары мен қызметтері

  1. Атау септіктің мағынасы мен. қызметі

а)Атау септік жайындағы көзқарастар;
ә) атау септіктің зат есімнің түбір тұлғасымен
сәйкестігі.
б)атау септіктің сөзді субстантивтендірудегі ролі;
в) атау септіктің сөйлемде грамматикалық
субьектімен (бастауышпен) сәйкестігі.

  1. Ілік септіктің мағынасы мен қызметі.

А) ілік септіктің ашық және түсіп қалып
қолданылуы;
ә) ілік септіктің ашық және жасырын түрінің
қолданылуындағы жанрлық-стильдік сипаты.

  1. Барыс септіктің мағынасы мен қызметі.

  2. Табыс септіктің мағынасы мен қызметі. Табыс септік жалғауының түсіп қалып жұмсалуы.

  3. Жатыс септіктің мағынасы мен қызметі.

  4. Шығыс септіктің мағынасы мен қызметі.

  5. Көмектес септіктің мағынасы мен қызметі, басқа септік түрлерінен ерекшеліктері.

  6. Септіктерді грамматикалық және көлемдік септік деп бөлудің мағыналық, тұлғалық, қызметтік-қатынастық жағынан мәні.

  7. Көлемдік септіктердің адвербиалдық мәні.



Сабақтың мақсаты
Әр септік түрінің сөйлемде білдіретін грамматикалық мағынасы мен қызметін айқындай отырып, өз ішінде бір-бірімен жақындығы мен алшақтығын, категориялық сипатын, яғни зат есімнің түрлену жүйесі бола отырып, кейде зат есім шеңберінен шығып кететін ерекшелігін танып, түсіну, талдай білу.

Қазіргі қазақ тілінде 7 түрлі септік жалғау бар. Бұл септік жалғаулар өзіне тән грамматикалық тұлғалар арқылы белгілі грамматикалық мағына білдіріп, сөйлемде тиісті қызмет (бір жағынан, белгілі грамматикалық топтағы сөздерді байланыстырып, екінші жағынан, ол сөздер белгілі синтаксистік қатынаста жұмсалуы арқасында белгілі сөйлем мүшесінің де қызметін) атқарады. Септік жалғау түрлері осындай үш түрлі сипаты (грамматикалық тұлға - грамматикалық мағына – грамматикалық қызмет) арқылы, бір жағынан, жеке-жеке грамматикалық тұлға ретінде танылады, екінші жағынан, бұлардың жиынтығы парадигмалық жүйе ретінде септік категориясын құрайды.


Жеті септіктің ішінде атау септігінің ерекшелігі бар. Әсіресе, атау септігінің арнайы грамматикалық тұлғасының (формасының) болмай, осы уақытқа дейінгі грамматикаларда да, зерттеулерде де көрсетілетіндей, басқа септік түрлерін жасауға негіз ғана болды делінуі оны басқа септік түрлерімен тең деп қарауға болмайтындығын көрсетпей ме? деген заңды сұрақ туғызады.
Түркологияда да, қазақ тіл білімінде де көп уақытқа дейін септік парадигмасында (түрлену жүйесінде) атау септігі дәл осылай басқа септіктерге негіз болатын тұлға делініп келді. Әрине, атау септігінің тұлғасы мен грамматикалық мағынасы, қызметі жайындағы талдау пікір-көзқарастар түркология мен қазақ тіл білімінде біркелкі емес. Атау септігінің табиғатын дұрыс және жан-жақты түсіну үшін қысқаша болса да сол пікір-көзқарастарға тоқтала кетейік.
XІX ғасырдың орта кезінен бері жарық көре бастаған грамматикалардан бастап күні бүгінге дейін жүргізіліп келген түркологиялық зерттеу еңбектерінде зат есімнің септік жүйесіндегі бірінші септік түрі „арнайы тұлғалық көрсеткіші жоқ, басқа септік түрлеріне негіз болатын тұлға" сонымен бірге „бір ғана мәнде емес, кейде басқа септік түрлерінің, мысалы ілік пен табыс, қызметіне де қолданылатын ерекшеліктері болғандықтан" атау (именительный) септік деп атаудан гөрі негізгі (основной) немесе белгісіз (неопредененный), я абсолютті, кейде қосымшасыз (безафиксальный) я түбір (коренной), немесе аморфты т.б. септік деп аталады (ИСГТЯ, 57;Д. -СТЯ, 154). Ал, қазақ тіл білімінде атау септігі басқа септік түрлерінің (мысалы, ілік, табыс) қызметінде жұмсала алады деген пікірдің қате екендігі баса көрсетіледі. Яғни атау септік тұлғасы мен ілік, табыс септік тұлғаларының түсіп қалып, жасырын тұрып (мысалы, колхоз (дың) малы, кітап (ты) оқиды тәрізді) қолданылуы сырт қарағанда ұқсас көрінгенмен, бір емес, екеуі екі басқа грамматикалық форма, әрқайсысының өзіне тән бөлек-бөлек грамматикалық мағынасы, синтаксистік қызметі бар екені талданып көрсетіледі (СКЯ, 160). Шынында да, қазақ тілінде белгілі бір қолданыстарда сөз бірде кейбір грамматикалық тұлғалардың ашық түрінде, яғни, міндетті түрде қосымшасы жалғанып жұмсалса, енді бірде жасырын, қосымшасыз түрде, яғни қосымшасы түсіп қалып жұмсалады. Мысалы, ілік пен табыс септік тұлғаларының осындай қолданылу ерекшеліктері жиі кездесіп отырады және одан олардың негізгі грамматикалық мағыналары өзгермейді де: Абай өлеңін жаттап алдық – Абайдың бүгін жазған өлеңін жаттап алдық – екеуінде де Абай және Абайдың грамматикалық меншіктілік-қатыстық мағынаны білдіріп тұр. Мен кітап оқыдым – Кітапты мен оқыдым дегенде де кітап және кітапты сөздері тура объектілік мағынаны білдіріп тұр. Әрине, бұдан бұл тұлғалардың ашық я жасырын қолданыстары абсолютті тепе-тең, арасында ешбір айырмашылық жоқ екен деген ұғым тумауға тиіс. Жалғыз бұл ғана емес, септік тұлғаларының жасырын тасаланып қалатын басқа да кездері бар. Мысалы, кейде бірыңғай мүшелердегі кейбір грамматикалық тұлғалар бірыңғай мүшелердің әрқайсысына емес, тек соңғысына ғана жалғанады: Ол Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірдің көштері (М.Әуезов). Байлар қазір тақырға, шөлге, тау мен тасқа қамалған шақ (Ғ.Мүстафин). Абай жүрегі де сыр мен жырға толы (М. Әуезов). Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер (Мақал). Осы сөйлемдердегі Сүйіндік сөзі де Сүгірдің сияқты ілік септігінде (мағынасы мен қызметінде), сыр сөзі де жырға сияқты, тау сөзі де тақырға, шөлге, тасқа сияқты барыс септігінде. Ащы сөзі тұщыны сияқты, алыс сөзі жақынды сияқты табыс септігінде қолданылған. Бірақ атау септігінің арнайы грамматикалық формасының болмауы мағыналық, қолданыс-қызметтік, парадигмалық сипаттарын анықтап, айқын сипаттап беруге, екінші жағынан, септік жүйесінен оның алатын орнын дәл айқындап беруге кедергі болған, сондықтан да атау септігінің жалпы септіктер жүйесінен алатын орны, басқа септік түрлерімен қарым-қатынасы дұрыс айқындалмай, шатасып кеткен. „Сырт алып қарағанда, септік жалғауы қатарында аталып отырғаны болмаса, атау септігінің арнаулы жалғауы жоқ. Дұрыстығында атау септік деп отырғанымыз - сөздің септік жалғауын қабылдамай тұрғандағы күйі. Оны атау септік деп септік жалғауының басына қою, сөзге септік жалғауларының грамматикалық табиғатын тану үшін аса қажет, өйткені барлық септік жалғауларына негіз болатын сөз – осы атау күйінде тұратын сөзң (ҚТГ, 57).
„Атау септік формасы, бір жағынан, басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма болса, екінші жағынан, ол тек белгілі затты атау үшін ғана емес, онан әлдеқайда кең грамматикалық қызмет атқаратындықтан, арнайы талдайтын негізгі форма ретінде қаралады. Осыған орай негізгі септік деп аталады" (ЫА - ҚҚТ, 62). Сөйтіп, қазақ тіл білімінде атау септік тұлғасы септік жүйесінде басқа септік түрлерімен тең деңгейде емес, оларға немесе басқа септік тұлғаларын үстеуде негіз болатын тұлға, демек, зат есімнің түбір (негізгі және туынды түбір) тұлғасы деген ұғыммен барабар екенін байқаймыз. Ол – атау септік тұлғасының қолданылу аясын анықтаудан да көрінеді: атау септіктегі сөз бастауыш қызметінен басқа 1) баяндауыш қызметінде (ол-мұғалім), 2) анықтауыш қызметінде изафет конструкциясында қол сағат сатып алдым; 3) үшін, арқылы, туралы, сияқты, жөнінде, жайында, бойы, бойынша сияқты септеулік шылаулармен тіркесіп қолданылады. (СКЯ, 160; ЫА - ҚҚТ, 63, К. - ГУЯ, 93 - 95, 297-307 т.б.).
Ең алдымен, атау септігі басқа септік түрлерімен білдіретін грамматикалық мағынасы, сипаты, атқаратын қызметі жағынан теңдес, сыбайлас, ыңғайлас болмай, тек басқа септік түрлеріне „негіз болатын" ғана болса, онда атау септігінің септіктер жүйесіне оның бір түрі ретінде ене алмайтынын естен шығармаған жөн. Яғни белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға ол жүйенің бір түрі ретінде сол жүйенің шеңберінде қаралмайды. Мысалы, тәуелдік категориясына (түрлену жүйесіне) негіз болатын зат есімнің негізгі я туынды тұлғасы (мысалы, бала-м, бала-ң, бала-ңыз, бала-сы немесе білім-ім, білім-ің, білім-іңіз, білім-і дегендерге негіз болып тұрған бала және білім тұлғалары) сол түрлену жүйесінің бір түрі болып енбейді. Жіктелуде де, етістіктің шақ, рай т.б. грамматикалық категорияларында да осылай. Екіншіден, атау септік тұлғасын „басқа септіктерге негіз болатын тұлға" деп анықтасақ, онда атау септік ұғымы зат есімнің түбір (негізгі және туынды түбір) тұлғасы деген ұғыммен барабар болып, тек септік түрлеріне ғана емес, сонымен бірге зат есімнің басқа да түрлену жүйелеріне (тәуелдену, көптелу, жіктелу) негіз болатын тұлға болатынын да естен шығармау керек. Онда ол (атау септік) септік жүйесі шеңберінен сырт қалуға тиісті.
Рас, атау септігінің басқа септік түрлері сияқты арнайы грамматикалық көрсеткіші (формалары) жоқ. Сондықтан атау септік тұлғасы сырттай зат есімнің түбір тұлғасымен сәйкес, ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі бір емес. Атау септігінің өзіне тән арнайы грамматикалық формасы болмағанымен, зат есімнің түбір тұлғасынан өзгеше болып келетін, басқа септік түрлері білдіретіндей арнайы грамматикалық мағынасы бар және сөз арқылы формасыз атау септік тұлғасы басқа септік тұлғалары сияқты семантикалық мән мен синтаксистік қызмет атқарады, яғни сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады. Міне, осы қасиеттері арқылы атау септігі қазақ тілінің септік жүйесінде септіктің басқа түрлерімен тең дәрежедегі тұлға және парадигмалық түрленудің бір көрсеткіші болып табылады да, жоғарыда қазақ тілі грамматикалары көрсетіп, танып жүрген атау түлғасындағы сөздің баяндауыш, анықтауыш болу қызметтері, кейбір септеулік шылаулардың тіркесуі атау септіктегі сөз емес, одан бүтіндей бөлек зат есімнің түбір тұлғасы болып табылады. Айталық, баяндауыш қызметін атқарып тұрған зат есім еш уақытта атау септігінде тұрмайды, ол жіктеліп (3-жақта арнайы көрсеткіші болмаса да,) нөлдік формада тұрып жұмсалады. Жіктелген зат есім заттық, субстантивтік мәннен гөрі номиналдық мәнді білдіруге яғни субъектінің кім екенін білдіруге айналады, сөйтіп, зат есімнің жалпы түрлену жүйесінің, соның ішінде септік жүйесінің мәніне қайшы келеді. Тағы бір ескертетін жайт, есім баяндауыш тек зат есімнен ғана болып қоймайды. Сондай-ақ сын есім де, сан есім де зат есім сияқты есім баяндауыш қызметін атқарады. Ол кезде сын есім де, сан есім де зат есім сияқты 1,2-жақтарда жіктік жалғауын қабылдап, ал 3-жақта жіктік жалғауынсыз нөлдік тұлғада баяндауышпен қиыса байланысады: мен үлкенмін, сендер жақсысыңдар, ол - білімді, біз бесеуміз, сен екіншісің, олар - үшеу т.б. Міне, осындай жіктеліп келіп (3-жақта арнайы формасыз да) баяндауыш қызметін атқарып тұрған сын есім, сан есімдерді де атау септік тұлғасында тұр деп дәлелдейміз бе? Бұлардың атау септік тұлғасымен ешбір байланысы жоқ екені өзінен-өзі белгілі.
Зат есімнің түрлену жүйелері, әсересе, септік жүйесі мен оның тұлғалары заттық мағынаны білдіретін сөздерге (зат есімге) жалғанып, заттық мағынаға тән әр түрлі грамматикалық мағына үстейді, ал басқа сөз таптарына жалғанса, оған субстантивтік (заттық) мән үстеп, сөйлемде зат есімнің қызметін атқарады: Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез (Абай). Көргеннің көзі жаман, айтқанның сөзі жаман (Мақал). Бұл сөйлемдердегі білімді, талапты сын есімдер, көрген, айтқан есімшелер -ден, -ға, -нің, -ның, деген шығыс, барыс, ілік жалғаулары жалғану арқылы субстантивтеніп, адам деген заттық мағынада қолданылған. Міне, осындай субстантивтік және субстантивтендіру (заттандыру) қасиеті атау септігіне де тән: Бітер істің басына жақсы келер қасына (Мақал). Малқарға тақау отырған төрт бұрышты қара - Жәнібек (Ғ. Мүстафин). Шешінген судан тайынбас (Мақал). Принцип үшін күресу – арыз қуу емес (3. Шашкин). Бұл сөйлемдердегі жақсы, қара сын есімдер, шешінген есімшесі, күресу тұйық етістігі атау септік тұлғасында жұмсалғандықтан, біріншіден, сөйлемнің бастауыш қызметін атқарып тұр, сөйтіп, бастауыш баяндауышпен (келер, Жәнібек, тайынбас, арыз қуу емес) жіктік жалғаудың 3-жақ нөлдік формасы арқылы қиыса байланысқан, ол сын есім, етістіктерге (есімше, тұйық етістік) заттық мән үстеп, оларды субстантивтендіріп, адам мағынасын білдіріп түр: жақсы адам, қара адам, шешінген адам, ал күресу - өз бетімен қимыл атауы. Әрине, бұл сөздер тек осы сияқты қолданыста ғана субстантивтенген. Атау септігінің бұндай қызметі түбір тұлғада болмайды, басқа септік түрлерімен ұқсас.
Анықтауыштық қатынаста және септеулік шылаулармен (үшін, арқылы, жөнінде, жайында, туралы, бойы т.б.) тіркесіп қолданылған зат есімдер де атау септік тұлғасынан өзгеше. Бұл тұлға зат есімнің түбір тұлғасы болып табылады. Түркі тілдеріндегі түбір-сөздің жеке тұрғанындағы мәнді, мағыналы бөлшегі болғандықтан, сөйлемде есім түбірлері сол күйінде өз бетімен жеке қолданыла алады. Міне, зат есім түбір (негізгі және туынды түбір) күйінде қолданылғанда осындай қатынастарда (анықтауыштық) және шылаулармен тіркесте соған сәйкес белгілі синтаксистік қызметте жұмсалады. Ол зат есімдерді сыртқы түріне ғана қарап атау септік тұлғасы мен шатастыруға болмайды.
Сөйтіп, атау септігі сырт тұлғасы жағынан да зат есімнің түбір тұлғасымен ұқсас, арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ болып келсе де, басқа септік түрлерімен бірдей арнайы грамматикалық мағынасы бар субстанттық-заттық мағына, ол әсіресе, басқа сөз таптарын сөйлемде заттандыру мәнінен айқын көрінеді, басқа септік тұлғаларындай сөз байланыстырғыш қызметі бар (субъектілік-предикаттық қатынаста жақ жағынан қиысып, сөйлемнің баяндауыш қызметіндегі сөзбен байланысып тұрады), олармен тепе-тең, бірақ нөлдік формалы (яғни арнайы жалғауы жоқ) септік жүйесінің бір түрі болып табылады. Яғни атау септігі тек арнайы формасы ғана жоқ, басқа грамматикалық сипаттары септіктің басқа түрлерімен сайма-сай келетін парадигмалық жүйенің бір тұлғалық түрі болып саналады.
Сондықтан сырттай бір-біріне ұқсас болса да зат есімнің түбір тұлғасы мен атау септік тұлғасы бір емес, бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар, зат есімнің түбір тұлғасы септік тұлғаларының түрленуіне негіз болатын, соның ішінде, атау септігіне де негіз болатын тұлға болса, атау септігі - септелудің парадигмалық жүйесіндегі бір түрлену тұлғасы.
Сонда ілік, барыс т.б. септік жалғаулар атау септік тұлғасының үстіне емес, зат есімнің түбір тұлғасына жалғанады.
Барлық септік тұлғаларына, соның ішінде атау септігіне негіз болатын тұлға – зат есімнің түбірі. Сондықтан атау септігі - нөлдік тұлға болады, яғни түбірдің үстіне нөлдік форма жалғанады да басқа септік тұлғалармен тең болып есептеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет