С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет33/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға

Жатыс септігінің басты мағынасы - істің, қимылдың болу орнын, мекенін, мезгілін, көлемін, тұрағын білдіру. Жатыс септігінің мағынасы мезгіл, мекенге байланысты болғандықтан да, соған қатысты жатыс септік жалғаудың үстіне кейде функциялық сипаттағы -ғы, -гі қосымшасы да үстеліп қолданыла береді: ауыл-да-ғы үй, кісі-де-гі дүние, ба-зар-да-ғы мал, кісі-де-гі-нің кілті аспанда. Жатыс септігінде қолданылған сөз әдетте мезгіл, мекен пысықтауыш және жанама толықтауыш қызметін атқарады. Сонымен бірге жатыс септігінде зат есім жіктеліп келіп баяндауыш қызметін де атқарады: Мен қазір үй-де-мін; қызым үй-де, қылығы түз-де; Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы да жатыс септік тұлғасында есімшеден немесе кезде, уақытша сияқты сөздерден де бола береді: мен келген-де, ол үйде екен. Жатыс септікті сөздердің ішінде де адвербиалданып, үстеуге айналып кеткендері аз емес: кейде, жазда, іңірде, осында, ақыр аяғында, аңдаусызда, атам заманда, оқта-текте, лезде, қаға берісте, қапыда, іңірде т.б.
Жатыс септік жалғауы жуан-жіңішке түрін есептемегенде екі-ақ нұсқада -да, -де және -та, -те түрінде кездеседі. Қазақ тілі оқулығында сонымен бірге 3-жақ тәуелдік жалғау тұлғасынан кейін жатыс септігінің -ңда, -ңде түрі де беріледі. Шынында, -да, -де қосымшасының алдындағы -н түрінің тарихи жағынан жатыс септігіне қатысы жоқ, ол -дай, -дей және -ша, -ше, -сыз, -сіз жұрнақтарының да алдынан шыға келеді: баласы-н-ша, баласы-н-сыз. т.б.
Тарихи тұрғыдан қарасақ, жатыс - көне септіктердің бірі. Ерте кезде көне түркі жазбаларының тілінде жатыс септігінің мағынасы мен қызметі, қолданылу аясы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда кең болған да, ол тек қимылдың орнын, мезгілін ғана емес, сонымен бірге жалпы бағытын, жалпы көлемдік мәнді де білдіріп, қазіргі барыс және шығыс септіктерінің орнына да жұмсала берген. Қазіргі қазақ тілінде барыс септік те, жатыс септік те мекендік мәнде бір ғана тұлғалы қайда? деген сұраққа жауап беруі, сондай-ақ, осында, мұнда, сонда, сияқты сөздердің әрі қимылдың мекенін білдіріп, жатыс септігінің көрсеткіші болуы (осында болды, мұнда жүр, сонда тұр т.б.), әрі бағытын білдіріп, барыс септігінің көрсеткіші болуы (осында келді - үйге келді, мұнда келмейді - үйге келмейді, сонда кетті - үйге кетті т.б.) көне кездегі қолданыстың қалдығы болу керек. Жатыс септік тұлғасы септеуліктермен тіркеспейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет