-нің
-ға
-ге
-ды
-ді
-да
-де
|
-дың
-дің
-ға
-ге
-ды
-ді
-да,
-де
|
-тың
-тің
-қа
-ке
-ты
-ті
-та
-те
|
-ның
-нің
-а, -е
-ды
-ді
-да
-де
|
-ның
-нің
-на
-не
-н
-нда -нде
|
Шығыс
Көмек
тес
|
кімнен?
неден? қайдан?
кімнен?
немен?
қалай?
|
-дан
-ден
-мен
|
-нан
-нен
-мен
|
-дан
-ден
-мен
-бен
|
-тан
-тен
-пен
|
-нан
-нен
-мен
|
-нан
-нан
-мен
|
Бұның үстіне есімдіктердің септелуін қоссақ, мына ерекшеліктерді байқауға болады: І) ілік, табыс, жатыс септік тұлғаларының сөзге жалғануында бірсыдырғы ұқсастық бар; 2) ол ұқсастық ілік пен табыс септік, жатыс пен шығыс септік тұлғаларының өз ішінде дыбыстық сәйкестігі жағынан тіпті жақындай түседі; -ның және -ны, -нің және -ні, -дың және -ды, -дің және -ді, -тың және -ты, -тің және -ті, сондай-ақ -дан, және -да, -ден және -де, -тан және -та, -тен, және -те, бірақ -нан, -нен тұлғаларының сыңары жоқ. Бұл ұқсастық олардың шығу төркіні жақын, қалыптасуы сәйкес екенін көрсетеді, 3) сонымен бірге барыс және көмектес септік тұлғалары бүтіндей ерекше екені, тұлғасы жағынан оларға ұқсайтын, сәйкес келетін басқа септік түрі жоқ екені көрінеді. Рас, ұқсас септік тұлғаларының өз ішінде айырмашылық та байқалады. Ілік септік пен табыс септік тұлғалары сәйкес келіп, жалғаулары 6 нұсқа болғанмен, кейбір сөзге жалғанғанда дыбыс үндестігіне байланысты нұсқалары сай келе бермейді. Мысалы, н, ң, м, дыбыстарына біткен сөздерге ілік септіктің -ның, -нің жалғауы жалғанса, табыс септіктің -ды, -ді (-ны, -ні емес) нұсқалары жалғанады да, бұл жерде н және д дыбыстарынан басталатын жалғау нұсқалары сәйкес келмейді. Немесе тәуелдік жалғауының 1-және 2-жағынан кейін ілік септіктің -ның, -нің, ал табыс септіктің -ды, -ді жалғаулары, тәуелдік жалғаудың 3-жағынан кейін ілік септіктің -ның, -нің табыс септіктің -н тұлғалары жалғанады. Жатыс пен шығыс септіктерде де бұндай ерекшелік айқын аңғарылады. Бұның өзі септік жалғау жүйесі көне түркі тілінің өзінде тұрақталып қалыптасқан грамматикалық категория болса да, шығу тегі жағынан ұқсас, төркіні бір септік тұлғаларының қалыптасу кезі мен орнығып, қолданылу шеңбері, қызметі мен мағыналық аясы, даму жолдары біркелкі емес екенін көрсетеді.
Келесі бір үлкен ерекшелік сөздің барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктерде негізгі заттық мәндегі кім? не? деген сұрақтардың сол септік тұлғаларда тұруынан, яғни кімге? неге? кімде? неде? кімнен? неден? кіммен? немен?) басқа қайда? (барыс, жатыс), қайдан? (шығыс, қалай (көмектес) деген сұрақтардың қатар жұмсалуымен байланысты. Соған сәйкес бұл септік түрлері екі жақты мәнге ие болып екі түрлі мағынада жұмсалады. Соның нәтижесінде олар екі түрлі синтаксистік қатынаста қолданылып, екі түрлі қызмет атқарады. Атап айтқанда, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік түрлері, бір жағынан, заттық мағынаға байланысты жанама объектіні білдіреді де, соның негізінде септік жүйесінің бір түрі ретінде зат есімнің бір грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып саналады. Міне, осы мәнінде бұл септіктер заттық мәнге ие болып, кейде басқа сөз таптарына жалғанса да, оны субстантивтендіріп, зат есімге айналдырып тұрады. Мысалы, талаптыға нұр жауар, жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат, жақсыда жаттық болмас, жақсымен жанассаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жанассаң, қаларсың ұятқа деген сөйлемдерде (-ға), шығыс (-дан, -нан). жатыс (-да), көмектес (-мен) септік жалғаулары өзі жалғанған сөзге жанама объектілік мағына үстеп, бұл сөйлемдерде сын есімдерді заттандырып, адам мағынасын білдіріп тұр. Сөйтіп, көптік, тәуелдік жалғаулары сияқты зат есімнің грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып жұмсалған. Бірақ бұл септік тұлғалары әр уақыт осындай мәнде қолданыла бермейді. Жанама объектілік мағынасы мен өзі жалғанып тұрған сөзге тек заттық мән үстеп тұруы олардың басты, негізгі қолдану аясы бола да бермейді.
