Он бірінші тарау. Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар. Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу (259-бап)
Қылмыстың заты есірткі заттар және жүйкеге әсер ететін заттар. Есірткі заттар-адамның психикасына әсер ететін, одан әрі организмді бүлдіретін синтетикалық немесе табиғи тектес заттардың жиынтығы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 наурыздағы № 186 қаулысымен бекітілген тізіміне медициналық мақсатқа пайдалануға тыйым салынған есірткі заттардың 72 атауы көрсетілген. Бұларға гашиш, наша, героин, кокаин, каннабис, апиын ж.т.б. заттар жатады. Жүйкеге әсер ететін (психотроптық) заттар-адамның психикалық функциясына әсер ететін қауіпті заттар. Тізімі бойынша мұндай заттардың 38 атауы берілген. Оларға аминорекс, месхалин, метамфетамин, псилоцин т.б. жатады. Қылмыс объективтік жағынан көрсетілген заттарды заңсыз алғаны немесе дайындағаны арқылы сипатталады. Жоғарғы Соттың осы қаулысының 3 тармағына сәйкес жоғарыда көрсетілген заттарды сатып алу, басқа тауарға немесе затқа айырбастап алу, қарыздың орнына беру, қарызға немесе сыйға алу, тауып алғанды иелену, құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктерді немесе олардың бөлігін жинау, осындай өсімдіктердің күзетілмейтін егістік алқабындағы жинау жұмысы біткеннен кейінгі қалдығын (масағын) жинап алуды т.б. заңсыз иемденіп алу деп түсіну керек. Кінәлының арнайы рұқсатсыз көрсетілген заттарды өзінен жасырын жерден, үй-жайдан, көлік құралынан, басқа да орындардан тауып алумен байланысты кез келген қасақана әрекет, заңсыз сақтау болып табылады. Есірткі, психотроптық заттарды оларды дайындауға пайдаланылатын аспаптар немесе құралдарды, сонымен қатар прекурсорларды көлік құралдарын пайдалану арқылы немесе басқа да әр түрлі тәсілдермен арнайы рұқсатсыз орнынан ауыстыру үшін жасалған кез келген қасақана әрекеттерді, осы заттарды заңсыз тасымалдау деп түсіну керек. Бұл әрекеттерді есірткі, психотроптық затты, аспаптарды, құралдарды, прекурсорларды заңсыз иесі ғана емес, оның тапсырмасы бойынша басқа адамда тасымалдауы мүмкін. Мұндай ретте көрсетілген заттарды заңсыз тасымалдауды басқаларға тапсырған тұлға осы қылмыстың ұйымдастырушысы болып табылады. Егер есірткі, психотроптық заттың, аспаптардың, құралдардың, прекурсорлардың заңсыз иесі-өзіне тапсырылған жүктің сипатын анық білмейтін адамдар арқылы көрсетілген заттарды, аспаптарды, құралдарды тасымалдауды жүзеге асырса, онда ол қылмыстың ұйымдастырушысы емес, тікелей орындаушысы ретінде жауапқа тартылады. Осы көрсетілген әрекеттер (иемденіп алу, тасымалдау немесе сақтау) заңсыз болуы қажет. Яғни мұндай әрекеттер құзыретті органдардың немесе лауазымды адамдардың тиісті рұқсатынсыз жасалуы тиіс. Заңсыз сақталуға немесе айналымға шығарылған есірткі құралдарын, психотроптық заттарды шағын, ірі және өте ірі мөлшерлерге жатқызу үшін жиынтық кестеге жүгіну қажет. Жиынтық кестеге сәйкес көрсетілген заттар ірі мөлшерге жатпаса, онда іс-әрекетте көрсетілген қылмыс құрамы болмайды. Қылмыс құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады. Сол себепті ол заңда көрсетілген әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған болып табылады. Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз алғанын және сақтағанын сезеді және сондай әрекет істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, есі дұрыс кез келген адам.