Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен қару құрылғыларын талан-таражға салу не қорқытып алу (255-бап)
Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын талан-таражға салу не қорқытып алу жолымен иелену көп жағдайларда кісі өлтіру үшін жүзеге асырылады. Осыған орай бұл тұрғыдағы қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік болып табылады, ал қосымша тікелей объектісі адамдардың өмірі мен денсаулығы болып табылады. Қылмыстың заты Қылмыстық Кодекстің 251-бабында көрсетілген заттармен бірдей, ұқсас заттар. Объективтік жағынан қылмыс атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерін, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын талан-таражға салу не қорқытып алу арқылы сипатталады. Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылымдарын талан-таражға салу деп кінәлының кез келген тәсілімен заңсыз қолға түсірген осы заттарды өзінің иеленуі немесе оларды басқа адамға беруі, сондай-ақ оларға өз білгені бойынша билік жүргізуі болып табылады. Қылмыс материалдық-формальдық құрамға жатады. Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару қондырғыларын талан-таражға салу материалдық, ал осы көрсетілген заттарды қорқытып талап ету формальдық құрамға жатады және қылмыс кінәлының көрсетілген заттарды алған немесе оларға иелік еткен немесе қорқытып талап еткен уақытынан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлы адам қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын талан-тараждға салу немесе қорқытып алатынын сезеді және осы әрекеттерді жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстың субъектісі 14-ке толған, есі дұрыс адам.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (256-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі өрт қауіпсіздігі ережелерін ресми белгілеп, реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі-адам өмірі мен денсаулығы болуы мүмкін. Қылмыстың заты болып өрт қаупін туғызатын кез келген көздер-электр энергиясы, жанар-жағар май материалдары, жарылғыш заттар, өрттің ашық өрістеуі танылады. Объективтік жағына талданып отырылған қылмыс (256-баптың 1-тармағы) өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, егер ол абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян немесе азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтіруге әкеп соғу арқылы сипатталады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау Қазақстан Республикасы арнаулы заңымен белгіленген. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу әрекет арқылы (тез тұтанатын заттарға жақын от жағу, пісіру, күйдіру жұмысын жүргізу) немесе әрекетсіздік арқылы (өрт қаупі бар жерде темекі тарту, өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етпеу, тұрғын-жайды, қоймаларды өрт қаупі бар заттардан тазаламау т.б.) жүзеге асырылуы мүмкін. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу мен одан пайда болған зардаптың арасында себепті байланыс болады. Қылмыс материалдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс кінәлының абайсыздық нысаны (менмендікпен немесе немқұрайдылықпен) жасалады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, 16-ға толған өзіне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау міндеті жүктелген адам.
Достарыңызбен бөлісу: |