Керісінше жанама объектілік, заттық мағынадан гөрі бағыттық, мекендік, мезгілдік, амалдық, жалпы көлемдік мағынаны білдіріп, керісінше заттық мағынаны адвербиалдандырып, үстеуге айналдырып жіберу - барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік тұлғаларының негізгі қолданылу аясы болып табылады. Тіпті бұл септік тұлғалары кейде консервациялану нәтижесінде үстеу де тудырып кетеді. Қайткен күнде де бұл септіктердің соңғы мәнде жұмсалуы тілімізде жиі кездеседі. Соған сәйкес сөйлемде бүл септік тұлғасында жұмсалған сөз екі түрлі қызмет атқарады: жанама объект мағынасын білдіріп, заттық мәнде қолданылғанда, толықтауыш қызметін атқарса, бағыттық, мекендік, мезгілдік, амалдық мағынаны білдіріп, адвербиалдық мәнде жұмсалғанда, пысықтауыш қызметін атқарады. Бұл сияқты екі мәнді білдіріп, қос қызмет атқару қасиеті атау, ілік, табыс, септіктердің қолданылуында жоқ. Атау, ілік, табыс септіктердің жалғаулары әрдайым субстанттық, меншіктілік және тура объектілік мағынаны білдіріп, тек заттық мәнде жұмсалып, атау септікте тұрған сөз бастауыш, ілік септікте тұрған сөз анықтауыш, табыс септікте тұрған сөз толықтауыш қызметін атқарады да, олардың бұл қызметтері айқындалып, сараланып тұрады. Сөйтіп, бұл үш септік әрдайым заттық мәнмен тікелей байланысты қолданылып, тек зат есімнің грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып табылады. Міне, септік түрлерінің осындай екі жақты мағыналық және қызметтік ерекшеліктеріне қарап түркологияда септік жалғауларды екі топқа бөліп, атау, ілік, табысты грамматикалық септік, барыс, жатыс, шығысты және көмектесті көлемдік септіктер деп жіктеу дәстүрі бар (Д. — СТЯ, 153).
Э.В.Севортян түркі тілдеріндегі септік жалғауларын грамматикалық септік (негізгі, ілік, барыс-бағыттық, табыс) және көлемдік септік (барыс-бағыттық, жатыс, шығыс) тобына бөлу, бір жағынан, шартты екенін, олай бөлуден бас тартуға да болатынын айта келіп, ол екі топтағы септік жалғау түрлері кейде сәйкес келе берсе де, мысалы, барыс-бағыттық (дательно-направительный)
септік әрі грамматикалық, әрі көлемдік септік қатарында бірдей жүрсе де, сондай-ақ басқа септік түрлерінде де мұндай қасиет байқалып отырса да, әсіресе негізгі (основной) септік сөйлеу тілде барлық септік тұлғаларының орнына жүре берсе де, септік категориясын бұндай екі топқа грамматикалық және көлемдік септік деп бөлудің ғылыми негізі бар екенін көрсетеді (ИСГТЯ, 45). Айта кету керек, ғылыми негізгі септік деген ұғымға атау септіктен басқа, жоғарыда көрсетілгендей, зат есімнің түбір тұлғасын да, басқа септік тұлғаларының түсіп қалып, жасырын тұрған қолданыстарының бәрін де енгізеді. Бірақ олардың бәрін бір септік тұлғасының ауқымына зорлап сыйғызуға болмайды. Атау септігі арнайы грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болмаса да, өзіндік мәні мен мағынасына, сөйлемде атқаратын қызметіне байланысты зат есімнің түбір тұлғасынан да, басқа септік жалғаулардың тасаланып, түсіп қалған тұлғасынан да өзгеше, басқа септік түрлерімен тепе-тең грамматикалық тұлға, септіктің бір түрі екені жоғарыда айтылып талданды.
Септіктерді бұлайша бөлу кейбір түркологтардың зерттеулерінде кездескенімен, жалғасын таба қойған жоқ. Осымен байланысты қазақ тіл білімінде септік түрлерін грамматикалық және көлемдік деп бөлу мәселесі қалай десек, қазақ тілінің грамматикаларында септік категориясын бұлайша екі топқа бөліп қарастыру тәжірибесі жоқ, тек түркологияда грамматикалық және көлемдік септік түрлеріне бөлінетіндігі көрсетіледі (ҚТЗ, 57), кейде олай жіктеудің өзі шартты, сондықтан олай бөлуден тиімді қорытынды шығаруға болмайды деп атап айтылады (Ы. - ҚТ, 79).
Э.В.Севортян септік жүйесіндегі бұл түрлердің көрсетілген ерекшеліктерімен бірге көне түркі, көне ұйғыр, көне және жаңа өзбек, жаңа ұйғыр тілдерінде көлемдік септік тұлғалары есімдікте грамматикалық септік тұлғаларының үстіне жалғанып отыратындығын көрсете келіп, былай деді: „Грамматические падежи для енисейско-орхонских, древнеуйгурского, старо и ново-узбекского и весьма последовательно для ново уйгурского являются первичными, а пространственные - вторичными" (ИСГТЯ, 50).
Сөйтіп, білдіретін мән-мағынасына, атқаратын қызметіне қарай атау, ілік, табыс септік жалғаулары әрдайым заттық мәнде, бір ғана қызметте жұмсалып зат есімнің таза грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып,
грамматикалық септік деген атқа ие болса, барыс, жатыс, шығыс және қазақ тіліндегі көмектес септіктер екі түрлі мәнде: әрі заттық, әрі адвербиалдық мәнде, екі түрлі қызмет атқарып, бірде зат есімнің грамматикалық көрсеткіші (зат есімге жалғанып, сөз бен сөзді байланыстыру қызметі мен басқа сөз таптарына жалғанып, оларды субстантивтендіріп, зат есімге айналдыруы) болумен жанама обьект мәнін білдіріп, ол тұлғада сөз сөйлемде толықтауыш қызметін атқарумен бірге өзі жалғанған сөзге бағыттық, мекендік, мезгілдік мән үстеп, пысықтауыш қызметін атқарып, сол контексте адвербиалданып, үстеуге айналдыруы арқасында көлемдік септік саналады. Бұлай бөліну септік жалғаулардың шығу, даму тарихымен де байланысты екен. Бұл – септік түрлерінің семантикалық сипаты. Ал септік түрлерін грамматикалық және көлемдік деп бөлуге негіз болатын, кейбір түркологтар атап көрсеткендей, семантикалық (мағыналық) және қызметтік ерекшеліктерден басқа да грамматикалық өзгеше сипаттар бар ма? Өйткені көрсетілген семантикалық ерекшеліктері, біріншіден, бұрын қалыптаса қоймауы мүмкін, септіктің жеке түрлерінде әуел бастан болып, кейін бір категорияға енгенде, бірге енуі де мүмкін, екіншіден, септіктің бұл түрлерінің басқа да грамматикалық қасиеттеріне, мысалы, сөз бен сөзді байланыстыру қасиетіне, әсер етуі де мүмкін.
Септік категориясын грамматикалық және көлемдік деп екі топқа бөлуге негіз болатын сипаты олардың білдіретін мағынасы, атқаратын қызметі, шығу, даму тарихымен бірге септік тұлғаларының сөздерді бір-бірімен байланыстырып, сөз тіркесінің типін құрау мәнінің ерекшелігінен де көрінеді. Атап айтқанда, грамматикалық септіктің (атау, ілік, табыс) тұлғалары өзі жалғанған сөзді екінші бір сөзге бағындырып, бағыныңқы сөзді басыңқымен байланыстырып қана қоймайды, ол екінші сөздің де белгілі грамматикалық тұлғада я категориялық тұлғада болуын талап етіп, екінші жағынан, басыңқы сөзді бағыныңқымен байланысқа түсіріп тұрады. Ал бұндай қасиет көлемдік септік тұлғаларында байқалмайды. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің тұлғалары (жалғаулары) өзі жалғанған сөзді екінші сөзбен (көбіне етістікпен, кейде есіммен де, мысалы малға бай, үйден үлкен, үйде бала, түзде дана, құрбымен әзіл т.б.) оның семантикасына сәйкес сабақтаса байланыстырады, бірақ өзі сөз тіркесінің басыңқы компонентінің грамматикалық тұлғасына не семантикасына әсер етпейді, оның формалық сипатына бейтарап болады, яғни бұл септік формасында тұрған сөз тіркесінің екінші сөзіне (яғни басыңқы сыңарына) оның қандай тұлғада тұруына қарамай-ақ меңгеріле береді де, ол сөздердің арасындағы бір жақты ғана байланыстың көрсеткіші болады, Мысалы, Арманға толы кеудемен кепті талай ыстық жүректі жар. Сан кеудеде ашылмай, айтылмай кетті ащы зар. Бірақ бәрінен ауыр, бәрінен ащы, бәрінен улы қайғы не? Қамшысына таянып, тымағын басынан алмай бір тізерлеп отыр (М.Әуезов) деген сөйлемдердегі барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулары арқылы байланысқан арманға толы, кеудемен кепті, кеудеде ашылмай (айтылмай кетті), бәрінен ауыр, бәрінен ащы, бәрінен улы, қамшысына таянып, басынан алмай тәрізді сөз тіркестерінің табиғатына зер салайықшы. Бұлардың басыңқы компоненттері бірде есім (толы, ауыр, ащы, улы) сөз болса, бірде етістік (кепті, ашылмай, айтылмай кетті, таянып, алмай) болып, олардың грамматикалық семантикасы да грамматикалық түр-тұлғасы да, басқа сөзбен байланысқа түсу сапасы жағынан да меңгерілген сөз бен оның грамматикалық тұлғасынан тәуелсіз екенін байқаймыз. Сондықтан бұл сөз тіркестерін арманға толы боп, кеудеден кетірді (кетсе), бәрінен ауырлау (ауырырақ), ащырақ, ауыр болған, қамшысына таянтқызып, басынан алынбай (алдырмай) т.б. етіп басыңқы сыңарын түрлендіріп қолдана беруге болар еді. Мұндай еркінділік грамматикалық септіктер арқылы байланысқан сөз тіркесінде болмайды, керісінше, онда басыңқы сөздің грамматикалық тұлғасы я семантикасы бағыныңқы сөздің формасына сәйкес, тіркес байланысына қатысты болып тұрады. Мысалы, Оразбайға осыны ғана жеткізу, білгізу шарт... Шешесінің соңғы сөзі Абайдың құлағына әлі естіліп тұрған секілді (М. Әуезов). Бірінші сөйлемдегі осыны жеткізу, осыны білгізу тіркесін байланыстырып тұрған – табыс септік жалғауы -ны. Бұл форма өзі жалғанған осы сөзін жеткізу (білгізу) етістігімен байланыстырып қана тұрған жоқ, сонымен бірге өзі сабақтаса байланысқан бұл етістіктің салт емес, сабақты етістік болуын талап етіп тұр. Сондықтан да жет салт етістігі бұл жерде -кіз өзгелік етіс жұрнағы арқылы сабақты етістікке айналған. Егер бұл етістік салт етістік мәнінде жұмсалса, табыс септік тұлғасы да қажет болмай, ол басқа тұлғада (атау я ілік) тұрар еді. Оразбайға осы (осының) ғана жетті не жету (жетуі), білу (білуі) шарт. Осы сияқты алдыңғы сөйлемдегі тымағын басынан алмай деген тіркесті, басыңқы сөзін өзгертсек, тымағы басынан алынбай деп қана құруға болады, ал табыс септік тұлғасын сақтап, тіркесті тымағын басынан алынбай деп құруға болмайды. Мұнда да басыңқы сөздің тұлғасын ырықсыз етіс қосымшасы -ын арқылы сабақты етістікті салт етістікке айналдырғанда, табыс септік тұлғасы соған сәйкес басқа тұлғаға өзгеріп кетсе, сол тіркестегі шығыс септік тұлғасындағы сөз (басынан) ондай өзгеріске түспей, басыңқы сынардың грамматикалық тұлғасына бейтарап екенін байқаймыз: тымағы -н басы-нан алмай, бірақ тымағы басы-нан ал-ын-бай. Бұның өзі табыс септік жалғауы арқылы байланысқан сөз тіркесінің типі меңгеру деп аталса да, ол меңгерудің ерекше түрі екенін көрсетеді. Сондықтан меңгерудің бұл түрі (табыс септік жалғауы арқылы байланысқан түрі) тек етістікті және аралас (басыңқы компонент есім мен көмекші етістік) сөз тіркесінде (меңгеруде) болып, есімді сөз тіркесінде жасалмайды, өйткені есім сөзде сабақтылық сипат болмайды. Ал, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулары арқылы байланысқан сөз тіркестері (меңгеру) есімді де, етістікті де сөз тіркестерінің түрлерінде бірдей кездесіп отырады.
Екінші сөйлемдегі шешесінің сөзі, Абайдың құлағына деген тіркестерде алдыңғы бағыныңқы компонент ілік септігінде тұрып, екінші компонентке бағынып тұрса да, бағыныңқы компонент те сол бағындырып тұрған сөздің өзін белгілі формада, атап айтқанда, тәуелдік жалғауында тұруын талап етеді, онсыз қолданылмайды. Кейде тәуелдік жалғауы түсіп қалса да (мысалы, біздің үй, сіздің ауыл, өзіміздің жігіттер, Қобыландының Тайбурыл, Базарбайдың Төлеген т.б.) оның грамматикалық мән-мағынасы сақталып, қызметі өзгермейді, ол тұлғаның бар (нөлдік форма) екені сезіліп тұрады. Осы ерекшелікті байқаған Ф.Г. Исхаков былай дейді: ілік септікте қолданылған зат есім сөйлемде екінші зат есімді анықтап тұрады да, онымен екі турлі грамматикалық сабақтастық (бағыныңқы) байланысқа түседі (меңгеру әрі қиысу): сол тіркестің компоненттері болып табылатын екі зат есімді де морфологиялық тұлғаларымен түрлендіру арқылы екі жақты байланыс пайда болады. Анықтауыш қызметіндегі зат есім өзі анықтап тұрған зат есімге меңгеріліп тұрғандықтан да ілік септігінде жұмсалады да, анықтаушы сөз онымен бір жақта қиысып, грамматикалық бағыныңқы байланыстың бір түрі болып табылатын тәуелдік жалғаудың 3-жақ қосымша сын қабылдайды (институттың кітапханасы, кітапхананың кітабы). Сөйтіп, бұл жерде анықтауыш пен анықталушы сөздің арасында өзара екі жақты бағыныңқы байланысты байқаймыз: бірінші компонент септік тұлғасы арқылы екінші компонентке меңгеріліп тұрса, екінші компонент алғашқы компонентпен бір жақта қиысып тұрады. Осындай екі есімнің бір-біріне өзара бағына байланысып тіркескен түрі „түрік изафеті" делінеді (ИСГТЯ, 102) Сөйтіп, ілік септік пен тәуелдік жалғау арқылы тіркескен сөздер арасындағы байланыс түрі өте күрделі. Бұл байланыс жалғыз меңгеру не қиысу шеңберіне сыймайды, ол үш жақты байланыс арқылы іске асады. Әрине, оны әрі меңгеру, әрі қиысу деп беру қисынсыз. Бірақ түркологияда бұл синтаксистік байланыс бірде меңгеру (Р. - ОУП, 179) деп те, бірде қиысу (Д. - ГБЯ, 205; К - ГТЯ, 379) деп те аталып келді. Бұл тіпті де дұрыс емес екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ, өйткені, жоғарыда көрсетілгендей, бірінші сөздегі ілік септік тұлғасымен қатар екінші сөздегі тәуелдік жалғаудың болуы да тек осы құрылымдағы байланысқа қатысты. Бұл – қазақ тіл білімінде матасу деп анықталған (Б.Қ. ҚҚТ). Меңгеру, қиысу және матасу бір-бірінен байланыстың мәні мен мағынасы, саны мен сапасы жағынан ерекшеленеді: меңгеру – грамматикалық тұлғаның қатысы жағынан бір жақты байланыс, қиысу – екі жақты, ал матасу – үш жақты байланыс.
Меңгеруде белгілі септік жалғауы арқылы бағыныңқы сөз басыңқымен байланысады. Кейде ол тұлға (септік жалғау) басыңқы сөздің семантикасымен де (мысалы, табыс септік тұлғасы) қарым-қатынаста тұрады. Қиысуда екі сөз бір-біріне бағынбай, тең дәрежеде келіп, екі жақты байланысқа түседі: бірінші сөз атау септікте тұрып, екінші сыңары атау септікте тұрған сөздің қай жақта тұруына қарай сол жақтағы жіктік жалғауда жұмсалады да, сол жіктік жалғаудың жақ түріндегі тұлғасына қарай сәйкестеніп бірінші сөз де семантикасы арқылы белгілі жақта тұрады (мен 1-жақ, сен 2-жақ, ол немесе кез келген зат есім 3-жақ). Бірақ бұл байланыс субъектілік-предикаттық қатынаста жұмсалғандықтан, сөз тіркесі болмай, сөйлем болады. Матасуда тіркестің бірінші компоненті, бір жағынан, өзінің грамматикалық тұлғасы (ілік септік жалғауы) арқылы екінші сөздің грамматикалық тұлғасымен (тәуелдік жалғауымен) байланысқа түсіп (бұл – қиысуда мүлдем жоқ), екінші жағынан, өзінің семантикасы негізіндегі грамматикалық мағынасы (жақтық мәні) арқылы екінші сөздегі грамматикалық тұлғамен (тәуелдік жалғаудың жаққа байланысты түрленуі) байланысады. Бұл байланыс қиысудағы жақтық байланыспен ұқсас, бірақ мұнда компоненттер арасында субъектілік-предикаттық қатынас жоқ, тек атрибуттық қатынастың бір түрі бар. Үшінші жағынан, екінші компоненттегі тәуелдік жалғауы өзі бағындырып тұрған сөздің ілік септік жалғау тұлғасында тұруын талап етеді. Бұл жерде грамматикалық форма ретінде тәуелдік жалғаудың кем дегенде үш түрлі мағына білдіріп, үш түрлі форманың: тәуелділік, жақтық және жекешелік-көптік (оңашалық-ортақтық) мағыналардың көрсеткіші ретінде жұмсалатынын байқаймыз (И. - НОК, 42).
Түркологияда ілік септікті сөз бен тәуелдік жалғаулы сөзден құралған тіркестер жалпы изафет ІІІ болып аталғанмен, кейбір зерттеулерде меңгеру (Р. - УП, 179) немесе қиысу (Д - ГБЯ. 205 және К. - ГТЯ, 379 және А. - ИСС, 117) деп көрсетеді. Ондай байланыстағы тіркес меңгеру бола алмайды, өйткені, академик И.И. Мещаниновтың көрсеткеніндей (М., - ЧП, 77), меңгеру бір жақты ғана байланыс және меңгеріле байланысқан тіркестік басыңқы компонентінің грамматикалық формасы және категориялық грамматикалық мағынасы осы сөз тіркесін құрап отырған байланысқа, сондай-ақ сол тіркестің өзіне (семантикалық мәні грамматикалық типі мен байланысу жолы, синтаксистік қызметіне) ешбір қатысы жоқ. Мысалы, (хатты) досына үйде жазды, биыл 2-курсқа көшті, үй ағаштан биік т.б. сияқты сөз тіркестерінде екінші басыңқы сыңары тіркес құрамындағы бірінші сөзді меңгеріп, бағындырып, байланысып тұр, тіркес құрамындағы бұл екі сөз арасындағы байланыс барыс септік (досына жазды), шығыс септік (үй-де жазды), барыс септік (2-курсқа көшті), орын тәртібі (би-ыл көшті), шығыс септік (ағаш-тан биік) тұлғалары арқылы ғана болып тұр. Екінші сөздегі басыңқы сыңардағы жедел өткен шақтың -ды (жазды), -ті (көшті), 3-жақ жіктік жалғаудың нөлдік тұлғасы жазды - көшті - , биік - дәл осындай тіркес құруға ешбір қатысы жоқ, сондықтан досына үйде жазды (жазып, жазады, жазсаң т.б. және жаз-дыр-ған, жаз-ба-й т.б.) биыл 2-курсқа көшіп (көшкен, көшсе және көшірді, көшпей, көшірілді т.б.) ағаштан биіктеу (біп-биік, биігірек т.б.) екінші сөздің тұлғасын өзгерткенмен, тіркес құрамындағы сөздердің байланысу типі өзгермейді, ал ондай өзгерту ілік септікті сөз бен тәуелдік жалғаулы тіркесте, бастауыш пен баяндауыш арасындағы қиысуда тіпті де мүмкін емес: менің оқушы-сы, сенің кітаб-ы, біздің жігіттер-і және мен оқыды-ң, ол келді-к, сен сөйлей-ді деп қарауға болмайды. Осы тәріздес көп жақты (екі жақты) байланыс табыс септік арқылы құралған сөз тіркесінен де байқалады. Яғни басыңқы сыңардың кейбір тұлғалық өзгеріске түсуінен тіркес және оны байланыстырып тұрған табыс септік те өзгеріске ұшырайды. Мысалы, хатты жазды дегенде -ты табыс септік жалғауы. Хат сөзін (тура объект етіп) жазу етістігіне бағындырып тұр және ол етістіктің салт емес, сабақты болуын қалайды. Егер жазу етістігін салт етістікке өзгертсе, байланыс та, сөз тіркесіндегі синтаксистік қатынас та өзгереді: хат жазылды. Бұнда хат тура объектіден грамматикалық субъектіге ауысқан да, субъектілік-предикаттық қатынасты білдіріп, 3-жақта қиыса байланысқан. Сол сияқты студент я шәкірт (2-курсқа) көшті дегенді студентті 2-курсқа көшірді дегенде субъектілік-предикаттық қатынастағы байланыс (сөз тіркесі емес) салт етістіктің (көшу) сабақтыға өзгеруінің нәтижесінде тура объектілік қатынаста табыс септік (студентті) жалғауы арқылы сөз тіркесіне айналған. Сонда тура объектілік қатынасты білдіретін табыс септік жалғауы арқылы байланысқан сөз тіркесі типі жағынан меңгеру деп аталғанмен, басқа септіктер (барыс, жатыс, шығыс, көмектес яғни көлемдік) арқылы байланысқа түсетін сөз тіркестерінен байланысу типі (меңгеру) жағынан айырмашылығы бар екені байқалады, көлемдік септіктер арқылы байланысқан сөз тіркесі типі тек бір жақты байланыс болса, табыс (грамматикалық) септік арқылы байланысқан сөз тіркесі типі меңгеру деп аталса да, екі жақты байланыстың элементі бар сөз тіркесінің типіне жатуы керек. Сондықтан да меңгерудің өзін екіге бөліп, табыс септік арқылы байланысқан сөз тіркесінің типін екі жақты байланыстың элементі бар екенін негізге ала отырып, күшті меңгеру (сильное управление), көлемдік септік тұлғалары арқылы байланысқан сөз тіркесінің типін бір жақты байланыс екенін негізге ала отырып әлсіз меңгеру (слабое управление) деп қараған әбден орынды. Олардың байланысу схемасы (кейпі) төменде беріледі.
Матаса байланысқан сөз тіркесінің типінде қиысудың да элементі бар: тіркес құрамындағы екі сөз өзара бір жақта қиысады: менің кітаб-ым, сенің кітаб-ың, сіздің кітаб-ыңыз, оның (оқушының) кітаб-ы. Бірақ көпше я жекеше тұрып қиыса байланысу жүйелі емес. Мысалы, сендердің ауылдарың, сенің ауылдарың және сенің ауылың, сендердің ауылың деген тіркестердің екінші сөзіндегі -дар көптік жалғауы бірінші компоненттегі көптік жалғаудың мағынасы мен формасына бағынышты емес, сондай-ақ керісінше бірінші сөздегі -дер көптік жалғауы екінші сөздің мағынасы мен тұлғасына байланысты емес. Бұлардағы көптік жалғау өзі жалғанған сөз (ол заттың иесін білідірсе де, меншігін білдірсе де) білдіретін заттың көптігін ғана көрсетеді.
Қиысуда да жекешелік-көптік байланыс тұрақты емес. Мысалы, біз келді-к, сен-дер келді-ң-дер мен ол (бала) келді - және олар (балалар) келді - болып 3-жақта көптік-жекелік жағынан бейтарап та болатынын көреміз.
Егер қиысуда байланыс екі жақты болса, матаса байланысқан сөз тіркестерінде байланыс үш жақты болады. Түсінікті болу үшін мына мысалдарды салыстырып көрейік.
Мен келдім (оқушымын), менің кітабым
Сен келдің (оқушысың), сенің кітабың
Сіз келдіңіз (оқушысыз), сіздің кітабыңыз
Ол келді (оқушы), оның кітабы
Біз келдік (оқушымыз), біздің кітаб (тар) ымыз
Сендер келдіңдер (оқушысыңдар), сендердің кітаб (тар) ың
Сіздер келдіңіздер (оқушысыздар), сіздердің кітаб (тар) ыңыз
Олар келді (оқушы), олардың кітаб (тар) ы
Қиысуда, осы мысалдан көрінетіндей, бірінші компонент (сыңары) өзінің семантикасы мен категориялық грамматикалық мағынасы арқылы жақ және белгілі дәрежеде жекеше я көпше екінші сөзбен байланысқа түсіп, белгілі жақта жіктік жалғауды талап етіп, предикаттық қатынастағы единица сөз тіркесі емес, сөйлем құрайды. Екінші сөз тұлғасын өзгерткеннен бірінші сөздің грамматикалық формасы өзгеріп қана қоймайды, ол бүтіндей басқа сөзге (байланыс типіне) ауысып кетеді. Демек, екінші сөз (сыңары) да өзінің грамматикалық тұлғасы (жіктік жалғау) және оның жағы (және кейде жекеше я көпше түрі) арқылы бірінші сөздің қандай сөз болуын (семантикасын) және атау септік
тұлғасында тұруын талап етеді. Бұл жерде бір сыңары екінші сыңарына бағыну емес, бір-біріне бағыну арқылы сабақтаса емес (бірыңғай мүшелердегідей салаласа да емес) орайласа байланысқан яғни бірі екіншісіне семантикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да бағынышты емес, сөйте тура бір-бірінсіз қолданылмай, өз алдына бөлек тең де дәрежеде емес, сөйтіп байланыстың ерекше түрі (орайлас) арқылы синтаксистік қатынасқа түсіп сөз тіркесін емес, субъектілік-предикаттық қатынаста сөйлем құрайды. Мысалы, келдік деген сөз бен мен (сен, ол, сіз) есімдіктері емес біз сөзі ғана байланысып қолданылады. Олардың байланысын былай көрсетуге болады:
мен келдім
Ал сөз тіркесінің матаса байланысқан типінде бірінші сыңары өзінің грамматикалық формасы (ілік септік жалғау) арқылы екінші сөздің грамматикалық формасымен (тәуелдік жалғауы) байланысқа түседі, бұл қиысуда жоқ, ал өзінің семантикасы мен грамматикалық мағынасы арқылы екінші сөздің грамматикалық формасымен (тәуелдік жалғаудың жаққа байланысты өзгеруі) байланысқа түседі. Және керісінше екінші сөздегі тәуелдік жалғау тіркеске енген алғашқы сөздің ілік септік тұлғасында тұруын талап етеді. Бұл жерде мынаны да ескерген жөн. Тәуелдік жалғауы (грамматикалық форма ретінде) бір грамматикалық категория болып есептеліп жүргенмен, кем дегенде үш грамматикалық мағына білдіреді: ол, ең алдымен, тәуелдік меншіктілік мағына және бұл - негізгі мағынасы, екінші - жақтық, үшінші - жекешелік я көптік немесе оңашалық мағына. Бұндай типті тіркес құрамындағы сөздердің байланысу кестесін былай көрсетуге болады:
менің кітабым
Ал меңгерудің байланысу кестесі мынадай:
досына жазды
Бірақ табыс септік тұлғасы байланысқан сөз тіркесінің типін былай көсетуге болады:
хатты жазды
Яғни бұнда байланысы екі жақты, бірақ қиысудың байланысындай емес, одан өзгеше тіркесінің байланысы.
Сөздердің әрбір байланысу формалары өзіндік ерекшеліктерімен де сараланады. Қиысу түркі тілдерінде қазақ тіліндегі сөздердің байланысу типтерінің сөз тіркесін құрайтын басқа түрлерінен предикаттық қасиет, яғни сөйлем болу, ой білдіре алу қасиеті арқылы ерекшеленеді. Демек, қиыса байланысқан синтаксистік единицалардың өзіндік ерекшелігі атау септік және жіктік жалғау тұлғалары арқылы модальдылықты, коммуникативті ойды білдірумен байланысты. Ал матасу да, меңгеру де модальдылықты білдірмей, коммуникативтік емес, номинативтік қызметте ғана жұмсалады. Ол ол ма, матаса байланысқан тіркестің алдыңғы бағыныңқы сыңарындағы ілік септік жалғауы, табыс септікті күшті меңгерудің алдыңғы сыңарындағы табыс септік жалғауы түсіп қалып та қолданыла береді, одан байланыс типі өзгермейді, матасу (бәлкім.жартылай матасу), меңгеру (қабысу емес, өйткені, біріншіден, ол сөздің тура обьектілік мәні жойылып кетпейді, екіншіден, ол екеуінің яғни табыс септіктің жасырын түрінде тұрған сөз бен сабақты етістіктің арасына басқа бір сөз түсіп қолданылса, табыс септігі қайтып шыға келеді: кітап оқыды - кітапты ол оқыды, қаулы қабылдады - қаулыны бүгін қабылдады, т.б.) болып қала береді.
Рас, ілік септік пен табыс септік тұлғалары түсіріліп қолданылған жерде бұл тіркестің, ілік септікті сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің және табыс септікті сөз бен сабақты етістіктің арасына басқа сөз араластырып қолдануға болмайтындықтан, ол екі сөздің (ілік септік тұлғасы түсіп қалған сөз бен сабақты етістіктің) грамматикалық байланыс тұлғалары ғана ықшамдалып қоймайды, сонымен бірге семантикалық жағынан да бір-біріне кіріге түсіп, лексикалана бастайды, бір ұғымның атауы ретінде, бір ғана сөздің мәнінде жұмсала бастап, тұрақты (идиомалық) тіркес, атаулық, терминдік тіркес, түбір етістікке (құрамды) етістікке айналады. Кейде тіпті тәуелдік жалғауы да түсіп қалып, күрделі сөз болып та кетеді: малазық (малдың азығы-мал азығы - мал азық), отағасы (оттың ағасы - от ағасы-отағасы), төраға (төрдің ағасы - төр ағасы - төраға), төл басы (төлдің басы-төл басы) т.б. (айта кету керек, тілдегі барлық жартылай матаса байланысқан атаулық, терминдік, тұрақты тіркестер осындай эволюциялық дамуды, яғни изафет ІІІ – изафет ІІ – изафет І, бәрі бірдей басынан өткізе бермейді, әңгіме бұл тіркестің үлгісі, моделінің дамып қалыптасуы жайында болып отыр, әрбір тіркес үлгісі, моделі қалыптасу негізінде жекелеген ондай тіркестер жаңағыдай эволюциялық дамуды түгел өткізбей-ақ сол даяр үлгі, модель негізінде жаңа тіркестер туа береді), қызмет ету (қызметті біреу ету-жасау), жүрек жалғау (жүрегін жалғау - әуелде синтаксистік тіркес болған болу керек), ән салу (әнді салу), сөз қату (сөзді қату), тіл қату (тілді қату), сәлем қылу (сәлемді қылу) ақыл беру (ақылды беру), дем алу (демді алу), бас ию (басты-басыңды ию), жанжал шығару (жанжалды шығару), бет қою, (бетті қою), бас қатыру (басты қатыру), еңбек сіңіру (еңбекті сіңіру), ауыз ашпау (аузын немесе жұмған аузын ашпау), таяқ жеу (таяқты жеу) ауыз салу (ауызды салу), көз салу (көзді салу), жан қию (жанды қию) т.б. Әрине жақша ішінде берілген тіркестердің әуел бастағы қалпы көбіне табиғи емес, жасанды болып көрінеді. Бірақ ол көмекші етістіктердің негізгі етіс күйіндегі немесе осы қалпындағы семантикасы сабақты екенін негізге алдық. Бұл - бір. Екіншіден, кейбірінде арадағы тағы бір сөз немесе тұлғалар түсіп қалған болу керек. Мысалы, ант ішу деген идиомалық тіркес бар. Бұның табыс септік тұлғасы арқылы байланысқандығы байқалады. Өйткені ішу - сабақты етістік. Ал антты ішуге бола ма? Сөйтсек, антты емес, ант суын, анттасқан суды, неке су сияқты ішу екен, одан барып қос сөз ант-су ішу, одан су түсіп қалып ант ішу қалыптасқан.
Міне, осы жағынан қарағанда, септік жалғау жүйесінде грамматикалық септіктер мен көлемдік септіктердің бір-бірінен олардың мағыналық, қызметтік жағынан да, тарихи қалыптасуы тұрғысынан да, сөз байланыстырушылық қасиеті жағынан да айырмашылықтары айқын байқалады, соның нәтижесінде септік жалғауларын осылай бөлуге негіз болады. Оның үстіне көлемдік септіктердің қос функциялы қызметтік мәні, бір жағынан, жанама объектілік мағынаны білдіргенде ғана нақты зат есімнің түрлену жүйесіне тән болып, тіпті грамматикалық септіктерше басқа сөз таптарын заттандыру қасиетіне ие болса, екінші жағынан, бағыттық, мекендік, мезгілдік, амалдық мағынада жұмсалғанда, яғни таза көлемдік мағынада қолданғанда, керісінше зат есімдік қасиеттен, мәннен айрылып, сөзді адвербиалдандырып жіберуі оларды грамматикалық септіктермен бір парадигмалық жүйе шеңберінде қалдырып, қазіргі грамматикаларымызда беріліп жүргендей зат есімнің бір грамматикалық категориясы аясында қарастыруға сыймайды. Тілдің даму барысында көлемдік септік тұлғаларының консервациялануы арқылы кейбір үстеулердің жасалып, қалыптасуы көлемдік септіктердің осындай қасиетінің жемісі болып табылады. Сондықтан көлемдік септіктерді зат есімнің септік жалғау категориясындағы екінші бір парадигмалық жүйелі түрі деп қараған жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |